Уинстон Черчилль өз елінің саяси бағытын «Британияның мәңгілік дұшпаны да, досы да жоқ, тек мүддесі ғана бар», деп айқындап берген еді. Кәрі құрлықтың бұл ұстанымы өзге елдерге де ой салғаны анық. Алайда «Орталық Азия елдерінің қарым-қатынасы, өзара байланысы алдымен достыққа құрылған», дейді саяси сарапшылар. Өйткені Орталық Азияның көп бөлігін түркі тілдес мемлекеттер құрайды. Ал алып Ресей Федерациясымен бізді не байланыстырады? Достық па, мемлекеттік мүдде ме?

Тәуелсіздік алғанға дейін Қазақстан кеңес өкіметінің құрамындағы одақтас мемлекеттерді дос санап келді. Ал қазір түркітілдес мемлекеттер мен Орталық Азия елдерін дос тұтамыз. Саяси, экономикалық бағыттағы дестратегиялық әріптес елдер де көп. Негізі Ресей осы экономикалық тұрғыдан алғанда одақтас ел. Алайда «қазақ пен орыс халықтарының арасындағы қарым-қатынас, байланыс ежелден басталады», дейді Сенат депутаты Геннадий Шиповских.
– Екі ел байланысының тереңге кеткенін тарих көздерінен көруге болады. Шекарамыз да шектесіп жатыр, көрші елміз. Бір ғана мысал – қазақ жері орыс жазушы, ақындарына шабыт берген жер. А.С.Пушкин, М.А.Шолохов секілді ұлы тұлғалар Қазақстанға табан тіреп, іздерін қалдырған. Тіпті Шолоховтың «На Дону – я казак, а на Урале – казах» деп айтуының өзі Орал өңіріне сіңісіп, туған жеріндей, халқындай көргенін тануға болады. Қазақ пен орысты байланыстырып, ұштастыратындай осы сынды дүниелер өте көп, – деді ол.
Депутаттың айтқанын жалғар болсақ, М.А.Шолохов Батыс Қазақстанға Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында келген. Ол отбасымен 1941 жылдың күзінде Еділдегі Николаевск қаласына, ал 1942 жылдың жазында Сталинградқа жау жақындап қалған кезде шалғайда жатқан Қазақстанға көшті. Жазушының үлкен қызы Светлана Михайловна «8 шілдеде әкем бізді ескі Фордтағы Солонцовский фермасына одан соң Николаевск және Солтүстік Қазақстан облысының Даринск ауылына алып кетті. Біз Сельповский дүкенінің ғимаратына қоныстандық. Алғашында жыладық, кейін үйреніп қалдық. Өйткені бізге қазақтар жақсы қарады», деген естелік айтады.
Соғыс жылдары Ресейден Қазақстанға бес жүз мың адам қоныс аударған. Бүгінде орыс этносы саны жағынан еліміздегі екінші этностық топ және тұрғындардың 23,3 пайызын құрайды. Жалпы, орыс халқы Қазақстанға XVI-XIX ғасырларда шаруаларды, казак отбасыларын, жер аударылған интеллигенция өкілдерін қоныстандырудың нәтижесінде, сондай-ақ КСРО кезіндегі еңбек көші-қоны кезінде келді. Батыс Қазақстан 1520 жылы орыс қоныс аударушыларын паналатқан ел аумағындағы ең көне өңір.
Қазақстан мен Ресей терезесі тең елдер ретінде ынтымақтастық туралы келісімге осыдан 30 жыл бұрын ресми түрде қол қойды. «Осы жылдар ішінде бір-біріне іргелес жатқан елдердің жеткен жетістігі аз болмады», деді Геннадий Шиповских.
