Қарағандыдағы білімнің қара шаңырағы атанған 87 жылдық тарихы бар Жамбыл атындағы №7 мамандандырылған мектеп-интернатының аты аңызға айналған. Олай болатын себептері көп. Қарағанды көмір бассейнімен түйдей құрдас. Осы мектепте талай атақты адамдар оқыған. Соның бірі және бірегейі – Кеңес Одағының Батыры, ұшқыш Нүркен Әбдіров.
Соңғы жылдары мектеп-интернат өз оқушылары мен тәрбиеленушілерінің үздік оқуымен, үлгілі тәртібімен жиі-жиі көзге түсіп жүр. Күні кеше өткен ҰБТ қорытындысы бойынша 6 оқушы алтын медальді жеңіп алса, тағы бір алтауы қызыл аттестатқа ие болды. Осы 12 оқушының жетеуі бірінші сыныптан осында оқып келе жатқан шәкірттер.
Кейінгі жылдары бұл оқу орны мәртебесін өзгертуіне байланысты көбіне ауылдан келген қабілетті оқушыларды 5-ші сыныптан бастап қабылдайды. Бесінші сыныптан бастап шәкірттердің жан-жақты дұрыс білім алуы ұйымдастырылады. Мектеп биыл да сол үдеден шықты. 11-ші сынып оқушылары өткен жылғы тамыз айынан бастап дайындалды. Сапалы дайындықтың, әділ бағалаудың жарқын дәлелі – 12 бірдей оқу озаты. Биылғы мектеп түлектерінің орташа баллы – 106.
Ардагер ұстаздар Н.Жұмақасова, Қ.Смағұлова, Б.Тауықбаева, Т.Майкопова, Ү.Берекелова, А.Смаил, К.Тілеубаева, М.Табынбекова, Г.Бекболатова, Н.Әмірхан ҰБТ пәндері бойынша ұйымшылдықпен білім бәсекесіне жаттықтыру, яки дайындық жұмыстарын жүргізді. Мектеп директоры Қ.Ілімбаевтың өзі математика пәнінен кәнігі бапкер болып алды. Мектеп психологтары Қ.Күзеуова, Б.Бексейітова жыл бойы шәкірттердің дайындық және демалыс түзімдерін, көңіл күйлерін бақылап, ерік-жігерлерін ұштап, нысаналы мақсатқа бағыттап отырды.
Айқын НЕСІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Қарағанды.