Аймақтар • 13 Қаңтар, 2023

Аққуды құтқарып қалды

980 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданына қарасты Егіндікөл ауылында тұратын орманшы Махамбет Құсайынов әлдебір себеппен жылы жаққа қайта алмай, ауыл шетінде қалып қойған аққуды құтқарып, үйінде бағып отыр.

Аққуды құтқарып қалды

Батыс Қазақстан облысында қаңтардың алғашқы аптасына дейін күн жылы болды. Тек соңғы күндері ғана ауа райы күрт суытып, аяз бірден 30 градусқа жетті. Орал қаласында 9-11 қаңтарда 1-9 сыныптар күн суытуына байланысты оқудан босатылса, 10 қаңтар күні бүкіл мектеп оқушылары түгелімен онлайн оқуға көшті.

Міне, осы күндері Егіндікөл ауылында тұратын Махамбет ауыл іргесіндегі бұлақ басында жалғыз аққу жүргенін көріп қалады. Құс төресінің өз үйірінен, жұбынан қалай адасып қалғаны белгісіз. Бұлақ маңы қалың қамыс пен қоға, ық-панасы көп жер. Алайда қатты аязда құстың қанатына мұз қатып, жағдайы қиындай бастаған. Аққуды алыстан бақылап, қорған болып жүрген орманшы жігіт құстың мүшкіл халін көріп, ұстап алып үйіне әкеліпті. Жылы жерде қатқан мұзды ерітіп, тамақ-суын беріпті.

«Аққудың қимылы ширақ, көңілі сергек. Бір жақ топшысында сәл ісік байқалатын сияқты, бірақ қанатын қағып, еркін қимылдап жүр. Қорада жем-суын беріп, уақытша бағып отырмын. Бұл құстың ендігі тағдыры не болады? Облыс орталығына жеткізуім керек пе?» деп Махамбет Орал қаласындағы экобелсенділерге сұрау салған екен.

Батыс Қазақстан облысында экологиялық мәселелермен шұғылданып, көптеген игі істің басында жүрген «Телегей» қоғамдық бірлестігінің мүшелері өзара ақылдасып, аққу құс сол Егіндікөлде, орманшының үйінде бола бергені дұрыс деген қорытындыға келді. Бәрі ойдағыдай болса, жазғытұры жыл құстары келгенде еркіндікке жіберіледі. Оған дейін оралдық белсенділер Егіндікөлге жем-дән жіберіп, көмектесіп тұрмақшы.

Махамбет Рахмаденұлы Қарағаш орман шаруашылығында 13 жылдан бері қызмет етеді. Табиғат аясындағы жабайы жануарларды қорғау – оның әу бастан таңдап алған тағдыры деуге болады. Оның қорғауындағы орман алқабында елік, қабан секілді жануар­лар көбейіп өсіп келеді. Алайда Махамбет бұған дейін аққу бағып көрмеген екен.

 

Батыс Қазақстан облысы