Криптофермаларға қатысты заң күшеймек. Майнинг-фермалар мен криптоөндірушілер енді ресми жұмыс істеу үшін лицензия рәсімдеуге міндетті. Бұған қоса олар корпоративтік табыс салығын төлеуге міндеттеледі. Электр энергиясының тапшылығына байланысты криптофермалардың елдің жалпы энергия жүйесіне қосылуына тыйым салынады. Мұның бәрі 2022 жылдың соңында қабылданған «Қазақстан Республикасының цифрлық активтері туралы» заң жобасында қарастырылған.

Ranking ақпараты бойынша, бізде алғашқы ірі майнингтік компаниялар өз жұмысын 2018 жылы бастады. Алайда Цифрлық даму министрлігі олардың жұмысына қатысты құқықтық бақылауды 2021 жылы ғана қолға алды. Министрлік мәліметі бойынша, 2021 жылдың қазанында елде цифрлы майнингпен айналысатын небәрі 27 компания тіркелді. 2022 жылдың ортасында «ақ» майнерлердің саны 11 есе артып, 297-ге жетті. Бұған жұмыс істеп жатқан криптоөндірушілер де және министрлікке өз қызметін енді бастағаны жайлы хабарлаған компаниялар да кіреді. Сонымен қатар министрлік data-орталықтар мен майнинг үшін инфрақұрылым ұсынушы өзге компанияларды бөлек қарастыра бастады. 2022 жылдың желтоқсанында ондай фирма саны 60 болды (оның 27-сі майнингпен де айналысты). Былтыр жыл соңында 330 бірегей қатысушы болғаны анықталған.
Сарапшылардың айтуынша, ведомство мәліметтерін Ұлттық статистика бюросының деректерімен салыстыру мүмкін емес. Өйткені қызмет түрлерінің ұлттық классификаторында майнингтің жеке коды әлі бөлінбеген. Көптеген компания 63111 кодымен (қолданбалы бағдарламаларды, қосымшаларды және солармен байланысты қызметтерді орналастыру) тіркеледі.
«Әу баста майнерлер Қазақстанға инвестициямен келді, фермалар сала бастады, цифрлық валюта өндірісінің көлемін ұлғайтты. Содан кейін ғана Үкімет олардың жұмысын заңмен реттеуді қолға алды. Бұдан екі жақ та зардап шекті. Криптофермалардың энергия тұтынуының өсуіне байланысты блэкауттан ел зардап шексе, майнерлер электр қуаты мен интернеттің мәжбүрлі өшірілуіне тап болды. Ұлттық статистика бюросының бизнес тізіліміндегі және басқа да ашық деректер қорындағы 330 кәсіпорынды тексере келе, олардың көпшілігі үшін майнинг негізгі емес, қосымша қызмет түрі деген қорытындыға келуге болады. Кеншілерді «көлеңкеден» шығару науқанынан кейін майнинг жабдықтар бар екені туралы ақпаратты тек өнеркәсіптік криптофермалар ғана емес, сонымен қатар шағын СЭС және КЭС, логистикалық компаниялар, жарнама агенттіктері, ауыл шаруашылығы компаниялары, тіпті жол бойындағы қызмет иелері де бере бастады», деп жазды Ranking.
Географиясы бойынша «ақ» майнерлердің көбі екі ірі мегаполисте — Алматы мен Астанада орналасқан, сәйкесінше 115 және 100. Кәсіпорындар саны бойынша үшінші орында Жамбыл облысы (22) тұр. Дегенмен майнерлер саны көп болғанымен, қуаттылық көлемі аз болуы мүмкін. Мысалы, майнерлер саны аз болса да, Павлодар облысы қуаттылық жағынан бірінші орында. Мұнда ТМД-дағы ең ірі криптоферма – Enegix жұмыс істейді. Екібастұз маңындағы өнеркәсіп алаңының аумағында 180 МВт тұтынатын 50 мың арнайы майининг құрылғысы жұмыс істеп жатыр.
Саладағы ірі компаниялар салық міндеттемесін айтарлықтай арттырған. Enegix data орталығы 2022 жылы бюджетке 2021 жылмен салыстырғанда 19 пайызға көп, яғни 164,5 млн теңге салық аударыпты. «AlSolutions» ЖШС салық төлемін 9 есе көбейтіп 344,2 млн теңгеге, «BCD Company» ЖШС 5 есе көбейтіп 296,6 млн теңгеге, «KZ Systems» ЖШС 8 есе арттырып 252 млн теңгеге жеткізген.
Парламент Мәжілісінің 2022 жылғы 26 желтоқсандағы отырысында жарияланған мәліметтерге сүйенсек, майнерлер енді электр қуатын тек күрделі және үнемді жолдармен ала алады. Оның бірнеше әдісі бар. Бұл энергияны басқа елдерден импорттау, тәуелсіз өндіру, «жасыл» ЖЭК стансаларына қосылу немесе энергия жүйеде артық болған жағдайда ғана және тек нарықтық бағамен «Қазақстан электр энергиясы нарығы мен қуаттылығы операторы» АҚ ортақ энергетикалық нарығының аукционы арқылы сатып алу. Кім жоғары баға ұсынса, сол «артық» электр қуатын сатып ала алады. Бұл криптонарықтағы бәсекені арттырып, нарықта тек адал әрі қуатты фермаларды әйгілеп, осы арқылы бәсекеге қабілетті компанияларды сүзіп қалдыруы мүмкін.
Жібек Құламбаева Түркиядағы жарыста жеңімпаз атанды
Теннис • Кеше
ҰҚШҰ елдері кешенді оқу-жаттығу өткізеді
Оқиға • Кеше
Рим Папасы ауруханадан шығарылды
Әлем • Кеше
Ұқсас жаңалықтар