Оқиға • 26 Қаңтар, 2023

Адам саудасының құрбандары

348 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Шетелге нәпақа айырамын деп барып, бақытты сәттерінен айырылған отандастарымыз қаншама? Бұрындары адам саудасы дегенді кинодан ғана көретін едік. Соңғы уақытта құлдыққа түскендер туралы жиі естіп жүрміз. Алысқа бармай-ақ, жуырда Дубайға жұмыс істейміз деп кеткен Исламбек пен Жарас есімді екі азаматтың тағ­дыры мысал бола алады.

Адам саудасының құрбандары

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Дубайда жоқ!

Екі жігіт шетелге жұмысқа шақырған­дардың арбауына түсіп, есірткі саудасымен айналысатындардың ортасына тап болған. Алғаш болып Исламбек Қазбековтің ата-анасы дабыл қаққан еді. Белгілі болғандай, Исламбек былтыр қыркүйекте туристік жолдама арқылы Дубайға кеткен. Кейін Исламбектің жоспары өзгеріп, БАӘ-де қалу туралы шешім қабылдаған. Ата-ана­сы­ның айтуынша, Исламбек қытайлық ком­паниялардың біріне аудармашы болып жұмысқа тұрған. Бұған дейін жас жігіт туыстарымен байланысқа жиі шығып тұрған. Алайда соңғы екі апта одан еш хабар болмаған. Кейін Исламбектің ата-анасы оның Дубайда жоқ екенін сол елдегі отандастарының чатынан білген. Кейіннен оны Тайландта жұмысқа алдап алып кетіп, үш мемлекеттің шекарасындағы «Ал­тын үшбұрыш» аймағы деп аталатын есірткі өндірісінің орталығына тап болғаны анықталды. Жарас Сейіткәрім де қыркүйекте Дубайға нәпақа табу мақсатында кетіп, Исламбекпен бірге екені расталды. Осы оқиғадан кейін Исламбек пен Жарастың ата-анасы құзырлы органдарға, оның ішінде еліміздің Сыртқы және Ішкі Істер министрліктеріне балаларының жоғалғаны жөнінде өтініш жазған.

Жуырда қос азаматтың аман-есен Қазақ­станға оралғаны туралы сүйінші жаңалық жетті. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың мәліметінше, екі азамат тұтқыннан қашып шыққан. «Осыдан бір-екі күн бұрын екеуі тұтқыннан қашып шықты деген жағымды жаңалықты естідік. Оларға сол жерден қашып шығуға жергілікті тұрғын көмектескен. Әрине, оған белгілі бір ақы төлеген. Осы жаңалықтан соң, біз оларға қауіпсіз орында жасырына тұруға кеңес бердік, сондай-ақ жігіттерге халықаралық үкіметтік емес ұйымның қызметкерін жібердік. Ол екі азаматты қала сыртына алып шығып, қонақ үйге жасырды. Біздің Бангкоктағы консул түн ішінде автокөлікпен шығып, оларды Бангкокқа алып келді», дейді Айбек Смадияров. Бұдан кейін ведомство өкілдері бір тәулік ішінде олардың құжаттарын реттеп, әуе билеттерін алып берген.

 

Отбасы институтын жандандыру маңызды

Естеріңізде болса, осыдан екі жыл бұрын 2016-2020 жылдар аралығында қыздарды Бахрейн Корольдігіне жезөкшелікке тартумен айналысқан трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталған еді. Қазақстан, Ресей және Бахрейн азаматтарынан құралған топтың құрамында 19 адам болған. Ал 39 бойжеткен жәбірленуші ретінде танылды. Олар – Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тұрғындары. Белгілі болғандай, 6 ару қылмыскерлерден қашып кеткенімен, елге орала алмаған. Сол кезде Ішкі істер министрлігі мен Сыртқы істер министрлігі бірлесе отырып, отандастарымызды тауып алып, Бахрейн, Түркия және Біріккен Араб Әмірліктерінен елге қайтарған болатын.

– Бізді бөтен адам қарсы алды. Со­сын қонақ үйге апарды. Қонақ үйге жай­ғас­тырғаннан кейін: «Құжаттарың менің қолымда болады. Мен сені сатып алған­мын», деді. Менен кейін де көптеген қыз­дың жезөкшеліктің жетегінде кеткеніне куә болдым. Олардың арасында кәмелет жасқа толмағандар да бар. Әбден қиналып, өздеріне қол жұмсап, тамырларын кескен жағдайлар болған, – деп еске алады жәбірленушінің бірі.

