Саясат • 24 Қараша, 2022

Салық жеңілдігі қай салаларды қамтиды?

237 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Кеше Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Жиын барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес әзірленген заң жобалары қаралды.

Салық жеңілдігі қай салаларды қамтиды?

Жалпы отырысты ашқан Сенат Төрағасы елімізде өткен Президент сай­лауының қорытындысына тоқталды. Палата Спикері Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлау алдындағы бағдарламасында белгілеп берген маңызды міндеттерді іске асыру үшін Парламент ауқымды жұмыс атқаруы қажет екенін айтты.

«Мемлекетіміз үшін аса маңызды кезеңде халық өз таңдауын жасап, дауыс берді. Осылайша, ел азаматтары Мемлекет басшысының стратегиялық бастамалары мен Әділетті Қазақстан құру бағдарына бірауыздан қолдау білдірді. Отандық және халықаралық байқаушылар сай­лаудың ұлттық заңнамалар мен осы бағыттағы халықаралық стандарттарға сай өткенін мәлімдеді. Бұл сайлау Қазақ­станның дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын айғақтайды. Енді алдымызда Президентіміз айқындап берген маңызды міндеттерді іске асыру жолындағы ауқымды жұмыс күтіп тұр. Сондықтан бәріміз бірге сайлау ал­дындағы бағдарламада көрсетілген ба­сымдықтарды табысты жүзеге асыруымыз қажет», деді Мәулен Әшімбаев.

Отырыс барысында сенаторлар «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екі оқылымда қарап, қабылдады. Бұл заң еліміздің салық жүйесін одан әрі жетілдіруге арналған.

Жаңа түзетулердің қатарында еңбек­ақы төлеу қорына жүктемені азайту және бірыңғай төлемді енгізу туралы нор­ма бар. Мұндай шара микро және ша­ғын бизнес субъектілеріне қазіргідей ең­бекақы төлеу қорынан 34,5 пайыздың орнына 2023 жылдан бастап 2028 жылға дейін біртіндеп 26,3 пайызға дейін өсе отырып, 20 пайыздық бірыңғай төлемді таңдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ заң аясында осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін Қазақстанға әкелінген автомобильдерді пайдалану және бастапқы тіркеу үшін бір жолғы тәртіппен 200 мың теңге мөл­шерінде бірыңғай алым төлеу тәртібі қарастырылған.

«Мемлекет басшысы өткен жылғы Қазақстан халқына Жолдауында жиын­тық жүктемені азайта отырып, микро және шағын бизнес үшін еңбекақы тө­леу қорынан алынатын бірыңғай тө­лемді енгізуді тапсырған болатын. Қа­зіргі уақытта еңбекақы қорынан мөлшерлемелері, есептеу базалары әртүрлі бірнеше төлем төленеді. Бұл төлемдерді бір төлемге біріктіру ұсы­нылады. Әлеуметтік аударымдар мөл­шері қызметкерлерге төленетін болашақ төлемдерге әсер ететіндіктен, жүктемені жеке табыс салығы есебінен төмендету көзделіп отыр.

Бірыңғай мөлшерлеме міндетті зей­нетақы жарналарын енгізуді және әлеуметтік аударымдар мөлшерлемесінің өсуін ескереді. Төлемді арнаулы салық режімдеріндегі микро және шағын бизнес субъектілері ерікті негізде қолданатын болады. Сома бірыңғай жиынтық төлем тетігіне ұқсас бөлінеді. Осылайша, бір­ыңғай төлем салықтар мен еңбекақы төлем­дерін есептеуді жеңілдетіп қана қоймай, салық жүктемесін азайтуға да мүмкіндік береді», деді құжат жөнінде баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Сондай-ақ салалық заңнамаларға түзетулер енгізілмек. Конституциялық соттың құрылуына байланысты Консти­туциялық сотқа жүгінген кездегі мемле­кеттік бажды белгілеу және халықтың әлеуметтік осал топтарын босату қарас­тырылған.

«2024 жылдан бастап мемлекеттік балансты жүргізу тоқтатылады. Қорлар жаңа жүйе бойынша бағаланады. Осыған байланысты пайдалы қазбаларды өнді­ру салығын салу объектісін өзгерту ұсы­ны­лады. Түзетулердің келесі, үшінші блогі отандық тауар өндірушілерді ын­та­ландыруға бағытталған. Балық аулау кәсіп­орындары балықты өңдеу кезінде қосылған құн салығын 70 пайызға азай­­туы туралы норма көзделген. Қа­зір мұндай жеңілдікті балық өсіруші қожа­лықтар қолданады.

