Бүгінгі баспасөздің қасаң қағидаларына бағынып үйренген кейбір оқырмандарымызға бұл әріптесіміздің әдеттен тыс әдіс-мәнері, тым «қазақша» тіркестері ескілік қалдығындай ерсілеу көрінуі де мүмкін. Әсіресе этнографиялық эсселерінде ол амалсыздан архаизмге айналған атауларды, ұлттық болмыс ұғымдарын жиі қолданады. Бұларды түсіну әрине оңай емес.
Ал Бекенге мұның бәрі бала кезінен таныс. Қазақы дәстүрдің қаймағы бұзылмаған Моңғолиядағы Баянөлгей аймағының Қобданқол ауылындағы айран ұрттап, қой құрттаған шопанның отбасында дүниеге келген кейіпкеріміз көзін ашқаннан көшпелі өмір салтын көріп өсті. Қой жайып, қозы көгендеп жүріп, төрт түліктің қыр-сырына қанықты. Тау-тасты кезіп, табиғаттың тылсым сырларымен танысты. Ат құлағында ойнаған ағаларының қырда қиқулап көкпар тартқанын, жеңгелерінің киіз басып, көрпе қарпығанын көрді. Қаптаған қара сирақ балалармен бірге өреден құрт ұрлады. Жайлаудың жанға жайлы кештерінде ауыл ақсақалдары айтатын ескінің есті әңгімелеріне құлақ түрді. Қара таныған қаршадайынан аңыз-ертегілерге аңсары ауды. «Алпамыс», «Қобыланды» секілді батырлар жырын, «Айман – Шолпан», «Қалқаман – Мамыр» сияқты махаббат дастандарын, Керейдің кемеңгері Ақыт қажының «Шолақ қол қатын» қиссасын басына жастанып оқыды. Әсіресе филология ғылымдарының докторы Қабидаш Қалиасқарұлы 1970 жылы құрастырған «Халық жырлары» атты жинақ қолынан түспейтін. Оның ішінде айтыстың түр-түрі болатын. Содан көріп алып, өрістегі тоқты-торыммен айтысатын әдет тапты. Әрине, әзіл айтыстың сөздерін шатып-бұтып өзі шығаратын. Осылайша, ауыз әдебиетімен ауызданған еді. Сондай-ақ айтқыштығымен, айналасындағыларды күлкіге көметін «Өтірікші Бөлкебай» дейтін кісінің қалжыңға құрылған қағытпаларына құлақ құрышын қандырды. Ал есейгенде оқыған Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділері» мен «Алтын ордасы» мұның рухани әлемін төңкеріп, тарихи санасын оятты.
* * *
Жастайынан жартылай көшпелі өмірдің қызығы мен шыжығын көріп өскен өрелі өрен өйтіп-бүйтіп орта мектепті де бітіреді. Кітапты көп оқыған оғланның арман-аңсары жетіп артылатын. «Сұраушының сүйген асын кім берген?». Сондықтан қиядағы қыраннан қолдағы қоразды артық көруге тура келді. Бар тірлігі малмен байланысты әкесі мұның мал дәрігері болғанын қалады. Анау Қаукен секілді маман болсаң аузыңнан ақ май ағады деп үнемі ұлын үгіттейтін. Жарықтық мақсатына жете алмады.
Айтқанға көнбеген, айдауға жүрмеген «жүгірмегі» жұртта жоқ бәлені бастап Ұланбатырда орналасқан Сухе-Батор атындағы әскери институтқа түсті. Онда артиллерияның картографиясын оқыды. Бұл аспаннан түсірілген суреттерді сөйлететін мамандық. Әскери картада суырдың ініне дейін көрсетіледі екен. Бұрын иісі мұрынына бармайтын моңғол тілін сонда тез меңгеріп алды.
Аталған оқу орнын бітірген соң Қобдадағы әскери гарнизонда 7 жыл қызмет етті. Бірге оқыған курстастарының ішінен Жекей Қалидолдаұлы Моңғолия армиясының генералы дәрежесіне жетті. Ал Қайратұлының қайраты капитаннан әріге аспады. Алайда айы оңынан туып, Моңғол Халық республикасы Жастар одағының сыйлығын алды. «Үздік интеллигент» номинациясы бойынша. Солай...
