03 Маусым, 2014

Балапан қыран болар баули алсаң...

491 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
DSC_8676Ғұлама бабаларымыз ой маржанын сөз маржанына түсіріп, келер ұрпақ адасып, алжаспасын, есінде жүрсін деп небір қанатты қағидаларды қалдырып кеткен ғой. Соның бірі: «Ұл тусаң – шайқы-бұрқы болмасын, қыз тусаң – қиқы-шойқы болмасын!» деп келеді. Иә, бұл бұрын туған нәрестелердің арасында төрт мүшесі түгел емес, ойқы-шойқы кездеспейтін. Кездессе нышаналы екен деп жататын. Қазіргі экологиялық апат небір сұмдық бітім-пішінді көзге көрсетіп жатыр. Аналар екіқабат болса, нәрестесі қашан өмірге келгенше күдіктеніп жүреді. Бұл бүгінгі күннің әңгімесі. Ал таза замандағы бабалар сөзінің астарында ұрпақ тәрбиесі жатыр. Тәлімді дұрыс беріп, үлгі көрсете алмасаң үлпершектей ұл шайқы-бұрқы біреу болып жүйкеңді жұқартады, ұлттық тағылымыңды бойына сіңіріп, ойына дарыта алмасаң ақ бетіңе дақ салар, басыңды  пәлеге қалдырар қиқы-шойқы қыз өміріңді қысқартадыны алдыңа тартады. Біз атадан қалған сол тәмсілді неге айтып отырмыз? Себебі, көрсең, естісең сиқыршыдай ақпараты көп жаһандану делінетін дәруіштей дәуірде ұлт ұрпағын халықтық қалыбынан тайдырмай, адастырмай тура жолға салу ісінде бәрін заманға теліп, уақытқа жүктеп, қолға жүген-ноқтаны ұстап отыра бермей, әлемнің көлікті көшіне оларды қосқанда тізгін-шылбырды қолдан шығармауды  ортаға салу еді. Таяуда осы ойымыздың үстінен түскендей болған бір игілікті іске куә болдық. Ол Білім және ғылым министр­лігі «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы жас ұрпақтың бойына отаншылдық пен ұлттықты сіңіретін, тілді, әдебиетті жете біліп, шешендік өнердің құдіретін танып, сөз мағынасын сезіп, қазақ жұртының келешегіне керек кемел ұрпақ қалыптастыру мақсатында 5-10 сынып оқушылары арасында тұңғыш рет «Ақберен» республикалық байқауын өткізуі еді. Елордада болған игілікті шараны орталық директоры Шолпан Қирабаева ашып, байқаудың міндетіне жан-жақты тоқталып, басты бағыт қабілет-қарымы жоғары тапқыр да талантты ұл мен қызды тауып, бау­лу екенін жеткізді. Қазақ халқының атамзаманнан өнерден кенде еместігін тарата айтты. Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың «Қазақстан-2050» Страте­гиясында көрсетілген білім беру саласындағы міндеттерді осындай шаралармен жүзеге асыруды қолға алғанын, аталған байқауға еліміздің өңірлерінен 94 оқушының қатысып отырғанын, олардың 34 ауылдан келген ұл-қыздар екенін атап өтті. Ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан ұлт руханиятының көшін жалғастыратын бұл шараның өтуіне, қалың жұртшылыққа теледидар арқылы жетуіне «Қазақстан» ұлттық телеарнасы ұжымы мен басшылығының қамқорлығын ерекше атады. Шынында, осындай жас таланттарға қамқорлық жасау жөніндегі жұмысқа еліміздің барлық өңірлерінен оқушылар келген екен. Бірақ, «Менің пірім – Сүйінбай, Сөз сөйлемен сыйынбай», деп жыр жампозы Сүйінбайды пір тұтқан Жамбыл мен кешегі Мұқағали, өзге де айтулы тұлғалардың кіндік қаны тамған Алматы облысынан қатыспағаны өкі­ніш­ті екенін еске сала кетсек дейміз.