Үкімет • 08 Ақпан, 2023

Азық-түлік бағасын тұрақтандыру шаралары

387 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандырудың жаңа тәсілдерін іске асыру қаралды.

Азық-түлік бағасын  тұрақтандыру шаралары

Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин биылғы қаңтар айының қорытындысы бойынша инфляция 1,1%-ды құрағанын, оның ішінде азық-түлік бойынша инфляция 1,4%-ды, азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясы 0,9%-ды, ақылы қызметтер бойынша 0,7%-ды құрағанын хабарлады. Азық-тү­лік инфляциясының ең жоғары деңгейі Ас­тана мен Шымкентте (2,2%-дан), Қызыл­орда және Солтүстік Қазақстан (1,8%), Ақтөбе (1,7%) және Ұлытау (1,5%) облыс­тарында қалыптасты.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі жыл ба­сынан бері 1,7%-ды құрады. Апта сайын динамика әртүрлі деңгейде – +0,3/+0,4%. Маңғыстау (3,4%), Ұлытау (2,8%) облыстарында және Астана қаласында (2,5%) баға қатты өскен. Атап айтқанда, пияз 22,5%-ға, күріш 5,2%-ға, қырыққабат 4,1%-ға, сүт пен сәбіз 3,1%-ға, картоп 3%-ға, кеспе 2,6%-ға қымбаттады.

Қазіргі уақытта республикада бағаны тұрақтандыру құралдары қайта қаралды. Мәселен, «айналым схемасы» шеңберінде қарыз беру бойынша тәсіл қайта форматталды. Ол қазір тікелей өндірушілерге беріледі. Тұрақтандыру қор­ларын қалыптастыру тетігі өзгер­тілді. Ол енді өнімді сатып алу егін жи­нау кезеңінде, яғни нарықта баға­лар­дың бәсе­келес кезінде іске асырылып, мау­сым­аралық кезеңде сатуға лайықталған.

Бұған қоса ауыл шаруашылығы өнді­рушілерінен өнімді сатуға дейін сақ­тауға мүмкіндік беретін келісімшарт жасауға форвардтық сатып алу тетігі енгізілді. Бүгінгі таңда 2022 жылғы егін келісімшарты бойынша нақты қорлар: пияз – 110%, картоп – 105%, сәбіз – 87%, қы­рыққабат – 70%. Қазіргі уақытта сауда объектілері арқылы пиязды сатуды бастау туралы тапсырма берілді.

Серік Жұманғарин республиканың бар­лық ірі сауда желісі бағаны тұ­рақ­тандыру жұмыстарына қатысатынын айтты.

Азық-түлік қоры туралы Ауыл шаруа­шы­лығы министрі Ербол Қарашөкеев, азық-түлік бағасының мониторингі туралы Ұлттық статистика бюросының бас­шысы Жандос Шаймарданов баян­дады.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы және Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек өңірлердегі бағаны тұрақтандыру іс-шаралары туралы баяндама жасады.

Мәселені қорытындылаған Премьер-министр 2023 жылға арналған негізгі міндеттердің бірі 2023 жылдың қоры­тындысы бойынша инфляцияның деңгейін 9,5%-дан асырмау екенін айтып өтті. Бұған қол жеткізуге әбден болады. Тек бұл үшін өңірлердің азық-түлік бағасын тұрақтандыру, әсіресе маусымаралық кезеңде бағаны ұстап тұру бойынша белсенді жұмыс қажет.

Үкімет басшысының айтуынша, әкімдіктерге барлық қажетті тетік ұсы­­н­ылды, қаражат бөлінді, алайда жергі­лікті жерлерде аталған мәселеге сал­ғырт қараудың салдарынан бағаның өсуі тоқ­тайтын емес. Мысал ретінде Премьер-министр өңірлерге пияз бойынша келісім­шарт жасау тапсырылғанын айтты. «Әкім­дер өнім көлемі жеткілікті деп бірнеше рет айтты. Онда пияз неліктен қымбаттайды? Біздің елімізде пияз көп өседі. Алайда бағаны төмендету үшін пияз экспортына тыйым салып, шұғыл шаралар қабылдауға мәжбүр болдық», деді Ә.Смайылов.

