13 Маусым, 2014

Қазақстан өндірісінің ту ұстаушысы

386 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
* Бүгін Астанада металлургтер конгресі ашылады Суретти тусирген Константин Вишниченко! Еліміздегі кен алыбы – Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігінің (ССКӨБ) құрылғанына биыл 60 жыл толады. Темір кенін өндіріп, байытатын кәсіпорынның даңқы бұл күнде тек Қазақстан емес, одан сырт жерлерге де мәлім. Ол қазір «ERG (Eurasian Resources Group) еншілес компаниясы ENRC құрамына кіреді. Алпыс жыл ішінде еліміздің кен өндірісінің ту ұстаушысы болған кен алыбы инновациялық технологияларды енгізудің, дамудың үлгісіне айналған. Жыл сайын өтетін «Astana Mining & Metallurgy» конгресі шеңберіндегі «Алтын Гефест» ұлттық салалық байқауының 2012 жылғы жеңімпазы «ССКӨБ» акционерлік қоғамының президенті Мұхамеджан ТҰРДАХУНОВ «Жыл кеншісі» атанып, кеудесіне ІІ дәрежелі «Кенші даңқы» белгісін таққан болатын. Кен алыбы кәсіпорнының басшысымен біздің әңгімеміз еліміз экономикасындағы жетекші саланың бүгінгі тынысы мен болашағы туралы өрбіді. – Мұхамеджан Мамаджанұлы, «Astana Mining & Metallurgy» конгресі еліміздің өндіріс саласы және сіздің кәсіпорын үшін қаншалықты маңызды? – Қазір экономиканың қай саласын дамытуда да ақпараттар маңызы үлкен. Конгресс тәжірибе алмасу және күрмеуі күрделі мәселелердің шешімі жөнінде ақпараттар алмасатын үнқатысу алаңына айналады. Сонысымен маңызды. Кен өндіру саласының ығай мен сығайлары жиналған басқосуда жаңа жетістіктер мен үздік технологиялар жөнінде айтылады. Конгресс делегаттары әріптестерімен жаңа ынтымақтастыққа қол жеткізеді, яғни кен-металлургия саласына озық технология тарту, дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел экономикасын дамытудың басымдықтары қатарында үдемелі индустрияландыруды, инновация енгізуді, сол арқылы өнімділікті жоғарылатуды атаған еді. ССКӨБ ұжымы осы меже үдесінен шығуға, еліміз кен кәсіпорындарының, индустриясының ту ұстаушысы тұғырынан төмендемеуге және Қостанай облысының да даңқын арттыра беруге тырысады. – Биыл елімізде үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағ­дарламасы мәреге жетеді. Әрине, инвес­тициялық жобаларды жүзеге асыруда ССКӨБ-тің бітіргені де, беделі де жоғары екені рас. Президент Нұрсұлтан Назар­баевтың кеудеңізге «Отан» орденін қадауы осы үлкен еңбектің жемісі деп білеміз. Кен алыбы Қазақстан өндірісінің алдында келеді. Кәсіпорын осы шыққан биігінде тұра ала ма? – Біздің кәсіпорын жұмысының бір ғана қағидасы бар, ол –даму. Ұстанған да, ұстанар да темірқазығымыз осы. Үде­мелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы Тәуелсіз Қазақ­станның экономикасын дамытудағы бас­ты экономикалық саясаттың бірі болды. Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігі осы бағдарламаға белсене қатысты. Ондаған жоғары технологиялық өндірістің арасында бірлестік жобалары да бар. ССКӨБ-тің жылына 75 мың тонна өнім беретін металл илек зауыты осы бағдарлама шеңберінде дүниеге келді. Бұл жаңа өндіріс еліміздегі металлургия саласындағы «жарып шыққан» алғашқы жоба болып табылады. Осы жобаның арқасында біздің бірлестік кен өндіру қатарында ғана қалмай, кен-металлургиялық кәсіпорындар қатарына енді. Кеншілердің тағы бір жетістігін айтайын. Фабрика кешенінде №17 жаңа тех­но­логиялық секция іске қосылды. Бұл жоба да еліміздің Индустрияландыру кар­­та­сына енді. Жаңа секция құрамында 66 пайыз темір бар концентратты жылына 18 миллион тоннаға