04 Маусым, 2014

Тараз – тарихымыздың алтын діңгегі

1303 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Сәулет өнерінің орта ғасырлық інжу-маржаны Айша бибі, Қа­ра­хан, Дәуітбек кесенелері, киелі Тектұрмас, Ақыртас сарай кешені, Қали Жүністің «Шығыс моншасы» және бүгінде қолға алынып жатқан «Ежелгі Тараз» аспанасты мұра­жайы секілді баға жетпес жәдігерлер Тараз қаласына ерекше көрік беріп, жылдан-жылға туристердің қызығушылығын арттырып келеді. Елбасы Н.Назарбаевтың: «Тараз – тарихымыздың алтын діңгегі», деп баса көрсетуі өткенімізге ізет, бүгінгі ұрпаққа зор мақтаныш екені анық. Осынау киелі өлкеде ежелгі дәуірлерден, орта ғасырлардан, кейінгі тарихымыздан жеткен ұзын саны 1000-нан асып жығылатын тарихи-мәдени мұралар бар. Рас, мұндай мұралар тек бір елдің, бір ұлттың мүддесі үшін емес, бүкіл Жер шарын мекен ететін адамзат үшін қызмет етуі тиіс. Жамбыл облысының әкімдігі көне тарихымызды түгендеуге, зерделеуге жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Биыл мәдениет саласына 3,8 млрд. теңге немесе 2013 жылғыдан 34,7 пайызға артық қаражат қарастырылды. Сондай-ақ, «Мәдени мұра» республикалық бағдарламасы бойынша жүргізілген ежелгі Тараз қаласы орнындағы ғылыми-археологиялық зерттеу жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер көне тарихымыздан көп сыр шертеді. Өткен жылы «Ежелгі Тараз» қалашығында жүргізілетін археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарына облыс бюджетінен 130 млн. теңге бөлініп, қазба жұмыстарының үшінші кезеңі аяқталған болатын. Нәтижесінде 33 000 қыш құмыра бұйымдарының сынықтары табылды. Олардың ішінде 107 данасы бүтіндей сақтал­ған. Биыл облыс бюджетінен 100 млн. теңге бөлініп, археоло­­гия­­лық ғылыми-зерттеу жұмыстары жалғасын тапқалы отыр. Және 50 млн. теңгеге уақытша шатыр орнатылады. Сондай-ақ, биылдан бастап, «Ежелгі Тараз» қалашығы орнында «Көне Тараз – Мәңгілік елдің бесігі» атты «Археологиялық саябақтың» бизнес-жоспары жасалуда. Аталған тақырыптағы биз­нес жоспар негізінде «Ежелгі Тараз» қалашығын ашық аспан асты мұра­жайына айналдырып, туристік кластерді дамыту жұмыстары іске асатын болады. Мұның барлығы әрине, өткеннің орнын толтыруға, тарих сырын ұғынуға тырысқан ілкімді іс-шаралар болып табылады. Карахан-- IMG_4632+ Карахан--- Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы. Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.