Аймақтар • 17 Қаңтар, 2023

Сананы улаған синтетикалық есірткі

496 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өткен жылы өңірде есірткі бизнесіне қатысты 314 қылмыстық іс тіркелді. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, бұл бағытта жүргізілген тергеу амалдарының үштен бірі синтетикалық есірткіге қатысты болған. Мамандар аса қауіпті қоғамдық індеттің, әсіресе жасөспірімдер арасында белең алып бара жатқанына алаңдап отыр.

Сананы улаған синтетикалық есірткі

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, синтетикалық есірткі түрлерінің көбі көршілес Ресейден контрабандалық жолмен әкелінеді. Қостанай өңірі Ресей Федерациясының Қорған, Челябі, Орын­бор облыстармен шектесетіні бел­гілі. Бұл үш облысты бөліп жатқан мем­лекеттік шекараның жалпы ұзын­дығы – 1 250 шақырым.

– Өткен жылы 49 есірткі контрабандасы тіркелді. Сонымен қатар осы кезең ішінде заңсыз айналымнан 200 килодан астам есірткі түрлері тәр­­кіленді. Оның ішінде мефедрон, пи­ро­валерон, амфетамин, метадон сияқ­ты синтетикалық есірткі түрлері бар. 2021 жылы 1 кг синтетикалық есірт­кі түрлері тәркіленсе, былтыр бұл көрсеткіш екі килоның үстіне шығып кетті. Бұл мәселе бүгін­де бәрімізді алаңдатып отыр, – дейді облыстық поли­ция департаменті есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкері, полиция подполковнигі Айгүл Ерәділова.

Синтетикалық есірткі дегенді мамандар химиялық жолмен жасалған, адамды физикалық және психикалық тұрғыдан тәуелді етіп қоятын қасиетке ие психобелсенді зат деп түсіндіреді. Қауіпті химиялық қосынды құпия зертханаларда астыртын жасалады әрі арзан тұрады. Синтетикалық есірткіні пайдалану инені қажет етпейтіндіктен, бұл зәхардың дәмін татып көрген адам бірден тәуелділіктің төте жолына түседі. Ал бұған құл болған жанның, қайта азаттық алуы өте қиын. Дәрігерлердің айтуына қарағанда, химиялық препараттар орталық жүйке жүйесі жасушаларын жойқын зақымдап, ойлау жүйесіне кері әсер етеді, есте сақтау қабілетін жояды. Ұйқыға да орасан кері ықпал етеді. Мұндай есірткіге тәуелді адамдардың көбі бір айдан аса уақыт бойы дәрісіз ұйықтай алмайтын жағдайға түсетін жайттар да жиі кездеседі.

– Бұл өсімдік есірткілерден де қауіпті. Өсімдік есірткісін пайдаланып көргендердің ішінде жүре келе ес жиып, зиянды заттан біржола бас тартып, дұрыс жолға түскендер бар. Ал синтетикалық есірткіні бір рет пайдаланған адам бірден тәуелді болып қалады. Мұның дәмін татқан адамға алғаш жоқ жерден ерекше қайрат бітеді. Ерекше бір рахат, алдамшы сезімге бөленеді. Бірте-бірте галлюцинация пайда болып, көзіне неше түрлі құбыжықтар елестеп, әр сәті азапқа айналады. Есірткіге тәуелді адамдарда жақынына, тіпті туған анасына деген жанашырлық сезім болмайды. Мысалы, былтыр Карбышев көшесінде тұратын жалғызбасты әйел жылап келді. 30-ға келіп қалған жалғыз ұлы синтетикалық есірткіге тәуелді екен. Үйдегі заттың бәрін сатып бітіріпті. Учаскелік полицейлерге талай шағымданған, алайда олар көмектесе алмаған көрінеді. Анасы күні бойы жұмыста. Есірткіні қайдан алатыны белгісіз, ұлы кейде тыржалаңаш көшеге шығып кетеді, кейде анасына: «Үйде құбыжық жүр. Мені жұтайын деп жатыр. Шкафтың ішінде жасырындым. Тез келіп құтқарып алмасаң, терезеден секірем» деп қоңырау шалады екен. Ана байғұс бар жұмысын тастап, жалғыз ұлын «құбыжықтан» құтқарып қалмаққа үйіне қарай жүгіреді. Анасын да, көрші-қолаңды да әбден әуре-сарсаңға салған азаматты мәжбүрлеп емдеу мекемесіне орналастырдық, – деді полиция подполковнигі.