Үкімет басшысы республикадағы фор­­вардтық сатып алу тетігі бірінші кезек­те өндірушілерді қаржыландыру үшін қайта форматталғанын айтты. Алай­да әкімдіктер делдалдарды көбейте отырып, жеткізушілерге қаражат бөлуді жал­ғас­тыруда. «Өңірлерге тиімді бағамен тұрақ­тан­дыру қорларын толтырып алуға мүм­кіндік берілді», деді Премьер-министр осы­ған орай.

Сонымен қатар Үкімет басшы­сы­ның айтуынша, жыл басынан бері сауда сала­сындағы заңнаманы бұзу­шылық фак­тілері болған жоқ, деген­мен әкімдіктерге тиісті өңірлік комис­сия­лардың жұмысын жақсарту үшін алгоритм­дер мен ұсынымдар жіберілген еді. «Алайда өңірлерді комиссия отырыс­тарын өткізуге «қинағандай етіп» мәж­бүрлеп отырмыз. Оның өзі де ешқандай нәтиже беріп отырған жоқ. Тағы да қайталап айтамын: азық-түлік өнімдеріне бағаны тұрақтандыру – Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың аса маңызды міндеті. Жұмысқа немқұрайды қарау орын алса және нәтиже болмаса, тиісті шешімдер қабылданады. Бұл туралы бұған дейін де айтылды», деді Ә.Смайылов.

Осыған байланысты Үкімет басшысы сатып алу-сату кезіндегі тауарлардың көлемі мен бағасын ерекше бақылауға алуды тапсырды. Осы орайда Премьер-министр әкімдіктерден тек бақылау-кассалық аппараттарды қолданатын сауда объектілерінде тұрақтандыру қорларынан өнімдерді сатуды жүзеге асыруды талап етті.

Сонымен қатар Премьер-министр барлық ауданды қамти отырып, тұрақты негізде арнайы жәрмеңкелер өткізу және бағаны, көлемді, қарсы міндеттемелерді және айыппұл санкцияларын белгілеу жөніндегі міндетті шарттарды көрсете отырып, форвардтық сатып алу шартының бірыңғай форматын әзірлеу қажеттігін атап өтті.

Үкімет отырысында тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі шаралар қаралды. Бұл ретте Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевтың хабар­лауынша, 2022 жылдың қоры­тын­дысы бо­йынша елімізде 15,4 млн шаршы метр тұрғын үй салынды, тұрғын үй құрылы­сына инвестициялар өткен жылмен салыс­тырғанда 16,8%-ға өсіп, 2,9 трлн теңгені құрады. Биыл 15,3 млн шаршы метр тұрғын үйді, соның ішінде мемлекеттік қолдау есебінен пайдалануға беру жоспарланған. Кезекте тұрғандарға жылжымайтын мүлік сатып алуға жеңілдетілген несие және жалдауға субсидиялар беру көзделген.

Сонымен қатар көппәтерлі тұрғын үйлерді күрделі жөндеу бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Бүгінде күрделі жөндеуді қажет ететін кондоминиум объектілерінің үлесі 31,1%-ға дейін төмендеді. Кейбір өңірлерде тұрғын үй қорының жоғары тозуы сақталып отыр. Атап айтқанда, Абай облысында – 67%, Батыс Қазақстан облысында – 63,9%, Ақмола облысында – 59,2%, Жетісу облысында – 52,6% және Алматы қаласында – 52,4%. Жалпы, былтыр 11 өңірінде 215 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Апатты жағдайдағы тұрғын үй иелерінің мәселелерін шешу және елді мекендердің сәулеттік келбетін жақсарту мақсатында бұзылатын үйлердің тізбе­сін айқындай отырып, қабылданған рено­вациялау бағдарламалары өзектендіріледі. 2029 жылға 1 500 үйді бұзу және 40 мың меншік иесінің тұрғын үй мәселелерін шешуді қамтамасыз ету жоспарланған, оның ішінде биыл 3 мыңнан аса меншік иесін қамтитын 120 көппәтерлік тұрғын үй бар.

