Қоғам • 07 Желтоқсан, 2022

Жеңістің бастауы – халық

199 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазақстанда 2022 жылғы 20 қарашада өткен президенттік сайлау іс басындағы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты жалпыхалықтық қолдау күніне айналды. Мен үшін сайлау жаңа және әділетті Қазақстан құрудың стратегиялық бағытын қолдайтын жалпыхалықтық плебисцит болды. Президент бұл бағытты Қасіретті қаңтардың қайғылы күндерінде белгіледі.

Жеңістің бастауы – халық

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Мемлекет басшысы батыл әрекет етіп, мемлекеттік төңкерістің алдын алды, азаматтық қақтығысқа жол бермей, мемлекеттілігіміздің негізін сақтап қалды. Конституциялық реформа және басқа да бірқатар бастама арқылы Президент Қ.Тоқаев еліміздің жаңа мемлекеттік-саяси құрылымы мен жаңа қоғамдық-экономикалық өмір салтын құру стратегиясын нақтылады. Халық үніне құлақ асатын мемлекеттегі көпұлтты Қазақстан халқының жауабы болжамды еді. Сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаев 81 пайыздан астам дауыс жинады және бұл  көрсеткіш – халық сенімнің дәлелі.

Көпшілік күні бүгінге дейін «Жаңа Қазақстан деген не?», «Оның ескіден айырмашылығы қандай?», «Неліктен әділдік жастардың сөзімен айтқанда «трендте» емес?», «Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының өзегі не?», «Оның саяси көзқарасының, алдағы 7 жылға арналған бағдарламасының негізі қандай?» деген көкейде жүрген сұрақтарына жауап іздеп келді.

Әділеттіліктің болмауы – бүкіл әлем­дегі наразылықтардың, азаматтық қақ­ты­ғыстардың және революциялардың басты себебі. Қазақстандағы қаңтар оқиғасы да асқынған әділетсіздіктің салдарынан көрініс тапты. Теңсіздік мәселесі шиеленісіп кетті. Олигополиялар мен қаржы-олигархиялық топтар эко­но­ми­калық өсудің негізгі бенефициары атанды. Қазақстанның жарты байлығын 162 адам иемденді. Шетелдік офшорларға Қазақстаннан шамамен 140-160 млрд теңге жылыстатылды.

Біздің алдымызда балама таңдау тұрды: саясатты өзгертіп, елімізді дамыту немесе тоқырауға тап болып, елді жоғалту қаупіне ұрыну. Толыққанды Президент атанып және 2022 жылғы қаңтарда Қауіпсіздік кеңесінің тізгінін қолына алған Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамның сұранысын сезіне отырып, мемлекеттік саясатты халыққа бағыттады.

Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлау­алды бағдарламасында экономика мен әлеуметтік салада жинақталып қалған жүйелі проблемаларды шешудің нақты реформалары мен шараларын ұсынды.

Мемлекет басшысы Қарағанды облы­сының жұртшылығы алдында сөй­леген сөзінде: «Қазақстандағы олигархиялық капитализм дәуірі аяқталып келеді, ел азаматтары алдында жоғары әлеуметтік жауапкершілік кезеңі басталады», деді. Бұл сөзі оның социал-демократия принциптеріне деген адалдығын айқын көрсетеді.

Мұндай өткір «солшыл» бұрылыс халықтың тамырын тап басты. Бұған жалдамалы еңбек адамдарының, шағын және орта бизнес өкілдерінің, студент жастардың, зейнеткерлердің – қарапайым тілмен айтқанда, әлеуметтік әділдікті қалайтын қарапайым азаматтардың сайлауда жоғары белсенділік танытуы дәлел болды.

Социал-демократия дегеніміз не? Социал-демократия – әлеуметтік әділ­дік­ке қол жеткізуге бағытталған идеология, яғни жеке топтардың емес, халықтың мүд­десіне сүйену. Социал-демократияға ең жақсы сипаттама болатын үш сөз: Бос­тан­дық, Әділдік, Ынтымақтастық.

Социал-демократияның классикалық мысалы – Скандинав елдері. Швеция, Дания, Норвегия әдеттегідей түрлі ха­лықаралық индекстерде ең жоғары орын­дар­ға ие – ЭЫДҰ-ның ең жақсы өмір ин­дексі, адам дамуының индексі, бақыт ин­дексі және т.б.

