Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Әуезов жұмбағының бір қыры
Айтпақшы, Абай Құнанбайұлының ұлы Әбдірахман – Әбіш өмірінің соңғы жылдарын осы Алматыда өткізгенін, 1895 жылы 15 қарашада осы қалада дүниеден озғанын, ауа райы мен жер (Ақшоқының) шалғайлығына байланысты оның сүйегі Алматыдағы мұсылман зиратына аманатқа қойылғанын Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» арқылы білеміз. Құнанбайдың шөбересі – Әрхам Кәкітайұлының «Абайдың өмір жолы» деген еңбегінде де: «Әбіштің қайтыс болғанын естіген Тобықты елі, көрші отырған Уақ елі күндіз-түні бауырымдап келіп жатты. Көздің жасы көл болды. Мағауия көп аялдамай үйге келгенде Абай: – Әй, Мағаш, Әбіштің сүйегін біржолата қойдың ба, жоқ аманат қойдың ба? – деп сұрады. Мағауия: – Сізден рұқсатсыз мен біржола қоя алам ба, көпке айтып, басына аманат қойылды деп тақтаға жазып кеттім, – дейді» деген жолдар бар.
Абайдың Әбіші аманатқа қойылған Алматыдағы Орталық зиратта Мұхтар Әуезовтің сүйегі жатыр. Абай мен Әуезов тақырыбы – мәңгілік тақырып. Жазушының ұлы Мұрат Әуезов Абай мен Мұхтар әлемін бір-бірінен бөлуге болмайтынын, оны фрагменттер арқылы емес, кешенді, тұтас картина арқылы зерттейтін кез келгенін айтады.
1949 жылы «Абай жолы» Сталиндік сыйлықты алғанда Әуезовтің достары «мылтықтың дүмі ары жылжыды» деген көрінеді.
«Әкем «Абай жолын» бастаған кезде Абайдың көзін көргендердің де, Әбішті Алматыға аманатқа қойып, кейін еліне аттандырып салған азаматтардың да көзі тірі кезі болатын. Роман-эпопеядағы Әбіштің қазасы жазылған тұстарында әкемнің қаламынан көз жасы тамшылап отырғанын сезбеу мүмкін емес. Сондай көңіл күйде жүрген жанның жүрегінің қалтарысында «Әбіштің аманатқа қойылған жерін барып көрейінші» деген арманның болмауы мүмкін емес қой. Орталық зираттағы Әбіш аманатқа қойылған орынның қай тұста болғаны Әуезов жұмбағының бір қыры», дейді Мұрат Әуезов.
Алматының Орталық зиратында жатқан қабірлердің картотекасын, цифрлық платформасын жасайтын кез келді. Новодевичий зиратының тарихы 1524 жылдан басталады. 1904 жылдан бастап онда Ресей тарихында орны бар тұлғалар жерлене бастаған. Қазір мұнда кімдердің жатқаны, олар туралы мәліметтер ғаламтор желісіне енгізілген. Тіпті Новодевичий қорымын үйде отырып-ақ «аралап» шығуға болады. Туысқан Әзербайжан елінде әрбір қонақ келіп көретін екі тағылымды қабірстан бар: бірі – шаһиттер зираты, екіншісі – ұлттық пантеон. Бұл олардың ұлттық мәдениетінің бір бөлшегі ретінде қарастырылады. Бұл үрдісті өзбек, түрікмен бауырларымыз да қолға алған.
«Жазушылар одағы, Алматы қаласының әкімдігі осында жерленген қайраткерлер қабірлерінің цифрлы нұсқасын жасап, оны ғаламтор желісіне жүктейтін кез келді. Күні ертең мемлекеттілігіміздің қалыптасуының басы-қасында жүрген тұлғаларымыздың нақ осы қорымда жерленгені естен шығып, қатардағы зират есебінде қалуы әбден мүмкін», дейді Мұрат Әуезов.