Әттеген-айы сол, кейбір қыздар шетелге не үшін бара жатқанын алдын ала білген. Яғни мұндай қадамға өз еркімен баратындар да кездеседі. Иә, әлеуметтік әлсіз топтың мүше­лері, қиын жағдайға тап болған қыз-келін­шектер қоғамнан алшақтап, оңай олжаға кенел­гісі келеді. Көбіне бұл жолға алкогольге тәуел­ді және жеңіл жүріске салынған әйелдер түседі екен.

«Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрғасы Бақытжамал Максилованың айтуынша, еліміздегі отбасы институтын әлі де жандандыра түсу керек.

– «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын ұйымдастырумен іс бітпес. Ерте жүктілік, жасанды түсік, суицид сияқты деректердің көп тіркелуі кәмелет жасқа толмаған қыздардың мектеп қабырғасында жүргенде-ақ зорлық-зомбылыққа ұрынатынына дәлел. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, көбіне жалғызбасты аналар жезөкшелік, ал әкелер ішкілік жолды таңдап жатады. Толық отбасында өспей, ерте жастан психикалық қысастыққа ұрынғандардың басым бөлігінің де болашағы бұлыңғыр. Көбіне ондай отбасынан шыққандар жезөкшелік жолды таңдайды немесе ішімдік, есірткі секілді тағы басқа нәпсінің құлына айналады. Сондықтан да әлеуметтік саясат, отбасылық институт бағытындағы жұмыстарды жетіл­діре түскен абзал, – дейді ол.

Жоғарыда шетелде құлдыққа түскен отан­дас­тарымыздың тағдыры айтылды. Елімізде де мұндай факторлар жоқ емес. Статистикалық деректерге сүйенсек, жыл сайын елімізде адам саудасына қатысты 100-ге жуық қылмыстық іс тіркелетін көрінеді. Шалғайдағы фермерлік қожалықтарда өз ықтиярынсыз жұмысқа жегілген жан­дар аз емес. Қаракөз қыздарымыз «жеңге­тайлардың» жетегінде кетіп, бала сату деректері кездесіп жатады.

 

Заң жобасынан не күтеміз?

Елімізде алғаш рет Адам саудасына қарсы күрес туралы заң жобасы әзірле­ніп жатыр. Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың айтуынша, бүгінде 2021-2023 жылға арналған кешенді шаралар қолға алынып, бұл іске мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың мамандары, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері атсалысып, жоба жан-жақты зерттеліп жатқан көрінеді. Осы жылдың сәуір айында заң жобасы Мәжілістің талқылауына ұсынылмақ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында адам саудасы проблемасының өзектілігін, мұндай қылмыстарды тергеу және кінәлі­лерді сот тәртібімен жазалау рәсімін жақсарту қажеттігін, сондай-ақ мемлекеттік органдардың іс-қимылын үйлестірудің маңыздылығын атап өтті. Осыны негізге ала отырып, бүгінде уәкілетті органдар дәйекті жұмыс жүргізіп те келеді. Ішкі істер министрлігі жүйелі негізде осындай факторларды анықтауға бағытталған республикалық жедел алдын алу іс-шараларын қолға алған.

– БҰҰ мәліметтері бойынша адам саудасының ең көп тараған түрі – жыныстық қанау, бұл адамдардың трафигіне байланыс­ты жағдайлардың 54 пайызын құрайды. Елімізде адам саудасының ең көп таралған түрі – әйелдерді жыныстық қанау, сондай-ақ притон ұстап, жеңгетайлық жасау. Ер адамдар, әдетте, еңбек нарығында жапа шегеді. Сонымен қатар жаңа туған нәрестелер мен жас балаларды асырап алу үшін сату фактілері анықталады. Бүгінде осы санаттағы қылмыстардың алдын алу, анықтау және тергеуде белгілі бір тәжірибеміз бар. Бұған адам саудасына қарсы күрес мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия түрінде жұмыс істейтін мемлекеттік және азаматтық сектор арасындағы диалог алаңы ықпал етті. Осындай өңірлік комиссиялар облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктері жанынан жұмыс істейді. Әрбір 3 жыл сайын профилактикалық және практикалық сипаттағы іс-шаралар кешенін қамтитын үкіметтік жоспарлар қабылданады. Зардап шеккендердің құқықтарын қорғау және оларға көмек көрсету үшін елімізде 20-дан астам үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді. Олармен тығыз өзара іс-қимыл жолға қойылып, ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалды, – дейді Марат Ахметжанов.

Адам саудасының алдын алу және аталған қылмысқа қарсы ымырасыз күресте әлемдік тәжірибенің маңызы зор. Білікті мамандардың қатысуымен әзірленіп жатқан заң жобасы түйткілдің түйінін тарқатады деген сенім мол.