Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Атырау өңірлік филиалының директоры Нұрлан Сүйінбаевтың дерегіне сүйенсек, өткен жылы кәсіпкерлерден 301 өтініш түскен. Оның ішінде 118 өтініш шағын және орта бизнесті қорғауға көмек сұраумен байланысты болған. Ал 54 өтінішке сәйкес жүргізілген жұмыстың қорытындысы кәсіпкерлердің пайдасына шешілген. Енді тағы 10 өтініш әлі де қаралып жатыр.
– Біз кәсіпкерлерден түскен өтініштің бәріне талдау жасадық. Талдауға сәйкес өтініштердің 16 пайызы – сәулет, құрылыс және қала құрылысы, 14 пайызы – жер қатынастары, 13 пайызы – экономика, қаржы, мемлекеттік сатып алу, ал 12 пайызы салық және өзге де мәселелерді қозғаған. Осыған байланысты өткен жылы кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңестің 9 отырысы өткізілді. Отырыстарда жүйелі сипат алып отырған 22 мәселе қаралды. Оның ішінде 14 өтініш бизнес иелерінің пайдасына шешілді. Біздің бастамамыз бойынша кәсіпкерлерге кедергі келтірген үш лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке, екі лауазым иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – дейді Н.Сүйінбаев.
Оның айтуынша, өңірлік филиал былтыр бизнесті сервистік қолдау үшін төрт бағытта 840 қызмет көрсетіпті. Бұлар – бухгалтерлік және салықтық есепке алуды жүргізуге, сондай-ақ статистикалық есептілікті жасауға, заң мәселелері мен конкурстық (тендерлік) рәсімдер, қаржыландыру және мемлекеттік қолдау шараларын алуға, маркетинг мәселелеріне қатысты қызметтер. Ал аудандардағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында консультанттар 1 812 клиентке мемлекеттік бағдарламаларға қатысты 5 мыңнан астам кеңес берген. Сондай-ақ орталықтардың маркетологтері 267 бизнес-жоспар әзірлеп, оның ішінде 900 млн теңгенің 75 жобасы қаржыландырылған. Осындай нақты іс-әрекеттің нәтижесінде 150-ге жуық жұмыс орнын құруға жол ашылды.
Өткен жылы «Атырау Атамекен Бизнес Қолдау» микроқаржы ұйымы арқылы 668,2 млн теңге игерілді. Мұндай қомақты қаражат «Бастау Бизнес» бағдарламасы түлектерінің жобаларын қаржыландыруға бағытталған. Қаржыландырылған жобалардың ең көбі 412,6 млн теңгенің 26 несиесі Атырау қаласының кәсіпкерлеріне тиесілі болып отыр. Ал қазақ мұнайының алғашқы тамшысы алынған Жылыой ауданында кәсіп бастағандар 177,3 млн теңгенің 17 несиесін алған.
Өңірлік филиал директорының мәліметіне қарағанда, мұнайлы Атырауда әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының жұмысында ілгерілеу байқалып отыр. Былтырғы наурыздан бері жұмыс істейтін орталықта 505 әйел тіркелген. Оларға кәсіп бастау үшін 1 700-ден астам кеңес берілген. Ал 325 әйел Астана, Ақтөбе, Алматы қалаларында өткен республикалық онлайн оқытуға қатысып, арнайы сертификатқа ие болған. Орталықта 50 әйел салалық мамандықтар бойынша оқытылған. Тәлімгерлік сабақты 12 әйел алса, 10 нәзік жан жұмыс істеп тұрған бизнестің тиімділігін анықтау үшін бағалау жүргізген.
Дегенмен өңір кәсіпкерлері әлі қолбайлау болатын кедергілердің аз емесін жасырмайды. Мәселен, электр қуатымен жабдықтау мәселесіндегі қиындық ауылшаруашылығы саласын дамытуға кедергі келтіріп отыр. Шаруа қожалықтарының жетекшілерімен кездескен Атырау қаласы әкімінің орынбасары Ерболат Омаровтың айтуынша, бұл мәселе бірінші рет емес, ұдайы көтеріліп келеді. Кәсібін ауыл шаруашылығымен байланыстырғандар төрт түлік үшін салынған қора-жайда, фермаларда электр қуатының жоқтығына шағымданады. Өйткені электр желісіне қосылу құны да, тарифі де қымбат.
