Кеше қала әкімдігінің үлкен мәжіліс залында І Астаналық инновациялық форум болып өтті. Оны Астана қаласының әкімдігі мен Қазақ ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясы ұйымдастырды. Форумға еліміздің жетекші техникалық жоғары оқу орындарының ректорлары, белгілі ғалымдар, ғылыми-зерттеу орталықтары мен инновациялық қорлардың басшылары және Қазақстанның барлық өңірлеріндегі ірі кәсіпорындардың өкілдері, барлығы 200-ден астам делегат қатысты.
І Астаналық инновациялық форумда қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, Қазақ ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының президенті Нұртай Әбіқаев, Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Нұрмұхамет Әбдібеков, “Атамекен” одағы” ұлттық экономикалық палатасының төрағасы Азат Перуашев, Қазақ ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті, “Парасат” ұлттық ғылыми-техникалық холдингі” АҚ-тың басқарма төрағасы Нұралы Бектұрғанов және басқалар сөйледі. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша алғаш рет өткізіліп отырған бұл форумның басты мақсаты, еліміздің бас қаласының экономикасына заманауи озық технологияларды кеңінен енгізіп, елордамызда инновациялық қызметті жандандыру мақсатындағы диалог алаңын құру болып табылады. Осы орайда елорданың инновациялық қызметін дамыту үшін ғылым, білім және жоғары техникалық институттардың, озық технологиялармен жұмыс істейтін жетекші кәсіпорындардың ортақ мақсат жолындағы қызметтерін үйлестіріп, Астана қаласының экономикасына инновациялық технологияларды енгізуге барынша қолайлы жағдай туғызу, өмірге келген инновациялық жобаларды бірлесе іс жүзіне асыру болып табылады. “Инновация – бұл бүгінгі қоғам мен заманның жоғары талабына адам идеясының лайықты жауабы. Инновациялық даму үрдісінде ең басты тұғыр ғылым мен тәжірибенің тұтастығы болуы қажет. Индустрияландыру дәуірінің талабы да осы”, деді Астана қаласының әкімі И.Тасмағамбетов форумда сөйлеген сөзінде.
Астана әкімдігінің деректері бойынша, 2009 жылы елордада 8 жаңа инновациялық өндіріс іске қосылған. 2010 жылы нақ осындай тағы да 6 ірі өндіріс ошағы пайдалануға берілмек. Қазіргі уақытта қаланың Индустриялық паркінде жалпы құны 170 миллиард теңге болатын 41 ірі жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалардың әрқайсысы бас қаламыздың дамуы жолындағы инновациялық үдерістің тиімді жұмыс істеп кетуінің кепілі бола алады.
Форум шеңберінде еліміздің әртүрлі өңірлерінен келген ғалымдардың ғылыми-инновациялық жобалары таныстырылып, арнайы ашылған көрмеде бірқатар жаңа ғылыми-инновациялық жұмыстардың тұсауы кесілді. Осы орайда, қала әкімдігі мен жетекші кәсіпорындар басшыларының қызығушылығын тудырған бірқатар жобаларды атап өтуге болады. Шығыс Қазақстан облысының “Алтай” өңірлік ғылыми-техникалық паркі” АҚ пен “Парасат” холдингі ұсынған жылыту жүйелерінің қуаты мен сапасын арттыратын жылу сорғылары қондырғылары Астана қаласының коммуналдық кәсіпорындарында өндіріске енгізілетін болды. Сондай-ақ “Парасат” холдингінің “Физика-техникалық институты” ЖШС жасап шығарған ерекше жарық беретін диодты шамдар энергия қуатын үнемдеуге тиімді жол ашады. Осы институттың ғалымдары ойлап тапқан электр энергиясын генерациялау үшін қолданылатын қабыршықты пленкаларды пайдалану арқылы күн сәулесі қуатынан электр энергиясын өндіру қондырғылары да қала кәсіпорындары мамандарының қызығушылығын оятты.
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ғалымдары жасаған планетарлық редукторлары бар жел-энергетикалық қондырғылары, Әл-Фараби атындағы ҚазМУ ғалымдары ұсынған асфальт-бетон қоспаларына пайдаланымнан шыққан автокөлік шиналарының ұнтақтарын қосу технологиясы, “Сейсмология институты” ЖШС ұсынған Вячеслав су қоймасының пайдалану мерзімінің сенімділігін анықтайтын жобалар елордамыздың экономикасына кеңінен қолданылатын болды.
Форумда еліміздің экономика саласын дамытуға және оның ғылыми әлеуетін арттыруға қосқан үлесі үшін “Фитохимия” халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі” АҚ президенті Серғазы Әдекеновке “Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев атындағы Алтын медаль”, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтановқа “Әл-Фараби атындағы Алтын медаль”, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің ректоры Кенжеғали Кенжебаевқа “Әл-Фараби атындағы Күміс медаль” тапсырылды. Форум қорытындысында Астана қаласының әкімдігі, Қазақ ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясы және “Атамекен” одағы” ҰЭП арасында үшжақты өзара инновациялық әріптестік меморандумына қол қойылды.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.