Аталған жоба арқылы қазақ даласының тарихи жер аттары Гарвард университеті базасындағы электронды жүйеге енгізілмек. Нәтижелер тегін, академиялық ресурс ретінде Data Verse репозиторийінде жарияланады. Практикалық тұрғыдан алғанда жоба VI-ХХ ғасырларды қамтиды. Ғалымның сүйіншілі жобасы Қазақ елінің тарихи топонимдері мен тарихи жер аумағын зерттеуде өте зор маңызға ие екенін айтпасақ та түсінікті.
Әзірге екі жыл деп жоспарланған бұл ғылыми жобаның басты мақсаты – Орталық Еуразияның топонимикалық зерттеулерін визуализациялайтын топонимикалық Географиялық ақпараттық жүйесін (ГАЖ) құруға және Орталық Еуразия тарихы мен цифрлық стипендияға қызығушылық танытатын ғалымдар мен студенттерге арналған халықаралық семинар ұйымдастыру. Сонымен бірге бұл жобаға қатысқан ғалымдар мен зерттеушілер Орталық Еуразияның тарихи топонимикалық зерттеулері шағатай (ескі қазақ), араб, парсы, қытай, көне орыс, моңғол (ойрат), манчжур, латын және Орталық Еуразияда қолданылатын барлық қазіргі тілдерді қамтитын әртүрлі тілдегі карталар мен басқа да бастапқы дереккөздерді зерттейді.
Жаңа жобаның ерекшеліктеріне тоқталсақ, өз кезегінде тиісті топонимикалық деректерді жүйеге енгізуге болатын дерекқорда жүйелеп, оны географиялық орынға байланысты белгілі бір мазмұнға арналған порталдар ретінде қарастыра алады. Мұндай схема ғалымдар мен студенттерге арнайы ақпараттық технологиялар қызметкерінің көмегінсіз аталған жүйеге өзара әрекеттесуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге жеке адамдар картадан белгілі орынды тауып, қалаған атрибуттарды таңдай алады. Мысалы, әртүрлі тілдегі қазіргі атаулар, тарихи карталардағы нақты сілтемелер, әр кезеңдер мен түрлі тілдегі тарихи атаулар, нақты сілтемелері бар дереккөздердегі тарихи атаулар, карта жасау тарихы немесе кез келген басқа тарихи фактілерді бірнеше минут ішінде алдыңызға жайып салады. Ең қызықтысы, пайдаланушылар бұл деректерді өңдеу, таңдау және өзгерту мүмкіндігіне ие. Тіпті олар топонимдер бойынша деректерді зерттей алады, қажет болса, ақпаратты цифрлық немесе қағаз түрінде шығаруға мүмкіндік бар.
Зерттеу нысанының функционалды жұмысы барысында пайдаланушылар Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Қырғызстан және Оңтүстік-Батыс Сібір сияқты қызығушылық танытатын әлемдік аймақтың картасын көрсететін Географиялық ақпараттық жүйесінің (GIS) интерфейсі арқылы деректерге қол жеткізе алады. Әрі әртүрлі тілдерде нақты тарихи карталар мен тарихи атаулары бар жерлердің қолданыстағы атын өте жылдам көрсетіп береді.
Аталған жоба Гарвард университетіндегі зерттеуші ғалым Нұрлан Кенжеахметтің зерттеу жазбаларындағы тиісті топонимикалық деректерге сүйеніп жүзеге асатыны да – Қазақстан үшін қуанарлық жайт. Осындай ауқымды жобаны қазақ азаматына сеніп тапсырып отырғаны да жайдан-жай емес. Өйткені Нұрлан Кенжеахмет – осыған дейін алыс-жуыққа танылып үлгерген зерделі ғалым, білікті тарихшы. Былтыр ғалымның Германияда ағылшын тіліндегі Eurasian Historical Geography as Reflected in Geographical Literature and in Maps from the Thirteenth to the Mid-Seventeenth Centuries (Ostasien Verlag, 2022) атты монографиясы жарық көрсе, ғалым 2022 жылы қазан айында С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің 70 жылдық мерейтойына «XVIII-XIX ғасырлардағы Шығыс Қазақстан тарихы» атты монографиясын тарту еткен. Ал Германиядан Қазақ хандығының тарихи-географиясы туралы ағылшын тіліндегі European-Chinese Imperial Maps and Gazetteers Related to the Kazakh (Qazaq) Khanate and Its Adjacent Regions from the 16th to the 19th Centuries (Ostasien Verlag, 2023) атты ауқымды еңбегі алдағы наурыз айында жарық көрмек.
