07 Маусым, 2014

ОДАҚТАСТЫҚ – ОРТАҚ ОЛЖА

497 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
интеграцияКөшбасшы кәсіпорынның жауапкершілігі  Көкшетау қаласында Мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасымен іске қосылған біздің керамикалық кірпіш зауыты еліміздегі ең ірі кәсіпорын саналады және ол ТМД-дағы мерейлі үштіктің қатарына қосылған. Мұны мен мақтан үшін емес, жаңа Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуына байланысты жауапкершіліктің еселене түскендігіне қаратып айтып отырмын. Алдағы үлкен сындарға дайындығымыз қалай дегенде, алдымен әлгі табыстарға қол жеткізген 200 адамдық (орта жасы 25-35) ұжым мүшелерінің ұйымшылдығына арқа сүйейміз. Өйткені, олар бәсекелестік заманында сапа­лық көрсеткіштерді бірінші қатарға қояды. Кәсіпор­нымыз сапа менеджментінің санаттық сатыларын бірнеше мәрте қорғады, халықаралық «SEIN» ұлттық өнеркәсіп қауымдастығы ұйымының «Алтын медалімен» марапатталды. Жылына 60 миллион дана әртүрлі түс пен түрдегі керамикалық кірпіш шығару қуатындағы зауыт өнімдеріне сұраныстың артқандығы сондықтан. DSC_0103Біз «Керамикалық кірпіш өндіру бойынша зауыт құрылысы» инвестициялық жобасын іске асыру барысында жүздеген ұсыныс-пікір төңірегінде толғанысты ой кештік. «Жеті ойланып, бір кесу» дегеніңіз осындайда болады екен. Соның өзінде құрылыс жұмыстарына еліміздің аты шығып жүр деген оннан астам фирмасы, Испанияның екі жобалау институты қатысты. Технологияға, қолданылған сан алуан жабдықтарға келсек, Ресей, Украина, Қытай, Батыс Еуропа елдерінің, оның ішінде Испанияның «Solincer», «Berderc» фирмаларының қолтаңбасы бар. Негізгі өндірістік буындардың жекелеген қызметкерлері шетелдерде арнайы даярлықтан өтті. Басқару жүйесі операторларын, слесарьларды және басқа орта буын мамандарын өз кәсібінде тәжірибе жинақтау үшін Қазан кірпіш зауытына жіберіп алдық. Ал, техникалық бақылау бөлімінің мамандары мен зертхана қызметкерлері Ресей құрылыс материалдары институтында оқып келді. Біз Қазақстанның барлық аймағына кірпіш жеткіземіз. Ал, 2012 жылы ресейлік құрылыс рыногына шықтық. Бұдан бұрын да талаптанып көргенбіз. Бірақ, игі ойларымыз Кеден одағы толық жұмыс істеген кезде ғана жүзеге асты. Өнімдеріміз теміржол арқылы тасымалданатындықтан, вагондарға қол жеткізу өте қиын болды әрі уақыттан төзгісіз ұтылатынбыз. Кеден одағы жағдайында бұл қисынсыздық жойылды. Қазақстан астанасында, биылғы 29 мамырда Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылуы тынысымызды кеңейте түспек. Енді тауар өндірушілер Ресей рыногында өзін еркін сезінетін болады. Бұрынғы қатынастарымыз жанданып, көршілеріміздің сұраныстары мен талаптарын, нарықтық конъюнктурасын кеңінен зерттеуге, тиімді жоспарлар құруымызға мүмкіндік туды. Ресей өндірісшілерімен бәсекелесу оңай емес, бірақ болады. Оны сапа мен баға есебімен шеше аламыз. Бұл орайда, Омбы мен Түмен облыстарындағы бүгінгі әріптестеріміз сұранысты еселей түскені, жаңағы ішкі толғаныстағы сұраққа жауап болады деп ойлаймын. Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің мемлекет басшылары деңгейіндегі отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Еуразиялық экономикалық одақты құру біздің экономикамызды жан-жақты жаңғыртуды жалғастыру, елдерімізді әлемдегі жетекші орындарға шығару үшін қуатты серпін беретініне сенімдімін», деді. Бұл байлам тарихи оқиғаның беташарында айтылғанымен құнды. Сол сенім біздің бойымыздағы жігерді тасқындатты. Іргетасы бекем, жоспарлары мығым, бағыты айқын жаңа құрылым біздің бизнесімізді көркейтуге кең мүмкіндіктер ашады. Көкейіміздегі нақты мәселелер шешімін табуда. Қосымша құн салығындағы проблемалар жүйеге келтірілді. Мәселен, бұған дейін Ресейдегі ҚҚС ставкасы 18 пайызды құраса, Қазақстан тарапынан бұл өлшем 12 пайыз деңгейінде еді. Ресей рыногына шығу барысында біз салықты 6 пайызға артық төлегендіктен, көп жағдайда ұтылатынбыз. Бұл өнімдеріміздің өз-өзінен қымбаттауына, осыдан келіп, бәсекелестік арнасының тарылуына әкеліп соғып жүрді. Қазақстан Президенті Н.Назарбаев бүгінгі күні өзара іс-қимылымызды кем дегенде 15-20 жыл алға жетелейтін алыс көкжиекке бағыттауымыз керектігін атап көрсетті. Өзіміз тарихи оқиға барысынан толық есепті оқыған «Егемен Қазақстан» газетінде: «Алдымыздан байтақ базар ашылғалы тұр», деп жазылғанындай, баршамыздың бойымыздағы жауапкершілік қасиеттерді жалындататын уақыт келді. Келешектегі интеграциялық тиімділік одақ елдерінде, 2030 жылға қарай ІЖӨ-нің жиынтық өсімі 900 миллиард доллар көлемінде болатындығымен бағалануы баршамыздың тіршілік ұғымымызға жаңа мән береді. Сондықтан, біз өз ұжымымыздағы талқылау жиынында, Ресей рыногына өнімдерімізді жөнелтуді қазіргі 5 пайыздан 10 пайызға жеткізуді жоспарладық. Аманкелді СМАЙЫЛОВ, «ENKI» ЖШС директоры. Ақмола облысы. Суретті түсірген Ермұрат ДОСЫМОВ.

Өскеменде Ресейдің Бас консулдығы ашылды

Өскеменде Ресей Федерациясының Бас консулдығы ашылды. Енді Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының тұрғындары көрші елге сапар шегу үшін Астана мен Алматыға ат сабылтпай, қажетті құжаттарды Өскеменнің өзінде-ақ ала алады. Осы арқылы куәлік, виза, азаматтық алу және тағы басқа мәселелер жеңілдетілді. IMG_6784 – Ұлтымызда «Елдестірмек – ел­ші­ден» деген аталы сөз бар. Ресей Феде­ра­циясымен, оның Шығыс Қазақстанмен шекаралас аймақтарымен байланысымыз бұрын да жақсы дамыған болса, жаңадан ашылған консулдық қызметі оны әрі қарай дамыта түседі деп ойлаймын. Азаматтар құжаттар ресімдеуде уақыт үнемдеп, қызметтерге тез қол жет­кізетін болады, – деді аталған шара­ға қатысқан өңір басшысы Бердібек Сапарбаев. Ресей Федерациясының Қазақ­стандағы Төтенше және өкілетті елшісі  Михаил Бочарников консул­дықтың таяуда ғана қол қойылған Еура­зиялық экономикалық одақтан кейін ашылуы көңілге қуаныш ұялата­тынын жеткізді. – Бас консулдық Шығыс Қазақстан мен Павлодар облыстарының да­муы­на және Қазақстан мен Ресей мем­ле­кеттерінің арасындағы интеграциялық үдерістер мен қарым-қатынастың ны­ғая түсуіне жұмыс істейтін болады, – деді Ресей елшісі. Салтанатты шара соңында Өскемен және Семей епархиясының епископы Амфилохий ізгі тілегін арнап, православиелік дәстүр бойынша жаңа ғимаратты дәріптеді. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы.

