Аймақтар • 23 Қаңтар, 2023

Сапалы тері өңдеу мен өткізудің машақаты

606 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Әдемі тон, сапалы аяқкиім дайындайтын терінің мәселесі қордаланып қалды. Соңғы он жылдықта Үкіметпен де, банкпен де, тіпті бизнеспен де тіл табыса алмай келе жатқан салалардың бірі – ірі қара терісін кәдеге жарату саласы. Тері өңдеушілер мен аяқкиім әзірлеуші арасында өзіндік нарық қалыптаспағанын сала өкілдері де жиі айтады. Соңғысы әлі күнге дейін көрші елдің нарығына көз сүзіп, сапалы теріні сол жақтан алуға тырысады.

Сапалы тері өңдеу мен өткізудің машақаты

Субсидия сегментті айналып өтеді

Мал шаруашылығында жем-шөбіне, сүт пен етіне берілетін суб­сидия тері өңдеу сегментін ай­налып өтеді. Мал терісінің өзге мем­лекеттерге, негізінен, Қытай, Қыр­ғызстан мен Өзбекстанға шикі­зат түрінде арзанға сатылып, кейін дайын өнім түрінде әл­де­неше есе қымбатқа кері қай­­та­тынын Мәжіліс депутаттары осы­ған дейін де бірнеше рет айтты.

Кейбір сарапшылардың дере­гіне ден қойсақ, мал терісі көлең­келі жолдармен экспортталып, мемлекеттік органдардың есебіне енбей қалған. Көлеңкелі тері экспортының жалпы сомасы 2 млрд еуро деген пікір де бар.

Қоғам қайраткері, экономист Қуаныш Айтахановтың айтуынша, Үкімет мал терісін кәдеге жарату мәселесіне 2014-2015 жылдардан бері ғана ішінара көңіл бөле бастады. Бірақ оның сипаты мал терісінің экспортын шектеу немесе шектеуді алып тастаумен ғана шектелді. Елдегі малдың 80 пайызы жекенің қоражайында. Сол қоражайда талай тері тулақ болып жатыр. Себебі сатып алар ешкім жоқ. Қалаға әкеліп өткізу еңбекті ақтамайды. Бағасы да тым арзан. Экономистің айтуынша, мал шаруашылығы малды күтіп, баптаудан бастап мал терісін дайындау, өткізуге дейін­гі технологиялық тізбектен тұра­тын үлкен кешенді сала. Тара­тып айтсақ, теріден шығатын ақуыздан шұ­жық­тың сыртындағы қабын жасай­ды. Медицинада да пайдаланады. Ең жоғары сапалы тері өнімдерінен дәрінің капсуласы, желатин әзірленеді. Ара­дағы байланыс үзіліп қалса, екін­шісінің де дамуына кері әсер етеді. Кеңес одағы кезінде жыл­дар бойы қалыптасқан тізбек­ті 1990-жылдардың екінші жар­ты­сында талқандап алдық. Малдың етін ғана пайдаға жаратып, терісі мен жүні далада шашылып қалды. «Мал терісін, жүнін кәдеге жарата алмадық, технологиялық тізбек үзіліп қал­ды, бұл жеңіл өнеркәсіптің тұра­лап қалуына әсер етті. Пар­ламентте бұл мәселе бірнеше рет көтерілсе де назарға алынбады», дейді Қ.Айтаханов.

 

Инвесторлар үшін тартымсыз

Сарапшылардың сөзіне ден қой­сақ, мал терісін тереңдеп өң­деу сегменті әзірге инвесторлар үшін тартымсыз. Инвесторлар дамудың қанатына жармасып тұрған салаларға ғана мойын бұрады. 2000-жылдардың орта шенінде түрік инвесторлары оңтүстік-шығыс аймақтардан мал терісін тереңдетіп өңдейтін, аяқкиім, тон тігетін кәсіпорындар ашпақ деген әңгіме тарады да, басылып қалды. Түрік инвесторлары Алматыдан мал терісінен желатин дайындайтын зауыт ашады деген жаңалықтың да аяғы созылып барады.

