07 Маусым, 2014

Қазақстандық дипломат – ЕҚЫҰ-ның арнайы өкілі

286 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қазақстан Сыртқы істер министрлігіне қазақстандық дипломат Мәдина Жарбосынованың ЕҚЫҰ-ның Адам сау­дасына қарсы арнайы өкілі лауазымына тағайындалғаны туралы ЕҚЫҰ Бас хатшысы Ламберто Занньердің хаты келіп түсті.  Бұл Қазақстанның ЕҚЫҰ құрылымында жоғары дең­гейде өкілдік етуі және Ұйым шеңберіндегі жемісті ынты­мақ­тастық пен 2010 жылғы сәтті төрағалығымыздың нәтижесі болып табылады. 2013 жылғы мамырда Мәдина Бинешқызы ЕҚЫҰ-ның Украинадағы жоба­ларының үйлестірушісі деген маңызды лауазымға тағайын­далған болатын. Мәдина Жарбосынова – кәсіби дипломат, Қазақстан Сыртқы істер министрлігі құрылған күн­нен сонда жұмыс істеп, түрлі жоғары лауазымдарда қызмет атқарды. 1998-1999 жылдары ол вице-министр қызметінде бо­лып, кейін төрт жыл бойы Қазақ­станның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі және Кубадағы елші­сі ретінде жұмыс істеді. Елге оралғаннан кейін, СІМ-нің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі қызметіне тағайындалып, адам құқықтары мен адами өлшемдер мәселелерімен айналысты. Атақты медик, есімін республика жұртшылығы осы күнге дейін ерекше ілтипатпен атайтын Бинеш Оразұлы Жарбосынов сияқты жылы жүректі жан отбасында өмірге келіп, өзінің қарапайым мінезі, табанды еңбегімен осындай биікке көтерілген қазақ қызына ризашылық сезімімізді білдіреміз. Еңбегі табысты болуына тілектеспіз. «Егемен-ақпарат».