Дамуға серпін беретін қадам

Мажит бекмеевҚазақстан Респуб­ли­касының Президенті Н.Ә.Назарбаев осыдан тура 20 жыл бұрын Еуразиялық эконо­микалық одақ құру идея­сын ұсынған болатын. Әрине, бастапқыда тың бастамаға тосырқай қарағандар да болды. Осы кезеңде бұл бастаманы баянды ету бағытында көп жұмыстар жасалды. Солардың бастауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұрғаны да ақиқат. Біз үшін 2014 жылғы 29 мамырда Астанада Еуразиялық экономикалық одақ шартына қол қойылуы қуанышты да тарихи маңызды оқиға.  Бұл жаңа интеграциялық бірігу шарты ретінде көп игіліктерден үміттендіреді. Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінің өзара ықпалдасуы экономикамыздың іргетасын бекіте түседі, берекеге берік негіз қалайды деп ойлаймын. Дараланып даму жоқ. Арадағы барыс-келіс, алыс-беріс бұрынғыдан да арта түспек. Сондықтан енді қазақстандық кәсіпорындардың өнімдері өткізілетін рыноктың ауқымы кеңейетініне ешқандай күмән жоқ. Кеден одағының жеңілдіктерін сезініп үлгердік, енді басқа өзара жақындасудың жарқын қадамдарына жол ашылатыны сөзсіз, Әрине, ол үшін тауарларымыз бен өнімдерімізді бәсекеге қабілетті болатындай сапасын көтеру қажет. Бұл үш елдің арасында бұрын да экономикалық байланыс болатын. Кеден одағына қатысушы Қазақстан, Беларусь және Ресейдің экономикадағы жиынтық көлемі осыған дейін 2,2 триллион АҚШ долларын құраса, болашақта бұл арта түспесе, кемімейтінін дәлелдеудің өзі артық. Енді интеграциялық ықпалдастық мүлде жаңа арнада дамитын болады, өзара қарым-қатынасқа кедергі келтіретін жағдайлар жеңілдетіледі. Мұның өзі одаққа қатысушы елдерге өзара тауар және өнім алмасуына тиімді болады. Капитал мен жұмыс күшінің қозғалысының еркіндігі қамтамасыз етіледі. Әрине, мұндай игіліктердің бір күнде келе қалмайтыны да рас. Бірақ, интеграциялық үрдістерімізде алға басуымызға алғышарт жасалды, экономикалық дамуымызға даңғыл жолдың бастау көздері ашылды. Ең бастысы, шағын және орта бизнестің дамуына қолайлы жағдайдың жасалуы. Интеграциялық байланыстар еңбек ресурстарының бірігуіне де септігін тигізеді деп күтілуде. Яғни, кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейте түседі. Бұл ел азаматттарының әл-ауқатын және өмір сапасын жақсарта түспек. Мұның өзі ертеңге көз тіккен әр елдегі ең басты көрсеткіш болып табылады. Біздің кәсіпорын облыс орталығын жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етеді. Бұған дейін де кәсіпорын жүйелі жұмыс істеп келді. Қазір қысқы жылу беру маусымына жан-жақты тиянақты дайындалудамыз. Кейде сәл нәрсенің қол байлайтын кезі болады. Бірқатар қондырғылар мен техниканы көршілес Ресейден алатынымыз да жасырын емес. Енді бұл бағыттағы шаруаларымыз бұрынғыдан да оңайлай түсетініне сенімдімін. Ең бастысы, Еуразиялық экономикалық одақ біздің әрқайсымызға айтарлықтай тиімділіктер әкеледі. Бұл анық алға басушылық дер едім Мәжит БЕКМЕЕВ, «Трансэнерго» АҚ директоры, Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты. АҚТӨБЕ.