Ақын-публицист Жұмабай Құлиев тарихи маңызы бар зираттарды сүру, ондағы жерленген марқұмдар туралы мәліметтерді жоғалтып алу арқылы тарихи жадыны да естен шығарып алғанымызды айтады. Алматының іргесінде тұрған Есік қаласы бір кездері сақтар өркениетінің орталығы болғаны белгілі. Ал кейбір тарихи деректерде қазіргі Алматының бір бөлігі сақ заманында өмір сүрген белгілі тұлғалардың жерленетін қасиетті қорымы болғаны көрсетілген. ХХ ғасырдың басында Алматыда 50 сақ қорғаны болғаны, олардың біразы 1940-жылдардан бергі уақытта сүріліп кеткені жөнінде деректер бар.
Ж.Құлиев айтып өткендей, ХХ ғасыр басында зираттарды сүру бастамасын КСРО құрамындағы республикалардың бәрі құп көрмеген. Ресейдің өзінде патшалар зираты ретінде сақталып қалған кесенелер жетеді. Бірнеше ғасырлық тарихы бар зираттар Әзербайжанда, Өзбекстанда күні бүгінге дейін сақталып тұр. Нүкіс қаласынан 40 минуттық жерде орналасқан Миздахқан қорымының 2 400 жылдық тарихы бар. Мұнда ең соңғы рет ХIХ ғасырда мәйіт жерленген. «Ақжан әл-Машани атамыздың әл-Фараби туралы кімнен естігені жөніндегі деректер әр жерде әртүрлі. Ресми ақпаратта соғыс кесірінен Алматыға қоныс аударған А.Эйнштейннің шәкірті, Чехословакия Ғылым академиясының академигі, математик-философ Эрнест Кольманнан 1943 жылы естігені айтылады. Ел аузында Ақжан атамыз әл-Фараби бабамыз туралы деректі Мағжан Жұмабаевтан естіген, ұлы ғалымның жатқан жерін тауып, басына бір қазақтың Құран оқуы Мағжанның арманы, аманаты еді деген сөз бар. Ақжан әл-Машани өткен ғасырдың 50-жылдары Сирияның архивтерінен әл-Фараби қабірінің реттік нөмірі туралы деректі кездестіреді. Сол дерек бойынша Фараби бабамыздың зиратын табады» дейді Ж.Құлиев.
Ж.Құлиевтің сөзіне қарағанда, Сарайшықта жерленген жеті ханымыздың зираты су астында қалған. Түркістанда жерленген 12 ханымыздың сүйегі аршылып алынып, Ясауи кесенесіне орналастырылды. Райымбек заманы тарихи өлшеммен салыстырғанда қыр астында қалған уақыт. Туған жылын да, дүниеден көшкен кезін де білеміз. «Өткен тарих үшін саясатты кінәлау дұрыс емес. Бар кінә өзімізде. Бұрынғы Ташкент даңғылы бойындағы қазақ зиратында Райымбек бабамыздың жалғыз жатпағаны, қазақ тарихында орны бар ірі тұлғалардың бірге жерленгені ақиқат. Бір өкініштісі, олардың асыл сүйектері тас жолдың астында қалды», дейді Ж.Құлиев.
Ж.Құлиев зиярат ету мәдениетін қалыптастыра алмағанымыз жанына бататынын айтады. «Қазақ арасында «Орталық зират» деген атауға ие болған қорында Мұхтар Әуезов, Мұқан Төлебаев сынды қазақтың мемлекеттілігін қалыптастыру жолында тер төккен азаматтарымыздың денесі жерленген. Солардың бірқатарының мерейтойлары мемлекеттік деңгейде аталып өткенін білеміз. Осыдан біраз бұрын ақын Қасым Аманжоловтың мерейтойы ел деңгейінде аталып өтіп, Алматыдан 200 адам қатысты. Бірақ солардың ішінде тым болмаса 10 адам ақынның басына барып Құран оқыды дегенді естіген жоқпын. Ақынның қыздары журналистермен кездескен кезде мерейтой басталар алдында Қасымның зиратының басында өсіп тұрған терек құлап, ескерткішін басып қалғанын, зират қызметкерлеріне өтініш айта жүріп, әкелерінің жатқан жерін тазалатқанын айтқан болатын», дейді Ж.Құлиев.
