Аймақтар • 06 Желтоқсан, 2022

Астықты өңірде ұн тапшы

363 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Биыл Ақмола диқандары 5 млн тоннадан астам сапалы астық жинап, еңбектері ақталды. Әйтсе де, қолда барды кәдеге жарату тұсы кемшін. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өнім экспортын ұлғайтуды тапсырды. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірге ұсыныспен ғана шектеліп отыр.

Астықты өңірде ұн тапшы

Өңірде биыл бидайдың шығымдылығы біршама жақсы болды. Гектар берекесі орташа есеппен 11,7 центнерден айналды. 5,5 млн тонна өнім жиналды. Сөз арасында бұл табыстың өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 34 пайызға жоғары екендігін де айта кетелік. Тағы бір сүйінішті жай – астық сапасы әлдеқайда жоғары. Біздің өңірдің сапалы астығына сұраныс та көп. Об­лыстағы дәнді дақылдар қам­ба­сына құйылған астықтың 94,8 па­йызы 1, 2 және 3-класты.

Солай бола тұра, астықты өңір өз өнімін өңдеп, соңғы сату нарығына жеткізе алмай отыр. Статистикалық деректерге назар салсақ, ұнның бөлшек саудадағы бағасы бір жылдың ішінде шамамен 45 пайызға өсіпті. Ұн экспорты ұлғайғанымен, ішкі нарықтағы сату көрсеткіші бұрнағы жылмен салыстырғанда 22,2 пайызға азайған. 2022 жылдың қаңтар-тамыз айында сыртқа сатқан дән көлемі өскенімен, ішкі нарықтағы сату көрсеткіші 840 мың тоннаға дейін азай­ған. Бір жыл бұрын 3,6 па­йыз өсім бар еді. Биыл қаңтар-тамыз айларында бидай мен қара бидай ұнының экспорттық бағасы өткен жыл­дың сәйкес мерзімінен салыс­тырғанда 41,6 пайызға өскен.

– Ұн бағасын сараптап қарайтын болсақ, өңірде әлеуметтік маңызы бар тауар­лардың тізімінде бірінші сұрыпты ұн, бидай бар екен­дігін атап өткім келеді, – дейді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Жасұлан Айдрахманов.

Оның сөзіне қарағанда, ұн бағасы жыл басынан бері өскен. Соңғы аптада өсім іркілген тәрізді. Азық-түлік дүкендеріндегі ұнның орташа бағасы килосы 140 теңгеден басталады. Қымбат ұн да бар көрінеді. Бұл басқа аймақтардан жеткізілген коммерциялық ұн екен.

Әсіресе Қостанай облысынан әкелі­нетін «Корона» ұны қымбат екен. Өзге де алыс-жақыннан жет­кі­зілген қымбат ұн баршылық. Бұл та­раптағы қымбатшылықты тежеу үшін өз ұнымызды өндірсек, әділ бәсекелестікке түсе алар еді. Әйтсе де бұл орайдағы ұмтылыс ілгері баспай тұр. Барлығы айналып келгенде нан бағасының қымбаттауына әкеліп соқтырады. Бір түсініксіз тұсы, өңір диқандары биыл көктен иіп, жерден бергенде 5 млн-нан астам сапалы астық жинап отырып, шеттен ұн тасымалдағанымыз қалай болар екен? Ішкі нарықта тұтынушылар үшін ұн бағасы осы жылдың орта шенінде рекордтық көрсеткішке жетіп, 41,3 пайызға қымбаттаған. Қазан айында бір кило ұнның бағасы шамамен 360 теңгеге дейін көтерілген.

Қарапайым халық үшін кәдімгідей қиындық туғызып отырған осы бір жай­дың себеп-салдарын талдап көре­лік­ші. Қара жерге дән еккен диқан қауымының алапат еңбегі ақталмайтын сыңайлы. Жаз бойы әлемдегі ахуалға байланысты жанар май мен қосалқы бөлшектің күрт қымбаттауы шаруаның иығына батты. Енді еңсесін езген басты кедергі – астық тасымалдайтын вагондардың жайы. Диқандардың айтуына қарағанда, қазір қасқалдақтың қанындай таптырмайды. Оның үстіне соңғы жылдары бірнеше есе қымбаттап кеткен. Жаңа ғана орын алып отырған мәселе емес, жылдағысы осы. Астық өндірушілер мен диірменшілер талай мәрте дабыл қаққан. Әйтсе де қиын түйін шешілер емес. Соңғы жылдары вагондардың жетіспеушілігі мен қымбатшылығы тұтас ел аумағындағы аграрлық шаруашылық серіктестіктер мен диірменшілердің жанын жүдетіп тұр.

– Соңғы үш жыл бойы жүздеген диірмен жұмысын мүлдем тоқтатты. Атбасар қаласындағы 9 диірменнің төртеуі ғана жұмыс істеп тұр. Оның ішінде менің де диірменім бар, – дейді «Иман 777» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Дин-Магомед Асаев, – басты себеп бидайдың, тасы­мал­даудың бағасында. Биыл бидайдың бір тоннасы 115-126 мың теңге аралығында. Әйтсе де сол аста-төк бидайды тасымалдап, диірменге жеткізе алмай отырмыз. Себеп вагон жоқ. Темір жол тарифтерінде астық тиейтін вагонның құны 500 мың теңгеден 700 мың теңгеге дейін көтерілді. Таяуда темір жол компаниялары бұл бағаның тағы да 15 пайызға дейін өсуі мүмкін екендігі туралы хабарлама жолдады. Былтыр қуаңшылық болғандықтан ұн тартуға жарайтын сапалы бидайдың құны шарықтап кеткен болатын. Биыл темір жол вагонының тарифі 100 пайызға қымбаттады. Осыдан кейін астықты өңірде нанның қымбаттауы орын алмағанда қайтсін.