Аралас-құраластық артты

Еуразиялық экономикалық одақ­­қа мүше елдердің арасындағы ық­палдастықты тек экономикалық, іскерлік байланыс тұрғысынан ғана қарастыруға болмайды. Ортақ бір одаққа бірігіп, толыққанды мүшесі атанған үш елдің аралас-құраластығын бұрынғыдан да арттыратын барыс-келістің, алыс-берістің сан алуан жолдары енді еуразиялық ықпалдастық түрінде қарқын алады деп ой түйеді көптеген сарапшылар. Соның бірі ретінде үш елдің жоғары оқу орындарындағы әріптестік қаты­настың, әсіресе, бәсекеге қабілетті мамандар даярлаудағы өзара тәжірибе алмасудың маңыздылығын айта алар едік. встреча ректоров Осы ретте Х.Досмұхамедов атын­дағы Атырау мемлекеттік универ­ситеті ежелден көршілік хақымен алыс-беріс пен барыс-келісті терең­деткен Ресейдегі жоғары оқу орын­дарымен әріптестік аралас-құра­ластықты арттырып отырған санаулы оқу орындарының бірінен саналады. Ежелден көрші отырған екі ел жоғары оқу орындарының бір-бірімен тәжірибе алмасу, ғылыми жобаларды бірлесе іске асыру, студенттер алмасу тұрғысындағы ортақ мүдде тұрғысындағы игі қадамы еуразиялық ықпалдастықтың өмір­шеңдігін дәлелдей түседі. – Еуразиялық ықпалдастықтың жемісі экономиканың әр саласында ғана емес, сонымен бірге, ғы­лым мен білімді бірлесе дамытуда да жемісін бере бастады, – дейді Х.Дос­мұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры, профессор Бейбіт Мамраев. – Нұрсұлтан Назарбаев көршілес елдер арасындағы Еуразиялық ықпал­дастықтың маңызы туралы бұдан жиырма жыл бұрын М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде оқыған дәрісінде көтерген еді. Еліміздің жаңа елордасында 2001 жылдан бері ММУ-дың қазақстандық филиалы жұмыс жасайды. Біздің қазақстандық студенттерге Ресейдегі ең беделді, ең таңдаулы жоғары оқу орындарын­да жоғары білім алуына жол ашылды. Н.Назарбаев жақында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік уни­вер­ситетінде оқыған дәрісінде «Бұрын­нан тарихи байланысы бар Қазақ­стан мен Ресейдің ғылыми білім байланыстары бүгінде жаңа маз­мұнға ие болды», – деп және бір атап өтті. Екі елдің жоғары білім беру жүйе­сіндегі байланыстар тек елордалық жоғары оқу орындары арасында ғана емес, сонымен бірге, шекаралас өңірлерде де қарқын алып келеді. Мәселен, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті мен Астрахань мемлекеттік техникалық уни­верситетімен су ресурстарын және экологиялық мәселелерді терең­дете зерттеу жүргізу жөнінде арнайы келісімшарт жасаған. Мұн­дай ғылыми жобаны іске асыру тұр­ғысындағы келісім Астрахань мем­лекеттік университетімен де өзара тығыз байланыстың орнауына жол ашып отыр. Шекараның арғы-бергі бетіндегі жоғары оқу орындарында кейбір мамандықтар бойынша магистрлерді алмастыра оқыту жөнінде ортақ мәміле де бар. Тиісті оқу бағдарламасын игерген магистранттарға екі елдің дипломы беріледі. Сонымен бірге, өткен жылдан бері Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде Ресейдің ғылымы мен мәдениеті орталығы жұмыс жасай бастады. Мұның алдында Қазақстанның мәдениеті мен ғылымын Ресей жұртшылығына кеңінен танытатын ғылыми орталық Қалмақ мемлекеттік университетінде ашылды. Профессор Бейбіт Мамраевтың пікірінше, екі елдің жоғары оқу орындарындағы орталықтар өзара ғылыми, мәдени байланыстарды нығайтуға басымдық берумен бірге, университеттер арасындағы оқу үдерісінің ұтқырлық, бірлескен ғылыми жобалар жасау бағытындағы жұмыстарды Бостон процесі талаптарына сай жандандыруға ықпал етеді. Қазір шекаралас облыстардағы жоғары оқу орындарының әріптестік байланысының нығаюы студенттер алмасуға оң ықпалын тигізіп отыр. Мәселен, 16-17 мамыр аралы­ғында Қалмақ мемлекеттік универ­ситетінде өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға Х.