Олардың табысының құпиясы – әлеу­мет­тік теңсіздікті азайту және қауіп­сіз әрі тең қоғам құруды мақсат еткен әлеуметке бағдарланған экономика. Мұн­дай саясаттың «Welfare state» немесе «Әл-ауқат мемлекеті» деп аталуы бекер емес. Скандинав елдеріндегі кедейшілік деңгейі ЭЫДҰ елдерінде ең төмен көрсеткішке ие және 1 пайыздан аспайды. Тек бюджеттің әлеуметтік шығыстары ІЖӨ-нің шамамен 25 пайызды құрайды. Салыстыру үшін, Қазақстанда бюджеттің әлеуметтік шығыстары ІЖӨ-нің 10 пайы­зына жетер-жетпес деңгейде.

5,4 млн адам тұратын Норвегия ІЖӨ-ге шамамен 500 миллиард доллар өндіреді. Яғни әрбір норвегиялық үшін 89 мың доллар. Норвегиядағы барлық табиғи ресурс халық меншігінде. Норвегия мұнай өнеркәсібінің үстеме кірісі мемлекеттік зейнетақы қорына аударылады. Оның активтері 1,1 трлн доллардан асады. Қа­зір қор әлемдегі барлық акцияның ша­­ма­мен 1,4%-ына ие. Оған 70-тен астам ел­дегі 9 мыңнан жоғары компанияның үлесі тиесілі. Қарапайым тілмен айтсақ, Норвегияның әрбір азаматында мұнайдан түскен табыстан құралған 238 мың доллар жинақ бар. Норвегиялық модель – халықтың меншігі мен мемлекеттің жоғары әлеуметтік жауапкершілігіне негізделген. Бұл «скандинавиялық социализм» деп аталады.

Қасым-Жомарт Тоқаев осы жолды ұсынды, бұл – біз баратын жол. Жаңа мемлекеттік-саяси және жаңа қо­ғамдық-саяси құрылымның негізі – ха­лық капитализмі, халық экономикасы. Осылайша, олигархиялық капитализмнің орнына халықтық капитализм келеді.

Халықтың жер мен табиғи ресурс­тар­дың иесі екені туралы конституциялық норма бар. Бұл – биыл 4 сәуірде Қазақ­стан Халық партиясы жариялаған Конс­ти­туцияға енгізілген түзету. Осы консти­ту­циялық норманы іске асыру мақса­тын­да Президенттің бастамасымен «Ұлт­тық қор – балаларға» атты жаңа бағдар­лама іске қосылады. Ұлттық қордың ин­вес­тициялық табысының 50%-ы балалар­дың арнайы жинақтау шотына аударылады.

Мемлекет басшысы кәсіпкерлік рухты тежейтін кедергілер мен шектеулерді жою, шағын және орта бизнесті дамыту сынды мәселелерге басымдық береді.

Қаржы-олигархиялық топтардың орнына түрлі өндіріс пен қызмет көрсету салаларындағы шағын кәсіпорындардың шоғыры келуі керек. Біз ірі өндірістерден бас тартпаймыз. Алайда көзқарас өзге­­ре­ді. Жапондық «Тойота» концернін бар­лығы біледі. Бұл алып құрастыру зауыты, оның айналасында ондаған мың шағын кәсіпкер – өз бизнесінің иесі жұмыс істейді. Яғни бұл – әлеуметтік жауапкершілігі жоғары ірі бизнес.

Халықтық капитализм идеология­сы Қазақстан Халық партиясының құн­ды­лықтарына толық сәйкес келеді. Жыл басынан бастап олигополияларға қарсы күресті және заңсыз шығарылған актив­тер­ді қайтаруды қоса алғанда ауқымды саяси және экономикалық трансформация басталды.

Қазақстан тұрақты дамуға жеті жыл кепілдік алды. Конституциялық реформа жүзеге асырылды. Жалпыхалықтық референдумда қабылданған жаңа Кон­сти­ту­ция ауқымды қайта құрулардың берік конституциялық негізін қалады.

Суперпрезиденттік басқару формасынан ықпалды Парламенті мен есеп беретін Үкіметі бар президенттік республикаға көшу басталды. Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, президент – халық белгілі бір мерзімге келісімшарт жасайтын жалдамалы менеджер. Осы лауазымды атқарған және атқаратын әр адам ең талапшыл үш судьяның алдында жауап береді: халық, тарих және ар-ождан.