«Бизнес қиюы кеткен салаға аттап баспайды. Мал терісін өңдеу үшін мемлекеттік бағдарлама қажет, оны жүзеге асыратын ми­нистр­ліктердің, нақты тұлғалар­дың жауапкершілігі нақтылануға тиіс. Сол кезде ғана салада ілгері­леу болады», деп сөзін түйіндеді Қ.Айтаханов.

Қазақстан тері өңдеушілер қауымдастығының төрағасы Нұрман Нүптекеев – тері өңдеу са­ласында тәжірибе жинаған м­аман. Оның айтуынша, мал тері­сін өңдеу, тері былғары да­йын­дау саласы Индустрия және инфрақұрылымдық даму ми­­нистр­лігіндегі алпауыт кәсіп­орын­дар көлеңкесінде қалып қойды.

«Ірі қара мал мен қой терісін өңдейтін зауыттар мен цехтардың құрылғылар мен жабдықтарын жаңалауға арнайы лизингтік бағдарлама қабылданса деген та­лап-тілегіміз бар. Себебі жаб­­дықтардың тозығы жеткен, жаңа заман талабына сай емес. Заманауи тері өңдеу жабдық­тарының бағасы өте қымбат, тері өңдеумен айналысып жүр­гендер оны өз қаражатына а­ла алмайды. Лизингтік бағ­дар­­лама қабылдануға тиіс деп есеп­теймін. Мемлекеттік қор­ға­ныс тапсырысында және квази­мем­лекеттік секторда сиыр және қой терілері пайдаланылған отандық өнімдерге деген тапсырыс көлемін ұлғайту арқылы өндірістің күре тамырына қан жүгірте аламыз. Мәселен, был­ғары­дан тігілген жаздық, қыс­тық аяқкиімдер, құрылыс секторы­на қажетті аяқкиімдер, қой те­рі­­сінен тігілген кеудеше­лер, тон­дар, байпақтар, шұлық, қол­ғап­ сияқты бұйымдарды мем­ле­кет­тік сатып алу тізіміне ен­гізсе, отандық та­уар өндіруші­лер жұмыс істер еді», деді Н.Нүптекеев.

 

Жылына 3 млн тері өңдеуге болады

Тері өңдейтін кәсіпорын­дар­дың көсегесін көгертпей отыр­ған тағы бір мәселе, химиялық қос­па­лар­дың көп бөлігі – импорт. Тері өндірісі тоқтамай жүріп тұру үшін зауытта аз дегенде 3-5 ай­лық қор болуы керек. «Қазақ­стан­да өндірілетін химия­лық реагенттер еркін қойма режімінде қосымша құн салығынан босатылса, Астана, Алматы секілді ірі қалаларда қажетті химиялық қоспалардың барлық түрін қамтыған қойма ашылса, тері өңдеушілерге үлкен көмек болар еді, дамуға тың серпін берер еді», дейді Н.Нүптекеев.

Қазақстанда өндірілетін, экс­портқа шығарылатын жартылай өңделген тері өнімдерін Үкімет тарапынан субсидиялау арқылы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және шикізаттың сапасын жақсартуға ықпал етеді деген пікір жиі айтылады. Ал мемлекет тарапынан экспортқа шығарылатын кейбір тауарларға субсидия бере алсақ, баға да, сапа да жақсарар еді. Сарапшының айтуынша, Қазақстанда өңделген тері жартылай өңделген – WET Blue дәрежесіне жатады. Одан кейінгі Crast дәрежесінде 70 пайыз өңделеді. Ал Finish дәре­же­сінде таза былғары болып шы­ғады. Әлемдік нарықта қаны жерге тамбай тұрған Италияның «Kelton» аяқкиім бренді Finish деңгейінде өңделген былғарыдан дайындалған.

Сарапшының айтуынша, жан-жағымыздағы елдер тері экспортына тыйым салып, жартылай фабрикат экспортына жөнелтілетін партия құнының 10 пайызына кедендік баж салығын белгілеген. Өзбек елінде төрт жылдан бері тері өңдеу саласын дамытудың кешенді бағдарламасы іске асырылып жатыр. Жеке тұлғалардан қабылдаған теріге қосылған құн салығы салынбайды. Ал Ре­сей­де өңделмеген тері экспорты­на 2015 жылдан бері тыйым бар. Осы кезең­де бұл елде теріні терең­де­тіп өңдеу көлемі 15,7 пайызға, өндіріс көлемі 8,5 пайызға өсті.

