Биыл елордалық Қазақ ұлт аспаптары оркестрінің құрылғанына 25 жыл толады. Әр кезеңде өнерлі ұжымды танымал күйші, композитор, дирижер Мұхаметқали Тіналин, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мырзағали Айдаболов секілді азаматтар басқарды. 2008 жылдан бері оркестрге күйші, композитор, дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымов жетекшілік жасайды. Аталған ұжымда жүзге жуық музыкант еңбек етеді. Сонымен қатар оркестр репертуары халықтық, кәсіби және академиялық музыканы қамтиды. Дегенмен концерттік бағдарламалардың біраз бөлігін домбыра күйлері құрайды.
Әсем сазға толы кештің ашылуында «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің жетекшісі, әнші, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кенжеғали Мыржықбай сөз алып, алдымен астаналық Қазақ оркестрінің тарихы мен оның негізін қалаған қайраткерлердің өнер жолына тоқталып, жастарға тағылымды ой салар әңгіме өрбітті.
Концерт Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет және Дайрабай секілді атақты күйшілердің бірегей шығармаларымен басталып, одан кейін Нұрғиса Тілендиевтің «Махамбеті», Сыдық Мұхамеджановтың «Шаттық Отаны», Кенжебек Күмісбековтің «Аяулы мекені» және Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқымы» секілді туындылары орындалып, күй рухын асқақтатты. Сондай-ақ күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Анар Мұздаханова Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арнаған «Ұстазға тағзым» атты күйі мен қобызшы Жанар Жүсіпова «Аққу қаздар» атты музыкалық туындысын тарту етті. Дәстүрлі әнші Данияр Мұқан Естайдың «Майдақоңыры» мен Манарбек Ержановтың «Сайра, бұлбұлын» шырқады.
Домбыра үні күмбірлеген кеш көрермендерге ерекше ұнады. Мәселен, Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков алған әсерімен бөлісе келіп: «Маған осы университеттің қабырғасында Испанияның өнер шебері, гитарист Хавьер Арсе Йебраның шығармашылық кеші мен қазаққа алып Абайды, шыңырау Шәкәрімді, маңғаз Мұхтарды берген Семей өңірінің Шыңғыстаудағы «Қаламқас» халық ән-би ансамблінің концерті ерекше ұнап еді. Енді сол қатарға «Қазағымның күйлері-ай!» атты бүгінгі кешті қосып отырмын. Шынымды айтсам, халқымыздың шынайы болмысын бейнелеген рухы биік күйлерді тыңдап, ұлы далаға саяхаттағандай әсер алдым. Осы мәдени іс-шараны ұйымдастырушыларға алғысымды айтамын», деді ол.
Концерт соңында сөз алған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов демалыстан жақында оралған студенттерге бұл кештің сыйлаған рухани құнары мол болғанын айтты. «Жалпы, Кенжеғали Мыржықбайдың жетекшілігімен «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігі университетімізде тәрбиелік мәні зор көптеген кездесу өткізді. Мәселен, елорда филармониясына есімі берілген көрнекті композитор Еркеғали Рахмадиевпен өмірінің соңғы жылдарында осы залда кездесіп, ардақты ағамыздың парасатты әңгімесін тыңдап едік» деп, елордалық филармонияның Қазақ ұлт аспаптары оркестрінің дирижері Нұрлан Бекеновке «Лев Гумилев» медалін табыс етті.