Өмірге іңкәр сезіммен қарау, бастамашылдыққа ұмтылу қашанда жастарға тән, жастыққа жарасымды. Жасындай жарқылдайтын жастық жігердің алмайтын қамалы жоқ. Сондықтан ғой Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жастарды қолдап, оларды ел болашағының ертеңгі тізгін қағарлары ретінде бағалап келе жатқаны. Елбасы өзінің “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты биылғы Қазақстан халқына Жолдауында: “Үшіншіден, экономикалық өрлеу – әрқайсымызға қатысты бүкілхалықтық іс. Бұл – қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешу және баршамызды табысқа бастаудың кілті” деген болатын. Ал мұндай бүкілхалықтық істен жастардың тыс қалуы мүмкін бе, мүмкін емес. Бұл – ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан өміршең үрдіс. Ақтөбелік жастардың “Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі” акциясына бастамашыл болуы да осындай өркенді өнегенің жемісі.
Жыл басында “Нұр Отан” ХДП Ақтөбе филиалы “Жас Отан” жастар қанатының белсенді мүшелері шалғайдағы елді мекендерді абаттандыруға, әлеуметтік мекемелерді салу мен оларды жөндеуге атсалысуға бастама көтерген болатын. Баянды бастаманы облыс жастары іліп әкетті, ол Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тарапынан да қызу қолдау тапты. Оң бастама көп ұзамай-ақ республика жастарының кең ауқымды акция-эстафетасына айналды. Тек облыстың өзінде ғана студенттер мен құрылыс жасағы жалауының астында 70 мыңнан астам жас бірікті.
Облыс әкімдігі алдындағы алаңда өткен “Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі” жастар марафон-эстафетасының салтанатты митингісіне 20 мыңнан астам жас жиналды. Осымен бір мезетте аудан орталықтары мен ауылдық округтерде 30 мың ауыл жасы бас қосқан митингтер ұйымдастырылды. Ақтөбе облысында жұмыс сапарымен жүрген “Нұр Отан” ХДП төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин туған өлкені гүлдендіруге жұмылған облыс жастарының форумында сөз сөйлеп, қатысушыларға ізгі тілегін білдірді, ел игілігіне бағытталған бастамаға қатысушыларға сәт сапар тіледі.
– Тәуелсіздіктің 20 жылдығымен орайластырылған қалаларды және ауыл-аймақты көріктендіру-көркейту акциясы ақтөбеліктердің бастамасымен бүкіл ел аумағында өткізілуде. Бұл бастама Мемлекет басшысы, “Нұр Отан” ХДП Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев тарапынан да қолдауға ие болды. Ауқымды жоба тек аймақтардың тазалығын ретке келтіріп қана қоймайды, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуімен де маңызды, – деді ол.
Жастар қозғалысын ұйымдастырушыларға алғысын жеткізген облыс әкімі Елеусін Сағындықов кез келген мемлекетте жастар қоғамның қозғаушы күші екеніне баса назар аударды. Облыс басшысының мәлімдеуінше, студенттер мен жастардың құрылыс және “Жасыл ел” жасақтары, мектеп оқушыларының отрядтары, қала және аудан жастары 385 елді мекендегі саябақтар мен скверлерді көркейтіп, гүл егеді, көгалдандырады. Аумағы 2200 гектар өзен-көл жағасын тазарту және көгалдандыру мен санитарлық тазалау жүргізіледі. Ұзындығы 980 шақырым орман алқаптарын қоқыс пен қураған шөптерден тазартып, жол бойы көгалдандырылады. Құрылыс жасақтары және жастардың қатысуымен 200-ден астам әлеуметтік нысандар бой көтеріп, жөндеу жүргізіледі. Ауылдарда 216 жаңа спорт кешендері мен өзге де нысандар пайда болады.
– Бұл бастамаға өз еңбегімен үлес қосуға тілек білдірушілер көбейе түсуде. Бұрынғы белгіленгеннен басқа тағы да 10 мектеп, 18 балабақша, 15 денсаулық сақтау мекемесі салынады және жөнделеді, – деді облыс басшысы. Елеусін Наурызбайұлы аталған нысандардағы еңбек толыққанды жүзеге асырылуы үшін барлық жағдай жасалғанын, соның ішінде жұмыспен қамтамасыз ету, жалақы төлеміне кепілдік, көлікпен алып жүру, тамақ және өзге де керек-жарақтарды ұйымдастыру басты назарда екендігін жеткізді.
Бұған дейін облыс басшысы жастар марафон-эстафетасының қорытындысы бойынша ең үздік дегендерге 50 жеңіл автокөлік пен 1000 ноутбук және Астана қаласына 2000 жолдама табыс етілетінін айтқан болатын. Митингте сөйлеген кезінде жастардың құлшынысы мен жұмыс ауқымын саралай келе, тағы да он автокөлік бөлуді шешкенін мәлімдеді. Жастар дуылдатып үн қосты.
Салтанатты митингте “Жасыл ел” жасағы мен орта мектеп және студенттер құрылыс отряды, сондай-ақ, жұмысшы жастар атынан Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты студенттік-құрылыс және “Жасыл ел” отрядының командирі Бибігүл Ақжігітова, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты жас мамандар кеңесінің төрағасы Ерлан Назаров және басқалар сөз сөйлеп, бұл бастаманы өнімді еңбекпен баянды ететіндеріне сендірді. Ел үшін, Елбасы үшін еңбек вахтасын табысты жүргізетіндіктерін жеткізді. Соғыс және еңбек ардагері Сұлтан Досмұратов жастарды аға ұрпақтың үлгі-өнегесін осылай сәтті жалғастыра беруге шақырды, ауылдарды көркейтуге аттанып бара жатқан жастарға сәттілік тіледі.
Бұдан кейін “Нұр Отан” ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин мен облыс әкімі Елеусін Сағындықов Ақтөбе қаласы мен облыстың 12 ауданындағы жастар өкілдеріне салтанатты түрде еңбек жолдамасын табыс етті. Облыс жастарының “Ауылдың гүлденуі –Қазақстанның гүлденуі” атты марафон-эстафетасының басталуына арналған шараға қатысушылар осы сәтте қанаттас өтіп жатқан Мұғалжар ауданындағы жастар митингісін тікелей желіде көрді.
Салтанатты шараның соңында Ақтөбе жастарының Қазақстан жастарына үндеуі оқылды. Митинг жастар марафон-эстафетасының әнұранына айналған “Атамекен” әнін шараға арнайы шақырылған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Ескендір Хасанғалиевтің өзі орындады. Жиыннан жігерленіп шыққан жастар қалалар мен ауылдарды абаттандыруға аттанып кетті.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.