Саясат • 19 Желтоқсан, 2022

IOFS: көмек беру жалғасады

320 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінде Африкадағы халықтың бестен бір бөлігі аштықтан зардап шегіп отыр. Осыған орай биылғы жылды Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы (Islamic Organization for Food Security – IOFS) «Африка жылы» деп жариялап, жыл бойы Африка халқына көмектесіп келеді. Әрине, ұйымның қызметі мұнымен аяқталмақ емес. Елордаға жиналған 20-дан астам елдің дипломаттары мен сарапшылары «Африка жылын» қорытындылап, алдағы көмек беру мәселесін талқылады.

IOFS: көмек беру жалғасады

IOFS жыл бойы Африка ауылшаруашылық секторын дамыту жөніндегі стратегиялық бағдарламасы аясында жұмыс істеді. Ұйымның Африка елдерінің үкіметтерімен және өзге де серіктестерімен бірігіп атқарған қызметі нәтижелі болды. Бұл туралы форумға қатысқан ұйым өкілдері айтты. 

 IOFS ұйымының мәліметі бойынша 2014 жылдан бері Африкада аштықтан қиналғандар саны 47,9 млн адамға өсіп, қазір 250,3 млн-ға жеткен.

– Біз «Африка жылын» жариялаған соң, Африканың Азық-түлік қауіпсіздігі бастамасын (Africa Food Security Initiative – AFSI) жүзеге асырдық. Бұл жұмыс  ары қарай жалғасады. Осы орайда, барлық мүше мемлекеттерді және халықаралық ұйымдарды алдағы уақытта да серіктес болуға шақырамыз. Біз біріксек, бұдан да асқан табысқа жетеміз деп үміттенемін, сіздердің қолдауларыңыз маңызды, – деді IOFS бас директоры Ерлан Байдәулет.

Форумға қатысушылар Ислам әлемі елдеріндегі азық-түлік қауіпсіздігі бағдарламаларын үйлестіретін негізгі алаң ретіндегі IOFS позициясын атап өтті. Олардың айтуынша, жас ұйымның әлеуеті зор және әлемдегі азық-түлік дағдарысы өсіп келе жатқан жаһандық сын-қатерлеріне дер кезінде жауап береді. АҚИҰ Атқарушы кеңесінің төрағасы Масуд Джараллах әл Марри, ұйымның негізгі жұмысына тоқталды.

– Ислам Азық-түлік қауіпсіздігі ұйымы сараптама және техникалық білім беру, азық-түлік қауіпсіздігі жағдайын бағалау және бақылау, гуманитарлық көмек көрсету арқылы Ислам елдеріндегі азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері бойынша тындырымды жұмыс атқарып келеді. Сонымен қатар шөлейтті жерлерді қалпына келтіру, ормандарды кесу, жер эрозиясы және тұздануы секілді мәселелерді шешуге де атсалысады. Осы орайда, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы барлық мүше-мемлекеттерді ұйыммен ынтымақтастықты нығайтуға және әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігі жүйесін құруға шақырады. Соның ішінде ұйымның бағ­дар­ламалары мен қызметін халыққа тү­сіндіру, азық-түлік қауіпсіздігі мәселелеріне қа­тысты мәселелерді шешу үшін мүше мемле­кет­­тер арасындағы ынтымақтастық пен түсі­ніс­тік­ті арттыруға ұмтылыс жасау қажет, – деді ол.

Президент Қ.Тоқаевтың жаһандық деңгейде де, өңірлік деңгейде де азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөліп отырғанын айта кеткен жөн. БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-сессиясында Қасым-Жомарт Тоқаев IOFS арқылы ауқымды халықаралық гуманитарлық акциялар үшін азық-түлік қорларын жинақтауға дүниежүзілік көмек көрсету мақсатында «Азық-түлік қауіп­сіздігі жөніндегі Ислам ұйымымен (IOFS), сондай-ақ БҰҰ агенттіктерімен ынтымақ­тас­тықты нығайту ниетін» жариялаған болатын.

АӨСШК саммитінде де Мемлекет бас­шысы: «Біз маңызды өнімдердің ұлттық стандарттарға сәйкестігін бағалаудың бірыңғай тәсілін әзірлеуіміз керек, сондай-ақ тауарлардың осы санаты үшін АӨСШК-ке мүше мемлекеттер арасында «жасыл» дәліздер құруымыз керек», деп штаб-пәтері Астанада орналасқан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымымен ынтымақтастықты жолға қою АӨСШК үшін перспективалы бағыт екенін атап өткен еді.

– Тұрақты азық-түлікпен  қамтамасыз ету жыл өткен сайын өзекті болып барады, ол мемлекетаралық ынтымақтастықтың басым бағытына айналды. Тиімді мемлекетаралық ынтымақтастықты құруда халықаралық ұйымдарға ерекше рөл жүктеледі. Сондықтан IOFS сияқты ұйымның негізгі рөлі – келісілген іс-әрекеттерді жүзеге асыру мақсатында IOFS және OIC-ке мүше елдердің күш-жігерін біріктіріп отыр. Ең бастысы, біздің өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігі және аштыққа қарсы күрес мәселелері бойынша тұрақты және ұзақ мерзімді шаралар қабылданып жатыр, – деді Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Әбілқайыр Тамабек форум барысында.

Африка құрлығына осы қиын-қыстау кезеңде азық-түлік қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылығын дамытуға көмектесу, көмекке мұқтаж Африка халқына қолдау білдіру Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының негізгі ұстанымы. Ол елдің тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз етіп, қол ұшын созуды алдағы уақытта да жалғастырады.