* * *
Оқалы киімді офицер болып жүре берер ме еді, кім білсін. Бақытына қарай ғұмырдариясы басқа арнаға бұрылды. 1991 жылдың күзінде мәңгілік мызғымастай көрінген КСРО күйреді. Одақтас республикалар өз алдына отау құрып, тәуелсіздік туын тікті. Ежелден азаттықты аңсаған ата-бабаларымыздың асыл арманы ақиқатқа айналды.
Егемендіктің елең-алаңында тарихи отанына оралған Бекен Қайратұлы Құдай қосқан жары Тоты мен үш ұлын жетектеп Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданына табан тіреді. Есі қалмай қатты қуанғаны, мұнда іс-қағаздар тек қазақ тілінде жүргізіледі екен. Басқа шаруаның кенеуі әбден кетіпті. Тоқыраудың торында шырмалған халық жүдеп-жадап біткен. Бұл да солардың қатарына қосылып, күнкөріс қамына кірісті. Өзі айтқандай, «өлген жоқ, басқасының бәрін көріп бақты». Қашан шаруашылық тарағанша бұдан біраз жыл бұрын қойшының көмекшісі болды. «Аға шопан болсам» деген арманы сөйтіп ішінде кетті.
Бойдағы қабілет жай жатқызсын ба, қолы қойдан босап еріккенде ермек үшін жазған-сызғандарын аудандық газетке апарып еді, кәдеге жарай кеткені. Оны қойып, ойламаған жерден жұмысқа шақырғандарын қайтесің. Көп ұзамай редакция жауапты хатшысының орындығына қонжиды. Сөйтіп, оны оң жолға бастаған журналистік сапары басталған еді. Дәл осы арада бұған әскери білімінің пайдасы тиді. Математикалық дәлдікпен зеңбірек оғын көздеген нысанаға дөп тигізудің есеп-қисабын шығарып картаға түсіретін адамға газеттің макетін сызу бұйым болып па? Жаңа кәсібі жанына майдай жағып, бейтаныс кәсіптің құлағынан ұстады.
* * *
Ет пен терінің арасындағы ептеген желікті малданып, екі қазақтың бірі өлең құрастырады. Бекен де сол «аурудан» сау емес-тұғын. Бірде шабытына мініп, шамырқанып бірден төрт өлеңді төгіп тастағаны. Онысын хат қылып Алматыдағы «Парасат» журналына жолдады. Мына қызықты қараңыз, бас редактор Смағұл Елубай белгісіз автордың жүрекжарды жырларын ұнатып, намысты Шерхан Мұртазаның қолына ұстатыпты, өздерінде басудың реті келмесе керек. Сонымен қойшы, елжандылықты ең бірінші кезекке қоятын қайран Шерағаң «Қайдан келдің дейсіз бе?», «Атамекенге неге келдім?», «Не әкелдім?» дейтін үш өлеңді «Егеменнің» 1992 жылғы Наурызға арналған мерекелік нөмірінде жариялап жібереді. Бұл ақындық емес, іштегі қыстыққан шердің замана запыраны болып сыртқа шығуы болатын.
Мықтылар мойындаған өзекжарды өлеңдерінде Бекең не депті сонда. Оны өзіңіз оқып көріңіз.
«Алтай таудың
ар жағынан келдім,
Бай-өлке аймағынан келдім.
Әлі өңі бұзылмаған,
Қазақтың қаймағынан келдім.
Сонан соң...
Алтын Орданы көрейінші
деп келдім,
Қолым ұшын берейінші
деп келдім.
Шетте тудым,
шетте өстім, ағайын,
Дәл ортаңда өлейінші
деп келдім.
Өйдөйт! Тағы не депті?
Ғасырдың тілегін әкелдім.
Ескі қазақтың
Аңқау жүрегін әкелдім.
Әп, бәрекелді!»
Айтпақшы, бұл өлеңдер сол уақытта қоғамның қотырының қанын шығара қасыған публицистикалық ой-толғамдарымен дүрілдеген Марат Қабанбайға да қатты ұнапты. Ол жайында Мәкеңнің жұбайы Сәуле жеңгеміз бертінде «Жас қазақ» газетіне берген интервьюінде жақсы айтыпты.
* * *
Бекен бауырымыздың кемеліне келіп, кер жорғасына мінген кезі Ақордалы Астанаға ат басын бұрумен тікелей байланысты екені даусыз. Астаналық мәртебе алып керегесін кеңейткен «Ақмола ақиқатына» жұмысқа алған басылым басшысы Жұмагүл Саухат апайына алғысы шексіз. Марқұмның нұры пейіште шалқысын.
