«Тұрғын үй құрылысы саласында көптеген мәселелер жинақталды. Инженерлік инфрақұрылымның жетіспеуіне байланысты әкімдік тұрғын үй құрылысының қарқынын біртіндеп төмендетуді ұсынады. Сонымен қатар елордада туу деңгейі жоғары, көші-қон ағыны артты. Құрылыс қарқыны төмендеген кезде 30 мыңға жуық адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Мұндай проблемалар туындаған жоқ. Бірақ қаланың дамуын жүйелі жоспарлау қажет. Бұл мәселеде, өкінішке қарай, елеулі олқылықтар сезіледі», деді Президент.
Бұдан соң, ол елорданы қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету туралы айтты.
«Барлық салынып жатқан нысандарда заманауи энергия үнемдеу технологияларын қолдану қажет. Төрт мыңға жуық үлескердің проблемасы күн тәртібінен түспей тұр. Заңнамалық базаның әлсіздігіне байланысты қалада жаңа проблемалық нысандар пайда болуы мүмкін», деді Мемлекет басшысы.
Осы ретте ол қазір Астанада рұқсат құжаттарынсыз 90-нан астам тұрғын үй кешені салынып жатқанын айтып өтті. Құрылыс компаниялары аз ғана айыппұл төлейді. Олар азаматтардың қаражатын тартуды жалғастырып жатыр.
«Үкімет мемлекеттік реттеу шараларын қатаңдатуы керек. Құрылыс салушылардың заңнаманы айналып өту үшін үлескерлердің қаражатын тартуына жол бермеу керек. Бұл жұмысқа Қаржы мониторингі агенттігі қосылуы тиіс», деді Қ.Тоқаев.