Дос­мұхамедов атындағы Атырау мем­лекеттік университетінің, М.Өте­місұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің және Атырау мұнай және газ инс­титутының жетекші ғалымдары қатысып, осындағы «Жерлестер» қазақ мәдени орталығына Қазақстан туралы әдеби, ғылыми еңбектермен бірге түрлі сөздіктер, бейнежазба материлдары мен альбомдар табыс етті. Әсіресе, тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ елінің қалыптасу кезеңінен бүгінгі қуатты мемлекетке дейінгі аралықты қамтыған бірнеше туындыларына ресейлік ғалымдар мен студенттер тарапынан қызығушылық байқалуда. Аталған орталықтың жетекшісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Аркадий Натыровтың айтуынша, Қазақстан-Ресей жоғары оқу орындарының ұзақ мерзімді меморандумға қол қоюы бірлескен ғылыми жобаларды іске асырумен бірге, академиялық ұтқырлық тұрғысындағы тәжірибелермен бөлісуге мүмкіндік жасап отыр. – Біздің университетіміз Ресейдегі жоғары оқу орындарымен 1996 жылдан бері әріптестік байланыс жасайды, – дейді Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік уни­вер­ситеті жанындағы Ресей ғылы­мы мен мәдениеті орталығының же­текшісі, арнаулы құқықтық пән­дер кафедрасының меңгерушісі Әділ­бек Тұрдалиев. – Енді міне, біз­дің сол әріптестігіміз еуразиялық ықпал­дастық тұрғысында жаңа серпінге ие болғалы отыр. Қалмақ мемлекеттік университетінде Қазақстан ғылымы мен мәдениеті орталығын ашудағы біздің мақсатымыз – ең алдымен отандық ғылымның жетістіктерін кеңінен насихаттау. Сонымен бірге, қазақ елінің мәдениеті мен өнерін, тарихы мен әдебиетін көрші елдің ғылыми әлеуетіне барынша танытуды да көздеп отырмыз. Осы орталық арқылы біздің аралас-құраластық байланысымыз бұрынғыдан берік бола түседі. Ресейдегі жоғары оқу орындарымен бірлесе археологиялық қазба жұмыстарына студенттерімізді қатыстыра отырып, ел тарихын құнды жәдігерлермен толықтыруға атсалысуды ойластырудамыз. Ауыл шаруашылығы ғылымы саласында іске асырылатын бірнеше бірлескен ғылыми жобаларымыз және бар. Көршілес елдер университет­тері арасында түрлі дөңгелек үс­телдер басында Қазақстан-Ресей студенттері мен магистранттары, ғалымдар мен мәдениет пен өнер майталмандарының кездесулері өтіп тұрады. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы шеңберінде студент­тер мен магистранттар алмасу үр­дісі дәстүрге енді. Таяуда Қалмақ мем­лекеттік университетінің 5 ма­гис­транты химия және биология бойынша Х.Досмұхамедов атын­дағы Атырау мемлекеттік универ­ситетінде арнайы оқу бағдар­лама­сын игерді. Ал мамырдың екін­ші онкүндігінде атыраулық 72 сту­дент Қалмақ мемлекеттік универ­си­те­тінде академиялық ұтқырлық бағ­дарламасымен оқуға аттанып кетті. Еуразиялық ықпалдастық ая­сын­дағы аралас-құраластықтың бір тіні жоғары оқу орындары арасында дәл осылай тамырын тереңге жая түсті. Бұл жаңадан отау тіккен одаққа мүше елдердің нарығына қажетті бәсекеге қабілетті мамандар дайындауда өз жемісін беретіндігі даусыз. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». Атырау облысы.