Қант өндірісін ынталандыру үшін шикі қант импортын қосылған құн салы­ғынан босату, сондай-ақ қант өндіру­шілер үшін қосылған құн салығы бойын­ша жеңілдіктің қолданылу мерзімі ұзартылмақ. Келесі норма тазартылған алтынды сатуға қатысты. Қазір Ұлттық банкке мұндай алтынды сату қосылған құн салығынан босатылады. Осы норма алтынды зергерлерге де сату кезінде қолданылады», деді Ә.Қуантыров.

Министрдің айтуынша, бұдан бөлек электр желілерін, көлік жүйесін одан әрі дамытуға қатысты да өзгерістер қарас­тырылған. Мәселен, темір жол кө­лігі са­ласында нөлдік тарифті қолдана отырып, жолаушылар тасымалдаушыларына магистральдық темір жол желісі қызметтерін көрсету кезінде салық салу мәселелерін реттеу көзделген.

«Азаматтық авиация саласында сертификаттар бергені үшін алымдарды алып тастау бойынша нормалар ен­гізі­леді. Өйткені қызметтерді өзін-өзі қар­жыландыратын ұйым көрсетеді. Сон­дай-ақ транзиттік әуе кемелеріне жанармай құю кезінде қосылған құн салығының нөлдік мөлшерлемесін қолдануды кеңейту ұсынылады. Қазір жеңілдікті тек әуежайлар қолдана алады. Автомобиль тасымалдарын дамыту үшін шығарылған жылы 7 жылдан аспайтын ершікті тартқыштар бастапқы тіркеу үшін алымнан босатылады», деді министр.

Ведомство басшысының пікіріне сүйенсек, чек бермеу фактілері туралы хабарлағаны үшін сыйақы алу, ипо­текалық кредит бойынша берешекті есептен шығару, жалдау құнын төмендету және тұрғын үйді жалға алуға бюджеттік субсидиялар алған кездегі салықтық тәуекелдер алынып тасталады. Сондай-ақ салықтық әкімшілендіруді оңайлату, нақтылау және редакциялық сипаттағы нормалар бар.

«Қабылданған заң инвестиция тартуға және бизнес ортаны дамытуға қосымша құқықтық жағдай қалыптастырады. Атап айтқанда, жекелеген салаларда қосылған құн салығы бойынша жеңілдіктер беру арқылы өндірісті ынталандыру көзделіп отыр. Жаңа нормалар еңбекақы қорына жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыруға арналған шара. Алдағы уақытта осы заң халыққа және бизнеске көрсетілетін қызметтердің сапасы мен деңгейін көтеруге мүмкіндік береді деп сенеміз», деді заң жөнінде пікір білдірген Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ ел аумағына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген автомо­бильдерді заңдастыру кезінде бастапқы тіркеу үшін 200 мың теңге сомасында алым мөлшерлемесін белгілеу ескерілген. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асып отыр.

«Электр тұрмыстық техниканы өн­діру бойынша жеңілдіктер нарыққа қосымша инвесторларды тартып, жоғары муль­типликативтік әсер береді. Бұл өндірістік алаңдарды орналастыруды ұлғайтуға оң әсер етеді. 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген автомобильдерді заңдастыру мақсатында алғашқы тіркегені үшін бірыңғай алымның белгіленуі 300 мыңға жуық автокөлікті есепке қоюға жағдай жасайды, сондай-ақ осы автомобильдер бойынша көлік құралдарына салынатын салық жергілікті бюджетті толықтырады. Тұтастай алғанда аталған заң жобасы салық төлеушілерге, мемлекеттің мүд­делеріне, сондай-ақ ел экономикасына оң әсерін тигізеді деп есептейміз», деді сенатор Ғұмар Дүйсембаев.