Осы ретте Жұмабай Құлиев Алматыда Қасым тұрған үй сүріліп тасталған кезде елдің көңіл күйін ақын Жүрсін Ерманның «Дегені қайда басылды құйын, Ақылым жетпей ашиды миым, Виноградов көшесіндегі, Қиратып жатыр Қасымның үйін», деген жыр жолдары дөп басқанын жеткізді. «Біз Қасым тұрған үйдің қиратылғанына ғана емес, Қасымның соңғы мекен-тұрағының жағдайына да назар аударуымыз керек шығар. Біздің Мұқағали ақынның атын жаңғыртып, ода шығарғанымыз дұрыс, бірақ басына барып Құран оқудың сауабы салмақты», дейді Ж. Құлиев.
Саттардың сүйегі қайда қалды?
Қазақ әдебиетінде, өнерінде өшпес із қалдырған Саттар Ерубаев пен Әміре Қашаубаевтың осы зиратта жатқаны көпке белгілі. Осыдан бірер жыл бұрын ғана дүниеден өткен Шерхан Мұртаза өзінің естеліктерінде Қазақстан комсомолы орталық комитетінің бірінші хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков өздеріне Саттар Ерубаевтың моласын іздеп табуға тапсырма бергенін айтқан. Зерттеу барысында бір қарияның айтуымен Саттардың Алматы қаласындағы қазіргі Райымбек көшесінің бойындағы зиратта жерленгенін анықтайды. Шер-аға бұрынғы Ташкент, қазіргі Райымбек даңғылы бойындағы ескі зираттар сүріліп, оның орнына Сайран автостансасы салынбақ болғанын жазған. Ұлтжанды азамат тез арада Саттардың моласын тауып, сүйегін басқа зиратқа жерлеп, басына белгі қоюды ойлаған. «Өкінішке қарай, қазақ әдебиетінің жайсаң тұлғасы Саттардың моласы табылмады. Белгі жоқ. Саттардың осы тұста жерленгенін білетін қарт оның қай тұста жатқанын таба алмады. Саттардың сүйегі Сайран автостансасының астында қалды», дейді Шер-аға естеліктерінде.
Ән падишасы Әміре Қашаубайұлы жөнінде аз жазылып жүрген жоқ. Әміренің жансыз денесі 1934 жылғы қарашаның 5-інен 6-сына қараған түнде Алматы көшелерінің бірінде табылғанымен, бұл өлімге қатысы бар адамдар әлі күнге белгісіз. Қазақтың арманда кеткен боздағы Әміре Қашаубаевтың соңғы мекені – Орталық зиратта. Сол кездегі көзкөргендердің айтуынша, әйгілі әнші 1934 жылдың 8 қарашасы күні Алматы қаласындағы Ташкент көшесі бойындағы Орталық зиратта жерленгені, домбырашы-күйші, музыка зерттеушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жарқын Шәкәрімнің естеліктерінде Әміренің денесін ақымдап-жерлеген Әбілмәжін Сапақовтың зират жанындағы терек ағашына бәкімен «Бұл жерге Әміре Қашаубайұлы жерленген» деп жазып кеткені айтылады. «Серке Қожамқұлов, Жүсіпбек Елебеков, Сапарғали Бегалин және мен – төртеуіміз Орталық зираттан төрт күн іздеп таппадық, бесінші күн дегенде ортамызға Әбілмәжін Сапақов араласып, әнші жерленген жерді бір сәтте-ақ тауып берді. Әрине, Әміре зиратының орны тұрмақ тұқылы да жоқ. Жермен-жексен тақыр жер. Тап осы жерде сүйегі жатқанға балап, осыған да қуанысып құран бағыштадық».
Алматыдағы бірнеше қорым, оның ішінде «Кеңсай-1», «Кеңсай-2», Орталық зират сияқты тарихи маңызы бар 17 қорым қаладағы Салттық қызмет көрсету комбинатына қарайды.
Біз осы материалды дайындау барысында комбинат директорының орынбасары Марат Исмаиловпен кездесіп, тілдесіп, біраз жайтты анықтадық. Жермен-жексен болып жатқан бейіттерді де көзбен көрдік.
