Экология • 13 Қаңтар, 2023

Қоршаған ортаны қорғау жауапкершілігі

409 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Атмосфералық ауаның экологиялық мониторингінің нәтижелері көрсеткендей, елімізде 45 елді мекеннің ішінде 10 қалада ауаның ластану деңгейі жоғары болып отыр. Бұл – Астана, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өскемен, Жезқазған, Риддер қалалары. 2022 жылдың қорытын­дылары мен биылға арналған жоспарлар айтылған кеңейтілген алқа отырысы барысында Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова осылай деді.

Қоршаған ортаны қорғау жауапкершілігі

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Ластаушы шығарынды көлемі төмендеді

Эмиссияларды төмендету бойын­ша нақты жұмыстар ірі ластаушы кәсіп­орындар бөлінісінде де жүргізіледі. Мысалы, «АрселорМиттал Теміртаудың» ластаушы заттар шығарындыларының лимиті биыл 16%, яғни 250 мың тоннадан 210 мың тоннаға дейін төмендетілді (2021 жылы – 325 мың тонна). 2025 жылға дейін лимитті 149 мың тоннаға төмендету жоспарланған.

Ең үздік қолжетімді техникаға көшу реформасы шеңберінде өнеркәсіптің негізгі салалары бойынша 91 кәсіпорында кешенді технологиялық аудит аяқталды. 83 салалық есеп дайындалды. ТОП-50 ірі кәсіпорындар үшін 2 жыл ішінде 12 ең үздік қолжетімді технологиялар анықтамалығы әзірленді. Осы жылдың соңына дейін тағы 4 анықтамалық әзірленбек.

Экология министрінің халықпен кездесуі барысында бірнеше рет қал­дық­тарды басқару бойынша мәселе көтерілді. Саланы дамытуды сапалы жоспарлау мақсатында әкімдіктер қалдықтарды басқару жөніндегі бағдарламаларды әзірлеу жұмыстарын бастады. Бұл ретте министрлік тиісті әдіснамалық көмек көрсетеді.

Климаттық саясат саласында ведомство 2020 жылға парниктік газдар шығарындыларын 1990 жылғы деңгейден (381,6 млн. тонна) 8%-ға төмендетуге қол жет­­кізді. Еске сала кетейік, Қазақ­стан парниктік газдар шыға­рындыларын 15%-ға қысқартуға міндеттеме алған.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанның 2060 жылға дейінгі көміртегі бей­тараптығына қол жеткізу страте­гиясы әзірленіп, Президент Әкім­шілігіне енгізілді.

 

Арал табанына сексеуіл отырғызылады

З.Сүлейменованың айтуынша, орташа көпжылдық өзен ре­сурстары жылына 102,3 текше шақырымды құрайды, оның жы­лына 54,5 текше шақырымы жер­гілікті ағын, ал жылына 47,8 текше шақырымы Орталық Азия мем­лекеттерінен, Ресей Федера­циясынан және Қытай Халық Республикасынан келеді. Осы бағыттағы көршілес елдермен жұмыс жүйелі негізде жүргізіліп жатқанын мәлімдеген минис­тр уақтылы қабылданған шара­лардың нәтижесінде 2022 жылдың ве­гетациялық кезеңі тұрақты өт­кенін жеткізді. Сондай-ақ Мем­лекет басшысының тапсырмасы ая­сында жаңа Су кодексі бойын­ша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бү­гінде кодекс жобасы әзірленіп, мүд­делі мемлекеттік органдарға ке­лісуге жіберілді. Жоба нау­рызда Парламентке енгізіледі.

Президент бастамасымен орман қоры жерлерін көгалдандыру мақсатында 2 млрд ағаш отырғызу жұмыстары да жалғасын тапты. Былтыр (166 мың гектар алқапқа) 239,0 млн түп ағаш отырғызылды, биыл (188 мың гектар алқапқа) 409 млн түп ағаш отырғызу жос­парлануда.