Өлең оқып, айтыс туын көтеретін, өнер­дің өрісін кеңейтетін оқушылардың «Ақберен» байқауына белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ғалым Мырзатай Жолдасбеков бастаған айтыс ақындары, ғалым-профессорлар, өнер иелері, білім саласының қызметкерлері қазылық жасады. Бірінші кезекті талапкер ақын­дардан павлодарлық 7-сынып оқушысы Марғұлан Жанбау мен тарбағатайлық (ШҚО) 10-сынып оқушысы Тасқын Қалибеков алып, айтыс өнерін өрістетті. Тасқын: «Ұрпағы амансың ба сақ бабаның, Шығыстан келіп едім күндей күліп», – деп өзін таныстырғанда, Марғұлан сәл іркіліп барып: «Адамда жаңылмайтын жақ болмайды», деген уәжін алға тартып, «Керекудің мен де бір құлагерімін», деді. Айтыс үстінде оқушылардың ертеңінен үлкен үміт күтуге болатынын, ал­дың­ғылардың орнын басатыны аң­ғарылды. Соның дәлеліндей екеуі де тіл мәселесіне ойысқанда: «Ана тілін сүйелік, бағалайық, Басталады бәрі де өзімізден», «Ана тілін білмейтін көкелер бар, Ол көкелер апыр-ай, қайдан келген», десті. Бұл номинация бойынша өткен жарысқа 16 оқушы қатысты. Алдыңғы екеуінен кейінгілер де өздерінің шама-шарқына қарай бірін-бірі өлеңмен қамшылап бақты. Айталық, қарағандылық Доскей Ботпай мен шымкенттік Аян Ниязбектің сөз қағыстыруы тартымды болды. Сол секілді Таңнұр Әлболсын (Астана) мен Ұлан Мұхамбеттің  (Алматы) сөз жарыс­тыруы ұнады. Жалпы, айтысқа талабы бар жастарды мәдениетті сөйлеуге, мәнді істерді айтуға баулыса, күні ертең өрен жүйріктер шығатынына шүбә келтіруге болмас. Шешендік өнерде Аидана Дос­жанова (Жезқазған) мен Нұрдәулет Базар­­баев (Маңғыстау) ерекше есте қалса, көркемсөз оқудан Майя Орналы (Қос­танай), Толғанай Жолдыбаева (Ал­маты), Ықылас Көпейсінов (Жам­был), Әмірхан Бөрібеков (Жетісай, ОҚО) ерекше көзге түсті. Зерек те зерделі оқу­шы­лардың ой-толғамдары, тереңнен тербеген байламдары, баяғы 13 жасында сөз ұстаған бабаларды еске түсірумен бір­ге, сарқыты бар екен-ау дегізгені анық. Мысалы, Майяның өлең оқудағы ерек­ше мақамы, Толғанайдың Мұхтар Әуезов­тің «Қаракөз» тра­гедиясындағы Қара­көз бей­не­сін беріле ойнап шығуы, орыс мек­тебінде оқыса да өз тілін жетік біліп тұрған, ұлы Мұхтардың «Абай» дра­масындағы Абайдың монологын қи­мыл-қозғалысымен, түр-түсімен, киім үлгісімен жеткізген Әмірханның талабы мен таланты жиылғандарды дән риза етті. Ақындар мүшәйрасында Ақсұңқар Ташполатова (Шымкент), Руслана Амангелдиева (Атырау), Еділбек Дүйсенов (Маңғыстау) ерекше көзге түсті. Қазір оқушылар арасындағы сауаттылық жайлы әртүрлі әңгіме бар.  Осы мәселеде де олардың ынта-ықыласын арттыру, озықтарын өзгеге үлгі ету ниетінде шығарма жазу бойынша болған жарыста Махаббат Заданова (ШҚО), Нәзкен Қайыржанова (Маңғыстау), Жансая Сатуи (Алматы), тағы басқа оқушылар озық саналды. Халқымызбен бірге жасасып, қол-қанатындай болып келе жатқан ұлттық аспаптарда ойнау номинациясынан қазылар алқасын сүйсіндірген Шабай Әзірбаев (Ақтөбе), Ақтоты Қадырбек (Көкшетау), Арыс Серікұлы (Алматы) секілді оқушылар баршылық. Екі күн бойы табан аудармай отырып, оқушылар өнеріне қазылық еткен ұлт руханиятының айтулы өкілі Мырзатай Жолдасбеков байқау қорытындысында өз өмірінен аз-кем дәйектер келтіре отырып, «Тәуелсіз ел ұл-қызының арқа төсінде, Астана төрінде осындай өнер бәйгесін өткізуі бақыт екенін айтып, тілі жоқ, тарихы жоқ ұлт – ол жоқ ұлт. Біздің тасқа басқан тарихымыз да, сөздік қорымыз да бар. Толқын-тол­қын талантты ұрпақтарымыз да жетіп ар­тылады. Соның дәлеліндей, елдің ертеңгі тілінің иесі біз, өнердің киесін түсінетін де