Марат Исмаиловтың айтуынша, ХХ ғасырдың басында Алматыда «Саяхат» автовокзалы орналасқан аумақ, Райымбек көшесінің оң қапталында қазақ зираты аталып кеткен үлкен қорымдар болыпты. 30-жылдардың аяғы мен 40-жылдары қала салынып, жол төселе бастағанда зират сүріліп, тегістеліп, босаған жер қала инфрақұрылымының қажетін өтеуге берілген. «Менің негізгі мамандығым – тарих пәнінің мұғалімі. Бала кезден зираттар тақырыбына назар аудардым. Біраз әңгімені әкемнен естідім. Саттар Ерубаев 1937 жылы қайтыс болған. Алғашқы жерленген жері «Саяхаттың» айналасындағы қорымда болуы әбден мүмкін. Сіз айтқан Абайдың Әбішінің аманатқа қойылған жері «Саяхат» автовокзалы орналасқан аумақтың астында қалса керек. Сол кезде біраз сүйектер туған-туыстарының араласуымен қазып алынып, қазіргі Орталық зиратқа жерленді. Біразы жол, құрылыс астында қалды», дейді М.Исмаилов.
Аталған комбинат директорының орынбасары айтып бергендей, Орталық зиратта да, «Кеңсай-1», «Кеңсай-2» зираттарында да арнайы картотекалық тізім, басқаша айтқанда зираттың паспорты жоқ. Егер марқұмдардың басына қойылған белгітастағы жазулар өшіп қалса, іздеп келгендер таба алмай қалуы әбден мүмкін.
Әлемде моласын асқан қатыгездікпен қиратқан, ардақтыларының сүйегі сықырлап тас, құрылыс астында қалған ел біз ғана сияқтымыз.
Біз күні бүгінге дейін Кенесарыдай ханының басын жоқтап жүрген елміз.
М.Исмаилов әңгіме кезінде қазақ арасында зиратқа зиярат ету мәдениетінің қалыптаспағанын айтып өтті. Бір ғана Орталық зиратта 200 мемлекет қайраткері Үкімет аллеясында қазақтың тұңғыш Сыртқы істер министрі, Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен сөйлеген қазақ Төлеген Тәжібаев жерленген. Ол министр болып тұрған кезде, 1947 жылы БҰҰ-ға мүшелікке қабылдануға талпыныс болған. Бірақ соңғы нәтижеде КСРО-ның БҰҰ-ға одақтас республикалардың барлығын бірдей мүше етіп сайлау әрекеті жүзеге аспады. БҰҰ-ға тек үш республика – Ресей, Украина және Беларусь қана кірді. Содан кейінгі жылдары сыртқы істер министрліктерінің құқы шектеліп, соңында қоғамдық қызмет деңгейіне дейін төмендетілді.
Төлеген Тәжібаевтың қабірі Орталық зираттың Үкімет аллеясында елеусіз жатыр. Кейінгі ұрпақ та ол туралы айта бермейді. Бұл жерде мәселе Мұрат Әуезовтің сөзімен айтқанда, тарихты тұтас бір әлем деп қарамай, жеке-жеке бөлшектерге бөліп зерттеуімізге байланысты.
«Осыдан бірнеше жыл бұрын Жалау Мыңбаевтың зиратын таптық. 1924-1927 жылдар арасында ҚазАКСР ОАК-ты (Қазақстан Орталық комитеті) басқарған тұлға. Оның ұлтшыл деген жаламен қызметі төмендетілді, 1929 жылы ауыр науқастан көз жұмған», дейді М.Исмаилов.
Оның айтуынша, Жалау Мыңбаевтың зираты кезекті тазалық жұмыстары жүріп жатқан кезінде табылған, сосын аты-жөнін жаңартып жазып, басына белгітас қойылған. «Орталық зиратта 1950-жылдардың аяғында ҚазКСР ОК қаулысымен Үкімет адамдарына арналып аллея ашылды. Сол жылдардан бастап мемлекеттік деңгейде қызмет атқарған тұлғалар осы жерге жерленді», дейді М.Исмаилов.
