Қысқы спорт • 29 Қаңтар, 2023

Тау шаңғысын қалайтындар көп

224 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздің тау шаңғысы курорттарына келген туристер саны 1,5 млн дейін өскен. Жыл сайынғы өсім 20 пайызды құрап отыр. Мәдениет және спорт министрлігі жұмыс істеп тұрған нысандарға түскен шамадан тыс жүктемені азайту үшін жаңа нысандарды ашуға бастамашы болмақ.

Тау шаңғысын қалайтындар көп

Айта кетейік, бүгінде еліміздегі тау шаңғысы туристерінің саны жағажай турис­терінің санымен бірдей. Сондай-ақ аталған туризм түрін үлкен эконо­микалық тиімділік пен айрықша кіріс көзі ретінде қарауға болады. Тау шаңғысы туристі орташа есеппен күніне 250 доллар, яғни жағажай туристіне қарағанда 5 есе көп қаржы жұмсайды.

– Алайда қазіргі таңда жұмыс істеп тұрған курорттарда артық жүктеме бай­қалып отыр. Мысалы, «Шымбұлақ» курортында мереке және демалыс ке­зінде өте көп жүктеме күніне 12,5 мың адамды, ал оңтайлы жүктеме күніне 6 мың адамды құрайды. Осыған байланыс­ты Қазақстанда тау шаңғысы туризмінің жаңа нысандарын ашуымыз керек, – деді Мәдениет және спорт министрлігінің туризм саласына арналған алқа отырысында ведомство басшысы Асхат Оралов.

Мемлекет басшысы Алматы қаласы­ның жұртшылығымен кездесуде тау-кен кластерін кешенді дамыту қажеттігін атап өткен болатын. Сондықтан курорттарды аспалы жолдармен бір экожүйеге қосу, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған объек­тілерді кеңейту қажеттілігі туындайды.

– Біз инвесторларға түрлі жеңілдік ұсынып, аспалы жолдарды, ратрактар мен қар ататын зеңбіректерге кеткен шығынның 25 пайызға дейінгі көлемін өтеуге ниеттіміз. Сонымен қатар тау шаңғысы курорттарына қажетті қармен жабдықтаудың тұтас жүйесіне де осындай өтеу тетігін қарастыру жоспарланып отыр, – деді министр.