Аймақтар • 04 Қаңтар, 2023

Мұнайлы өңір қаржыны неге игере алмады?

360 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары жаһан жұртын шырмауықтай шырмаған қауіпті індет талайды сын тезіне салды. Өйткені стратегиялық әрі әріптестік байланысы бар елдердің бір-бірімен экономикалық алыс-берісі, барыс-келісі азайып, тіпті сан алуан өнімін экспортқа шығарудың өзі мұңға айналды.

Мұнайлы өңір қаржыны неге игере алмады?

Коллажды жасаған Зауреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Рас, бұрында да дәл осындай болмағанымен, қаржылық һәм экономикалық дағдарыстар кезік­ті. Жаһан елдерінің экономикасына орасан шығын келтірген қауіпті індеттен кейінгі ахуалды сауықтырудың қандай жолы бар? Алдымен айтарымыз, бұрынғыша шикізаттық ресурстарға иек арта берудің жөні қисынға келмейді. Өйткені ұлттық экономиканы жандандыратын тың реформалар қажеттігін алға тартып отырған ел Президенті Қасым-Жомарт То­қаевтың пікіріне сүйенсек, Қазақстан экономикасының келешектегі құрылымына жаңа көзқарас қажет. Әсіресе, отандық өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету секілді басты салалардың рөлін айқындаған жөн. Басқаша айтқанда, отандық экономиканың жаңа құрылымы қалыптасуға тиіс.

– Ел мүддесі – бәрінен биік. Мен барлық мемлекеттік қызметшіден өз жұмысын адал атқаруды талап етемін. Бір сөзбен айтсам, кәсібилік, адалдық және қарапайымдылық біздің басты қағидаттарымыз болуға тиіс. Қоғамда жаңа құндылықтар орнықтырып, жақсы қасиеттерге ие бола алмасақ, реформаның бәрі бекер, – деді Президент.

Демек отандық экономика­ның бар саласын одан әрі өркен­детуге бел буу үшін әр деңгейдегі әкімдер мен іс басында жүрген өзге де ла­уазым иелері тарапы­нан бір серпіліс қажет-ақ. Алай­да жергілікті жерде әлі бұйығы­лықтың бұғауын бырт-бырт үзе­тін бұлқыныс байқалмай тұр. Бұған бірнеше мысалды алға тартуға болады.

Мәселен, облыстық мемле­кеттік еңбек инспекциясы бас­қар­­масының басшысы Игі­лік Әу­бәкіровтің айтуынша, ең­бек шарт­тарын есепке алу­дың бі­рың­­­ғай жүйесіне енгізу дең­гейі көңіл көншітер емес. Қазір бұл көрсет­кіш 82,4 пайызды құрап отыр.

– Атырау қаласында 455 мекемеде – 28 998, Жылыой ауданын­да – 3 869, Индерде – 213, Исатайда – 276, Мақатта – 117, Махамбетте – 358, Қызылқоғада – 75, Құрманғазы ауданында 478 еңбек шарты бірыңғай жүйеге тіркелмеген. 2022 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 85 пайызға жет­кізу үшін басқарма басшылары мен қала, аудан әкімдері Үкіметтің тапсырмасын жеке ба­қы­­лау­­ға алуы қажет, – дейді И.Әубәкіров.

Ал «Теңізшевройл» ЖШС күрделі жобалар жөніндегі бас менеджердің орынбасары Ербол Жұмағазиевтың дерегіне қарағанда, Теңіз жобасындағы қызметкерлерді жоспарлы босату жұмыс көлемінің аяқталуына байланысты жүзеге асырылады. Мәселен, былтыр қараша-жел­тоқсан айларында 6 159 адамның жұмыс­тан босатылатынына болжам жасал­ған. Бұдан бөлек 753 адам басқа жұмысқа ауыстырылады. Былтырғы тамызда Атырау облысы әкімдігінің жобадан босатылатын қызметкерлерге қолдау көрсету жөніндегі ұсынысына орай қысқа мерзімді оқыту курс­тары іске қосылған. Қазір кен орнындағы жобадан босатылған 81 адам аталған курстан өткен. Оның ішінде 64 адам жұмысқа орналасқан. Аз ба, көп пе?

