Қазақстан • 29 Қараша, 2022

Цифрландыруға басымдық берді

159 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ 2022 жылдан бастап кепілдіктерге өтінімдерді қарау үрдісін және инжинирингтік компанияларды таңдауды қоса алғанда, барлық бизнес-процесті мақсатты цифрландыру бойынша жүргізіп келеді.

Цифрландыруға басымдық берді

2022 жылғы 1 маусымнан бастап «ҚТК» АҚ кепілдіктерін алуға өтінімдерді қабылдау тек қана Digital Baiterek порталы арқылы электрондық форматта жүзеге асырылады. Бұл өтінімдерді қарау мерзімдерінің бұзылуын (20 жұмыс күнінен аспайтын) толығымен алып тастауға және құрылыс компаниясына онлайн режімде жағдайды қадағалауға мүмкіндік берді. Компанияның ұсынысы бойынша жақын арада құжаттар жиыны 2 есеге азаяды. Қазіргі уақытта Әділет министрлігінің қарауында Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығына өзге­рістер енгізу бойынша соңғы кезе­ңінде тұр. Қосымша айта кететін жайт, шарт­тардың тартымдылығын арттыру мақсатында және бизнестің пікірлерін ескере отырып, кепілдік алу кезінде талаптарды төмендетуге бағытталған заңнамалық өзгерістер әзірленді. Яғни жұмыс тәжірибесі 3 жылдан 2 жылға дейін төмендейді; тәжі­рибе Астана, Алматы, Шымкент қалала­рында 18 мың шаршы метрден 10 мың шаршы метрге дейін, қалған өңірлерде 9 мың шаршы метрден 5 мың шаршы метрге дейін төмендейді; егер жер учаскесі жалға берілсе, құрылыс компаниясының өз қатысуы 15%-дан 10%-ға дейін, егер учаске жеке меншікте болса, 10%-дан 5%-ға дейін төмендейді; банк кепілдігін беру кезінде аванс 25%-дан 50%-ға дейін, қамтамасыз етусіз 10%-дан 20%-ға дейін ұлғаяды; 1 ағымдағы шоттың орнына екінші деңгейдегі банкте 3 шот ашуға құқық беріледі – ағымдағы, валюталық және жинақ.

Кепілдік жарна мөлшерлемесі де 2 рет төмендеді, 2017 жылғы тамызда жоба­лық құнның 6%-дан 2%-на дейін, 2020 жылғы қыркүйектен бастап 1% бірыңғай мөлшерлеме қолданылады. Бұл үшін ҰЭМ бұйрығына өзгерістер енгізілді.

Инжинирингтік компанияларды іріктеу процесі қазір толық цифрландырылған және мемлекеттік сатып алу рәсімдеріне ұқсас www.mitwork.kz порталында конкурстық негізде жүзеге асырылады. Инжинирингтік компанияларға қойылатын барлық талап, оның ішінде жұмыс тәжірибесі, сарапшылар құрамы Заңның 21-бабында және ҰЭМ 03.02.2015 жылғы №71 бұйрығымен бекітілген инжинирингтік қызметтер көр­сету қағидаларында көзделген. Бұған дейін, ашық конкурс басталғанға дейін инжи­нирингтік компанияларды іріктеуді уәкілетті компаниялар мен құрылыс салушылар кез келген конкурстық рәсімдерді сақтамай, дербес офлайн режімде жүзеге асырған болатын. Қазіргі уақытта конкурсқа онлайн режімде бір объектіге 12-ге дейін инжинирингтік компания қатысады.

Таңдау процесін цифрландырғанға дейін бірнеше ірі инжинирингтік компания жобалардың барлық пулының 70%-дан астамы бойынша техникалық қадағалау қызметтерін жүзеге асырды. Бұл ретте елде 1,5 мыңнан астам компания бар (ИИДМ және ТКШІК аккредиттелген).

Мониторинг барысында инжинирингтік компаниялардың штатында көрсетілген сарапшылар іс жүзінде объектілерде қызмет атқармағаны, уәкілетті компаниялармен және құрылыс компанияларымен жасырын аффилиирлену белгіленгені анықталды, бұл заңның 21-бабының талаптарын бұзу болып табылады. Осы компаниялардың монополиялық жағдайы үлестік қатысу, сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы заңнаманы жүйелі түрде бұзуға әкелді. Атап айтқанда, үлескерлердің ақшасын мақсатсыз пайдалану, жобалау-сметалық құжаттамадан ауытқу фактілеріне тұрақты негізде жол берілді, олар бойынша кейіннен «ҚТК» АҚ-ға үлескерлердің шағымдары келіп түседі.

«ҚТК» АҚ үлескерлердің құқықтарын қорғау, нарықта тең құқылы және бәсеке­лестік жағдайлар жасау (ҚРБҚДА ұсы­ным­дарын ескере отырып), олардың көпшілігі әртүрлі қауымдастықтардың қатысу­шылары болып табылатын жосық­сыз құрылыс компаниялар бойынша тәуекелдерді азайту жөніндегі жүйелі жұмысты жалғастырады.

Айта кетелік, жалпы, кепілдік беру тетігі бойынша 2016 жылдан бастап жалпы құны 844,7 млрд теңге, ауданы 4,7 млн шаршы метр болатын 173 жоба мақұлданды. Бұл Астана, Алматы, Шымкент, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Орал, Қостанай, Қонаев, Өс­кемен қалаларындағы 52,1 мыңнан астам үлескердің салымдарын қорғауға мүмкіндік берді.