Қоғам • 20 Желтоқсан, 2022

Ұлттық тілдегі контентке сұраныс артып келеді

296 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл туралы Астанада өтіп жатқан Бірінші Орта Азия медиа форумы барысында Қазақстандағы Internews Network өкілдігінің директоры Марат Биғалиев айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ұлттық тілдегі контентке сұраныс артып келеді

Кезекті панельдік сессия «Тұрақты қоғамды қалыптастырудағы медианың маңызды рөлі» тақырыбында өтті. Сессияға спикер ретінде ЮНЕСКО-ның Қазақстандағы, Қырғызстандағы және Тәжікстандағы өкілі Магнус Магнуссон, Қазақстандағы БҰҰ-ның баспасөз және коммуникациялар жөніндегі кеңесшісі Эльнара Байназарова, Адам құқықтары жөніндегі кеңесші БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі кеңесшісі Синем Кара, Қазақстандағы ЕҚЫҰ бағдарламалар кеңсесі басшысының орынбасары Юрий Фенопетов, Қазақстандағы Internews Network өкілдігінің директоры Марат Биғалиев қатысты.

«Біз халықты сапалы ақпарат көзімен қамтамасыз ету үшін жұмыс істеп жатырмыз. Білікті журналистер ақпарат тарату кезінде жауапкершілікті сезінуі қажет. Бүгінгі өтіп жатқан медиа форум журналистердің имиджін көтеруге мүмкіндік береді», деді Марат Биғалиев.

Сондай-ақ ол қазір ұлттық тілдегі контентке сұраныс көп екенін атап өтті.

«Жергілікті контентті дамытып, қолдау білдіруіміз керек. Қазіргі таңда ұлттық тілдегі контентке сұраныс көп. Сондай-ақ азаматтық журналистиканы да дамыту қажет», деді ол.

Сессия модераторы Берік Уәлидің айтуынша, Орталық Азия елдерінде ақпарат тарататын медиа тапшы.

«Қазақстанда 5337, Өзбекстанда 1690, Қырғызстанда 2000-нан астам ақпарат құралдары тіркелген. Дегенмен Орталық Азия елдерінде ақпарат тапшы. Бүгінгі өткен медиафорум нәтижесінде бұл олқылықтар дұрысталады деген ойдамыз», деді Берік Уәли.

Айта кетейік Астанада екі күнге жоспарланған Бірінші Орта Азия медиа форумы өтуде. Оған 100-ден аса шетелдік саяси қайраткер мен мемлкеттік ұйымдардың өкілдері қатысып жатыр.