Облыс әкімі Серік Шәпкенов­тің пікіріне қарағанда, еңбек келісім­шартын жүйелеу, қызмет­керлерге әлеуметтік аударымды уақтылы жүргізу қажет.

– Кез келген мекемеде жала­қыға немесе әлеуметтік төлем­дерге қатысты ешқандай мәселе туын­дамауы қажет. Егер басшылар бұл жұмысты жүргізе алмаса, орнын босатуына тура келеді. Басшының салғырттығынан қызмет­керлер қиындық көрмеуге тиіс. Қызметкерлер жұмысын адал атқаратынын білеміз. Алай­да жала­қысы да, әлеуметтік жарнасы да уақытында аударылмайды. Бұлай болмайды. Сондықтан бұл мәселені бақылауда ұстау қажет, – деген талап қойды С.Шәпкенов.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқар­масы­ның басшысы Айгүл Әжі­ғалиеваның мәліметінше, рес­публикалық бюджеттен бөлінген трансферттердің жоспарына түзету енгізілген. Жұмыс көле­мінің толық орындалмауына байланысты 13 млрд 728 млн теңге қысқартылған.

– Жыл қорытын­дысымен игеріл­мейтін респуб­ли­калық бюджеттен бөлінген трансферттер бар. Бұлар – Қы­зыл­қоға ауданының Тасқұ­дық, Соркөл, Сарықұмақ, Былқыл­дақ­ты, Қоңыраулы, Кенбай елді мекендерінде газ құбыры желі­лерін салуға – 500 млн теңге, Махамбет ауданындағы Жайық өзенінің жағалауын нығай­туға – 1 562 732 мың теңге, Аты­рау қаласының Талғайран ауы­лын­дағы тұрғын үйлердің инже­нерлік жүйелеріне – 1 800 526 мың теңге, Индер ауданында тұрғын үйлердің инженерлік жүйелеріне – 245 506 мың теңге, – дейді Айгүл Әжіғалиева.

Осы орайда облыс әкімі Серік Шәпкенов бюджетті жоспарлауда кемшіліктер болғанын жасырған жоқ. Ал жоспарланған жобаларды іске асыру кезінде тәртіп төмен деңгейде болып отыр.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Аты­рау облысын әлеуметтік-эконо­ми­калық дамыту туралы кешен­ді жоспар жасақталып, тиісті қаражат бөлінді. Алайда жұмыс­тың жүргізілмеуіне байланыс­ты бөлінген қаржыны кері қай­тардық. Бұл – бізге сын. Ешкімді қорқытып жұмыс істетпейміз. Егер мердігер мекеме келісілген кестеден тыс қалса, заң аясында келісімшартты бұзу керек. Мемлекеттің қаражатын жымқырған мердігерлер заң алдында жауап беруге тиіс. Бірде-бір мемлекеттік қызметші оларды арашалаушы болмасын, – деген пікір білдірді С.Шәпкенов.

Әрине, мұнайлы өңірге рес­публикалық бюджеттен бөлін­ген транс­ферттік қара­жат көлемі аз емес. Тек оның мақсатты жұм­са­лып, жұмыс сапа­лы атқарылса ғана жемісі көрінетіні даусыз. Бірақ өңір тиісті жұмыстың атқарылмауынан 14 млрд теңгеге жуық қаржыны уыстан шығарып алып отыр. Бұған кім кінәлі?

Ал мектеп, балабақша секілді әлеуметтік нысандардың сапасы сын көтермейді. Жаңадан салынса да, күрделі жөндеу жұ­мыстары жасалса да, ілуде бір рет өкпек жел соқса, мектептер мен мәдениет үйлерінің шатыры қалбалақтап «ұша» жөнелетіні бар. Жақында жергілікті баспа­сөзде Жылыой ауданының Ақкиізтоғай ауылындағы округ әкімдігі ғимаратының қабырғасы жарылып тұрғаны туралы ақпарат тарады. Міне, ақаусыз салынған құрылыс саласындағы сапаның көрінісі осындай сипат алып отыр.    

