Қоғам • 24 Қараша, 2022

Ел ардақтыларын зерделеген

441 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Университеттің соңғы курсында оқып жүрген кезіміз. «Енді журналистика пәндерінен профессор Қырықбай ағай дәріс оқиды, сабақтан қалмауға тырыс. Ол кісінің талабы қатал», деп хабарласты бір күні тобымыздың жетекшісі. Облыстық басылымға жұмысқа қабылданып, айдарымыздан жел есіп жүрген студенттің біріміз ғой. Соны малданып сабақтан қашқақтап жүретініміз рас. Сондықтан бұл жаңалық маған ерекше көрінді. Ертеңгісін оқу орнына құстай ұшып жеттік.

Ел ардақтыларын зерделеген

Саналы ғұмырын қазақ тарихын зерттеуге, ұлттық журналистиканың дамуына арнаған тарих ғылымдарының докторы, елімізге белгілі публицист Қырықбай Аллаберген ағамен таныстығымыз 2006 жылдың қыркүйегінде осылай басталған еді. Нағыз ұстазға тән тұлғасы, сабырлы сөз саптасы біздің топтағы қыз-жігіттерге бірден ұнады. Ғылым докторы деген атағының өзінен ат үркетіндей, ол кісі аудиторияға кірсе қиқар студенттердің өзі тыныштала қалатын. Ұстазымыз өткен тарих, әсіресе, қазақ журналистикасының тарихы туралы әңгіме айтқанды ұнататын. Шешіліп бір сөйлеп кетсе, біз үшін мүлде таңсық, есімдері белгісіз тарихи тұлғалар жайында майын тамызып баяндайтын.

Ол кезде алғашқы қазақ басылым­да­ры­ның толығырақ зерттеліп, кітап бо­лып шығып жатқан уақыты. Қазақ пуб­ли­цис­­тикасының қаймақтары Сәдуа­қас Шор­манов, Қадыр Тайшықов туралы дерек­терді алғаш рет Қырықбай ағамыз­дың аузы­нан естідік. Бұған дейін өзі шы­ғарған «Қазақ журналистикасының тарихы» оқу­лы­ғында қамтылмай қалған тұлға­ларды пуб­лицистикалық қырлары бойын­ша жік­теп, әр дәрісінде бізге танысты­рып отыр­ды. Осылайша, біз отандық журна­лис­тика тарихының, соның ішінде аймақ журна­листикасының өткені туралы толығырақ мәлімет ала бастадық.

Бір ерекшелігі, Қырықбай ағамыз әр студенттің жүріс-тұрысын, жасаған қадамын қалт жібермей қадағалап отыратын. Бірде облыстық «Сарыарқа самалы» газетінде жазып жүрген мақалаларымды көзі шалып, мені кафедраға шақырды (Журналистика кафедрасының меңгерушісі еді). Асықпай отырып әңгімелесіп, кейбір сөз тіркестерін орынсыз пайдаланатынымды ескертті. Сол жолы жазу стиліндегі біраз ерекшеліктен хабардар болдым. Дипломдық жұмысты да Қырықбай ағайдың жетекшілігімен жазып шықтым. Ол кісі көшіргенді ұнатпайтын, кейбір жазып апарған дүниеңнің қай кітаптан алынғанын тап басып айтып беретін. Есесіне сол уақытта зерттеу жұмы­сының үздіксіз еңбектенуді талап ететі­нін түсіндім. Кейін оқуымды аяқтап, толық­тай газет жұмысына араласып кеткенде де қам­қорлығын аяған жоқ. Өңірдегі бұқара­лық ақпарат құралдарына қатысты конферен­цияларға, оқырман кездесулеріне қатысып, ғалым ретінде өз білгенімен бөлісетін.

Қырықбай Мазанұлы жер жақұты Баян­ауыл­дың тумасы. Қазіргі Жүсіпбек Аймауыт­ұлы атындағы ауылда дүниеге келген. Анасы қырық жасында босанғандықтан, есімін Қырықбай деп қойыпты. Шығармашылық жолы мектептің бастауыш сыныбында оқып жүргенде-ақ басталған. Оқудағы жақсы үлгерімі үшін Артекте болып, пионерлердің Бүкілодақтық үшінші слетіне қатысып, тұңғыш ғарышкер Юрий Гагаринмен кездес­кенін тағдырдың сыйы десек болар. Бұл жа­йында сол кезде аудандық газетте мақаласы да жарық көреді.

Ол еңбек жолын Баянауыл аудандық «Жеңіс» газетінде бастаған. Кейін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі. Одан соң Қазақ телерадиокомпаниясы­ның ғылыми-көпшілік редакциясында редак­тор, өзі оқыған оқу орнында оқыту­шы болып еңбек етеді. 1992 жылы Ш.Уәли­ханов атындағы тарих және этнология инс­титутының жанындағы ғылыми ке­ңесте «Отечественные записки» Ресейдің Қазақ­стандағы отарлау саясаты туралы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап, тарих ғылымдарының кандидаты дәрежесіне ие болады. Араға бір жыл салып «Рауан» баспасынан «Отарлау саясатының ойрандары» атты алғашқы бес баспа табақ көлеміндегі монографиялық еңбегі жарық көреді. Одан соң «Алты алаштың ардақтылары» атты екінші бір көлемді монографиясы шықты.

Үш жылдан соң Қ.Аллабергеннің қазақ баспасөзінің тарихына бүгінгі күн тұрғы­сынан көз жіберіп, тың байламдар жасап, жаңаша ой айтқан «Қазақ журналис­тика­сының тарихы» атты оқу құралы жарық көрді. Онда ғалым 130 жылдан астам бай тарихы бар қазақ баспасөзінің тарихын жазды. Қазақ баспасөзінің тарихын тұңғыш зерттеуші, профессор Қ.Бекқожиннен соң бұл тақырыпқа араға 15 жыл салып дендеген Қырықбай Мазанұлы болатын. Сондай-ақ кейінірек басылған «Әлем баспасөзі тарихынан» деп аталатын оқу құралы сту­денттердің білімін шыңдауға үлес қосты. Көптеген ғылыми еңбегінен бөлек баспа­сөз беттерінде жарияланған 200-ден астам ғылыми мақаласы бар. Жиырмадан астам магистрант пен 4 ғылым кандидатын даярлап шығарды.

Ғалым 2016 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне журналистика және баспа ісі кафедрасының профессоры болып орналасты. Мұнда бес жыл абыройлы қызмет етті. Бүкіл әлемді жайлаған пандемия қазақтың небір жақсы-жайсаңдарын арамыздан алып кеткені белгілі. Профессор Қырықбай Аллаберген де 2020 жылы кенеттен дүниеден озды. Ұстазымыздың жары Бақыт Баткеева бүгінде Л.Н.Гумилев атын­дағы ЕҰУ-да сабақ береді. Қызы Алтынай әкесінің арманын орындап, жоғары оқу орнына түсті. Қырықбай Аллабергеннің жазып кеткен еңбектері бүгінде жоғары оқу орындары үшін аса құнды. Ұрпақ игілігі үшін соңында өлшеусіз дүние қалдырған тұлғаның рухы халқымен мәңгі жасай бере­тіні анық.

 

Павлодар облысы