Кәсіпкер мәселені шешеді-ау деген құзырлы органдарға соңғы екі жылда 9 мәрте хат жазыпты. Бірақ бірде-біреуінен тұщымды жауап келмеген. Сарап­шылардың пікіріне қараған­да, вагондардың жалдау ақысының қымбаттауымен бірге Өзбекстанның кеденінде бағаны тағы бір өсіріп, бидайды арзанға алудан шығынға батып отырғанға ұқсайды. Өзбекстан жағы қазақ бидайын тартатын диірмендерді молынан сатып алған. Біздің елде мемлекет тарапынан қыруар субсидия бөлініп, арзандатылған жанар-жағар маймен қамтамасыз етіліп, әупірімдеп өсірілген алтын астықтың қызығын өзбек жағы көріп отыр. Олар Тәжікстан мен Ауғанстан нарығында қа­зақ ұнын еркін саудалауда.

Осыдан он жыл бұрын ұн шығаруда жалпақ әлемде жол бастап тұрған ел диірменшілерінің шаруасы құлдырап, ұн өндірісі құрдымға кетудің аз-ақ алдында тұр. Тағы да статистикалық деректерді тілге тиек етелік. 2012 жылы Қазақстанда ұн өндіруден әлем­де бірінші орынға ие болған. 2015 жыл­дан бастап диқандардың бүйі­рін шығарған бұл жай қожырай бас­та­ған. Сол жылдары елімізде 1 300 диірмен болса, қазір небәрі 170 қана диірмен жұмыс істеп тұр. Ұн өндіруде ұнжырғамыз түскендігін осы бір ғана дерекпен дәлелдеуге болады. Бұрын Қазақстаннан ұн сатып алатын өзбек жағы енді тек бидай ғана алмақ. Тиімді істің тетігін көздері көріп отыр емес пе?! Қазір Өзбекстан жағы жылына 3 млн тоннаға жуық Қазақстан бидайын алады екен. Ішкі нарығын қамтып қана қоймай, алыс-жақын көршілерінің де көсегесін көгертіп отыр. Осылайша, мемлекеттің қыруар қолдауының арқасында жер бетіне бар бейнетті өзімен бірге ала шығатын алтын ас­тықты әупірімдеп өсіріп отырған ди­қан қауымы соңғы сату нарығынан да айырылып қалып отыр. Әлбетте, өңделген өнім құны да жоғары болмақ. Демек астықты өзімізде өңдеудің тиімді жолдарын қарастырған дұрыс.

– Облыста бұл бағыттағы жұмысты үйлестіру үшін жедел штаб жұмыс істеуде, – дейді облыстық ауыл шаруа­шы­лығы басқармасының басшысы Серік Балжанов, – вагондардың жетіс­пеушілігі және тасымалдау ба­ға­сының қымбаттауы бойынша ас­тық өндірушілер, диірменшілер және теміржол бөлімі басшысының қатысуымен арнайы жиын өткіздік. Олар бағаны тұрақтандыруға уәде берді, арнайы хаттама толтырылды.

Ал теміржолшылар болса, қажетті вагондардың жеткілікті екендігін айтып ақталады. Тек сұраныс көп бол­ғандықтан, барлығын бірдей қам­та­масыз ете алмай отырған сыңайлы. Ағымдағы жылдың алғашқы тоғыз айында астық тасымалы өткен жылмен шамалас болған. Яғни 6,5 млн тонна астық тасымалданған. Қазір астық тасымалдайтын вагондар Қазақстан теміржолының меншігінде емес, бәсекелестігі мол ортада. Негізінен «Казтеміртранс» акционерлік қоғамы мен «Астықтранс» компанияларының меншігінде. Вагондарды жалға алушылар мен меншік иелері арасындағы қатынастар теміржолдың қатысуынсыз өзара шарттармен реттеледі. Жеке­леген өңірлерде вагонға деген сұраныс өсе түскен. Ел аумағында вагондар қозғалысының өзгеруіне көршілердегі геосаяси жағдай ықпал етсе керек.

Қалай айтсақ та, бар бидайды кәде­ге жарата алмай отырғанымыз шын­дық. Диірменшілердің қолын ұзарту үшін тасымал құнын шарықтата бер­мей, қалыпқа түсіру қажет. Бұл мә­се­ленің түйінді жері осы. Әйтпесе, «Мақта қыздың» ертегісі тәрізді бір-бірімен шиеленісе байланысып, шиыр­шық атқан жағдай күрделене бер­мек. Нақтысы, миллиондаған гектар алқапқа миллиардтаған субсидия төлеп өсірген ақық дән өзіміздің өзегімізді жалғамай, өзгенің экономикасына жұмыс істеуде. Негізсіз бағаны өсіріп, бір қолды екі ете алмай отырған шаруаларды шырылдатып қойсақ, кесірі жарытымсыз жалақымен күн көріп отырған қарапайым халыққа тиеді. Астықты өңірде отырып, ұнға жарымау ұят.

 

Ақмола облысы