Әрине, тұйық су айдыны саналатын Каспий теңізінің тартылуына әсер ететін нақты фактор бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, бұған табиғи үрдістің әсері бар. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мамандарының мәліметіне сүйенсек, өткен ғасырдың 30-жылдарынан бері Каспий деңгейінің төмендеуі байқалған. Мәселен, 1977 жылға дейін теңіз деңгейі 3 метрге төмендеп, -26-дан -29 метрге дейін жеткен. Кейін 1995 жылы Каспийдің суы 3 метрге жоғарылап, -26,62 метрді құраған. Осы аралықта су деңгейінің көтерілуі жылына шамамен 14 см, ал кей жылдары -36 см болғаны анықталып
отыр.
Қоршаған ортаның құбылысын зерттеп жүрген сарапшылардың пікіріне қарағанда, құс қанаты талатын биіктен көкпеңбек болып жататын теңізде 2005 жылдан бері циклдік төмендеу кезеңі қайтадан басталған. Бұған екпіні күшті желдің әсерінен болатын мезгілсіз ауытқу да әсер етеді. Мәселен, теңіздің солтүстік бөлігіндегі «Жанбай» гидробекеті тұсында дәл осындай маусымдық көрініс анық байқалған. Мұндай табиғи құбылыс көктем мен күзгі маусымда жиі қайталанады. Мұның басты себебі – солтүстік-шығыс және оңтүстік-шығыстан соғатын дүлей жел.
Министрлік мамандарының пікіріне құлақ түрсек, теңіз деңгейі екпіні атан түйені құлататын желдің жылдамдығы секундына 10-15 метрге, ұзақтығы 10-12 сағаттан 1-2 күнге дейін жалғасқан кезде ғана көтеріледі. Алайда мұндай жел ұдайы соқпайды. Дегенмен, жел екпіні секундына 15-25 метрге жеткенде теңіз деңгейінің биіктігі 1,5-2 метр немесе одан да жоғары болады екен.
Екінші себеп – климаттың антропогендік өзгеруі. Сарапшылардың көпжылдық зерттеуіне қарағанда, 2006-2020 жылдар аралығында Каспий теңізінің акваториясына жауын-шашынның мөлшері аз түскені байқалып отыр. Табиғаттың бұл құбылысына керісінше, теңіздегі булану үдерісінің қарқыны басым екені анықталған.
Үшінші себеп – климаттың жылынуы. Каспий суының тартылуы мен көбірек жайылу үдерісінің қайталанатыны ұзақ мерзімді табиғи циклдік сипатқа айналған. Демек, ғаламдық жылынудың әсері Каспий теңізін өзгеріске ұшыратып отыр.
Төртінші себеп – техногендік сипат. Парламент Мәжілісінің депутаты Сәлімжан Нақпаевтың мәліметіне ден қойсақ, 2010 жылы құрлықта 8 584, Каспий теңізінің суы жайылатын жағалауында 1 262 мұнай ұңғымасына зерттеу жүргізіліпті. Зерттеу қорытындысы негізінде 82 мұнай ұңғымасын жоюға ұсыныс берілген. Ал Атырау облысының әкімдігі 2013 жылы 1 400 мұнай ағу қаупі бар ұңғыманың барын, оның 128-ін Каспий теңізінің суы басып жатқанын анықтапты.
Маңғыстаулық эколог Кирилл Осиннің пікіріне қарағанда, теңіз жағалауы соңғы бірнеше жылда 22 мың шаршы метр шақырымға алыстаған. Бұл – теңіздің экожүйесі үшін төнген қатер. Өйткені мұндай құбылыс Каспий теңізінің қазақстандық бөлігіндегі жағалау белдеуінің өзгеруіне әсер етеді.
Ғылыми деректерге жүгінер болсақ, Каспий теңізінің деңгейі XXI ғасырдың соңына таман 9-18 метрге дейін төмендеуі мүмкін. Мұндай болжам расқа айналар болса, теңіздің жағалауы бүгінгіден де алыстай түседі. Тіпті Қара-Боғаз-Гөл шығанағының құрғап, шөлейтке айналу қаупі туындауы ғажап емес. Каспий деңгейі 9 метрге төмендесе, су айдынының ауданы 23%-ға, ал 18 метрге дейін тартылар болса, 34%-ға азаяды. Бұл – бір.