Ғалымның «XVIII ғасырдағы Қазақ хандығы мен Цин патшалығы шекарасының қалыптасуы» атты мақаласында Тянь-Шань тауы туралы мынадай деректер келтірілген: «Қытайдың тарихи әдебиеттерінде, тіпті Цин патшалығы дәуіріндегі (1644-1912) карталар мен географиялық еңбектерде Тянь-Шань тауы өзінің түпкі атауымен «Тәңір тауы» деп аталғанына қарамастан, орыс ғалымдары аталған тауды «Тянь-Шань» деп атап, бұл таудың түркілік атауын қолданыстан шығара бастайды. Іс жүзінде Тянь-Шань тауының Боғдаға дейінгі (Үрімші қаласы маңында) бөлігі Цин патшалығы дәуіріндегі карталарда Тянь-Шань деп аталса, оның батыс бөлігі «Тэнгэли шань» немесе «Тәңір тауы» деп таңбаланып отырды». Шындығында, біз үшін, түркі халықтары үшін «Тәңір тауы» атауы бізге өте жақын. Кейде бір әріп, бір сөз бір ұлтты өзгертуі әбден мүмкін. Ал елдің, жердің атауы өзгерсе, не боларын ойлаудың өзі қорқынышты.
Осы мақаланың бір тұсында тағы мынадай деректер бар: «Қытай деректемелерінде Қазақ хандығы туралы алғашқы дерек Қасым хан билік еткен дәуірде 1530 жылдары төңірегінде Эцзибе-Хасинь (Өзбек-Қасым) деген атпен Мин патшалығының орда естеліктерінде хатталды. Қасым хан дәуірінде Қазақ хандығының шығыс шекарасы стратегиялық аймақтық геосаясатта аса маңызды аймақ болды. Өйткені Қазақ хандығының ойрат тайпаларымен, Моғолстанмен (Тұрпанмен) және қытайлық Мин династиясымен (1368–1644) арадағы қарым-қатынастарының көпшілігі сауда-саттыққа қатысты болды». Әр мемлекет үшін оның шекарасының әр бұрышы елінің, жерінің қорғанысы екені анық. Ал соны шегендеу, қорғау үлкен күштің, беріктіліктің белгісі болмақ. Біздің кей тарихи деректер шыны керек, ала-құлалықтан көз ашпай келеді, әр ғалым әртүрлі жазып, бір ізге түспеген деректер әр жерде шашырап жататыны тағы бар. Қазақ хандығы және оның шекара мәселесі туралы осы бір оймақтай дерек сол ақтаңдақтардың орнын толтыруға бір негіз болмақ.
Ал төмендегі деректерді суреттерімен бірге оқыған жөн. «Цяньлун картасында (1772) Қазақ хандығына қатысты иеліктердің бірі ретінде «Ву-эргэнци хуэйсы хэтунь», яғни «Үргеніш мұсылман қаласы» деген атау кездеседі. Мұнда қазақ ханы Қайыпқа қарасты Үргеніш қаласы айтылып отырғаны анық. Кей деректерде ол «Батыс Қазақ Үргеніш тайпасы» деп те аталады. 1761 жылы жарық көрген «Хуан Цин чжитун ту» (Цин патшалығына сый-сияпаттарын әкелген ел өкілдерінің суреттері) атты кітаптың 9-томында Цин патшалығына елші болып барған Кіші жүз қазақтарына қатысты 6 сурет сақталған: кіші жүз ханы Нұралыға қарасты мұсылман ер мен әйел; кіші жүз ханы Батырға қарасты мұсылман ер мен әйел; Үргеніш ханы Қайыпқа қарасты мұсылман әйел мен ер. Қайып – кіші жүз ханы Батырдың ұлы. Ол Хиуаны 10 жыл билеген (1747-1757). Ғалым Нұрлан Кенжеахмет көз майын тауысып, қазаққа қатысты осындай тың да сирек кездесетін деректер арқылы өткен қадау-қадау ғасырлардағы ел мен жер келбетінің, мемлекетіміздің шекарасының қалай болғанын қайыра зерттеп, жүйелеуде айтарлықтай үлес қосып келеді.