Сонымен қатар Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік және жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екі оқылымда қарады. Жан-жақты талқылау нәтижесінде сена­торлар құжатты концептуалды түрде қол­дайтындарын білдіріп, оған өз толық­тыруларын енгізді және Мәжіліске қай­тару жөнінде шешім қабылдады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, заң жобасы аясында жолдағы көлік бақылауын автоматтандыру, теңіз көлігі бойынша халықаралық шарттардың нормасын іске асыру, темір жолдағы және кемелердегі оқиғаларды тергеу тәр­тібін жетілдіру, еліміздің заңнамасын Халық­аралық Азаматтық авиация ұйымы мен Еу­ропалық одақтың авиациялық талап­тарына сәйкес келтіру, әуеайлақ аума­ғында қызмет көрсетуге рұқсат алу механизмін реттеу қамтылған.

«Азаматтық авиация саласындағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу ұсы­нылды. Ұшқышсыз (пилотсыз) ұшу аппараттарын пайдалану процесін реттеу жөніндегі норманы енгізу, яғни сертификаттау рәсімін енгізу, қашықтан сәйкестендіруге қойылатын талаптарды белгілеу және оларды пайдалану аймақтарын айқындау ескерілген. Сон­дай-ақ «пилотсыз авиациялық жүйе» және «пилотсыз әуе кемесі» ұғым­дары енгізіледі. Заң жобасында аза­мат­­тық авиация саласындағы уәкі­летті ұйымның бірінші басшысына жүк­телген міндеттерді орындау бойынша және авиация инспекторларының өзде­рінің қызметтік міндеттерін тиісті орындамағаны үшін жауапкершілігі қарастырылған», деді министр.

Сондай-ақ Палата отырысында Премьер-Министрдің бірінші орынба­сары Роман Скляр ауылдық аумақ­тардың әлеуметтік-экономикалық дамуына және ауыл шаруашылығын дамы­тудың перспективаларына қатыс­ты мәселелер бойынша Сенаттың парла­менттік тыңдауларында әзірленген ұсы­нымдардың орындалуы туралы ақпарат берді.

Мәулен Әшімбаев сенаторлар жа­саған ұсынымдардың орындалу барысын бақылайтын бұл формат жаңадан қолданылып келе жатқанын атап өтті. Мұндай қадам қоғаммен тиімді кері байланыс орнатуға, ұсынымдардың орындалуын қадағалауға және оны бағалауға мүмкіндік береді.

Сенат Төрағасы бұл салада ауқымды жұмыс атқарылғанымен, ауылдық аумақ­тар мен агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қатысты нақты мәселелер бар екеніне назар аударды.

«Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту, олардың өмір сүру сапасы мен әлеуметтік қызметтерге қолжетімділігін арттыру бағытында шешімін таппаған проблемалар бар. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында және сайлау алдындағы бағдарламасында ауыл шаруа­шылығы мен ауылдық өңірлерді дамыту еліміздің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі екенін нақты айтты. Бұл ретте Парламент пен Үкімет ауыл тұрғындарының мәселелерін шешу мақсатымен қолға алынған жұмысты одан әрі жандандырған жөн. Ауылдық аумақтарда әлеуметтік мәселелермен қатар, таза ауызсумен қамтамасыз ету, инфрақұрылымды жетілдіру сияқты мін­деттер айрықша маңызға ие. Сон­дықтан ауыл­дарды гүлдендіру, ауыл шаруа­шы­лығын дамыту Үкімет пен Парламенттің жұмысындағы негізгі басымдық болуы керек», деді Мәулен Әшімбаев.

Палата отырысында сенаторлар өзде­рінің депутаттық сауалдарын да жол­­дады. Ақмарал Әлназарова бірқа­тар ірі медициналық ғылыми-зерттеу инс­титуттарының, оның ішінде акушерлік, гинекология және перинатология ғы­лыми орталықтарының материалдық-тех­никалық жабдықталуы төмен деңгейде екенін айтып, алаңдаушылық білдірді.

Дәурен Әділбеков еліміздегі сапасыз жолдар мәселесін көтеріп, «Қарағанды – Балқаш» автожолының техникасы мен құрылыс мерзіміндегі бұзушылықтарға қатысты наразылығын жеткізді. Советбек Медебаев Ұлытау облысына қарасты қалалардағы апатты және тозығы жеткен тұрғын үй проблемаларына назар аударды. Ол осындай тұрғын үй иелеріне қатысты мәселелерді шешуге және тө­тенше жағдайлар қаупін азайтуға ар­налған нақты шаралар ұсынды.