дейін өндіруге мүмкіндік береді. Осының соңынан ілесе бірлестікте тағы бір жаңа жоба өмірге жолдама алды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп, салтанатты түрде өндірістегі жылу-энергетикалық орталығындағы алтыншы энергоблоктың тетігін іске қосқан еді. Соның нәтижесінде кәсіпорын өзіне қажетті электр энергиясының 70 пайызын өз күшімен өндіреді. Ал бұл өнімнің өзіндік құнын анағұрлым төмендетті. Міне, бүгінде кәсіпорындағы өнім өндіру көлемін арттыруға ықпал еткен осы жобалар ССКӨБ-тің инновациялық бағдарламаларды жүзеге асыруда көшбасшы бола береріне сендіре түседі. Біздің даму бағытымыздың мультипликативтік сипаты бар. Бір жобадан екіншісі туындап, олар бірін бірі толықтырып отырады. Біздің бірлестіктің экономикалық дамуына кен орындарын кеңейтудің басты ықпалы бар. Ол, әсіресе, Оңтүстік Сарыбай кенішін игерумен тікелей байланысты. Сонымен қатар 1975 жылдан басталған Качар карьерінің де маңызы зор. Жоба бойынша оның тереңдігі 750 метрге дейін жетеді. Бүгінде карьерде әлемдік бренд болып саналатын заманауи техникалар мен құралдар пайдаланылады. Мысалы, шөмішін бір салғанда 20, 27 текше метр топырақ алатын HITACHI гидравликалық экскаваторлары, осы маркадағы 180 тонналық самосвал машиналары жұмыс істейді. Кен автомобиль және теміржол көліктерімен тасылады. Енді жақын арада оған конвейерлік тәсілді қосамыз. Бұл жобаның құны 180 миллион АҚШ доллары тұрады.  – Халқымызда «үйдегі бағаны базардағы нарық бұзады» деген сөз бар. Кен алыбындағы экономикалық жобалар таңғалдырады. Алайда, бүгінде әлемдік нарық күрделі жағдайды бастан кешіп отыр ғой. Экономикалық, қаржылық дағдарыстар ССКӨБ-тің қызметіне қалай әсер етеді? Мыңдаған адамдарды асырап отырған қала құраушы кәсіпорын дағдарыстарға бейжай қарай алмайтынын түсінеміз. – Дағдарыстардың теріс әсері болмай қалмайды. Дегенмен, экономикалық дағдарыстарға қарамастан, біз Қытай компанияларымен және Магнитогор металлургия комбинатымен көптен бері тығыз байланыстамыз. Мұндай іскер байланысымыздың нығаюына Кеден одағының да ықпалы бар. Қазір Ресей және қазақстандық кәсіпорын базасында бірлескен құрылымдар құрып жатырмыз, олар бірін бірі толықтыра түседі. Мұндай бірлескен жобалар өндірісте екі жаққа да тиімді, ең бастысы, алға ілгерілеуді, дамуды қамтамасыз етеді. Кәсіпорын әлеуметтік саланы дамытатын инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асырады. Елбасының тапсырмасы­мен биыл бірінші сәуірден бас­тап Еуразия тобының басшылығы Қазақ­стан­дағы барлық компанияларының кәсіпорын­дарында еңбекақыны 10 пайызға көбейтуге шешім қабылдады. Мұндай шешім 2012 жылы да қабылданған болатын. Мұ­ның өзі компанияның адам еңбегіне қам­қор­лығы және бизнестің әлеуметтік жауап­кершілігінің нағыз жарқын мысалы емес пе? – Расында, ССКӨБ-тің әлеуметтік әріптестік дәстүрін жұртшылық та ризалықпен айтады. Республикалық «Парыз» байқауында кәсіпорынның екі рет жеңімпаз атануы соның жарқын мысалы екені даусыз. Мұны кен алыбының ұжымы, басшылығы қалай бағалайды? – Мұндай жоғары награда ең алдымен ССКӨБ үлкен ұжымының еңбегі әрі мақтанышы. Ал өндіріс жетекшілері үшін әлеуметтік жауапкершіліктің нағыз үлгісі болуға итермелейді. Компанияның табыс­ты жұмысы біздің қызметкерлеріміздің , олардың тұрмысының таразысындай өңірдің әлеуметтік дамуына тығыз байланысты. Сол әлеуметтік жағдайды кәсіпорынның жасайтынын айтуым керек емес пе? Біз осылай кешенді іс жүргіземіз. ERG мен Қостанай облыстық әкімдігі арасында 10 жылдан