Бүгінгі таңда елімізде балабақша жетіспеушілігі ерекше байқалады. Бұл халық санының күрт өсуімен де тығыз байланысты болар. Әрине, біз оған тек қуанамыз, алайда, балаларымызды балабақшамен толық қамтамасыз ете алмау мәселесі кезек күттірмейтін мәселе екендігі анық. Осы тұрғыдан келгенде, мемлекетіміздің жекеменшік балабақшалардың ұйым-дастырылуына мүмкіндік беруі аса маңызды қадам болып табылады. Өскелең ұрпақтың сапалы тәрбие, озық білім алуы үшін мемлекет тарапынан бар жағдайдың жасалып жатқандығы баршамызға белгілі. Оның бір айғағы ретінде «Балапан» бағдарламасының жүзеге асуын атап өтуге болады. Елбасының «Бала тәрбиелеу – болашаққа ең үлкен инвестиция» деген сөзінің астарында қаншалықты терең мән жатыр. Осынау сауапты іске атсалысу үшін біз де отбасымызбен жекеменшік балабақша ашуды жөн санадық. Сөйтіп, 2014 жылдың 5 тамызында «Думан» шағын ауданынан «Нұр-Айбек» атты балабақша аштық. Балабақша екі қабатты ғимаратта орналасқан. Жас ерекшелігіне қарай бөлінген үш топ балалары үшін арнайы жабдықталған бөлмелер мен ойын алаңдары, медициналық кабинет бар. Біздің бүлдіршіндер мемлекеттік «Балбөбек» бағдарламасы бойынша білім алады, тіл үйренеді, ән мен би үйірмелеріне қатысады. Санитарлық ережелер мен нормаларға сәйкес бес уақыт тамақтанады.
Балабақшамыздың басты қағида-сы – «Бар жақсылық балаларға». Ұжымымыздың әрбір мүшесі осы қағиданы басшылыққа ала отырып, жұмыс істейді. Халқымыз қашан да бала тәрбиесіне бейжай қарама-ған ғой. «Тәрбие басы – тал бесік» демекші, баланың бойына сәби күнінен адамгершілік пен ізгіліктің дәнін сеуіп, оның рухани бай адам болып өсуіне ерекше көңіл бөлген. Осындай керемет халықтық дәстүр бүгінгі балабақшаларда өз жалғасын табуы тиіс деп ойлаймын. Дене бітімі дұрыс қалыптасқан, ақыл-ойы жетілген, ойлы, саналы азаматтың өсіп шығуына балабақша әсер етеді. Біздің бүлдіршіндеріміз балабақшада тұлға ретінде дамиды, әлеуметтік ортаға бейімделеді. Туған жерін, тілі мен ділін сүюге үйренеді. Сондықтан да тәрбиешінің көтеретін жүгі өте ауыр. Бүгінгі балабақша педагогтарынан біліктілік, ізденімпаздық пен іскерлік сияқты аса маңызды қасиеттер талап етіледі. Осынау талаптың үдесінен шыға білу үшін ерен еңбек қажет.
«Нұр-Айбек» балабақшасының әрбір бүлдіршіні – жеке тұлға. Олардың әрқайсысының өзіндік орны бар. Балабақша қабырғасында баланың қамқорлыққа бөленіп, ерекше жылылықты сезінуі – бірінші шарт. Өйткені, бала өзін үйде жүргендей еркін сезінуі керек. Оның маңдайынан иіскеп, басынан сипап қоюдың қаншалықты маңызды екендігіне мен осы балабақшада жұмыс істей жүріп көз жеткіздім. Адал, үлкен жүректі асыл азаматтар мейірімділік шуағына бөленіп өскен балалардан қалыптасады. Бүлдіршіндеріміздің өз заманының бақытты ұрпағы болып өсуі үшін, жаңаша оймен, жаңаша көзқараспен қалыптасуы үшін балабақша ұжымы аянбай еңбек етеді дегім келеді.
Бану ОМАРОВА,
«Нұр-Айбек» балабақшасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент.
АЛМАТЫ.