Банк секторының активтері жыл санап өсім көрсетіп келе жатыр. 2022 жылдың қорытындысы бойынша несие портфелі көлемінің 20,1 пайызға өсуінің нәтижесінде сектордың жиынтық активі 18,4 пайызға, 44,6 трлн теңгеге дейін өскен. Екінші деңгейлі банктердің өтімділігі жоғары активтері шамамен 13,5 трлн теңгені немесе активтердің 30,3 пайызын құрайды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, осыншама көлемдегі актив арқылы банктер өз міндеттемелерін толыққанды атқара алады.

2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша банк секторында жеткілікті капитал қоры бар. Негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к1) – 18,5 пайызды, меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к2) – 21,7 пайызды құрады. Бұл жүйе бойынша орташа алғанда заңнамада белгіленген нормативтерден едәуір асып түседі.
Экономикаға кредит 2022 жылы 23,3 пайызға, 22,8 трлн теңгеге дейін өскен. Соның ішінде теңгемен берілген несие көлемі – 26,4 пайызға, 21 трлн теңгеге ұлғайса, шетел валютасындағы несие көлемі 3,1 пайызға, 1,9 трлн теңгеге азайған. Нәтижесінде, 2022 жылы теңгемен ұсынылған кредиттің үлес салмағы 89,7 пайыздан 91,9 пайызға дейін артты.
«2022 жылы барлығы 24,2 трлн теңгеге жаңа кредиттер берілді, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 12,8 пайызға артық. Бұл ретте 2022 жылғы желтоқсанда 2,6 трлн теңге берілді, бұл бір ай бұрынғыға қарағанда 7,3 пайызға көп. Заңды тұлғаларға кредиттер 2022 жылы 11,5 пайызға, 8,7 трлн теңгеге дейін өсті. Жеке кәсіпкерлерді қоса алғанда, бизнес субъектілеріне берілген жиынтық кредит 2022 жылы 13,9 пайызға, 9,6 трлн теңгеге дейін көбейді. Бұл ретте ШОБ субъектілеріне қарыздар 15,2 пайызға, 6 трлн теңгеге дейін, ірі бизнеске қарыздар 11,8 пайызға, 3,6 трлн теңгеге дейін өсті. Жеке кәсіпкерлерді қоса алғанда, бизнес субъектілеріне 12,7 трлн теңге сомаға жаңа қарыздар берілді, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 7 пайызға артық», деп хабарлайды агенттік.
Жеке тұлғаларға берілген кредит көлемі былтыр 31,8 пайызға, 14,2 трлн теңгеге дейін артқан. Тиісінше былтырдың нәтижесі бойынша несие портфелінің де сапасы айтарлықтай жоғары деңгейде қалып отыр. Мәселен, 2023 жылғы 1 қаңтарда кредиттік портфельдің жалпы көлемінде берешек мерзімі 90 күннен асқан кредиттердің үлесі 3,4 пайызды немесе 815 млрд теңгені құрады.
«ШОБ-ты ескере отырып заңды тұлғалардың портфелінде берешек мерзімі 90 күннен асқан қарыз деңгейі 3 пайызды немесе 321 млрд теңге болса, жеке тұлғалардың портфелінде 3,7 пайызды немесе 493 млрд теңгені құрайды. Берешек мерзімі 90 күннен асқан кредиттердің провизияларын өтеу жоғары деңгейде сақталады және 76,9 пайыз болып отыр», деп мәлімдеді агенттік.
Жалпы, банктердің таза пайдасы 1,5 трлн теңгеге жетті. Бұл – 2021 жылмен салыстырғанда 13,7 пайызға жоғары көрсеткіш. 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша банкт активтерінің рентабельділігі (ROA) 3,7 пайызды (2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша – 3,8 пайыз), капиталдың рентабельділігі (ROE) – 30,4 пайызды (2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша – 30,6 пайыз) құрады.
Айта кетейік, 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанның банк секторында 21 екінші деңгейдегі банк бар, оның 12-сі – шетел қатысатын банк, оның ішінде 9-ы – еншілес банк.
Батыс Қазақстан облыстық мәслихатына кімдер сайланды?
Сайлау • Кеше
Түркістан облыстық мәслихатына сайланған депуттар кім?
Сайлау • Кеше
Бірқатар өңірде ауа райына байланысты ескерту жасалды
Ауа райы • Кеше
Ұқсас жаңалықтар