Аймақтар • 28 Қараша, 2022

Айтып келген апат

343 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Әдетте «Апат айтпай келеді» деп жатамыз. Алайда Екібастұз шаһарына бұл жолғы апат айтып жетті. Жетіп қана қойған жоқ, жылу беру саласындағы жүйесіздіктерді әшкере етті. Әйтпесе қоғам белсенділері әбден тозған жылу-энерго орталығы мен жылу құбырларының мәселесін жыл басынан бері айтудай-ақ айтты. Еститін құлақ болмады. Жөндеу жұмыстары кеш бас­талып, артынша жылуға қосылған уақыттың өзінде де стансада қазандықтарды жамап-жасқау жалғасқанына куә болдық. Осының барлығы түптеп келгенде жылдар бойы зорға шыдаған ескі құбырдан саңылау тауып, аязда атылып шықты.

Айтып келген апат

Президент тапсырма берді

Арқадағы аяз салдарынан орын алған апатқа Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев алаң­даушылық танытты. Президент Үкімет басшысына энергетикалық активтерді мемлекетке қайтаруды тапсырды. Бұл туралы кеше Пре­зи­денттің баспасөз хатшысы Рус­лан Желдібай хабарлады. 

«Мемлекет басшысы Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа елі­міздің қалаларындағы проблема жиі туындайтын энергетикалық ак­тивтерді мемлекет меншігіне қай­тару мәселесін қарастыруды тапсырды. Себебі аталған активтерді сапасыз басқару салдарынан жылу электр стансалары апатқа жиі ұшырап, тұтынушыларды электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз ете алмай отыр. Екібастұзда орталық жылу берудің тоқтап қалуынан хабардар болған Президент қала тұрғындарының жағдайына алаң­даушылық білдірді. Тұрғындарға тиісті көмек беріледі. Мемлекет бас­шысының пікірінше, азамат­тардың тұрмыс-тіршілігіне қиын­дық тудыруға және олардың құқын аяқасты етуге жол беруге болмайды. Мемлекет басшысы Үкіметке және облыс әкімдігіне таяу күн­дері Екібастұздағы жағдайды қа­лыпқа келтіру, қаладағы ауыр ахуал­ға жол берген адамдарды жауап­қа тарту жөнінде тапсырма бер­ді», деп жазды баспасөз хат­шысы әлеуметтік желідегі парақ­ша­сында.

Шаһарда жексенбі күні жедел штаб құрылып, жөндеу бригадалары жұмысқа шұғыл кіріскенімен негізгі ақау шыққан жерлерді табу бастапқыда қиын болғаны рас. 15 негізгі зақымданған жер анықталып, оның 14-і 28 қарашадағы таңертеңгі уақытқа дейін қалпына келтірілді. Жылу параметрлерін реттеу және айналымдағы су жүйесін сақтап қалу, құбырларды қатырып алмас үшін жексенбі күні түстен кейін көпқабатты 149 тұрғын үйді жылудан толық ажыратуға шешім қабылданды.

Оқиға тіркелгеніне бір тәулік өткен уақытта, 28 қаңтар түнгі сағат бірлерде Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин жылу желілеріндегі апатқа байланысты техногендік сипаттағы жергілікті төтенше жағдай жариялады. Себебі бұл мезгілде 20 көпқабатты тұрғын үй, 5 әлеу­меттік және 21 заңды тұлға ныса­ны әлі де жылусыз отырған еді.

Жылу құбырларын қалпына келтіріп жатыр

Кеше түске қарай қала басшысы жағдайдың тұрақталып қалғанын жеткізді.

– Екібастұз жылу-энерго орта­лығында барлығы 10 қазандық агрегаты болса, оның алтауы қазір тұрақты жұмыс істеп тұр. Өзгелері резервке қойылған. Шаһардағы 15 жөндеу бригадасы күні-түні жұмыс істеп, аяз салдарынан жарылған жылу құбырларын қалпына келтіруде. Олардың зор еңбегінің нәтижесінде қаладағы жылу жүйесі қалпына еніп келе жатыр. Қазір шамамен көпқабатты 20 тұрғын үй мен 5 әлеуметтік нысан жылусыз тұр. Мамандар үйлердің ішіндегі жылуды реттеп жатыр. Апатқа жылу құбырларындағы бір уақытта пайда болған оннан астам зақымдану себеп болған. Бұл сынақтан аман-есен өтсек, негізгі ісіміз жылу құбырларын жаңарту болатынына сөз беремін. Желілердің 90 пайызы тозып тұр. Тозған құбырларды айқындау үшін әуелі техникалық аудит жүргізіледі, – деді А.Бейсекин.

