Спорт • 08 Желтоқсан, 2022

Тартысқа толы турнир

317 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында күштік құрылымдар арасында қоян-қолтық ұрыстан турнир өтті. Жанкүйерлер екі күн бойы тартысқа толы жекпе-жекті тамашалады.

Тартысқа толы турнир

Турнир Қорғаныс министрлігі мен Бүкілқазақстандық қоян-қолтық ұрыс қауымдастығының қолдауымен бесінші рет өткізіліп отыр. Биыл Қорғаныс министрінің кубогін еліміздің күштік құрылымдарынан 15 команда сарапқа салып, 160-тан аса спортшы бақ сынады.

Жарыс қорытындысына келсек, қоян-қолтық ұрыстан жалпыкомандалық есепте Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының командасы үздік деп танылса, 2-орын Ішкі істер министрлігінің өкілдеріне, ал 3-орын Қорғаныс министрлігінің спортшыларына бұйырды.

Ерлер арасындағы жекелей есепте же­ңіс тұғырынан көрінгендер: 57 килоға дейінгі салмақта Асхат Жылысбеков (ІІМ), 62 ки­лоға дейін – Бауыржан Сұлтанов (Қорғаныс минис­трлігі), 67 килоға дейін – Бауыржан Асылбеков (Мемлекеттік күзет қызметі), 73 килоға дейін – Тимур Серікұлы (ҚМ Орта­лық спорт клубы), 80 килоға дейін – Айдын Төлепбаев (ІІМ), 88 килоға дейін – Ілияс Мұхамәдиев (Ұлттық қауіпсіздік комитеті), 97 килоға дейін – Еламан Қуатов (Қорғаныс министрлігі), 97 килодан жоғары – Жеңіс Ердәулет (Мемлекеттік күзет қыз­меті).

Әйелдер арасында 52 килоға дейін Аян Тұрсын (ҚМ Орталық спорт клубы), 65 килоға дейін – Сора Рахмонова (ҚМ Орта­лық спорт клубы), 75 килодан жоғары са­йыс­та Саида Хасенова (ІІМ) жеңіске жетті.

«Үздік техникасы үшін» аталымы Ілияс Мұхамәдиевке (Ұлттық қауіпсіздік комитеті), «Жеңіске деген жігері үшін» – Арман Әбетановқа (ҚР Қаржы мониторингі агенттігі) табысталды. Спорттық іс-ша­раны ұйымдастыруға қосқан үлесі үшін бокстан Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Василий Левитке де құрмет көрсетілді.

Турнирдің жабылу салтанатында Қор­ғаныс министрі Руслан Жақсы­лы­қов әскери қызметшілер мен құқық тәр­ті­бін сақтаушылардың жауынгерлік даяр­­лығындағы қоян-қолтық ұрыстың маңызды екенін атап өтті. Ол турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құт­тықтап, жарыстың барлық қатысушы­ларына алғысын білдірді, жаңа жеңістер мен табыстарға қол жеткізу үшін та­бандылық тіледі.

Турнир жүлдегерлері кубок, медаль, грамота және ақшалай сыйлықтармен ма­ра­патталды. Біліктілік нормативтеріне сәйкес жеңімпаздарға «Қазақстан Респуб­ликасының спорт шебері» атағы берілмек.