бері ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойылып келеді. Ол әлеуметтік саланың – денсаулық сақтау, мәдениет, білім беру, спорт сияқты барлық жағын қамтиды. Осының барлығы сайып келгенде, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Стратегия-2050» бағдарламасындағы Қазақстанды жақын он жылда дамытудың басты бағыты болып табылатын әлеуметтік жаңғырту міндеттерінің шешімін табуына жағдай жасайды. Кен алыбының әлеуметтік саланы қаншалықты қолдайтынына Рудный қаласы мен Качар поселкесінің абат көркі куә дер едім. Мұнда жарты ғасырға жуық қол тимеген жылу жүйесіне ірі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оған кеткен қаржының барлығын ССКӨБ өз мойнына алды. Бөлінген қаржы тариф кестесіне енгізілмегендіктен, оның тұтынушыларға ешқандай әсері болған жоқ, яғни жылу бағасы қымбаттаған жоқ. Сонымен қатар, қаланың ішкі жолдары, поселкедегі тұтас бір үй жөнделді. Ол үйдің ауласы тұрғындар үшін нағыз үлгі болғанын да айтқым келеді. Адамдар денсаулығы ССКӨБ қыз­метінде басты назарда ұсталады. Рудный қаласында орналасқан «Рассвет» емдеу-сауықтыру орталығында кәсіпорындағы әр жұмысшының жақсы демалуға, ден­саулығын түзеуіне жағдай жасалған. Онда заманауи диагностикалық және емдеу құралдары игілікке айналуда. Пери­наталдық орталыққа да көлемді қаржы бөлінді. Соның арқасында мұнда кеншілер қаласындағы дүние есігін ашқан нәрестелерге жоғары біліктілікпен көмек көрсетіледі. Кәсіпорынның қызметкерлері мен жұмысшыларының, Рудный қаласы тұрғындарының жүрегіне операция жасау үшін енді облыс орталығына немесе өзге де ірі қалаларға барудың қажеті жоқ. ССКӨБ бөлген қаржыға Рудный қалалық ауруханасы кардиохирургиялық операция үшін заманауи жабдық алды. Ауруханада бүгінде қандай күрделі операциялар да жасалып жүр. Ал Рудный қалалық «Жедел жәрдем» стансасына автоматтандырылған диспетчер жүйесі, анықтама-статистикалық және әкімшілік қызметі бар заманауи кешен сатып алып бердік. Өткен жылы Тұңғыш Президент күні қарсаңында кеншілер қаласының бүлдір­шіндері үшін балабақша есігін айқара ашты. Бұл ССКӨБ үшін маңызды оқиғаға айналды. Балалардың жазғы демалысы да шешімін тапты. Желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпақ тәрбиесін ойлағанда кәсіпорын қандай көмектен де бас тартпайды. Оқу орындарына бөлетін қаржы соның дәлелі десек болар. «Горняк» жастар спорт клубы базасында балаларға арналған түрлі секция­лар жұмыс істейді. Ол үшін клубтың спорт залдары, тренажерлары, жүзу бассейндері, стадионы қалалықтар мен спортшыларға әрдайым ашық. Качар кентінде де үлкен денешынықтыру-сауықтыру кешені бой түзеді. Онда тренажерлық, күрес, бокс және баскетбол, волейбол, шағын футбол ойнайтын залдар бар. Мұның сыртында келушілерге толық қолайлылық жасау үшін кешен ішінде киім шешетін, жуынатын, медицина қызметкері отыратын орын да бар. Біз мұны качарлық кеншілер олардың балалары, отбасылары бос уақытын мағыналы өткізсін, спортпен айналыссын деген мақсатпен жасадық. ССКӨБ көмегімен Рудный қаласы мен Качарда мешіт, православиелік шіркеу, Қостанай қаласында синагога салдық. Қазір Качарда шіркеудің құрылысы басталды. Ол кәсіпорынға 450 миллион теңгеге түспек. Кен өндірісі кәсіпорнының қайырымды ісін осылай тізе беруге болады. Әрине, бұлардың барығы да адамдар үшін, өйткені, біздің әлеуметтік салаға жасаған ісіміздің барлығы адамдарға қуаныш сыйлайды. DSC_8339 Экскаватор Хитачи для Качарского РУ – Осыдан 60 жыл бұрын сайын далаға шатыр тіккен