Білім • 11 Қаңтар, 2023

Жастар таңдауы – FAANG

173 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мә­лімдеуінше, қазіргі таңда Қазақстанда ІТ нарық толық қалыптасқан. Десе де, бұл саланың мамандары, соның ішінде жас­тар шетел асуды көздеп тұрады. Әсіресе, сарапшылар «FAANG компанияларына сұраныс артып тұрған кезде компьютердің құлағында ойнап, интер­неттің мүмкіндігін толық игергендерді «үйде» ұстап тұру мүмкін емес», дейді. Бұл үрдіс Қазақстандағы нарыққа қалай әсер етіп жатыр?

Жастар таңдауы – FAANG

– Ақпараттық-технология тек Қазақстан эко­но­микасының шеңберінде дамымайды. Бұл – әлемдік үрдіс. Президентіміз АҚШ-қа барғанда «Digital Nomads» тобымен кездесті. Олар­дың дені – көпшілігі ше­телдік алпауыт компанияларда жұмыс істеп жатқан қазақтың балалары. Солардың көбі қазір дәріс оқып, білімдерімен бөлісіп жүр. Бұл жастардың мақсаты – алдыңғы қатарлы білімді өзі­міздің жастарымызға жеткізу. Егер қазақстандықтардың қай­сы­­­бірі шетелге кетіп жатса, мен айтқан осы мысалға сәйкес қай­тып келеді, – деді Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте Ғылым және жоғары білім комитетінің төрағасы Дархан Ахмед-Зәки.

Сондай-ақ Дархан Ахмед-Зәки Қазақстанда толыққанды ІТ нарық қалыптасқанын атап өтті. Алайда оның сөзіне қарағанда отандық көп­теген ІТ мамандар бүгінде елімізде кең тарал­ған банк қосымшалары мен солардың бағдар­ламалық қам­тамасыз етуі бойынша жұмыс істеді. Ал FAANG секілді компаниялар әлеуметтік желілердің қосымшаларына пайдаланушыларды көптеп тартатын идея авторларын өзіне машықтап, жас мамандарды тартып жатыр. Олар көбіне әлемдік деңгейде өткен білім олимпиадаларында топ жарған қазақстандықтарды іріктеп алып, жұмыс ұсынып отырған жайы бар.

Мәселен, қазір Snapchat-тың АҚШ (Сиэтл қаласы) өкілдігінде қызмет етіп жатқан қазақ­стан­дық ІТ маманы Нұрсұлтан Әмір FAANG-ты қоса алғанда әлемдік жетекші компанияларынан жұмысқа 16 шақырту алған.

Айта кетелік, FAANG – әлем­дегі ең алпауыт технологиялық компаниялардың жиынтығы: Facebook, Apple, Amazon, Netflix және Google. Бұл ком­па­ниялардың нарықтық құн­дылығы 5 триллион доллардан асады. Біз күнделікті осылардың мобильді қосымшаларын қол­­да­намыз. Мәселен, Instag­ram, Youtube, IPhone осы компа­нияларға тиесілі. Көпте­ген ІТ мамандары осы белгілі әрі белді алпауыт мекемелерде жұмыс істеуді армандайды.

Осындай арманын мақсат еткен Нұрсұлтан да бірден 5 әлемдік ІТ-компанияның ұсы­нысына қол жеткізген.

– Маған Google, Amazon, Linkedin, Snapchat және Uber жұмыс ұсынды. Осылайша, соңғы үш жылда 16 жұмысқа шақыру алдым. Бұл жолы жо­ғарыда аталған бесеудің арасынан Snapchat компаниясын таңдадым. Снапчатпен бүгінде 350 миллионға жуық адам қолданады, – дейді ол.

Бұған дейін Нұрсұлтан 2019 жылы америкалық НВО компаниясында программист болып 3 айлық тәжірибеден өткен. Алған әсерімен бөліскен ол: «Бұл менің АҚШ-тағы алғашқы тәжірибем болды. Алдымен ондағы студенттерге төлейтін жалақы мөлшеріне таңғалдым. Маған айына 7 500 доллар төледі, одан салықты алып тастағанда 6000 доллар түсіп жүрді. Қазақ­стандағы 400 доллар жалақым­мен салыстырғанда, бұл сома маған сұмдық көп болып көрінді», деді.

Snapchat-та Нұрсұлтан бағ­дарламашы-әзірлеуші (Soft­ware Engineer). Оның командасы AR және Monetization-мен айналысады.

– Біз платформада монетизацияны арттыратын жаңа бағдарламалар жасаймыз. Мы­са­лы, жарнама берушілерге жарнамалардың жаңа түрлерін жасап береміз. Жұмыста алдымен топтық қарым-қатынасқа баса мән беріледі. Өз алдына әріптестік байланыс, жылы қарым-қатынас құруға ба­ғыт­талған арнайы жұмыс бағ­дарламасы бар. Олардың бірі қызметкерлердің белгілі бір то­бына қатысты теріс пікірді азай­туға бағытталған. Мысалы, бұл жынысқа, этникалық немесе нәсілге байланысты кемсіту болуы мүмкін. Маған компания мен басшылықтың осыған мән бергені ұнады. Сонымен қатар Snapchat Meta сияқты тегін тамақ бермейді, бірақ олар спортпен айналысу үшін түрлі спорт клубтарына бонустар береді, ұялы телефон мен интернет қызметін төлейді. Жылына бірнеше рет біз Лос-Анджелестегі штаб-пәтердегі кеңседе кездесеміз. Мұнда барлық қызметкерлер жиналып, шағын құрылтай ұйымдастырылады. Бұл коман­да­лық жұмыстың қабілетін одан әрі арттыра түседі. Сондықтан басшылық барлығының басын қосып, пікір алмасуды жиі ұйымдастыруды қолға ал­ған, – деп қызметінің артық­шылықтарын сөз етті Нұрсұлтан.

«Жалпы елімізде болсын, шетелде болсын ІТ компанияларда жұмыс істеу үшін алдымен жос­пар құрып, сол бағыт бойын­ша әрекет ету қажет», дей­ді Нұрсұлтан. Ол әлеуметтік желі­лердегі парақшаларында үнемі осы бағыттағы кеңестерін айтып, тәжірибесімен бөлісіп отырады.

Оның айтуынша кез келген ІТ компания қызметкерлерін алдымен сұхбат кезіндегі өзін өзі ұстауы, сұрақтарға жауап беруіне қарай бағалайды.

– Сондықтан белгілі бір компанияда сұхбат қалай өтетінін, олар қандай талап қоятынын біліп, сұрап алған жөн. Сондай-ақ алдымен көздеп отырған мекемелердің тізімін жасап, оларды зерттеп алу қажет. Содан соң ғана түйіндеме жіберуге болады. Жұмыс берушіден жауап алғаннан кейін сұхбат процесі басталады. Бірінші компания басшылығымен, содан кейін инженермен техникалық сұхбат ұйымдастырылады. Төрт сағаттық сұхбат кезінде көбінесе бағдарламалауды, кодтауды және информатика тұжырымдамаларына байланыс­ты білім анықталады, – деген кеңесін де айтты Нұрсұлтан.

Статистикаға сүйенсек, ел­дегі ІТ мамандар банк қосым­шаларын әзірлеумен қатар Қазақстандағы бірнеше ұялы байланыс операторында қызмет етеді. Оларды сақтап қалу үшін сәйкес жалақы төленеді. Бұл сала жастарының көбі шетел асқанымен, елге оралып келіп жатқандары да жоқ емес. Ал Digital Nomads IT қоғам­дастығында бүгінде 400-ге жуық өкіл бар.