Экономика • 16 Қаңтар, 2023

Онлайн-сауда олжасы

309 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Осы күні онлайн-саудаға жүгінбейтін адам аз. Сұраныс болған­дықтан шығар, онлайн-платформалардың да жұмыссыз отырған күні жоқ. Мәселен, елдегі ең ірі хабарландыру сервистерінің біріне жататын ОLX.kz-ке ай сайын шамамен 11 млн адам кіреді екен. Орташа есеппен әрбір 2 секунд сайын сервисте жаңа хабарландыру пайда болады. Әрбір екінші тұрғын ОLX.kz-ке айына кемінде бір рет кіреді екен.

Онлайн-сауда олжасы

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

OLX.kz онлайн-хабарландыру сервисінің сарапшылары сервис деректеріне сүйене отырып, 2022 жылдың қорытындысын шы­­­ғарыпты. Біз келтірген де­рек­тің бәрі сонда қамтылған. Со­ны­­мен соңғы деректерге назар аудар­сақ. Сервис аудиториясы өт­кен жылы айына 11 млн бел­сен­ді пайдаланушыға жеткен, ал берілген хабарландырулар саны 25,5 млн-нан асты. Былтыр OLX-те минутына орта есеппен 12 мәміле жасалған. Онлайн-сау­да­дағы ең танымал санаттарға «ұялы телефондар», «жылжымай­тын мүлік» және «жиһаз жасау» кіріп отыр. Сервисте жұмыс іздеу бойынша 120 мыңнан астам түйіндеме орналастырылған. Хабарландырулар саны бойынша ең қарқынды өсіп келе жатқан са­наттың бірі – «көлік». Мұнда «автомобиль бөлшектерін сату» жә­не «қалааралық тасымалдау» қыз­меттеріне сұраныс жоғары екен.

«2022 жылдың негізгі тренді ретінде шағын және орта бизнестің онлайн-режімге ауысу динамикасын жалғастыруын айтуға болады. Өздеріңіз білетіндей, пандемияның, сондай-ақ экономикалық және сауда байланыстарының айтарлықтай бұзылуының салдарынан отандық шағын және орта бизнес жап­пай онлайн-режімге көшіп жатыр. Тиі­сінше, қоғамда цифрлық тұтыну әдеті қалыптасуда. Осылайша, бизнес кез келген қажеттіліктерді үз­­дік­сіз әрі шексіз жүзеге асыруға мүмкіндік беретін платформаларға назар аудара бастады. Сөйтіп, шағын және орта бизнестің өкіл­дері үшін онлайн платформалар жұмысты жалғастыруда және жаңа клиенттерді тартуда үлкен кө­мек болып отыр. Айталық, былтыр OLX.kz сервисі базасында ашылған интернет-дүкендер саны 2021 жылғы көрсеткіштен 4 есе асып түскен», деп хабарлады сарапшылар.

Былтыр сервистегі хабарлан­дыру­лардың ең көп бөлігін Алма­ты және Астана қалаларының тұр­­ғындары орналастырған. Хабар­ландырулардың жалпы санының 24 пайызы алматылықтарға, 15 па­йызы астаналықтарға тиесілі. Түр­кістан және Ұлытау өңірі тұрғын­дарының белсенділігі төмен екен. Олардың үлесі 1 пайызға зорға жетеді.

Өткен жылы сервистегі ең қым­бат хабарландыру құны 800 млн теңгені құрапты. Сағатына 300 текше метр бетон өндіретін зауыттың иесі осындай бағаны көрсеткен. Бұған қоса «Қарағанды» қонақ­үйін 280 млн теңгеге сату туралы хабарлама орналастырылған. Үштікті құны 260 млн теңге болатын бұр­ғылау қондырғысының сатылымы түйіндеп тұр.

Кез келген маусымда сұраныс­тан түспейтін ең танымал санаттар­дың көшін «пәтер» санаты бастап тұр. Көктем мен жазда велосипедтерге деген сұраныс артады екен. Сондай-ақ тұрғындар қыста, жазда және күзде онлайн-сервиске жұмыс іздеу үшін үздіксіз кіретіні белгілі болды.

Сатушылар «телефондарды сату», «тасымалдау» және «авто­көлік бөлшектерін сату» санаттары бойынша көп хабарландыру орналастыратыны анықталды.

Көбінесе интернет-дүкендер сервисте ұялы телефондар/смарт­фондар, жабдықтар мен шикі­заттар, компьютерлер сату, пәтер­лер­ді ұзақ мерзімге жалға беру қыз­­­меттерін, құрылыс, дизайн және поли­графия қызметтерін жү­­зе­ге асырыпты. Сондай-ақ да­йын биз­­несті сату, қаржылық және жи­һаз ж­асау қызметтерін ұсынған.

OLX.kz-тегі хабарландыруларға ден қойсақ, өткен жылдың қоры­тындысы бойынша барлық са­нат­тағы жылжымайтын мүліктің шар­шы метрі орташа есеппен 20 па­йыз­ға, ал коммерциялық үй-жай­лардың құны орташа есеппен 22 па­йызға өскен. Ал көлік нарығы барлық санат бойынша хабарландырулар санының төмендеуін көрсеткен. Қайталама нарықта отан­дық жеңіл автомобильдің ор­та­ша құны 750 мың теңгені, ше­тел­­дік маркалар 1,5 млн теңгені құраған.

Еңбек нарығында жұмыс іздеу­шілердің сұраныстары мен жұ­мыс берушілердің ұсыныстары ара­сындағы алшақтық алыстай түскен. Қашықтан жұмыс іздеушілер саны 32 пайызға өссе, ал қашықтан жұ­мыс ұсынатындардың үлесі тіпті аза­йып кеткен – 2 пайыз. Пай­да­ланушылардың өздеріне қо­лайлы кестемен жұмыс істеуге қа­тысты сұраныстары 45 пайызға өскен. Бұл ретте қолайлы кестемен жұмыс ұсынатындар айтарлықтай азайған – үлесі 6 пайыз. Вахталық жұмысқа деген сұраныс бірнеше жыл қатарынан жоғары болып тұр.