«Өндіріс тізбегінің осы саты­ларының бәрін дамытсақ, аяқкиім шығарып, жиһаз бұйым­дарын өн­діруге болады. Белдіктен бас­­тап сөмкелерге дейін шикі­за­тын өзімізде дайындауға мүм­­кіндік туады. Бізде теріні дайындаудың технологиялық тізбегі болмағандықтан, ешкім инвестиция салмайды. Толық өңделген тері жасау үшін қажет­ті қондырғының бәрі қымбат. Мысалы, Италияда жасалатын қондырғылардың кейбірі 500 мың еуро тұрады. Қазір кәсіпкерлер өз бетімен банктерден несие сұрап, лизинг беруші компанияларға ұсыныстарын беріп, әрқайсысы толық өңдеу қондырғыларына қол жеткізуді армандап жүр», дейді Н.Нүптекеев.

Қауымдастық төрағасы елі­міз­де бұл саланы экспорттық баж салығы арқылы ғана қорғап отырғанымызды айтып өтті. Баж салығы төмендесе қолдағы тері жан-жағымызға кетіп қалуы әбден мүмкін. 2020 жылдың қараша айында Сыртқы сауда және халықаралық ұйымдарға қаты­­су мәселелері жөніндегі ве­домс­твоаралық комиссия Үкі­мет­ке осы бажды алып тастау ту­ралы ұсыныс енгізгені белгі­лі. Мұның ең жоғарғы мөл­шері тоннасына 200 еуродан ас­пауы керек. Қазіргі баға 200 еуро­мен Қазақстаннан импорт­тау қымбатқа түседі. Бірақ тері экс­портының лоббистері Парла­мент арқылы баж салығын тө­мендетуге тырысып жүр.

Н.Нүптекеевтің айтуынша, елдегі зауыттар жобалық қуатымен толық жұмыс істесе, жылына 3 млн теріні еркін өңдей алады. Қазір аз-мұз тапсырыспен жылына 1 млн 750 мың теріні өңдеп отыр. Маман сөз арасында Қазақстанда дайындалатын мал терісінің табиғи сапасы туралы айтып өтті. Табиғат ерекшеліктеріне байланысты мал терісінің табиғи тесік көздерінің (пора) арасы тығыз, серіппелі, жоғарыда айтып өткен Finish үдерісі кезінде ыдырап кетпей, табиғи қалпын сақтап қалады. Бірақ мал азығы құрамындағы дәрумендердің жетіспеушілігі, мал сою талаптарының сақтал­мауы тері сапасына кері әсер етеді. Дәрумендердің жетіс­пеу­шілігінен тері ақтаңдақтанып, мұның соңы селдіреп, ең төменгі деңгейдегі өңдеу кезінде де ыдырап кетеді.

«Жартылай өңделген тері да­йын былғарыға айналғанша түрлі өндіріс тізбегінен жүріп өтеді. Біздің мүмкіндігіміз теріні Finish дәрежесінде өңдеуге жетпейді. Қазір әлемдік нарықтағы терінің бәсін желатин ұстап отыр. Біз­дің елде жарам­сыз деп жела­тинге жіберілген тері­лер батыс елдерінде көлік­тердің салон­дары­на, үй жиһаз­дарына қол­да­ны­лады», дейді қауымдас­тық төрағасы.

Оның айтуынша, елімізде желатиннің мүмкіндігіне назар аударыла бермейді. Ресей, Өзбекстан сапасыз мал терісі­нен желатин шығаратын он­да­ған зауыттар салып тастады. Қазір әлемдік нарықта тері өнді­рісіндегі бағаны желатин теңес­тіріп тұр. «Біздегі кішігірім зауыттар өздерінің сұранысын қанағаттандыратын деңгейде желатин дайындап отыр. Мұны зауытын банкроттықтан сақтап қалудан туған әрекет деуге де болады. Еліміздің солтүстік, оңтүстік аймақтарынан желатин дайындайтын зауыттар салынса, тек жеңіл өнеркәсіп емес, азық-түлік өнімдері, құрылыс секторында да импортқа тәуелділік деңгейі төмендейді. Өңделген тері өнімдерін қабылдау бағасы көтеріліп, түрлі отандық сала­ның желатинге сұранысы өтелер еді», дейді Н.Нүптекеев.

