Бұл туралы облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен өңірдің 2022 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуын қорытындылауға арналған кеңесте айтылды. Аймақ басшысы жиын барысында өндіріс саласы өрістемей отырған аудандардың басшыларын сынға алды. Мәселен, Денисов ауданында қиыршық тас, ет, нан, Меңдіқара ауданында май және сүт, сүзбе және нан өндірісінің көрсеткіші жоспарланған межеден анағұрлым төмен.
Кеңесте Қамысты және Денисов аудандарының әкімдері есеп берді. Аталған екі ауданда да жоспар жеткілікті деңгейде орындалмаған. Әкімдердің есебін талқылау барысында аудан басшылары жаңа жоба түзудің орнына, осыдан екі-үш жыл бұрынғы жұмыстарын қайталап көрсетіп, өздерін де, өзгені де алдарқататыны белгілі болды.
Облыс әкімі өздері басқарып отырған өңірдің даму деңгейін төмендетіп алған екі ауданның басшысын тәртіптік жазаға тартты. Ал тиісті көрсеткіштерге қол жеткізбеген Алтынсарин, Федоров, Қостанай аудандары мен Қостанай, Рудный қалалары әкімдерінің есебі бірінші тоқсанның соңында тыңдалатын болады.
Өңірде трактор, комбайн құрастыруда, азық-түлік өндірісінде құлдырау байқалады. Сары май өндірісі 2021 жылғы деңгейден ілгерілемеген. Инвестиция тарту жағы да көңіл көншітпейді. Қостанай, Рудный және Б.Майлин аудандарындағы өндіріс ошақтарына құйылған қомақты қаржыны қоспағанда, қалған өңірлер инвестицияны бюджет есебінен толықтырып отыр. Әкімнің айтуынша, бұл жерде өңірлерді әртараптандыру жайлы сөз қозғаудың өзі артық.
– Жақында Арқалықта нефроид өңдейтін зауыт салуға ниетті инвесторларды қабылдадым. Олар екі жыл бойы кабинет жағалап, құзырлы министрліктен рұқсат ала алмай жүр. Мұндайды уыстан шығаруға бола ма? Мәселе толық шешілмейінше, министрлікті мазалай беру керек. Торғай боксит кеніші жабылған соң, Арқалықтағы көп адам жұмыссыз қалды. Мынау ел үшін пайдасы мол жоба емес пе! Екінші мысал, Лисаков қаласындағы кремний карбидін өндіретін зауыт салу туралы әңгіме 2019 жылы шыққан. Бірақ ол сол айтылған күйі қалды. Әлі күнге қозғалыс жоқ. Халықты бұлай алдамау керек. Ал сіздер басқа жоба болмағандықтан, баяғы бір жобаны шиырлай бересіздер. Инвестиция тарту – аудан, қала әкімдерінің негізгі жұмысы. Ал ол жұмыс жеткіліксіз екендігін көріп отырмын, – деді Құмар Ақсақалов.
Қостанай облысы