кеншілер, алғашқы құры­лысшылар қазір құрметті демалыс­та, өмірдің заңымен олардың көпшілігі қазір арамызда жоқ. Олардан кейін бір­неше толқын кеншілер келді. Аға ұр­пақтың ізін жалғастырған бүгінгі жас­тар туралы не айтар едіңіз? – Кен алыбының тарихы өте бай. Бұрынғы Кеңестер Одағы бойынша, ал қазір дүние жүзіндегі санаулы алып кен орындарының бірінен саналатын Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігі құрыш қолды жандардың маңдай терімен тұрғызылды. Алпыс жылда заманауи техникалармен, озық технологиямен жұмыс істейтін осындай алып кәсіпорынға айналды. Бүгінде мұнда 18 мыңнан аса адам жұмыс істейді. Ал біз ардагерлерімізді ешқашан ұмыт қалдырмаймыз. Бүгінгі күні ардагерлер ұйымында 7500 шамасындағы адам есепте тұрады. Олардың әрқайсысы құрметке лайық. Әлсабыр Дәрменбаев алғашқы шатырды тіккендердің бірінен саналады. Ол кісі қазір ССКӨБ-тің ардагерлер кеңесін басқарады. Федор Чикунов бірлестіктегі кен теміржол көлігі басқармасын басқарды. Иван Панченко Сарыбай кен басқармасында қызмет етті, ал Социалистік Еңбек Ері Лео­нид Петров Соколов кенішінде еңбек етті. Осы ардагерлеріміздің өмірі және еңбек жолдарын өнеге тұтқан бүгінгі жастарымызды мен мақтан етемін. Олармен кездесуге, әңгімелесуге қашанда уақыт табуға тырысамын. Үлкен ұжымдағы жас қызметкерлерге қарап олардан күш-жігер алғандай боласың, жастардың бастамалары ылғи да алға сүйрейді. Біздің кәсіпорында 18 жылдан бері жастар саясаты бөлімі жұмыс істейді. Мен оларды қашанда қолдап отырамын, бірлестікті алға апаратын жігерлі, білімді жастар деп білемін. Жастардың қызықты бас­тамалары арқасында біздің ұжымда жақ­сы дәстүрлер қалыптасты. Мысалы, жастар сая­саты бөлімі ұжымда ғылыми-техникалық конференция өткізуді ұсынды. Бірлестіктегі жастар үшін «дублер күні», туристік слеттер, КВН-фестиваль, түрлі жарыстар, байқаулар ұйымдатырылып отырады. Біз білімін, мамандық біліктілігін көтере­мін деген жастарға таптырмайтын мүмкіндіктер береміз. Кәсіпорын бас­шылығы кәсіби, лауазым, мансап тұр­ғысынан өсемін деп талпынған жастарды тек қолдайды. Біздің жастардың көп­шілігі өз мүмкіндігін, қабілетін жар­қылдап көрсетіп те жүр. «Ең үздік жас маман», «Ең үздік жас қызметкер» байқауларының қорытындыларынан кейін осындай атты иеленеді. Бұл арзан атақ емес, бұл –ұжы­мы, әріптестері алдындағы үлкен жауап­кершілік. Мысалы, кен дайындау және байы­ту фабрикасының машинист-диірменшісі Анатолий Еремин, Качар кен теміржол көлігі басқармасының ауыр агрегат машинисінің көмекшісі Алмат Медібаев, жентек өнді­рісі фабрикасының механигі Владимир Комаров, «Соколовская» кен шахтасының шебері Владимир Голубинцев және тағы басқалар мұндай атақтың құрметі мен жауапкершілігін сезінді. Өсу баспалдағы бізде осылай басталады. – Мерейлі жасқа толып отырған мере­келеріңіз алдында өз ұжымыңызға қан­дай тілек айтар едіңіз? – Осындай алып кен кәсіпорнында қызмет еткенін, кенші болғанын біздің ұжымның әр мүшесі мақтан етеді. Біздің Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігінің үлкен ұжымы жоғары кәсіби білікті мыңдаған мамандар мен жұмысшылардың, қандай мәселеде де сенім артатын пікірлестердің командасы дер едім. Мен «жеткен жетістікке тоқмейілсімей алға ұмтыла берейік, бірге табысқа жеттік, жаңа белестерді де бірге бағындырайық!» дегім келеді. Өйткені, алда алар асу көп, жүзеге асырар жаңа стратегиялық жобалар күтіп тұр. Әңгімелескен Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». Қостанай облысы, Рудный қаласы.