– Қазақстан ең алғашқы достыққа негізделген келісімді Ресеймен жасасты. 1992 жылы 25 мамырда достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартқа қол қойылды. Қазір екі елдің бірлескен экономика, қаржы, технологиялық дүниелерге байланысты, білім, тәжірибе алмасуға қатысты бірқатар бастамалары сәтті жүзеге асып келеді. Екі елдің үлкен бір жетістігі бұл Еуразиялық экономикалық одағы (ЕЭО). Ол Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекет басшылары арасында 2014 жылдың 29 мамырында қол қойылған келісім негізінде құрылған. Мүше елдердің парламенттері бекітіп, Одақ 2015 жылдың 1 қаңтарына бастап күшіне енген болатын. ЕЭО ешқандай бір саяси көзқарасты білдірмейді, әу бастан тек экономикалық одақ ретінде құрылды. Жалпы, Қазақстан мен Ресейдің ынтымақтасуының негізі, әрине, алдымен мемлекет басшыларының еңбегі екені сөзсіз.
Енді екі ел басшыларының қол жеткізген келісімдері заң жүзінде бекітілгені мәлім, оған Парламент өз үлесін қосты. Экономикалық саланы дамытуға қатысты көптеген құжаттар заңмен негізделді. Қабылданған заңдар әр елдің Конституциясына орай жасалды. Бір айта кететін жайт, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау облыстары Ресейдің бірқатар аймағымен шекаралас орналасқан. Сондықтан екі ел алдымен өңірлік ынтымақтастықты дамытуға аса ден қойды. Оған жыл сайын ел өңірлерінде өтетін Қазақстан-Ресей өңіраралық форумы дәлел. Біз қай кезде де бір-бірімізге ағайын болып табылатынымыз сөзсіз, – деді елдің байланысы туралы ой қозғаған депутат.
Статистикалық мәліметтерге көз салсақ, Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 2022 жылы (қаңтар-қазан) 21,2 млрд долларын құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,1%-ға жоғары (19,8 млрд доллар). Қазақстаннан Ресейге экспорт 22,4%-ға өсіп, 7 млрд долларды, ал Ресейден Қазақстанға импорт көлемі 0,9%-ға артып, 14,2 млрд долларды құрады.
Ресейден Қазақстан экономикасына салынған тікелей инвестициялар көлемі соңғы 17 жылда шамамен 19 млрд долларға жетті. Өз кезегінде, Ресейге құйылған инвестиция көлемі 5,7 млрд доллардан астам соманы құрады. 2022 жылғы III тоқсанның қорытындысы бойынша Қазақстанға Ресей 1,3 млрд доллар инвестиция құйды. Ел аумағында өткен жылы Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорындарының саны 41,7 пайыздан асып, 23 179 компанияны құрады. Жалпы, экономикалық өзара іс-қимылдың практикалық мәселелерін шешуге Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның және оның құрамына кіретін ынтымақтастықтың салалық бағыттары бойынша 7 Кіші комиссияның жұмысы ықпал етеді. Қазір екі ел Үкіметі 2018-2023 жылдарға арналған өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығы бағдарламасы және екі елдің өңірлері арасында жасалған 200-ден астам шарт пен келісім негізінде жұмыс атқарып жатыр.
Экономикалық салада Ресей Федерациясы – Қазақстанның басты серіктесі. Алайда бұл саланың тұрақты болуы халықтар арасында бірлік болған кезде ғана сақталатынын айтады сарапшылар. Қазіргі аумалы-төкпелі кезеңде екі халық арасына іріткі салушылар көбейгенін де көріп жүрміз. «Сондықтан алдымен екі ел үшін де мызғымас достық маңызды. Бұл мемлекеттік мүддеден де жоғары тұруы тиіс», деп түйіндеді пікірін Сенат депутаты.
Малайзияда Қазақстан теннисшілері жартылай финалға шықты
Спорт • Бүгін, 13:13
Биыл елімізде 18 мың пәтер пайдалануға берілді
Қоғам • Бүгін, 12:30
Александр Бублик Майами мастерс турнирінде жеңіліп қалды
Спорт • Бүгін, 12:12
Үндістанда пиротехника фабрикасындағы жарылыстан 8 адам көз жұмды
Әлем • Бүгін, 12:02
Бүгін елордада Қазақстан – Словения матчы өтеді
Спорт • Бүгін, 11:22
Банкноттарын заңсыз айырбастаған әйел Қазақстанға экстрадицияланды
Қоғам • Бүгін, 11:17
Ұқсас жаңалықтар