Білім • 13 Қаңтар, 2023

Игі бастамалар жалғасады

202 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев биыл білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, тәр­биешілердің мәртебесін арттыруға, апатты және үшауы­сымды мектептерді жоюға ерекше назар аударылатынын, орта білім беру стандарты мен үлгілік оқу бағдарламаларын өзгерту, ағылшын тілін оқыту сағаттарын ұлғайту бойынша жұмыстар жалғастырылатынын атап өтті.

Игі бастамалар жалғасады

Саланың кеңейтілген алқа отырысына Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көл­гінов, Оқу-ағарту министр­лігінің қызметкерлері, білім бас­қар­маларының, ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшылары, мұғалімдер, сарапшылар және білім саласының басқа да қызметкерлері қатысты.

Министрдің айтуынша, еліміздің барлық өңірінде 1-4 сынып оқушыларының баршасын ыстық тамақпен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіледі. Ол сондай-ақ колледж студенттері үшін жақсы жаңалықты бө­лісті. Яғни басқа өңірден келген студенттерге демалыс уақы­тында жол ақысы растайтын құжаттарсыз төленетін болды. Төлемдер мөлшері – 4 АЕК.

2022 жылы мектепке дейін­гі тәрбие мен оқытудың жаңа моделі қабылданды. Оқу бағ­дарламалары, жоспар­лары және оқыту әдістері қай­та қаралды. Білім беру ұйым­дарының бі­рінші басшыларын ротациялау тәжірибесі енгізілді. Бүгінгі таңда 514 мектеп директоры мен 447 балабақша меңгерушісі ротацияланды.

Былтыр мұғалімдердің жа­лақысы тағы 25 пайызға өсті. Сондай-ақ мұғалімдердің 63%-ы (216 989) аттестаттау қо­ры­тындысы бойынша қосымша ақы алады.

Енді 30 жыл педагогикалық өтілі бар және зейнеткерлік жасқа жақындаған мұғалімдер тестілеуден босатылады. Мұға­лім­дерді тестілеудің шекті дең­гейі де 50%-ға төмендетілді. Мұ­ға­лім­дердің біліктілігін арттыру курс­тарының жиілігі 5 жыл­дан
3 жылға дейін қысқар­тылды.

Сонымен қатар министрлік 2022 жылы дарынды балаларды дамыту мен қолдауға ерекше көңіл бөлді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бо­йынша халықаралық олимпиада жеңімпаздары тарихта алғаш рет ақшалай сыйлықтарға ие болды.

«2022 жылы 27 жеңімпаз және 26 мұғалім 73 млн тең­геден астам сыйақы алды. Со­ны­мен қатар халықаралық зият­­керлік, шығармашылық, спорт­­тық олимпиадалардың 80 же­ңімпазы мен жүлдегері алғаш рет жоғары оқу орындарын­да оқу үшін грантқа ие болды. 421 бала «Дарын», РФМШ, «Білім-ин­новация» лицейлерінде оқу­ға мүмкіндік алды», деді министр.

2022 жылы 136 мың орындық 247 жаңа мектеп салынды. Ал­дағы уақытта оқушылар орны­ның тапшылығын жоюға мүм­кіндік беретін «Жайлы мектеп» ауқымды жобасы жүзеге асырылады.

«Соңғы 10 жылда оқушылар саны 1 млн-ға өсіп, 3,7 млн-ға жетті. Бұл – өте жақсы көр­сет­кіш. Инфрақұрылым мәселе­сін шешу үшін 2023-2025 жыл­дар аралығында республи­калық бюджеттен 842 мың оқу­шыға арналған 401 мектептің құ­рылысына 2,6 трлн теңге бө­лін­ді», деді Оқу-ағарту бірін­ші ви­це-министрі Шолпан Кари­нова.

Колледжде оқуға бөлінген гранттар саны 45 мыңға өсті. Барлығы 125 мың студент оқуға мүмкіндік алды. Бұл ретте әлеуметтік осал топта­ғы балалардың грант алу мүм­кін­дігі артты. Колледждерге акаде­миялық еркіндік берілді. Енді колледждер жұмыс беруші­лермен бірлесіп, білім беру бағ­дарламаларының маз­мұны мен оқу мерзімін анықтай алады. Оқу кезінде студенттерге 3 біліктілікке дейін алуға мүм­кіндік берілді.

2022 жыл Балалар жылы болып жарияланған болатын. Сол себепті білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері ерекше бақылауға алынды. Балаларға қатыгездік көрсетудің (буллинг) алдын алу ережесі мен Білім беру объек­­тілерін терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру жөнін­дегі нұсқаулық күшіне енді.

«Биыл ата-анасының қам­қорлығынсыз қалған әрбір бала балалар үйіне бармай-ақ отбасында тәрбиеленуі үшін кәсіби қабылдаушы отбасылар инс­титутын заңдастыру қажет. Ол үшін министрлік кәсіби қабылдаушы отбасыларды құру тәртібін, кәсіби қабылдаушы ата-аналарға қойылатын талаптарды және әлеуметтік кепіл­діктерді реттейтін заң жобасын әзірлеуді жеделдетуі керек. Сон­дай-ақ балалар үйлерін балаларды қолдау орталығына трансформациялау үдерісін жеделдету қажет», деді Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов.

 Қазақстанда соңғы үш жылда жетім балаларға арналған ұйымдардың саны 14-ке қысқарғанын айта кетейік. 22 мың жетім баланың 80%-ы қазір­дің өзінде отбасында тәр­биеленіп жатыр. 2023 жылы Оқу-ағарту министрлігі мұғалім­дердің, тәр­биешілердің және білім беру саласының басқа да қыз­меткер­лерінің мәрте­бесін көтеру және жалақы­сын арттыру бойынша жұ­мысты жалғастырады. Со­нымен бірге 2023 жылы білім беру ұйымдарының пе­да­­гог-психологтерінің, әлеу­­меттік педагогтерінің, кітап­ха­нашыларының жалақысын көтеру мәселесі пысықталады.