Біз Бекен екеуіміз осы «Астана ақшамының» босағасында табыстық. Қазақстанның он төрт облысынан жиналған қыз-жігіттер елордамен бірге есейдік. Талай ащы-тұщы күндерді бастан кештік. Жалақы аз, баспана жоқ. Сонда да сағымыз сынбады. Алдымыздан ақ күн туарына сендік.
Сол уақытта ғой «Әй, Бекен-ай, Қай қылығыңды айтсам екен-ай» деп әзіл-шыны аралас әндететініміз. Жұмысты жапырып істейтін Бекеннің ортақ міндетті орындау орайында кейде «ақсақты тыңдай қылып» жіберетін «өнері» болғанын несіне жасырайық. Қайсыбір жылы Астанаға Атырау драма театры гастрольге келе қалсын. Мәдениет бөліміндегі Бекеніміз сахнаға қойылған спектакльдер жайында материал дайындады. Мақаланың ортасын ойып әдемі сурет салыпты. Бірақ суреттегі әртістердің аты-жөндері жазылмапты. Соны Бекенге айтып едім, қыбыжақтап әжептәуір әлекке түсті. Олар кеше елдеріне қайтқан. Қазір жолда кетіп барады. Хабарласа алмаймыз. Ендеше кез келген бір фамилияны жаза салсақ қайтеді, деп қарап тұр сабазым.
– Өй, сен не айтып тұрсың өзің. Әртістер танымал болады. Ертең біреулер біліп қойса ұят емес пе? – дейміз ғой өзімізше келіспеген сыңай танытып. Анау айылын жияр емес. «Ой, онда тұрған не бар. Анада маған домбыра тартып отырған орыс баласы бейнеленген бір суретті беріп, мынаған қысқа ғана мәтін жазып бере қойшы дегеніңіз есіңізде ме? Суреттің сыртын қарасам ешбір дерегі жазылмапты. Із-түссіз қарақты қайдан іздеп жүрем, аты-жөнін Коля Петухов деп жіберіп ем, ешкім ештеңе деген жоқ қой. Мынау да сол сияқты «өтіп» кетеді» дегені ғой Бекенім беті бүлк етпей.
Күлесің бе, жылайсың ба?
Жастықтың желігімен желіп жүрген «желбір жекен» шағымызда басқа да талай қызықтар болған. Баланың қай жылағаны есте қалады. Өтті. Кетті. Енді міне, Қар жауды. Із басылды. Түк көргем жоқ дегендей кейіптеміз.
Бұл Бекеннің әзіл-қалжыңға келгенде алдына жан салмайтынына тағы бір мысал келтірейін. Бейжің олимпиадасында моңғолиялық дюздошы Т.Найдан ақтық айқаста біздің Асхат Житкеевті жеңіп, өз елінің тарихында тұңғыш рет Олимпиада чемпионы атанды. Ой, сондағы қуаныштан ағыл-тегіл жылағаны-ай жаңағы балуанның. Осы оқиғаны бірде Бекенге айтып, сол күні күллі Моңғолия жылаған шығар деп сұрадым. «Әрине, көздерін ашып көрген тұңғыш олимпиада алтыны болса, жыламай қайтеді. Олармен Қарақорымдағы Күлтегін тастары қосыла жылады» демесі бар ма, дәп, соның бәрін өз көзімен көріп тұрғандай.
Талантты қаламгердің тапқырлығы өз алдына бір төбе. Мысалы, «Жаңа бастық жаман емес», «Сиам егіздері», «Оралман қасқыр» қатарлы оқылымды дүниелерінің астарында толғауы тоқсан тіршіліктің небір түйткілдері жатыр. Күліп тұрып күңіренгендей күй кештіреді көкірегі ояу көпшілікке.
Салтанатты сарайлардың бірінде үлкен республикалық айтыс өтті. От ауызды ақындар не айтпады? Көп сөздерін газет беті көтермейді. Үнсіз қалуымызға тағы болмайды. Сөз сайысынан есеп жазған Бекен Қайратұлы табанда жол тауып кетті. Екі штрих есімнен шықпайды. Әнеубір танымал айтыскердің қарым-қабілеті туралы қысқа әрі нұсқа пікір білдіріпті. «... жыр шумақтары жұп-жұмыр. Ұйқастары ұтқыр. Іздесең ілік таппайсың. Бірақ сөздері жылтырап тұрғанымен жылуы жоқ. Ресми газеттің бас мақаласы сияқты».