Бүгінде Қостанайдағы наркологиялық диспансерде синтетикалық есірткіге тәуелді оннан астам кәмелетке толмаған жасөспірім есепте тұр. Есірткіге құл болғандардың ішінде, тіпті, колледждер мен ЖОО-ның студентері де кездеседі. Кейінгі жылдары есірт­кі бизнесіне қарсы күрес басқармасының мамандары оқу мекемелеріне барып, жас­тармен кездесулер өткізу, есірткінің зияны жөнінде түрлі деректі фильмдер көрсету сияқ­ты қылмыстың алдын алу шараларын жиі ұйымдастыра бастаған.

– 2022 жылы 3 бейнефильм түсірдік. Оның бірі бүгінде бас бостандығынан айырылған 21-22 жастағы жас жігіт­тердің тағдырын баяндайды. Бәрі кезінде есірткі таратумен айналысқан өзіміздің қазақтың қара домалақ балалары. Қазір түзеу мекемелерінде жазаларын өтеп жатыр. 34 минуттық бейнефильм кейіпкерлері бетпердесіз эфирге шығып, өкініштерін айтып, жіберген қателіктері, жаза басқан сәттері туралы ашық баяндап береді. Мұндай ауыр фильмдерден кейін жастармен ой бөлісіп, есірткінің зардабымен зияны жөнінде әңгіме өткіземіз, – деді А.Ерәділова.

Жасөспірімдер улы заттың бүркеме жарнамасын әлеуметтік желілерден оңай табады. Сондықтан өңірде интернет-дүкендерге қарсы күрес мықтап қолға алына бастады. Мәселен, таяуда ғана облыстық полиция департаменті мен Қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлері Қостанай және Рудный қалаларында «Telegram» арнасы арқылы синтетикалық есірткілерді саудалау­мен айналысқан интернет дүкенді жойды. Полиция әуелі аталмыш интернет дүкен туралы ақпарат жинап алған соң, оның жұмыс істеу тәсілін зерделеп, әкімшілерін анықтайды. Одан кейін Қаржы мониторингі агенттігі қаржылық барлау бөлімшесінің мамандары жұмысқа іске кірісіп, қылмыс­керлер жүргізген қаржылық операцияларды бақылауға алады. Мамандар қылмыскерлер «дроп» деген бүркеншік атпен тіркеген банк картасына түскен барлық ақша аударымдарын зерделеп шыққан. Нәтижесінде интернет дүкеннің қызметін 500-ден аса тұтынушы пайдаланғаны және виртуалды дүкеннің бөгде адамдардың төлем карталары арқылы кемінде 15 мың рет есірткі сатқаны анықталды.

Жойылған интернет-дүкен арқылы синте­тикалық есірткілердің тек жаңа түрлері сатылған.

– Полицейлер арнайы мақсаттағы бөлімше қызметкерлерімен бірге Қостанай қаласына кіреберісте ішінде Рудный қаласының 30 жастағы тұрғыны мінген «Toyota Highlander» көлігін тоқ­татты. Автокөлік пен күдіктінің тұр­ғылықты мекенжайын тінту барысында 1 ки­лодан астам мефедрон, 3 млн теңге, 6 ноут­бук, 6 телефон, 5 банк картасы және әртүрлі операторлардың 5 SIM-картасы тәркіленді, – дейді облыстық полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков.

Күдікті синтетикалық есірткі заттарын алып-сатумен айналысқан. Департамент басшысының айтуынша, тәркіленген айғақтар интернет дүкеннің жұмыс істеу тәсілін, әкімшілерден бастап есірткіні тұтынушыға жеткізетін адамдарға дейін анықтауға мүмкін­дік береді. Бұл қылмыстық дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 297-бабының 3-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір күдіктілердің сыбайластарын анықтау мақсатында тергеу амалдары жүріп жатыр.

 

Қостанай облысы