Құрманғазы ауданында тұратын кәсіпкер Гаухар Болатбаеваның дерегіне жүгінсек, мұнайлы өңірде заңды тұлғалар үшін электр энергиясының тарифі қосымша құн салығынсыз сағатына 1 киловатт үшін 33,65 теңгені құрайды. Бұл – еліміздегі ең жоғары тариф. Ал Алматыда заңды тұлғалар сағатына 1 киловатт электр энергиясына 25,03 теңге, Астанада – 26,38 теңге, Маңғыстау облысында 28,86 теңге төлейді. Орташа есеппен алғанда еліміздегі электр энергиясының тарифі Атырауға қарағанда 30 пайызға төмен.
– Шағын және орта бизнес иелері үшін ең өзекті мәселенің қатарында электр энергиясы тарифінің жоғарылығы бар. Біз облыс әкімімен кездесуде де бұл мәселені көтердік. Бірақ әлі нәтиже жоқ. Кәсіпкерлер пайданың көп бөлігін электр энергиясы үшін төлейді. Ал басқа төлемдерді қалай өтеуге болады? Біздің облыста басқа аймақтармен салыстырғанда тариф неге жоғары? – дейді Гаухар Болатбаева.
«Атырау Энерго Сату» ЖШС директоры Тұрлан Дошатов облыста бизнеске арналған тарифтер ең жоғары екенін жасырған жоқ. Алайда жеке тұлғалар ең төмен тарифпен төлейді.
– Сараланған тарифті қолдану есебінен заңды және жеке тұлғалар үшін тарифтер арасындағы айырмашылық 74 пайызды құрайды. Осыған байланысты 2021 жылдың қазан айында Үкіметтің қаулысы шыққан еді. Соған сәйкес бұл айырмашылықты кезең-кезеңімен төмендету және 2025 жылға қарай сараланған тарифті жою жоспарланып отыр. Атап айтқанда, 2023 жылы бұл айырмашылықты екі есеге төмендету жоспарланған. Яғни жеке тұлғалар үшін тариф электр энергиясының сағатына 1 киловатт үшін 12,51 теңгені, заңды тұлғалар үшін 29,93 теңгені құрайды. Алдағы 2024 жылы бұл тарифтер тиісінше 18,39 теңге және 26,42 теңге болады. Ал 2025 жылы заңды және жеке тұлғаларға сағатына 1 киловатт электр энергиясы үшін 24,52 теңге мөлшерінде бірыңғай тариф белгіленеді, – деп хабарлады Тұрлан Дошатов.
Міне, Атырау облысындағы осындай қымбат тариф шаруа қожалықтарына жетекшілік етіп отырған кәсіпкерлерді әбден титықтатқан. Шаруалардың пікірінше, электр энергиясымен қамтамасыз ету мен тарифті төмендету мәселесі оң шешімін таппаса, ауылшаруашылығы саласын дамыту қиынға соғады. Тіпті жылдар бойы тарифтің қымбаттығынан электр желісіне қосыла алмай, жұмысын бастамаған, электрмен жабдықтау қызметіне байланысты шығынға ұшырауға мәжбүр болған шаруа қожалығы аз емес.
– Менің шаруашылығым Атырау қаласының маңындағы Қайыршақты ауылдық округінде орналасқан. Өткен жылдың маусым айынан бері шаруашылықты электрмен жабдықтау желісіне қосу туралы мәселені көтердік. Бұл мәселені облыс әкімімен кездесуде де айттық. Комиссия келіп, біздің учаскелерімізді қарады. Бірақ әлі күнге дейін еш нәтиже жоқ. Бізден 500 метр қашықтықта Атырау мұнай өңдеу зауытына қарай электр желілері өтеді. Қазір электр қуатынсыз отырған 10-ға жуық шаруа қожалығы бар. Бәріміз үшін электр қуатына қосылу үлкен проблемаға айналды, – дейді «Ербол» шаруа қожалығының жетекшісі Ербол Ахметов.
«Жиенгари» шаруа қожалығы да осындай қиындықтан құтыла алмай отыр. Қожалық жетекшісі Айтолқын Досжанова 2017 жылдан бері түрлі органға жүгінгенімен, осы кезге дейін электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселесі оң шешімін таппаған.