Биліктің өкілді тармағы күшейтілді, тежеу мен тепе-теңдік жүйесі нығай­тыл­ды. Мәжіліс пен облыстық мәслихаттар депутаттарын сайлаудың аралас мажо­ри­тарлық-пропорционалды моделі, аудан­дық және қалалық мәслихаттар депутаттарын сайлаудың толық мажоритарлық жүйесі енгізілді.

Конституциялық сот құрылды, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мәртебесі конституциялық деңгейде бекітілді, өлім жазасына түбегейлі тыйым салынды.

Конституциялық реформадан кейін жаңа стратегияға сәйкес негізгі мемле­кет­тік институттарды жылдам және кешенді түрде қайта құру қажет болды. Сон­дық­­­тан президенттік сайлау мер­зімінен бұрын өткізілді.

Біздің партия кезектен тыс прези­денттік сайлауда басқа партиялардан бұрын Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдады. Қазақстан Халық партиясының бастамасына «Amanat» және «Ақ жол» партиялары үн қатты. Осылайша, Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдайтын Халық коалициясы құрылды.

Әлем тарихында тұңғыш рет барлық пар­ламенттік партиялар халықтық канди­дат­тың бірыңғай коалициясына бірікті. Партиялар, азаматтық қоғамдастық, қарапайым адамдар іс басындағы президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім мандатын берді.

Сайлау алдындағы үгіт аясында Халық коалициясы мүшелері 14 өңірде болып, халықпен 100-ден астам кездесу өткізді. Қазақстандықтар Қ.Тоқаевқа сенеді және оның бастамаларына жан-жақты қолдау көрсетеді. Жалпы, Қ.Тоқаевты қолдаудағы Халық коалициясының рөлін бағалау қиын. Бір айда орасан зор іс атқарылды, коалиция сайлауға көптеген сайлаушыны тартты. Ел азаматтарымен болған барлық кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағдарламасын мықты саяси және рухани-эмоционалды қолдау айқын сезілді.

Халықаралық геосаяси күрделі жағ­дай­да біздің елге мемлекеттік басқару тә­жірибесі мол және халықаралық сая­сатта беделі зор адам керек. Қ.Тоқаев – бұрынғы Одақтың ең беделді жоғары оқу орындарының бірі – ММХҚИ түлегі, тәжірибелі саясаткер, дипломат, бас­қа­ру­шы және мінсіз беделі бар мем­лекеттік қызметкер.

Сайлау нәтижесінде сайлаушылар елді дамыту үшін ұсынылған бағдар­ламаға үлкен үміт артып отырғанын көрсетті. Бағдарламаның жекелеген баста­­ма­­ларының бірі – 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі білім­мен 100 пайыз қамту және 1,5 млн жаңа оқушы орнын ашу. Сондай-ақ балаларға арнал­ған тегін спорт секциялары мен шығар­машылық үйірмелерін ашу да күн тәртібі­нен түспейді. Бала күтімі бойынша әлеумет­тік төлемдерді 1 жастан 1,5 жасқа дейін ұл­ғайту, шәкіртақының 2 есе өсуі, 700 жаңа медициналық нысан ашу да маңызды. Сонымен қатар бағдарламада 111 млн шаршы метр тұрғын үй тұрғызу мен 3,3 млн азаматқа жаңа жұмыс орнын ашу міндеті де қарастырылған. Жас кәсіпкер­лерге жылына 2,5% жеңілдікпен несие беру, ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға 1 трлн теңге бөлу, Ұлттық қор активтерін 100 млрд долларға дейін ұлғайту, елді мекенді 100% сумен қамту, 22 мың шақырым автожол салу және реконструкциялауға да басымдық беріледі.

Президентте жоғарыда көрсетіл­ген­дерді жүзеге асыру бойынша үлкен жауапкершілік бар. Қызметке кірісе салысымен Мемлекет басшысы арнайы Жарлыққа қол қойып, онда сайлау алдындағы бағдарламаны іске асыру жөніндегі нақты шараларды бекітті.

Осыған орай біз Халықтық коалицияны сақтауды ұсындық. Біздің міндетіміз – Президенттің стратегиялық бағыты мен реформаларына одан әрі қолдау көрсету, өйткені ол – Халық коалициясының кандидаты. Сонымен қатар біз Президенттің сайлауалды бағдарламасының орында­­­луын бақылаймыз. Тек осылай ғана әді­лет­ті Қазақстанға қарай ілгерілеу жо­лын­­дағы бірлігіміздің күшін сақ­тай­мыз.

 

Ермұхамет ЕРТІСБАЕВ,

Қазақстан Халық
партиясының төрағасы