Қазақстан • 14 Желтоқсан, 2022

Елімізде 12 млн адам табиғи газбен қамтамасыз етіледі

268 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Үкімет отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын және 2022 жылғы 12 желтоқсандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі шаралар қаралды. Тиісті шаралардың іске асырылуы туралы Энергетика министрі Болат Ақшолақов баяндама жасады, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елімізде 12 млн адам табиғи газбен қамтамасыз етіледі

Сайлауалды тұғырнама шеңберінде Энергетика министрлігінің орындауында 8 тапсырма бар. Үкіметтің кеңейтілген отырысының қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы айтқан 3 тапсырма орындауға қабылданды.

Энергетика министрінің айтуынша, республика үшін экономикалық тиімділікті арттыру мақсатында әділ экономика бөлімінде ірі мұнай газ жобаларының серіктестерімен оларды дамытудың Кешенді жоспарын қабылдау бойынша жұмыс жүргізіледі.

2029 жылға қарай Шымкент мұнай өңдеу зауытын 9 млн тоннаға дейін кеңейту жобасын аяқтау жоспарлануда. Бұл қайта өңдеу көлемін жылына 21 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

«Экспорт бағыттарын әртараптандыру жөніндегі тапсырма шеңберінде Мұнай экспортының баламалы бағыттарын дамыту жөніндегі жол картасының жобасы әзірленді. Осылайша, Әзербайжан, Грузия және Түркия порттары бағытында Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға, сондай-ақ Қытай Халық Республикасы мен Иранға экспорттық бағыттарға баса назар аударылады»,  деді Б. Ақшолақов.

Мемлекет басшысы 2029 жылға қарай тауарлық газ өндірісінің көлемін 30 млрд текше метрге дейін жеткізу міндетін қойды. Қашаған кен орнында қуаты 1,1 млрд текше метр және 2 млрд текше метр ілеспе газ өңдеу бойынша 2 зауыт салынады.

Бұдан басқа, 2023 жылы «Жайықмұнай» газ өңдеу зауытында Қарашығанақ газын өңдеу бойынша шешім қабылданады, бұл газды өңдеуді 4 млрд текше метрге ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы қойған маңызды мәселелердің бірі – халықты газбен қамтамасыз ету. Экономика министрлігі халықты газдандыру деңгейін 2029 жылға қарай 65%-ға дейін жеткізуді жоспарлап отыр, бұл 12 млн адамды табиғи газбен қамтамасыз етеді.

Энергетикалық қауіпсіздік мәселелерін күшейту үшін:

– 2029 жылға қарай 3,7 ГВт энергия генерациялайтын қуаттар енгізілетін болады, оның ішінде: 1,8 ГВт электр станцияларын жаңғырту және 1,9 ГВт жаңа бу-газ қондырғыларын салу.

– 2026 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің 50-ден астам объектісі іске қосылады, осылайша жаңартылатын энергия өндірісінің көлемі 1,5 есе өседі және ел бойынша электр энергиясының жалпы өндірісінде 7%-ға жетеді.

2029 жылға дейін Ұлттық электр желісін жаңғырту, оның ішінде Батыс Қазақстанның электр желілерін Бірыңғай электр энергетикасы жүйесіне қосу бойынша жұмыстар жүргізіледі.

Энергетика министрлігі жұмыс істеп тұрған жылу электр орталықтарының мәселерін жою бойынша бірқатар шараны пысықтауда.

Біріншіден, әзірленіп жатқан «Тарифті инвестицияға айырбастау»  бағдарламасы мынадай мүмкіндіктерді береді, оның ішінде:

– салаға жыл сайын 400 млрд теңгеге дейін инвестициялар тартуға;

– 2035 жылға қарай генерациялайтын қуаттардың тозу деңгейін 15%-ға төмендетуге;

– нарық қатысушыларының қарсы міндеттемелерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Екіншіден, 2023 жылы «Жылу энергетикасы туралы» заң қабылданады, ол өңірлерді жылумен жабдықтау проблемаларын шешуге назар аударуға мүмкіндік береді. Оның шеңберінде Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің рөлі күшейтіледі. Заң электр энергиясын орталықтандырылған сатып алу және сатуды, сондай-ақ нақты уақыт режимінде теңгерімдеуші нарықты енгізуді көздейтін нарықтың жаңа мақсатты моделіне көшуді көздейді.

Үшіншіден, 2023 жылдың 1 тоқсанында елдің барлық Жылу электр орталықтары және электр желілерінің аудиті аяқталады, бұл проблемаларды және олардың ағымдағы техникалық жай-күйін анықтауға мүмкіндік береді. Бұдан әрі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әрбір күрделі инфрақұрылым объектісі бойынша шешімдер қабылданады.