Конституцияның 57-бабына сәйкес, Парламенттің әр палатасы Жоғары аудиторлық палатасының үш мүшесін бес жыл мерзімге қызметке тағайындайды. Жалпы отырыста Конституцияның 58-бабы негізінде үміткерлер тізімі ұсынылды. Депутаттар Михаил Бортник, Рүстем Нұрпейісов, Юлия Энгельді Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі қызметіне тағайындау мәселесін қарап, аталған кандидатураларды бекітті.
Сонымен қатар жалпы отырыста «Қазақтың ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды. Аталған мәселе жөнінде Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Әмірхан Рахымжанов баяндама жасады.
«Тазы мен төбет – қазақтың байырғы ит тұқымы, ұлттық мақтаныш, қазақ халқының ұлттық қазынасы, оның мәдени-тарихи құндылығы. Бұл тұқымдар тарихымызбен байланысты және олардың шығу тегі ғасырлар бойы қалыптасқан. Қазақ ит тұқымдарын сақтау және қорғау мен дамыту саласын мемлекеттік реттеудің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін кең құқықтық және ұйымдастырушылық тәсілдерді талап етеді. Өйткені қазақ ит тұқымдарының генофондының нашарлау үрдісі ғана емес, сонымен қатар еліміздің көптеген өңірінде толық жойылу қаупі бар. Оның басты себептері – қазақ ит тұқымдарының генофондының жай-күйін бағалау, олардың генетикалық бейінін жасау бойынша ғылыми зерттеулер мен мемлекеттік қолдаудың болмауы», деді Ә.Рахымжанов.
Осы проблемалық мәселелерді шешу үшін заң жобасында қазақтың ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласындағы қызметті жүзеге асырудың құқықтық, ұйымдастырушылық және экономикалық негіздері белгіленіп, уәкілетті органның құзыреті бекітіледі.
Құжатта қазақтың ит тұқымдарының сақталуын, тазалығын қамтамасыз ету, өсімін молайту көзделген. Осы бағытта құрылатын уәкілетті органның мамандандырылған ұйымы жанындағы қазақ ит тұқымдарының ұлттық орталығына маңызды рөл берілген.
«Орталықтың негізгі құзыретіне бірыңғай асыл тұқымды кітап жүргізу, қазақ ит тұқымдарының стандарттарын әзірлеу және басқа да міндеттер кіреді. Сонымен қатар заң жобасы кинологиялық қызмет ұғымдарын, қазақ тұқымды иттің шығу тегі туралы куәлікті, бірыңғай асыл тұқымды кітапты, қазақ ит тұқымдары мен Ұлттық аңшылық стандартын айқындайды. Мемлекеттік қолдау қазақтың ит тұқымдарын, оның ішінде Ұлттық орталықты сақтау және өсімін молайту саласындағы қызметті қаржыландыру жолымен жүзеге асырылады. Осы салада жұмыс істейтін қоғамдық бірлестіктер осы бағыттағы қызметті ілгерілетуге Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс алады.
Заң жобасында Қазақстан Республикасының ғылыми ұйымдары жүзеге асыратын қазақ ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласындағы ғылыми зерттеулер жөніндегі норма көзделген. Ғылыми ұйымдар уәкілетті орган, ұлттық орталық, сондай-ақ кинологиялық қызметті жүзеге асыратын қоғамдық бірлестіктермен бірлесіп, қазақтың ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласында мемлекеттік ғылыми-техникалық бағдарламалар әзірлеуді жүзеге асырады. Заң жобасының нормаларын іске асыру үшін 1,4 млрд теңге қажет. Бұл сома 2022 жылғы 18 қазанда Республикалық бюджет комиссиясының отырысында қолдау тапты», деді депутат.
Бұдан бөлек, жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцария Конфедерациясының Федералдық Кеңесі арасындағы бағалы металдардан жасалған бұйымдардағы cынамалық таңбаны өзара тану жөніндегі келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды.
Келісім Қазақстан мен Швейцария Конфедерациясы арасында бағалы металдардан жасалған заттардың саудасын дамытуға, сондай-ақ металдың құрамын қайта тексеру және қосарланған таңбалау рәсімін оңтайландыруға ықпал етеді.
«Қазіргі кезде Қазақстан заңнамасына сәйкес зергерлік заттар міндетті түрде еліміздің таңбасымен белгіленеді. Дегенмен бүкіл әлемде танылған Швейцариядағы зергерлік заттардың сапасын назарға ала отырып, Қазақстан жағы қайта таңбалауды жүргізбейді. Өзара қарым-қатынас қағидаты бойынша Қазақстаннан Швейцарияға әкетілетін зергерлік заттар да таңбалауға жатпайды. Келісімді қабылдау зергерлік заттарды қайта таңбалауды қажет етпейді», деді Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шaкқалиев.
Оның айтуынша, аталған қадамдарды ескере отырып, зергерлік заттарды экспорттау кезінде әкімшілік жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Вице-министрдің пайымдауынша, рәсімдерді жеңілдету экспорттың өсуіне жанама әсер етуі мүмкін.
Сонымен қатар депутаттар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы азаматтық әуе кемелерін авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын талқылады. Аталған құжат жөнінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушы Алмаз Ыдырысов баяндама жасады. Вице-министрдің айтуынша, Келісімді ратификациялау Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның 12-қосымшасын орындау үшін қажет.
