Футбол • 04 Желтоқсан, 2022

Әлем чемпионаты: Дерек пен дәйек

640 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Футболдан Қатарда өтіп жатқан әлем чемпионатында күн сайын жаңа рекордтар тіркеліп, жанкүйерлер қызықты статистикалардың куәсі болып жатыр. Мәселен, Аргентина ұлттық құрамасының шабуылшысы Лионель Месси әлем чемпионатындағы матчтар және голдар саны бойынша даңқты отандасы Диего Марадонадан басып озса, Криштиану Роналду қатарынан бес біріншілікте гол соққан тұңғыш футболшы атанды. Ал Аустралия құрамасы 16 жылдан кейін алғаш рет турнирдің плей-офф кезеңіне жолдама алды. Назарларыңызға осы және басқа да қызықты мәліметтерді ұсынамыз.

Әлем чемпионаты: Дерек пен дәйек

Криштианудың дара жетістігін тарқатып айтар болсақ, ол әлем біріншілігінің топтық кезеңінде Гана қақпасына пенальтиден гол соғып, қатарынан бесінші дүние­жүзілік доп додасында мергендік танытқан жалғыз футболшы атанды. Роналду 2006, 2010, 2014, 2018 және 2022 жылдардағы әлем бірін­шілігіне қатысып отыр. Сондай-ақ ол Португалия құрамасы сапында әлем чемпионатында гол соққан ең жас (2006 жылы 21 жас 132 күн­де) және ең қарт (37 жас 292 күнде) футболшы. Сонымен қатар Роналду Лионель Месси, Лотар Маттеус, Антонио Карбахаль және Рафаэль Маркестен кейінгі бес әлем біріншілігіне қатысқан бе­сінші ойыншы болды.

Ал Лионель Месси Аргентина құрамасы сапында төрт әлем бірін­шілігінде гол соққан алғашқы фут­бол­шы (2006, 2014, 2018 және 2022 жылдары). Осы нәтижесінің ар­қасында ол даңқты отандасы Диего Марадона (1982, 1986 және 1994 жылдар гол соққан) мен Габриэль Батистутаны (1994, 1998 және 2002 жылдары гол соққан) басып озды. Сонымен қатар Месси Қатардағы әлем біріншілігінде құрлық додасындағы матчтар және голдар саны бойынша Мара­донаның алдына шығып алды. Диего әлем біріншіліктерінде Ар­ген­тина жейдесінде 21 матч өткі­зіп, 8 гол соққан болса, Месси Аус­тралиямен болған матчта 23 мәрте алаңға шығып, 9 голын тойлады.

Испания құрамасының ойын­шысы Гави 2004 жылы туған футболшылар арасында әлемдік мундиалда мергендік танытқан алғашқы ойыншы. Гави (18 жас 110 күн) Коста-Рикамен болған матчта (7:0) дәлдік танытқан-ды. Ал Испания құрамасы әлем чемпионаттары тарихында бірінші рет қарсыластарының қақпасына жеті гол соқты.

Гана құрамасының ойыншысы Иньяки Уильямс пен испаниялық Нико Уильямс әлем чемпионаттары тарихында әртүрлі құрамада ойнаған алғашқы ағайынды футболшылар.

Уэйн Хеннесси – биылғы әлем біріншілігінде қызыл қағаз көр­сетілген бірінші, чемпионаттар тарихында алаңнан қуылған үшінші қақпашы.

Биылғы әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі бес матчта қақ­паға гол соғылған жоқ. Яғни Англия – АҚШ (0:0), Мексика – Польша (0:0), Дания – Тунис (0:0), Хорватия – Марокко (0:0) және Корея – Уругвай (0:0) кездесуінде есеп ашылмады. Мұндай нәтиже әлем чемпионаттары тарихында бұрын-соңды тіркелмеген.

Польша құрамасының сұрмер­гендерінің бірі Роберт Левандовски әлем чемпионатындағы ал­ғаш­қы голын Сауд Арабиясы құра­масының қақпасына соқты. «Бар­селона» шабуылшысы бұған дейін әлем біріншіліктеріне қа­тысса да, бірде-бір ойында гол соға ал­маған болатын. Ол бұл голының арқасында ұлттық құрама сапында гол соғу бойынша Пелемен теңесіп алды – 77 гол.

