Сұхбат • 24 Қаңтар, 2023

Өнердің өріне талпынған

291 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Дәуренбек Сләмғали ән салса, бүкіл қазақ жұрты дидарын Ертіс даласына бұратындай. Әншілік өнері бабына келіп, бәйге біткеннің кез келген түрінен тайсалмайтын жас талант жуырда республиканың өнер саңлақтарын тамсантып қайтты. Әміре Қашаубаев атындағы дәстүрлі ән орындаушылар конкурсында шашасына шаң жұқтырмаған жүйрік бас жүлдені қанжығасына байлап, Кереку ән мектебінің дүлдүлдері Жаяу Мұса мен Жарылғапберді Жұмабайұлының жолын жалғар сайыпқырандардың жаңа буыны өсіп келе жатқанын тағы бір айғақтады.

Өнердің өріне талпынған

– Дәуренбек, жуықта Әміре атындағы байқаудың бас жүл­десін жеңіп алдың. Құтты болсын!..

– Ғасыр бұрын қазағымыздың орындаушылық өнерін Париж төрінде бүкіл әлемге әйгілеген Әмі­ре атамыздың атындағы бұл конкурс шын мәнінде мен үшін өнердің жаңа сатысына көтерілудің баспалдағы болды. 2020 жылы бұл сайыс қашықтан (онлайн) өткенде жүлдегер атанғаным да бар. Бірақ бұл жолы бас жүлдеге қол со­зу­ға бе­кі­ніп бардым. Сөйтіп, бір мақ­­сатым орын­­­дал­­ғандай болды. Жалпы, конкурсқа бар­ған­да репертуарым то­лығып қалады. Әр ән­шінің әбден иін қан­ды­­рып, тігісін жатқызып айтатын ән­­­дері болады ғой. Байқауда халық әні «Ісмет», Ақан серінің «Құлагер», Уәйіс Шоңдыбаевтың «Перуайым», Рамазан Елубаевтың «Жас қазақ» ән­дерін орындап, қазылар алқасының жоғары бағасын алдым. Қатысқан 44 әншінің арасында өзім өнерлерін ерек­ше бағалайтын ағаларым да болды. Бізді әуелі Құрманғазы атын­дағы Қазақ ұлттық консерваториясында тың­далымнан өткізген-тұғын. Ол жерде аса бір толғаныс, тебіреністі күй кеш­тім, өзге аймақтардағы таланттармен бір қатарда ән салу өнер жолында енді таныла бастаған мен үшін бұл бір өсу, ашылу кезеңі сынды.

– Өнер жолына түсуіңе не әсер етті?

– Иә, қанымызда әншілік өнер бар. Әжемнің айтуы бойынша ұлы атам Рахан домбыра шертіп, ән салыпты. Ауыл­дың алты ауызына келгенде атам мен әжем көптің алдын бермейтіні бар. Алғаш 7 жасымда ұстазым Қуандық Сыздықұлының дайындауымен көптің алдында Жаяу Мұсаның «Ақ сисасын» орындадым. Негізі кезінде менің әжемнің інісі, композитор Мейрам Ер­мекбаев деген атақты жерлесіміз болған. Сол кісінің шарапаты да тиген болар деп ойлаймын. Кейін домбыра үйреніп, 9-сыныптан соң облыс орталығындағы музыкалық колледжге қадам бастым. Мұнда Ербол Айтбаев, Амангелді Қо­жанов, Медғат Манапов сынды танымал әншілердің алдынан дәріс алып, арада төрт жыл өткенде Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияға жол тарттым. Еркін Шүкіманның сыныбына қабылданып, шыңдалдым. Міне, Павлодардағы Иса Байзақов атындағы филармонияда еңбек етіп жүргеніме 2 жылдан асты. Қазір мен үшін өнерім тасқындап тұрған кезең басталғандай.

– Қазіргі кезде репертуарыңда біраз дүние бар сияқты...