Алпауыт жоғары оқу орны Гарвардтың айрықша жобасын жүзеге асыруға жұмылған Нұрлан Кенжеахмет алдағы жоспарын төмендегіше жеткізді:
– Болашақ қоғам физикалық әлем мен виртуалды әлемнің интеграциясы болады. Бұл екі әлемнің интеграциясы жаңа ғылыми мәселелерді қалыптастырады, ал Географиялық ақпараттық жүйе жүйесі осы екі әлемдік кеңістіктің маңызды қиылысы болып саналады. Кеңістіктік өлшеммен ұштастыра отырып, жүйені қазақтың көпжылдық тарихын елестету және талдау үшін қолданудың мәні зор болмақ. Географиялық ақпарат адамның іс-әрекетімен тығыз байланысты. Жеке адам үшін ол адамның туған жерінің географиялық таралуын, тұратын жерін және әлеуметтік қатынастарды, топ үшін ол топтың географиялық таралуы мен көші-қон жолын, аймақ және оның өмір сүру траекториясы, таралуы және өзгеруі, орынға келетін болсақ, ол сондай-ақ өткендегі адамдар, оқиғалар және заттар сияқты географиялық ақпараттың қысқаша мазмұнын қамтиды. ХХІ ғасыр – цифрландыру дәуірі. Қазіргі уақытта әлемнің барлық елі өз құжаттарын цифрландыруды күшейтіп, әртүрлі деректер қорын құру үшін цифрландырылған құжаттар бойынша деректерді іздестіріп жатыр. Әртүрлі құжаттарды цифрландыру үдерісінде бұл жүйе негізінде адами географиялық ақпараттық деректер базасын құру жоғары деңгейде болады. Гарвард университеті құрған WorldMap веб-сайты географиялық ақпарат базаларына арналған көрнекі сұрау платформасы болып саналады. Онда әлемнің түкпір-түкпірінен келген ғалымдар тиісті зерттеу нәтижелерін жариялай алады. Мысалы, Жапония бөлігі демография, дін, көлік, қалатану, этникалық азшылықтар мен тілдер, энергетика, қоршаған орта, білім, климат, денсаулық сақтау, экономика, тарих сияқты көптеген саладағы географиялық ақпараттық деректер мен көрнекі карталарды қамтиды, – дейді ғалым.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бір баяндамасында: «Ғылымның бүгінгі дамуы – елдің ертеңгі табысының кепілі. Өкінішке қарай, бізде ғылымды басқару ісі жолға қойылмаған. Біз ғылым мен өндірісті ұштастыру туралы жиі айтамыз. Бірақ ондай байланыс әлі де орныққан жоқ. Ащы болса да, мұны мойындауымыз керек. Отандық өндірісті өркендету үшін ғылыми инновациялар, жаңалықтар қажет. Ғалымдарымыздың еңбегі сапалы өнім шығаруға немесе өндірісті тиімді етуге тиіс» деген еді.
Осыған орай Нұрлан Кенжеахметтің мына бір сөзі бізге терең ой салды.
– Әрине, Абылай хан тұсындағы қазақ тарихы әлі күнге дейін қазақ ғалымдары жағынан толық зерттелмеді. Зерттелсе де, өзге ұлт ғалымдарының көзімен зерттелді. Қазақстанның қазіргі шекарасы қашан қалыптасты? Абылай тұсында. Оны басқалар неге мойындамады? Бұл арада мойындау-мойындамау деген сөз болмауы керек. Қазақ тарихын зерттеген отаршы елдердің ғалымдары қазақ тарихына кеңінен сөз ойынын қолданды: хан деп атағысы келмеді, сұлтан деді, дипломатиялық салт-дәстүрді қате түсіндірді, мысалы, қазақ елшілерінің мәнжу патшасы алдындағы коутоу (тізерлей отырып бас ию) салтанатын бізге бодан болды деп түсіндірді. Іс жүзінде, мұндай салтанаттан мәнжу патшасының қабылдауында болған барлық елшілер өтеді, мейлі ол орыс, ағылшын болсын бәрібір. Шекараға қолданған қытайлық-мәнжулік терминдерді бұрмалап түсіндірді. Оны шекара демеді. Осының бәрін бұрмалаған Абылай хан тұсындағы Цин ордасының тарихшылары немесе шенеуніктері емес, одан кейінгі саясатшыл ғалымдар болды. Кіші жүздің Әбілқайыр ханның дипломатиялық қимылдарын да орыстар өз ыңғайына қарай теріс түсіндірді. Алайда Абылай, Әбілқайыр хандар тұсындағы тарихи карталар осы жоғарыдағы айтылымдарды жоққа шығарады. Қазақ үш жүзі үш жаққа тартқан жоқ, қазіргі тілмен айтсақ федерация болды, ортақ сыртқы саясат қолданды, ортақ армиясы болды. Шығысқа жау тисе, батыстан көмекке келді. Ең әйгілі мысал, Аңырақай шайқасы. Аңырақай шайқасы болған жердің еуропалық картасы бар, өкінішке қарай, қазақ тарихы ғылымында әлі айналымға түскен жоқ, – дейді Нұрлан Кенжеахмет.
Ғылым жолында күрескен елдердің беталысына тек таңдай қағып отыра бергеннен де шаршайтын шағымыз болды. Ал біздікі Гарвард сияқты маңдай алды университет бастаған жаңа жобаға бір қазақ азаматы жетекшілік ететінін оқырманға жеткізсек деген ниет қана.