біз,  деп келген, тегін келмей бәрін оқып-тоқып келген сендерге дән ризамын. Ертеңгі ұлт руханиятының темірқазығымыз деп талабын тұлпар етіп жеткен сендерге шын жолымды бердім. Ел үміті, Елбасы үміті сендердей жастарда. Қоғамдық ой-сананың алтын арқауы бола беріңдер. Осындай озық ұл-қыз өсірген ата-анаға, халықтық дәстүрді үйретіп жүрген ұстаздарға, сендердей ұрпақтың кіндік қаны тамған киелі байтағымызға рахмет! Осындай байқауға қатысып, жеңімпаз болғандарды да, солармен қатар шапқан бәріңді де мен жеңіс тұғырында тұр деп есептеймін. Әттең, осындай жас дарындардың өнерін биліктегі шенеуніктер келіп көрсе ғой. Болашақта олар оқушылардың мұндай өнер жарысын қолдап, көзбен көріп, құлақпен естіп, қамқорлық көрсетеді деген сенімдемін. Егер жұрт болып жұмылып, осы оқушылардың жетістігін асырып, кем жерін толтырып жатсақ, аталы сөзімізді айтып, ана­лық ілтипатымызды танытып баулысақ, қазақ халқының көгінен бір шоғыр талантты жас көрінейін деп отыр екен. Ендеше, қанаттарын қаққан оқушыларға сәттілік тілейік!», деп түрлі номинация бойынша өнер бәйгесіне түскендердің арасынан оза шапқан 7 оқушыға өзінің 7 томдық шығармалар жинағын, қазақ жұртының арыстарына арналған «Елтұтқа» атты кітапты табыстап, ғасырлар тереңінен, яғни Күлтегіннен бастау алып, бүгінгі 12 жасар Жамбыл Дүйсенұлына дейінгі жыраулар мен ақындардың жауһарынан жинап құрастырған «Кіндігімді кескен жұрт» атты әдемі жинақты 94 баланың қолына ұстатты. Қазақ жұртының өлмес өнерінің туын көтеріп келген 94 оқушының бойларындағы қарым-қабілетін, таланттарына куә болғанын көргенде орыс жазушысы А.Чеховтың ізін қуған қаламгер В.Короленконың алғашқы әңгімелерімен танысқанда: «Мұндай жаспен (парень) қатар жүру түгілі, соңынан еріп жүрудің өзі қуаныш», деген сөзін еске түсіріп, жалынды жастарды көзден таса етпейік деген түйін сөзін білдірді. Сол секілді қазылар алқасының мү­ше­­лері әр номинация бойынша бай­қау­ға қатысқандарға дипломдар мен мақ­­тау қағаздарын беріп, белгілі ақын, ға­л­ым Аманжол Әлтай мен Жанат Әс­кер­­­бекқызы өз кітаптарын сыйға тартты. Ал «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының директо­ры Мұхитдин Төлепбаев ауылдан келген 34 өнерлі оқушыға жазғы каникулда де­малып қайтулары үшін тегін жолдама берді. Сөйтіп, ұлт руханиятының бүгінгі балапан буыны 94 ұл мен қыз елорданы екі күн бойы өлең-жырға бөледі. Егер бұл оқушыларды биік парасат деңгейіне жетелеп, пенделіктен алыс ұстап, кісілікке тәрбиелесек, бұлар да ұлтымыздың ұлы қасиетін алдағы уақытта жаңғырта отырып, өзінен кейінгілерге әрі мен нәрін бұзбай тапсырары хақ. Соңғы жылдары «Нұр Отан» партиясы ұлт руханиятына, әсіресе, отаншылдыққа ұйытып, елдік іске жұмылдыратын айтыс өнеріне ерекше мән беруде. Былтырғы жылы Астанада ондай аламан бәйгені екі рет өткізгені белгілі. Сол үйренер үрдіс қазір облыстарда жүріп жатыр. Жақында ғана Талдықорған мен Маңғыстауда өтсе, енді өзге жерлерде де жалғасын таппақ. Осы әдемі істі партияның оң қанаты саналатын «Жас Отан» іліп әкетіп, сәтімен басталған сабақты жұмысты өңірлерде, мектеп оқушыларының арасында жалғастырып, тума таланттардың бағын ашып, алдыңғы толқынның ізбасары етіп қалыптастыруға ниет білдірсе, нұр үстіне нұр болар еді. Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан». АСТАНА.