Екіншіден, фауна мен флорасына қауіп төнеді. Өйткені бұл теңізде жануарлардың 1 809 түрі бар. Ал балықтың 101 түрі кездеседі. Теңіз жағалауында 312 түрлі құс ұя салады. Оның ішінен жойылудың алдында тұрған 63 түрі Қызыл кітапқа енген. Сондай-ақ бұл кітаптағы ерекше тізімге 27 теңіз балығы, 9 бауырымен жорғалаушы, 41 сүтқоректі және 54 сирек кездесетін өсімдік алынған.
Үшіншіден, теңізде 50 ірі және орташа арал бар. Аралдардың жалпы ауданы – 350 шаршы шақырым. Сонымен бірге мұнда 6 ірілі-ұсақты түбек кездеседі. Осының бәрі экологиялық апатқа ұшырауы бек мүмкін.
Төртіншіден, Каспий Қазақстан үшін ең ерекше су айдыны санатына жатады. Әлемдегі өзге теңіздерге қарағанда, бұл – Еуразия құрлығына тең орналасқан ең ірі тұйық су қоймасы. Теңіздің ұзындығы 1 200 шақырымға, орташа ені – 320, су бетінің ауданы 371 мың шаршы шақырымға дейін жетеді. Тереңдігі – 1 025 метр.
Бесіншіден, бұл теңіздің Қазақстан аумағындағы солтүстік бөлігі – бекіре тұқымдас бағалы балықтардың өсіп-өнетін табиғи мекені. Итбалықтар да теңіздің дәл осы аумағын мекен етеді. Мұны теңіздің қазақстандық секторындағы баға жетпес байлық деуге әбден болады.
Алтыншыдан, Каспий теңізінің табаны көмірсутекті шикізатқа тұнып тұр. Қазір теңіз табанында 68 млрд баррельге тең «қара алтын» қоры барына болжам жасалған. Ал әлемдегі мұндай байлықтың барланған қоры 150 млрд баррель екенін ескерсек, оның жартысына жуығы Каспийдің қойнауында сақталғаны су айдынын Азия мен Еуропа үшін де, жаһан елдері үшін де стратегиялық маңызы бар теңізге айналдырғаны даусыз. Оның үстіне жағалаудағы бес елдің бәрі бірдей болмағанымен, алдымен Әзербайжан бастап, кейіннен Қазақстан қостап, Каспий мұнайы игеріле бастады.
Міне, осындай себептер еліміз үшін Каспий теңізінің қазақстандық секторын қорғауды кезек күттірмейтін мәселеге айналдырып отыр. Бұл үшін не істеу керек? Осы орайда тезірек шешілуге тиіс мәселе – Президенттің тапсырмасына сәйкес Каспий теңізінде мемлекеттік табиғи резерват құруды кешеуілдетпеу. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетін мұндай табиғи резерват ғана бес елге ортақ теңізді экологиялық апатқа ұшыраудан сақтап қалатыны даусыз. Бәлкім, бұл мәселеге теңіз жағалауындағы төрт мемлекет – Ресей Федерациясы мен Әзербайжанды, Түрікменстан мен Иранды қоса тарту артық етпейтін шығар. Өйткені бес елге ортақ теңізді сақтап қалу үшін мемлекеттердің бес саусақтай жұмыла іске кіріскені қажет-ақ.
Бәрін айт та, бірін айт, дәл қазір Каспийдей жақұт теңізді көзден ғайып болудан қорғау қажеттігі туындап отыр. Әйтпесе оның экологиялық зардабы Арал теңізінен қауіптірек болары анық. Өйткені теңіздегі орташа тұздылық 12,7 пайызды құрайды. Ал Каспий табаны құрғайтын болса, жел екпінімен ауаға тарайтын тұздан қоршаған ортаға да, ондағы флора мен фаунаға да, ең бастысы адам денсаулығына төнетін қауіптің зардабын жою қиынға соғады.
Атырау облысы