Зиярат ету мәдениетін қалыптастыру керек
Әруақтардың басына зиярат ету мәдениетін қалыптастыру қажеттігі жөніндегі пікір қазақ қоғамының көкейінде жүрген мәселе. «Осыдан бірер жыл бұрын ғана дүние салған Әмина Өмірзақова апамыз да осы жерге жайғасты. Үкімет аллеясында жатқан тұлғаларымыздың қабірлері паспортталған. Бірақ өзіңіз көріп тұрғандай, шамамен мұндай 100 шақты қабір бар. Жоғарыда осы зиратта 200 мемлекет қайраткері жерленгенін айттық. Олардың қабірлері есепке алынбаған. Күндердің күнінде басына қойған тастағы жазулар өшіп кетсе, ертеңгі ұрпақ олардың жатқан жерлерін жоғалтып алуы ғажап емес. Алда бізді не күтіп тұрғанын білмейміз», дейді М.Исмаилов,
Осы ретте спикер егер іздестірсе, олардың саны бұдан да көп болуы мүмкін екенін айтады. Қалада Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Алматы госпиталдарында қайтыс болған жауынгерлер жерленген бауырластар зираты бар. Қорым ауласын тазалау кезінде аты тарихта қалған тұлғалардың зираты табылып жатады. «1940 жылдары оң қапталдағы зират бұзылған кезде қанша сүйектің қайта жерленгенін білмейміз. Зираттар сүрілген кезде асылдарымыздың сүйегі аяқ астында қалмасын деп жанашырлықпен түгендеп, есім-сойын қағазға түсіргендер туралы да естіген жоқпын», дейді М.Исмаилов.
Күләшті білмейтін ұрпақ өсіп келеді
М.Исмайловпен әңгіме барысында ұққанымыз – бұрынғы КСРО құрамында болған елдердің арасында жерлеу рәсімін заңдастыра алмай отырған мемлекет біз ғана екенбіз. Бұл жайт тарихи маңызы, бірнеше ғасырлық шежіресі бар қорымдарды ЮНЕСКО шеңберінде қорғауға кедергі келтіріп отыр. Бұрынғы КСРО құрамында болған елдердің бәрінде жерлеу, салттық қызмет көрсету рәсімдерін муниципальды мемлекеттік органдар атқарады. «Бізге зираттарға зиярат ету мәдениетін қалыптастыру керек. Бізде Мұқағали, Қасым сынды ақындарға арналған жыр көп. Бірақ ақынының бейітін іздеп, құран оқып келгендерді сирек көремін. Тіпті Мұхтар Әуезов, Мұқан Төлебаевтардың басына тек туған-туысқандары келеді. Соған қарағанда, бізде тұлғатану, олардың өмірін зерттеу, насихаттау жағы кемшін түсіп жатқан тәрізді. Осы өткен аптада ғана бес-алты қыз бала Күләш Бәйсейітованың басына қойылған ескерткішті қызықтап тұрғанын көрдім. Жандарына барып, «апаларыңды білесіңдер ме?» десем, «біздің апамыз емес, кім екенін білмейміз, ескерткіші әдемі екен деп қарап тұр», дейді М.Исмаилов.
Мәскеудегі, Санкт-Петербургтағы кейбір қабірстандардың бірнеше ғасырлық тарихы бар. Онда кімнің қайда жатқанын көрсететін онлайн-карта бар, гид-аралатушылардың жұмыстары мемлекет тарапынан дұрыс үйлестірілген.
«Орталық зиратта еврей ұлтының атақты ғұламасы жерленген. Жыл сайын әлемнің төрт тарапынан осы ұлттың өкілдері келіп, қандастарының жатқан жерінің жай-күйін көзбен көріп кетеді. Бізде зираттың паспорты болмаса, оны видеоға түсіріп, ғаламторға жүктеуге құқымыз жоқ. Зираттың төрт қабырғасының іші марқұмның туыстарының меншігі болып саналады», дейді М.Исмаилов.
Спикеріміз айтып өткендей, бізде жерлеу, салттық қызмет көрсету мәселелері заңдастырылатын кез келді. Бізде жерлеу әдебіне, зираттарды жобалауға, күтіп-ұстауға қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормаларды Қазақстан Денсаулық сақтау министрі 2010 жылы 30 маусымда №476 бұйрықпен бекіткен.
2017 жылы сенатор Ольга Перепечина «Жерлеу және жерлеу ісі туралы» заң жобасын әзірлеу қажеттігін айтты. Алайда салалық мемлекеттік органдар бұл мәселені елемей, сөзбұйдаға салып жіберді. 2018 жылы осы мәселе Үкімет қабырғасында көтерілген.