«Екібастұз жылу-энерго орталығы» ЖШС бас директорының орынбасары Денис Скляров қала бойынша 9 бригада ыстық және суық сумен қамту жүйесін, сондай-ақ жылу құбырларын жылытумен айналысып жатқанын жеткізді. Кейбір аумақтарда жылу құбырларының қатуы тіркелген. Зақымдануларды қалпына келтіруге қаладағы кәсіпорындардың, атап айтқанда, «Богатырь Көмір», «Шығыс» кеніштері мен «Екібастұз жылу-энерго орталығының» 30 техникасы жұмылдырылған.

«Барлығы 100 адамдай жөндеу жұмыстарында жүр. 27 қараша күні ысырап болып жатқан су көлемін 1 200 тоннадан 700 тоннаға дейін төмендете алдық. Алайда бұл біздің нормадан әлі де жоғары. Су жоғалту нормасы 350 тоннадан аспауы керек. Жылу тасымалдағыштардың температурасы цельсий бойынша 76 градусты, айналып келетін судың қызуы 52 градусты көрсетіп тұр», деп хабарлады ол.

Айта кетелік, Екібастұздағы төтенше жағдайға байланыс­ты жергілікті еріктілер көмек көр­сету штабын ұйымдастырды. Қала тұрғындары үшін электр жылыт­қыштар мен жылы аяқкиімдер үй­леріне жеткізіліп берілді. Еріктілер үй-үйлерді аралап, зейнеткерлер, мүгедектер, мұқтаж отбасылар туралы ақпарат жинады. Оларға алғашқы күні 50 жылытқыш құрал апарған. Ал кеше түстен кейін облыс орталығының еріктілері жи­наған гуманитарлық көмек жібе­рілді. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорация­сы Павлодар облысы бойынша филиа­лының директоры Асылбек Сапар­бекұлы М.Жүсіп көшесі, 92/2 мекенжайы бойынша орналасқан Екібастұз қалалық ХҚО жұмысын жалғастырып жатқанын айтты. Қала әкімдігінің қолға алуымен тұрғындарды қабылдауға және тамақтандыруға арналған 900-ге жуық орын ұйымдастырылды. Төтенше жағдай қызметкерлері жылу құбырларын жарып шыққан суды үй аулаларынан сору үшін өздерінің арнайы техникаларын жіберді. Қалада шұғыл желі жұмыс істеп, 12 эвакуациялық пункт құ­рыл­ды.

Торап тозып тұр

Тұтас шаһарды жылусыз қал­дыра жаздаған бұл оқиғаға жұрт­шылық «Екібастұз жылу-энерго орталығы» ЖШС кінәлі деп санайды. Себебі бұл – өңірдегі ең көне энергетикалық нысандардың бірі. Құрылысы осыдан 70 жыл бұрын Екібастұз ГУЛАГ-ында жазасын өтеген «саяси қылмыскерлермен» қолға алынып, 1962 жылы толық тапсырылған. 1991 жылдан бері бұл орталық бірнеше инвесторды ауыстырып үлгерді. Қолдан-қолға өтіп, ақыр аяғы «Орталық Азия электр энергетикалық корпорациясы» құрамына енетін «Павлодарэнерго» АҚ меншігіне берілді. Алайда өңірдің энергетика саласындағы бұл алпауыт компания екібастұздық жылу беретін кәсіпорынды оңдырмады. Негізінен бұл станса жылу мен электр энергиясын өндіреді. Одан шығатын бар­лық қуат қала қажеттілігі үшін жұмсалатынын айту керек. Жеке тұтынушылар мен заңды тұлға­лардан жылу мен электр жарығы үшін түсетін төлемақы, төлемақы болғанда ай сайынғы миллиондаған қаражат акционерлік қоғамның қал­тасына құйылады. Өкінішке қарай, ол соманы ешкім тап басып айтып бере алмайды.

Екібастұз қаласының тұрғыны, мүлік иелерінің республикалық бірлестігінің басқарушы директоры Александр Разумовский төтенше жағдайдың алдын алуға әбден болатын еді деп санайды. Оқиға жылу тарататын кәсіпорын иелері мен жергілікті билік арасындағы дұрыс байланыстың жоқтығынан, жүйесіздік пен немқұрайдылық салдарынан орын алып отыр.