Франциялық Стефани Фраппар әлем чемпионаттарының матчында қазылық жасаған алғашқы әйел төреші. Ол бас төреші ретінде Е тобындағы Германия – Коста-Рика (4:2) матчында жұмыс істеді. 38 жастағы арбитр бұған дейін С тобындағы Мексика – Польша матчында төртінші төрешінің қызметін атқарған еді.

Маркус Рашфорд Ан­глия құрамасының әлем чемпионат­тарындағы 100-голын соқты. 25 жастағы футболшы Уэльспен өткен матчта екі мәрте мергендігімен көз­ге түскен болатын. Әлем бі­рін­шілігіндегі ағылшындардың алғашқы голын 1950 жылғы доп додасында Стэн Мортенсен сал­ған. Сондай-ақ әлемдік мундиалда Бразилия, Германия, Аргентина, Италия, Франция және Испания құрамалары 100 голдан көп соққан.

Бразилия әлем чемпиона­тын­дағы кейінгі 17 матчта жеңіл­мей келе жатқан жалғыз құрама. Бұл – рекорд. Канада әлем чемпионаттарында гол соққан 76-құрама болды.

Қанада құрамасының шабуыл­шы Алфонсо Дейвис биылғы әлем чемпионатындағы ең жылдам голдың (70 секунд) авторы атанса, ең кеш голды Иран құрамасының ойыншысы Мехди Тареми соқты. Ол Англиямен өткен матчтың 102 минутында пенальтиді сәтті орын­дады.

Дәл осы Англия мен Иран ара­­сындағы матч ең ұзақ өткен кездесу ретінде рекорд орнатты. Футболшылар жасыл алаңда 117 минут ойнады. Бұған дейінгі ең ұзақ матч 1994 жылғы әлем бірін­шілігінде тіркелген болатын (103 минут).

36 жастағы Германия құрама­сының қақпашысы Мануэль Нойер – бағана күзетшілері арасында 19 матч өткізген алғашқы ойыншы. Ол бұл нәтижесімен Клау­дио Таффарел (Бразилия, 18 матч), Зепп Майер (Германия, 18), Пи­тер Шилтон (Англия, 17), Икер Ка­сильяс (Испания, 17), Дино Дзофф (Италия, 17) және Фабьен Бартезді (Франция, 17) артқа тастады.

Қатардағы доп додасының топтық кезеңіндегі 48 матчта төре­шілер кездесудің негізгі уақытына қосымша 511 минут қосты. Бұл – толық бес кездесудің уақыты. Бірінші турда – 178 минут, екінші турда – 166, үшінші турда – 167 минут қосылған екен.

Биылғы біріншілікте 48 матч­та футболшылар 120 гол соқты. Сұрмергендер көшін үш голдан соққан Килиан Мбаппе (Франция), Альваро Мората (Испания), Мар­кус Рашфорд (Англия), Коди Гак­­по (Нидерланд) және Эннер Ва­лен­сия (Эквадор) бастап тұр. Ва­­ленсиядан басқаларында нәти­желерін жақсартуға мүмкіндіктері бар. Мәлімет үшін айта ке­тейік, 2018 жылғы Ресейдегі чем­пио­наттың топтық кезеңінде – 122, Бразилиядағы додада 136 гол со­ғылған болатын.

Қатардағы әлем чемпиона­тының әр матчын стадионнан орт­а есеппен 51 188 көрермен та­ма­шалаған. Бұл – чемпионат­тар тарихындағы әзірше екінші нәтиже. Бұған дейін ең көп жанкүйер 2006 жылғы Германиядағы матчтарға келген (51 759).

WhoScored басылымының нұс­қасы бойынша қақпашы Войцех Щенсный (Польша), қорғаушылар Ашраф Хакими (Марокко), Жан-Шарль Кастеллетто (Камерун), Гар­ри Магуайр (Англия), Тео Эр­­нандес (Франция), жартылай қор­­ғаушылар Бруну Фернандеш (Пор­­ту­галия), Фрэнки де Йонг (Ни­дер­ланд), Каземиро (Бра­зилия), Кил­лиан Мбаппе (Фран­ция), шабуылшылар Лео Месси (Аргентина) мен Антуан Гризманн (Франция) топтық кезеңнің шартты құрамасына енді.