Атырауда әсіресе, ауыл тұр­ғын­дарының табыс көзіне айналатын саланың бірі – ауыл шаруашылығы. Кейінгі жылдары бұл салада тұр­ғындарды жұмысқа тартып, тың технологияны енгізгендер бар. Мәселен, «АтырауАгроӨнімдері», «Сарай­шық», «Дастан», «Феникс», «Достан ата», «Нұрлы дала» агро­фирмасы» секілді шаруа қожалықтары жұмысын жетіл­діріп, егінді де егіп, малды да өсіріп отыр. Ал Құрманғазы ауданында бройлер етін өндіретін құс фабрикасы іске қосылды.

Әрине, Атырауда азық-түлік бел­деуі құрылды деуге әлі ертелеу болар. Бұрын бұл белдеуді Махамбет ауданынан құру мәсе­лесі қозғалып еді. Алайда осы кезге дейін ешкім өңірде бұл мәселе толық шешімін тапты дегенді  ашып айтқан жоқ. Азық-түлік белдеуін құрудың тетіктері, тиімді тұстары қандай? Бұл са­уалдар да жауапсыз қалып келеді. Біздіңше, мұның бірнеше тиімді тұсы бар.

Біріншіден, бұл елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, ауыл шаруашылығы құры­лымдарында өндірілетін отандық өнімдердің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Екіншіден, ішкі нарықтағы бағаның тұрақты сақталуына ықпал етеді. Үшіншіден, өзге елдерден тасымалданатын сапасыз тауарларға, сол арқы­лы пайда көретін пысықай алып­сатарларға тосқауыл қойылар еді. Төртіншіден, өзге елдің көкөніс, бақша дақылдары арқылы өсімдік зиянкестерінің ел аумағына таралуы шектелер еді.

Азық-түлік белдеуі бір ау­дан­­­­ның аумағымен шектелмей, өзге­лерінде де құрылса ар­тық етпейтіні даусыз. Ал ауыл шаруашылығы тауарларын сапалы өндіретін құры­лым­дардың білікті мамандарға зәрулігі әлі де жойылған жоқ. Осы салаға да қажет мамандарды кә­сіби тұрғыдан қайта даярласа қай­теді? Сонда бәріне бірдей мұнай-газ өнеркәсібінде жұмыс табылмайтын елді мекен жастарының ауыл шаруашылығы саласына қызығушылығы оянар еді. Сондай-ақ әр ауданда бой көте­ріп жатқан мектептер мен балабақ­шалар, елді мекендерді бір-бірімен жалғайтын жол құры­лысын салуда өзге елдің арзанқол жұмысшыларынан гөрі өз ісін жауапкершілікпен атқаратын отандық мамандардың бәсі басым болатыны дау туғызбайды. Өйткені әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй құрылыстарының сапалы салынуына жауапкершілікті көрші елден келген гастербайтерлер емес, алдымен өз отандастарымыз жете сезінетіні анық.

«Біз өркениеттің алғы шебін­дегі мемлекетке айналу үшін тек үй­ре­нетін емес, өзгеге үйрететін ұлт­қа айналуымыз қажет. Сон­дай-ақ тек тұтынушы емес, жаңа дүниені өн­ді­руші ұлт атануымыз керек. Оған халқымыздың әлеуеті, дарыны, қарым-қабілеті жетеді», дейді Президент.

Демек елдің әр азаматы тың серпілістің қажеттігін сезінуге тиіс. Бұл үшін жаңаша ойлаудың, түйінді мәселені тарқату жолдарына жаңа көзқараспен қараудың, ең бастысы, бұйығылықтан бұлқынысты басым түсірудің оңтайлы сәті келіп тұр.

 

Атырау облысы