– Шаруа қожалығым өзен бойында орналасқандықтан, электр қуатына қосылу қымбат болады деп сылтау айтты. Дегенмен біздің жанымызда бекіре өсіретін зауыт бар. Екінші, жанымызда ферма орналасқан. Екеуі де электр қуатын пайдаланып отыр. Бізге тек қағаз жүзінде жауап береді. Мәселемізбен танысуға ешкім келмеді, – деп налиды Айтолқын Досжанова.
«Атырау-Жарық» АҚ президенті Мейірбек Ғұбашевтың түсіндіруіне қарағанда, электр желісіне қосылу нүктесінің қашықтығына байланысты шағым көп түседі. Өйткені жақын маңдағы электр желілері толық қуатында жұмыс істемейді. Бастапқыда ауқымды электр қуатын беретін желілерді құру үшін қолданыстағы құрылыс нормалары мен қағидаларына өзгеріс енгізу қажет.
– Біздегі шаруа қожалығына барып, жағдайды түсіндірдік. Шаруа қожалығына жақын ең жақын нүкте – Еркінқала ауылы. Осыған байланысты техникалық шартты жібердік. Шаруа қожалығы су қоймасына жақын орналасқандықтан, онда арнайы талаптар бар. Мәселені әкімдік арқылы шешу керек. Рұқсат алса, біз электр желісіне қосуға дайынбыз, – дейді Мейірбек Ғұбашев.
Ал құрылыс саласында табыс тауып жүрген кәсіпкерлерді тендерді өткізу мерзімінің ұзаққа созылатыны алаңдатады. Қазақстан құрылысшылар одағы Атырау облыстық филиалының директоры Эльдар Мұханбетжановтың айтуына қарағанда, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру кезінде жаңа дәуірдің стандарттарына сәйкес жаңа білім беру нысандары салынуы керек. Бұл – апатты мектептер, үш ауысымдық оқыту, оқушы орындарының тапшылығына қатысты мәселелерді жоюдың басты шарты. 2023-2025 жылдарға есептелген жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі – 2,6 трлн теңге. Елімізде осынша мол қаржы жұмсалатын тың жобамен жаңадан 300 мектеп салынатыны жоспарланған.
– Бәріміз де жас ұрпаққа сапалы білім берілгенін қалаймыз. Алайда ең өзекті мәселенің бірі оқушы орнының тапшылығын жоя алмай отырмыз. Мәселен, Атырау облысында мектептің жетіспеушілігінен, не орынның аздығынан 14 мың оқушы сапалы білім ала алмай отыр. Бұл көрсеткіш 2026 жылға қарай 58 мыңға өсетіні деп болжанып отыр. Енді «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Атырау облысында 12 мектеп бой көтереді. Жобаның бас бірыңғай операторы – «Самұрық-Қазына Констракшн» АҚ. Бұл ретте мектеп салуға жер учаскелерін беруге және оларды инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге жергілікті атқарушы органдар жауапты деген шарт бар. «Самұрық-Қазына Констракшн» жеңілдетілген шарттар бойынша тендер өткізуді жоспарлап отыр. Өйткені мерзімнің шектеулі екені анық. Алайда жергілікті әкімдіктер сатып алуды «ашық конкурс» тәсілімен жүргізуге мәжбүр. Бұл көп уақытты қажет етеді. Мұндай жайт жобаны іске асыруды баяулатуы мүмкін, – дейді Эльдар Мұханбетжанов.
Әр өңірде жайлы мектептің көбейгеніне, әсіресе, оқушылар қуанар еді. Осы орайда жергілікті атқарушы органдар тарапынан жобаны белгіленген мерзімде іске асыруға мүдделілік қажет-ақ.
– Жаңадан салынатын тоғыз мектеп үшін бөлінген жер учаскелерінің құжаттары дайын тұр. Ал үш мектептің құрылысына арналған құжаттары ресімдеу сатысында екенін айта аламын. Біздің міндетіміз – жұмысты тезірек аяқтап, білім нысандарын «Самұрық-Қазына Констракшн» АҚ балансына беру. Мәселе инфрақұрылымды кім және қалай жүргізетініне байланысты туындап отыр. Егер біз мердігерді ашық конкурс арқылы анықтайтын болсақ, онда уақыт аз. Сондықтан біз Атырау облысының кәсіпкерлер палатасынан, «Самұрық-Қазына Констракшн» АҚ-дан көмек сұраймыз. Қысқа мерзімде тендер өткізу үшін арнайы қаулы қажет, – дейді облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Мереке Зинуллин.
Атырау облысы