– Репертуарым соншалықты бай деп айту қиын. Мен енді ғана үлкен өнер бәйгесіне қосыла бастаған жанмын. Жасым 26-ға келді. Кезінде консерваторияда білім алғанда әр жыл сайын кемі 25 әнді меңгеріп, курс соңында емтихан тапсыратынбыз. Қазіргі өмірімде ондай талап болмаса да, әр кез мен үшін тың әндерге құмартып тұрамын. Қазір Абайдың «Есіңде бар ма жас күнің...», «Өзгеге көңілім тоярсың», «Сегізаяқ», «Көзімнің қарасы» әндерін мәдени іс-шараларда жиі шырқап жүрмін. Кез келген әнді орындаудың өз қиындығы бар. Мен үшін әзірше алынбай тұрған төбе – «Шама» әні. Жарылғапберді арқылы бізге жеткен қазақтың ұшан-теңіз музы­­­калық фольклорының ішіндегі шоқ­­­тығы биік туынды. «Шаманы» орын­­дау үшін дайындық керек. Кей­де әнді еркімнен тыс күбірлеп айтып, өзімді дайындап жүргендеймін. Жал­пы, қазақ даласындағы ән орындау мек­тебінің өзі 5 түрге: Арқа, Батыс, Сыр, Жетісу және Алтай-Тарбағатай болып бө­лінетіні белгілі. Мен көбіне Ма­нар­бек Ержановтың ән салу мәнерін қолданамын. Жүсіпбек Елебеков, Қали Байжановтың орындаушылық мектебі мүлде бөлек. Ал «Шаманы» жеріне жет­кізіп орындаған Қали Байжанов. Сон­дықтан бұл мәнерге бой ұрып, мең­геруге талпынып жатырмын. «Шамамен» дең­гейлес әндер көп. Мысал үшін Бір­жан салдың «Айтбайы». Құрылымы жа­ғынан Арқа даласы әндерінің диапозоны кең­деу болып келеді.

Дәстүрлі әнге қиянат жасамауды бала шағымнан өзіме серт еткенмін. Кез келген конкурсқа, мәдени іс-шараға барар алдында өзіме талап қойып, дайындалмаймын. Жаңа ән болса, бір-екі рет қана орындап көремін, сонымен шектелемін. Сахнада көмейімнен төгіліп жүре береді. Қазіргі арманым – үлкен сахналарда ән айту, соның ішінде Астанадағы үлкен сарайларда өнер көрсету.

– Бүгінгі тыңдарман аудиториясына қатысты не айтасың?

– Тыңдарманның талғам мәселесіне келгенде біржақты пікір айту қиын. Теледидардан, газет-журнал беттері арқылы дәстүрлі ән орындаушылық өнері аз насихатталып жүрген жоқ. Өзім тұрақты түрде көретін бағдарламалар мен оқитын айдарлар бар. Бір қызық айтайын, Кере­куде соңғы 2-3 жылда тойларда дәстүрлі әнге сұраныс айтарлықтай өсті. Тойдың басын дәстүрлі әнмен ашу үрдісі пайда болды. Соған қарағанда ұлттық дүние­мізге сусаған ұрпақ өсіп келеді. Менің замандастарымның, араласатын дос-жаран­дарымның арасында дәстүрлі әнді ав­токөлігінде ойнатып жүретіндер өте көп.

– Кешегі өткен Ақан сері, Жаяу Мұ­салар өз заманында университет бітір­­мей-ақ әншілігімен қазақ даласына танылды. Бүгінгі дәстүрлі әнші­лер сол ұлылардың жолын лайықты жал­ғастырып келе жатыр деп ойлайсың ба?

– Өнер адамына шеберлікті қай тұр­ғыдан асқақтатса да тұсау жоқ. Әттеген-айы, көбін тұрмыстың тауқыметі қажы­тып жүргенін байқаймын...

Қазір қазақ ән өнерінің айдынында кешегі өткен сал-серілерге татитын аға-апаларымыз жетерлік. Олардың көбі сананы тұрмыс билегендердің күйін кешіп жүрген сынды. Оларға қолдау керек. Кезінде халық әншілердің кем-кетігін өздері түзеп, бағыт беріп отырған деседі. Халықтың талғамына еңбек ету де ата-бабаларымыздың айнымас серті болса керек. Ал бүгінде бізге мұндай жауапкершілік артатын, талғамы биік тыңдаушы сирек.

Кереку өңірінде соңғы уақытта дәс­түрлі ән орындаушылардың байқау­лары мен фестивальдары үзіліп қалғанын айтқым келеді. Естай Беркімбайұлы атын­дағы конкурс соңғы уақытта өтпей жүр. Осылайша, біз өзіміздің әйгілі жер­лестеріміздің есімін насихаттауда ұятқа қалып жүргендейміз. Ертіс-Баян өңірінде дүниеге келген Жаяу Мұсаның, Жарылғапбердінің, Иса Байзақовтың, Иманжүсіптің атындағы республикалық ән байқаулары неге жоқ? Ән-жыр кеш­тері сирек өтеді. Осыны алдағы уа­қытта көңілдің биігінде ұстайтын өңір басшылары мен өнер жанашырлары табылар деген үміттемін.

– Әңгімеңе рахмет.

 

Әңгімелескен

Мұрат ҚАПАНҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»