Арал теңізінің құрғаған түбіне сексеуіл отырғызу жұмыстары тұ­рақ­­ты жүргізіліп келеді. Өткен жы­лы 250 мың гектар жерге фито­ме­лио­ративтік жұмыстар жүр­гізілді.

 

Заңнама қатаңдатылды

Жыл басында Мемлекет басшысы Өсімдіктер әлемі туралы заңға қол қойды, сондай-ақ Әкімшілік бұзушылықтар туралы және Қылмыстық кодекс­терге экологиялық бұзушы­лық­тар мен вандализм көріністері үшін жа­уапкершілікті күшейту мәсе­ле­лері бойынша өзгерістер енгізу туралы заңдар қабылданды.

Жануарлар дүниесін дамыту және қорғау бағытына тоқта­лар болсақ, сирек кездесетін тұяқ­­ты жануарлар мен ақбө­кен­­дер санының жыл сайын артуы байқалады. Мәселен, ақ­бө­кендердің саны 1 млн 318 мың­нан астам басқа жетті. Алайда заңнаманың қатаңдатылуына қарамастан, ақбөкендерді ату фак­тілері тоқтамай отыр. Былтыр бра­коньерліктің 67 фактісі анық­талды. Киік санын басқару мақ­сатында биыл кешенді ғылыми зерт­теуді бастау жоспарланған. Бұл ретте киікті алып қоюға мораторий келесі жылға дейін созылды.

«Жануарларға жауапкершілік­пен қарау туралы» заңды іске асыру мақсатында нормативтік-құ­қықтық актілер бекітілді. Жер­­гілікті атқарушы органдар зоо-қо­ғамдық ұйымдармен және қа­жетті инфрақұрылымды (жа­нуар­ларға арналған баспаналар, уақытша ұс­тау пункттері) құру бойынша жұ­мыс жүргізуде.

Сонымен қатар тазы мен тө­бет­тің қазақ халқының ұлттық игі­лігі екенін ескере отырып, Мем­­ле­кет басшысы «Қазақстан Рес­­пуб­­лика­сының кейбір заңна­малық ак­тілеріне қазақ ит тұқым­дарын сақ­­тау және молайту мә­селесі бо­йын­ша өзгерістер мен то­лық­ты­ру­­лар енгізу туралы» заңға қол қойды.

 

Каспийде табиғи резерват құрылады

Балық саласын дамыту бойын­ша З.Сүлейменова балық ша­руашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы іске асырылып жатқанын атап өтті. Былтыр 3,7 млрд теңге сомасына 11 жоба іске асырылды. Нә­ти­жесінде, 17 мың тонна балық өсі­рілді, бұл 2021 жылғы деңгей­ден 12%-ға жоғары (2021 жылы – 14,9 мың тонна).

2020 жылмен салыстырғанда балық өсіру шаруашылықтарының саны 2 есеге артып, 380-ге жетті. Өсірілген балық көлемі де соңғы 5 жылда жылына 5,6 мың тоннадан 17 мың тоннаға дейін ұлғайды.

«Аквамәдениет туралы» заң жобасын әзірлеу жүргізілуде, онда бизнес үшін қолайлы жағ­дайлар жасау жөніндегі шаралар да көзделетін болады. Заң жобасы осы жылдың қараша айында Парламентке енгі­зіледі», деді ведомство басшысы.

Сонымен қатар Каспий итба­лық­тарының популяциясын сақ­тау – маңызды мәселелердің бірі. Пре­зиденттің тапсырмасы аясында Каспий теңізінде мемлекеттік табиғи резерват құру жұмыстары жүр­гізіліп жатыр. Бүгінгі таңда жа­ра­тылыстану-ғылыми негіз­демесі (НҒҚ) әзірленуде, содан кейін техникалық-экономикалық негіздеме әзірленеді.