– Шаһардың тұрғындары қыс­тың қақаған аязында өз пәтер­лерінде тоңып отыр. Алысқа бар­май-ақ қояйын, бұл мәселе жайын­да осы жылдың сәуір айында қала әкімдігіне, жергілікті тұр­ғын үй-коммуналдық бөліміне, қала­лық мәслихат пен «Аmanat» пар­тиясының жергілікті филиалына хат түсірдім. Қаланы дамыту тұжы­рымдамасына шаһар ішіндегі желілерді жаңарту жұмыс­тарын қосайық, жергілікті энер­гия өн­діретін компаниялар мен кеніш­терден, тау-кен кәсіп­орында­ры­нан көмек сұрап, қосым­ша қара­жат табайық деп ұсыныс тастадым. Өкінішке қарай, ұсы­ныстарыма маңызбен қараған бірі жоқ, бар­лығы жылы сөзбен шығарып салды. Мені жылу беру мекемесін тек­серген республикалық жұмыс тобының құрамына да қоспады. Егер жоғарыдағы ұсыныстарым өткенде, тым құрығанда 500 млн теңге қаражат жиналып, желілердің ең тозып тұрған жерлерін жаңартуға мүмкіндік болар еді. Мен осы қалада туып-өстім. Әкем мен ағам – энергетикалық нысандар мен көмір кеніштерін құруға алғаш атсалысқан азаматтар. Ал өзім «Энергострой» тресінде еңбек етіп, Екібастұздағы ГРЭС-тердің құрылысына, шаһардағы бірнеше шағын аудандағы тұрғын үйлер құрылысына қатыстым. Қала менің көз алдымда өсіп, дамып келеді, – дейді Александр Савельевич.

Еңбек ардагерінің пікіріне қарағанда, жүйедегі апатқа екінші жағынан ПИК-терді таратып, МИБ-ке өту жаңашылдығы да өз әсерін тигізді. Себебі қазір әр үй­д­ің тұрғындары өзінше шешім қа­былдап, ортақ жүйені ойлары жеткенше жамап-жасқайды. Үй жер­төлелерінде талапқа сай емес ысыр­малар (задвижка) пайда болған. Мұның барлығы жылумен қам­тушы мекемеге жылу жүйесін нақты нормада реттеуге айтар­лықтай қиындық түсірген. Кейбір жерлерде қысым тым көбейіп кеткені себепті ескі құбырлар жарылып, апаттар орын алады.

здж

Жауапсыз монополиядан алу керек

Көмірлі шаһардағы тосын жайт облыс орталығының тұрғындарын да айрықша алаңдатып отыр. Себебі мұндағы ыстық сумен қамту жүйесінде аязды күндері бірқатар кемшілік байқалып қалды. Усолка шағын ауданында орналасқан ЦТП-21 нысанында зақымдану орын алып, салдарынан көпқабатты 12 тұрғын үй мен бір балабақша ыстық судан уақытша ажыратылды. Ал Толстой көшесіндегі тағы бір үйде бұл күні суық су құбыры жарылды.

«Павлодар жылу желілері» ЖШС-ның пайдалануға беру жө­ніндегі бас инженерінің орынбасары Павел Плетухов қаладағы жылу-энерго орталықтары бүгінде штаттық режімде жұмыс істеп тұрғанымен, жылу желілерінде аязды күндері ақау шығуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

– Павлодар қаласындағы жылу желілерінің 90 пайызы тоз­ға­нын анықтап отырмыз. Бұл па­йыз­дық көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді. Қазіргі сәтте кемі 17 шақы­рым желіні жаңарту қажет. Қала ішіндегі жылу торап­тар­ында­ғы тозу көрсеткіштері 80 па­йыз­дан басталады. Жылу маусы­мы ал­дында Павлодар қаласы­ның әкім­дігі қосымша бригада бөліп, ақау шыққан жерлерді қалпы­на кел­тіруге көмектесті. Екібас­тұз­­­дағы жағдайдан ешкім де сақтан­ды­­рыл­­­маған. Осы жылы қала басшы­­лы­ғы­мен бірге орамішілік желілерге көп көңіл аударылды, – дейді маман.

Екібастұздың қазіргі ахуалы алаң­датарлық. Қаһарлы қыс бас­та­лып кетті. Аяз күшейіп тұр. Энер­­гетика саласының жілігін ша­ғып, майын ішкен мамандар бұл қиын­дықтан құтылудың жолы кәсіп­орынды коммуналдық мен­шікке тапсыру екенін айтады. Ел билігі 150 мың тұрғыны бар ша­һар­ды жауапсыз монополистің қолында қалдырып қоймайды деп сенеміз.

Бет қатталып жатқанда: Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Олег  Крук Екібастұзда әлі де болсын жылусыз отырған 17 тұрғын үй мен 2 әлеуметтік нысан бар деп хабарлады. 18 мекенжайда қатып қалған ыстық су құбырлары жібітілуде. Барлық жылу тораптарының ұзындығы 422 километрді құрайды. Жылуға қала бо­йынша 689 көппәтерлі үй мен 4395 жер үй қосылған.

 

Павлодар облысы,

Екібастұз қаласы