«Біз өз тарапымыздан заң қабылдау қажеттігін айттық. Бақытжан Сағынтаев Премьер-Министр болып тұрған кезде заң қабылдау бағытында біраз ілгерілеушілік болған. Жұмыс тобының жиындары өтіп, заңның нобайының бас-яғы түгелденіп қалған болатын. Бірақ кейін тағы да ұмыт қалды. Заң ғана жерлеуді ұйымдастыру айналасындағы бәсекелестікке айналып кеткен заңсыздықтарды жояды. Бірақ Үкімет тап осы мәселеге келгенде оны айналып өтуге тырысады. Заңның болмауы зираттарды тізімге алу, паспорттау мәселесін шешуге көп кедергісін келтіріп жатыр. Қазақстанда салт пен жөн-жоралғы қызметін көрсететін жеке фирмалар пайда бола бастағаны айтылып та, жазылып та жүр. Олардың саны қаулап өсіп барады. Заң қабылданса, осындай маңызды саланы бақылап қана қоймай, оны қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Жерлеу мәселелерін реттейтін заңнамалық актінің болмауы түрлі құқық бұзушылықтарға алып келеді. Қылмыстық түрде жерлеу, заңсыз бизнесті жүргізу фактілері де болуы ықтимал. Эксгумация мен жерлеудің нақты ережелері болмай отыр. Соңғы кездері жерлеу жұмысы жекеменшік компанияларға беріледі деген сөз шығып жүр. Қазір іздеген адамыңның сүйегі жатқан жерді табу үшін бірнеше моланың үстінен аттап өтуге тура келеді. Егер бұл мәселе жеке меншікке берілсе, Әуезов, Төлебаевтардың қасына жатқысы келетіндердің қатары көбейіп кетуі ықтимал. Егер ақшасын көп төлесе кез келген жерден зиратты сүріп тастап орын алуға жол ашылады. Мұндай жағдайда Үкімет аллеясындағы жалғыз аяқ жолды сақтап қалудың өзі қиын болады», дейді М.Исмаилов.
М.Исмаиловтың айтуынша, Орталық зираттағы Мұхтар Әуезов, Шәкен Айманов, Мұқан Төлебаевтардың басына қойылған ескерткіштерді мәдени мұра ретінде ЮНЕСКО шеңберінде қорғалатын тізімге алудың кезі келген. М.Әуезов, Ш.Аймановтардың о дүниелік болғанына алды алпыс, соңы 50 жылдан асып барады. Кезінде олардың басына қойылған тас мүсіндерді КСРО-ға аты мәлім сәулетшілер дайындағандықтан өнер туындысы деп бағалауға болады.
«Зираттағы Үкімет аллеясында жатқан есімі қазаққа танымал бір тұлғаға қойылған мүсіннің құлағы кертіліп қалыпты. Хабарландыру бойынша сәулетшіні шақырып, құлақ жапсырып қоя алмайсың. Егер заң болса, бұл мәселені заң шеңберінде шешуге болар еді. Бұл да айтылуы тиіс мәселе болғандықтан Үкімет қаперге алса», дейді М.Исмаилов.
Ата-баба басына белгі қойып, жазу қалдыру – кешегі Күлтегін заманынан қалған дәстүр. Кеңсайда құны бірнеше миллион доллар тұратын кесенелерді көріп жүрміз. Психологтер мұндай үрдістерге адам өзін өлгеннен кейін де ерекшелендіріп көрсетуге тырысқан жартыкеш психология себеп екенін айтады. Бірақ біздің айтпағымыз басқа. Ұлыларымыз жатқан жерді қорғау, олардың қабірлерін түгендеп, цифрлық жүйеге түсіру – күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Алтынмен аптап күмбез қойсаң да тарихынан өткен тұлға халық жадында қалады. Аруақты сыйлаған елміз. Қайраткерлерді құрметтеуге оларың бейітін күту де енеді. Бұл жерде біраз мәселе зиярат ету мәдениетіміздің деңгейіне байланысты.
Ұлылардың қорымын нақтылап, бүгінгі ұрпаққа лайықты насихаттауға елдік, мемлекеттік көзқарас пен талап қажет.
АЛМАТЫ