 

Сапалы тері – Шымкентте

Ең жақсы терілер Шымкент жақтан келеді. Басқа жерде тері бағасы 10 доллар болса, Шым­кентте – 20 доллар. Бұл Шым­­кеттегі ағайындардың қол­дағы барды ұқсатуға тырысқан жан­кешті әрекетінің нәтижесі. Қазір Өзбекстанның терілері Қытайда 50 долларға сатылса, біздің терінің бағасы 30-35 дол­лардан аспайды. Қалыпты тері­лер 10-15 доллардан сатылып жатыр. Қазақстан бойынша ең үлкен кәсіпорын – жылына 1,5 млн ірі қараның терісін өң­дей­тін қуаты бар Алматы тері өң­деу зауыты екені, Орталық Азиядағы ең үлкен зауыттың бірі сол екені айтылып жүр. Екі­бастұз, Пет­ропавл, Семей, Шым­кент, Қордай мен Арқалықта зауыт­тар бар. Таразда бұрынғы аяқкиім шығаратын фабриканың құра­мында болған зауыт қазір дербес кәсіпорын болды. Ақтөбеде, Орал­дағы зауыттар бір істеп, бір тоқтап жүр. Нақты жұ­мыс істеп тұрғаны – осы 7 зауыт.

Алматыдағы тері өңдейтін, тері бұйымдарын дайындайтын зауыттың коммерциялық директоры Михаил Сотников шикі­затты Алматының айнала­сындағы шағын ауылдардан алатынын айтты. Ал тапсырыс берушілер еліміздегі тігін фабрикалары, аяқкиім дайындайтын шағын кәсіпорындардан келеді. Тері өңдеумен тікелей айналысқанына 10-15 жыл болып қалғанын айтқан М.Сотников мал сою мәселесінде біршама проблема бар екенін қаперге салды. Бұрынғыдай ет комбинаттарында орталықтандырылған сою жоқ. Көбіне пышақ тиіп, тесілген, кесілген күйінде келеді. Мал сою кезінде теріні «меха­ника­лық сыпыру әдістерін» қол­данбайды, терінің майын сы­лып тастау, тұздау, кептіру әдістерінде технологиялық талаптар сақталмайды. Малдың бағымы, күтімі де терінің сапасына тікелей әсер етеді. Вакциналау да бар. Дер кезінде ем-дом алма­ған мал терісі ақжемденіп, ыдырауға бейім тұрады.

«Қазақтар малды қалай сою керектігін ұмытып қалған сияқ­ты. Мал терісіне табыс көзі деп қараса, мұн­­дай са­уат­сыз­дыққа жол беріл­­ме­с еді. Мұн­дай терілер өң­деуге жібе­ріл­мейді», дейді М.Сотников.

Сондай-ақ елде Үкімет тарапынан тері өңдеуге деген қызығу­шылық төмен. Экон­омика, жеңіл өнеркәсіп, машина жасаудағы кемшін тұстарымыз саланың дамуына кері әсерін тигізіп жатыр. Көлік салондарындағы немесе үй жиһаздарында қолданатын бөлшектелген теріні өзімізде дайындауға мүмкіндік бар. Оған шикізат та жетеді. Тері өңдеу мәселелері Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Сауда және интеграция министрлігінің арасында қалып қойды. Мал азығының құнарлылығын сақтау, екпе жұмыстарының қалай жүріп жатқанын ешкім білмейді.

«Егер мал терісін қабыл­дау жоғары деңгейде ұйымдас­ты­рылса, тері өткізгені үшін қо­сым­ша демеуқаржы берілсе, тері дайындау ісі құлдырап кетпес еді. Ауыл шаруашылығының өзге салаларындағы мемлекеттің демеу­қаржысы тері өңдеу саласын айналып өтеді. Мұның бәрі біздің жұмысымызға кері әсерін тигізеді. Қазір зауыт өзінің мүмкіндігін толық пай­далана алмай отыр. Біз зауыт­тың мүмкіндігін қолдағы бар шикізат­қа және сұранысқа қарап үйлестіріп отырамыз», деді М.Сотников.

 

АЛМАТЫ