«Келісімнің басты мақсаты – халықаралық азаматтық авиация ұйымының стандартына сәйкес, апатқа ұшыраған әуе кемелерінің жолаушылары мен экипаждарын іздестіру. Құжаттың міндеттері апатқа ұшыраған әуе кемелерінің жолаушылары мен экипаждарын іздестіру-құтқару үшін мемлекеттердің арасындағы ынтымақтастықты нығайту. Авиациялық оқиғалар туралы өзара ақпарат алмасып, хабарлау. Апат болған жағдайда іздестіру шараларын қабылдау. Екі тараптың іздестіру-құтқару қызметтерінің бірлескен оқу-жаттығуларын өткізіп, ақпарат және тәжірибе алмасу», деді А.Ыдырысов.
Келісім бірлескен іздестіру-құтқару операцияларын жүргізудің нормативтік негізін, іздестіру-құтқару аудандарының шекарасын белгілейді. Келісімді іске асыруға жауапты құзыретті органдар анықталады. Тараптардың авиациялық оқиға туралы өзара хабар алмасуы, іздестіру операциясына көмектесуі қарастырылады.
«Қазаэронавигация» мекеме қаражатынан авиациялық оқиғаларға 27 қону алаңында тікұшақ кезекшілігі жұмыс істейді. Сонымен қатар құтқару жұмыстарына Қорғаныс министрлігінің тікұшақтары да тартылады. «Қазаэронавигация» базасында шетелдік білімі бар жұмыскерлер, тәулік бойы жұмыс істейтін байланыс құралдары бар. Ал іздестіру-құтқаруды үйлестіру орталығы бұрыннан жұмыс істеп келеді. Іздестіру-құтқару операцияларына Қорғаныс министрлігінің парашуттық-десанттық тобы және Төтенше жағдайлар министрлігінің іздестіру-құтқару командасы атсалысады», деді А.Ыдырысов.
Бұдан бөлек, бірқатар құжатты екінші оқылымда мақұлдады. Олардың қатарында «Өсімдіктер дүниесі туралы», «Агломерацияларды дамыту туралы» заң жобалары бар. Сондай-ақ Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік және жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Сенат енгізген өзгерістерді мақұлдады.
Жалпы отырыс соңында Мәжіліс депутаттары тиісті мемлекеттік мекемелер басшыларына депутаттық сауал жолдады. Алғаш болып сөз алған Ерлан Саиров Премьер-Министр Әлихан Смайылов пен Бас Прокурор Берік Асыловқа жолдаған депутаттық сауалында бірқатар өңірдегі жылу электр орталықтарының істен шығуына алаңдаушылық білдірді.
«Елімізде жылыту маусымы басталмай жатып Қазақстанның бірқатар қаласында жылу электр орталықтары істен шығып, Риддер, Екібастұз қалаларында техногенді апат жағдайы қалыптасты. Президент Тоқаев жағдайға шұғыл баға беріп, Үкіметке еліміздің барлық жылу объектілерін тексеріп, апатты жағдай болмауы үшін іс-шаралар жасау жөнінде тапсырма берді. Осыған орай, Amanat партиясы фракциясы мүшелері Екібастұз қаласына барып, қиын-қыстау кезеңде халықпен бірге болып, жұртшылықтың пікірін тыңдады. Мәселені жан-жақты қарастырды», деді Е.Саиров.
Депутаттың айтуынша, энергетика саласындағы басты мәселе – магистральдық желілердің тозғаны. Мәселен, апат болған Екібастұз қаласында бұл көрсеткіш 91 пайызды құрап отыр. Сондай-ақ ЖЭС-терде күрделі жөндеу жүргізілмеген. Бұл салаға инвестиция құйылмайды.
«Стратегиялық нысандарды құйтырқы жолмен әділетсіз иемденіп, пайда тауып отырған олигарх топтар еліміздің түкпір-түкпіріндегі магистральдық желілер мен жылу электр стансаларын жаңғыртуға қаржы салғысы келмейді. Бұл мемлекетке де, азаматтарға да жасалған қысастық. Олигарх топтар бұл объектілердің пайдасын сүліктей сорып, енді проблеманы мемлекетке, халыққа ілмекші», деген Е.Саиров Үкіметке бірқатар ұсыныс жолдады.
Атап айтқанда, энергетика кәсіпорындарын толық техникалық аудиттен өткізу қажет. Жылу электр орталықтары, магистральды құбырлардың тозу дәрежесін анықтай отырып, халықтан алынатын тарифтердің инвестициялық бөлігі қайда кеткендігі анықталуға тиіс. Жылу электр орталықтары мен магистральдардың техникалық жағдайы үшін кәсіпорын акционерлерінің құқықтық жауапкершілігін қарастыру керек. Энергетика саласына қоғамдық бақылау орнатуға жан-жақты көңіл бөліну қажет.
Депутат Гауһар Нұғыманова Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдаған сауалында өрт қауіпсіздігі мәселесін көтерді. Оның айтуынша, бұл саладағы жағдайдың күрделі екенін анық көрсеткен оқиғалардың бірі – 16 қарашада Астана қаласының Бауыржан Момышұлы даңғылындағы көпқабатты тұрғын үйде болған өрт.
«Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметі бойынша, биыл Астана аумағында 682 өрт шыққан. Соның ішінде 105-і көппәтерлі тұрғын үйлерде болған», деген депутат тұрғын үйлерде өрт қауіпсіздігі сақталмайтынын, техникалық құралдардың жетіспеуін, ғимараттардың дұрыс жоспарланбауын атап өтті. Осыған байланысты, Үкіметтен мұндай жағдайларды барынша азайту үшін өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүйелі шаралар қабылдауды сұрады.