Сол айтыста Айтақын Бұлғақов жоғары билік жөнінде, Астана жайында ащы шындықты айтып-айтып жіберді. Соны Бекен қалай жазды дейсіздер ғой? Қарсыласының қарымта уәждерін тізбелеп шықты да, «ал енді Айтақынның айтқандарын жазуға болмайды» деп келтесінен қайыра салды.
Тапқырлық па, тапқырлық...
Кәдімгі Сәбит Мұқанов стиліндегі кәнігі әңгімеші Бекен Қайратұлының ауызекіге жақындау жазбалары оқырманды еріксіз еліктіріп-желіктіріп әкетеді. Мәселен, Сейіт Кенжеахметов, Төкен Ибрагимов сынды сөз сүлейлерімен жүргізген сұхбаттарын «Қазақы әңгіме» айдары аясында бергенімізде едәуір резонанс тудырғаны әлі есте.
Журналистиканың алқын – жұлқын жүгірістерінің арасында Бекен этнографиялық элементтерге аса бай, тарихи-танымдық маңызы зор екі-үш кітап жазды. Атбегілік, құсбегіліктің өзгелер білмейтін өзекті мәселелерін қамтитын методикалық туындылар халықтың сан ғасырлық саятшылық өнеріне қатысты толып жатқан мәліметтерді алға тартады. «Күміс жамбы» атты кітабындағы деректі әңгімелер қызықты оқиғаларымен оқырманды бірден баурайды.
Ал енді «Қазақия қалай отарланды?» дейтін тарихи баянында патшалы Ресейдің елімізді жаулау жолындағы жымысқы саясатының қайтіп жүзеге асқандығын нақты деректермен нақыштады. Әттең автордың ғылыми атағы жоқ. Бәлкім содан болар, кейбір кердең мінезді ғалымдарымыз бұған жете мән бермеді. Есесіне қалың көпшілік дұрыс қабылдады. Айтқандайын, академик Оразақ Смағұл өзі кейінгі кездері оқыған кітаптарының ішінде осы бір дүниенің шоқтығы биік екенін үлкен тебіреніс үстінде тіліне тиек еткен еді.
* * *
Өзім туып-өскен жазиралы Жетісудың Ақсу жағында жыр дүлдүлі Ілияс пен қобызшы Молықбай есімдері егіз аталады. Ауылымыздағы көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, Құлагер ақынның атын «Ақкөбікті» аңыратып, «Бозінгенді» боздатқан күйші атамыз қойған көрінеді. Шынымен солай шығар. А, бәлкім, кіндік кесіп, кір жуған топырағы ортақ, заманы бір заңғарлардың арасынан рухани туыстық іздеген ізгі ниетті ағайынның қиялынан туған қисын болар. Қайдан білейік... Қалай болғанда да қателігі жоқ.
«Қобызшы Молықбай
шал Матайдағы,
Матайда Кенже,
Тұңғат, Сақайдағы.
Қазақта қобызшының
қалғаны сол
Жорға еді маймаңдаған
бақайшағы»,
деп Ілекеңнің өзі өлмес жырға қосқан әйгілі тұлғаның қолдан шапқан қобызын Талдықорған қаласындағы Жансүгіров музейінен көргенім бар. Қасиетті қара қобыздың қандай ағаштан жасалғанынан хабарым жоқ. Қайың әлде қарағай... Жарықпен шағылысып жалт-жұлт еткен бояуы байқалмайды. Кейбір жерінің табиғи кедір-бұдыры да көрінбей қалмайды. Фанерден істелінген фабриканың аспаптарындай жылтырап көз арбамайды. Бірақ сырты қарапайым көрінгенімен бұл жәдігердің бәрібір өзіне тартып тұратын бір қасиеті бар.
Алпыстың асқарына көтерілген «Егеменнің» еңбекторысы Бекен замандасымды мен сол қобызға ұқсатамын. Күңіреніп күй төксе қазақтың ықылымынан бергі шер-шеменін шежірелі сарынға қосатын осынау киелі аспап секілді Бекен Қайратұлының жазғандары да кісінің қай-қайдағысын қозғап, естен шыққан ескілік атаулының әсем әлеміне қарай жетелейді. Санаңа салмақ салып, ой-өрісіңді кеңейтеді. Ұлттық тамырыңды танып-білуге талпындырады.
Қазағын сүйген қаламгердің көздеген мақсаты да сірә, осы болса керек.