Елдің коммуналдық секторын дамы­ту мақсатында сумен, жылумен жабдық­тау, су бұру жүйелерін салу және рекон­струкциялау жұмыстары жалғасып жатыр. Аталған желілердің жалпы ұзындығы 129 мың шақырымды құрайды (жылумен жабдықтау – 14 мың км, сумен жабдықтау – 98 мың км, су бұру – 17 мың км).

2022 жылдың қорытындысы бойынша түрлі қаржыландыру көздері есебінен 3 мың шақырымға жуық желі жаңғыртылды. Нәтижесінде желілердің жалпы тозуы 53%-дан 51%-ға дейін төмендеді. Биыл шамамен 2 мың шақырым желіні жаңғырту арқылы желілердің жалпы тозу көрсеткішін 50%-ға дейін, ал 2029 жылы 40%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр.

Индустрия және инфрақұрлымдық даму министрінің айтуынша, сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік қалаларда 98,4%, ауылдық елді мекендерде 94,5%-ды құрады. Жамбыл облысының (91,9%) қала тұрғындары және Қостанай (79,6%), Ақмола (89,8%), Солтүстік Қазақстан облыс­тарының (84,6%) ауыл тұрғындары үшін сумен жабдықтау қызметтеріне қолже­тімділік төмен екені байқалады. Осы жылдың қорытындысы бойынша 5 қала және 192 ауылдық елді мекен сумен жаб­дықтау қызметтеріне қол жеткізеді. Мем­лекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025 жылдың соңына дейін сумен жаб­дық­тау қызметтерімен қалалар мен ауыл­дардағы халықтың 100%-ы қамтамасыз етіледі.

Солтүстік Қазақстан облысында 2022 жылы тұрғын үйді іске қосу жоспары 401 мың шаршы метрді құрады. Оның 299 мыңы немесе 75 пайызы енгізілді. Бұл туралы өңір басшысы Айдарбек Сапаров хабарлады.

Тұрғын үйді іске қосу көрсеткішін орындамауға құрылыс материалдарының қымбаттауы себеп болды. Осыған бай­ла­нысты облыс орталығында тұрғын үйлерді пайдалануға беру жобаларды түзету себебінен 2023 жылға ауыс­ты­рылды. Бұл коммерциялық тұрғын үй құрылысының қарқынына да әсер етті.

Екіншіден, 2019 жылдан бастап облыс аудандарында тұрғын үйді пай­далануға берудің негізгі үлесі «Еңбек» бағдарламасын іске асыру аясында жеке тұрғын үй салу есебінен қамтамасыз етілді. Тұрғын үйді іске қосу көрсеткішіне қол жеткізу үшін 2023 жылы қолда бар мүм­кін­діктерді ескере отырып, іске асырылатын жобаларды қайта қарау жөніндегі жұмыс жүргізіледі.

Атырау облысының әкімі Серік Шәп­кеновтің хабарлауынша, 2022 жылы ин­женерлік-коммуникациялық инфрақұ­рылым құрылысын жүргізуге 7,4 млрд тең­ге бөлініп, оның ішінде 4,7 млрд теңге иге­рілді. Бұл – бөлінген қаражаттың 63,3%-ы.

Игерілмеген 2 млрд теңгеден аса қаражат – Атырау қаласының Талғайран ауылында ауданы 62 гектар учаскеге бар­лық инженерлік инфрақұрылымды жүргі­зуге қатысты жобалар.

Қаражаттың толық және уақтылы игерілмеуінің негізгі себебі – мемлекеттік сатып алу барысында айқындалған мер­дігерлердің өздеріне алған міндеттемелерін орындамауы. Өйткені кейбір жеңім­паз компаниялардың өңірі­­мізде материалдық-техникалық базасы­ның бол­мауына бай­ла­нысты жұмыстарды ұйым­дас­тыра алмады.

Аталған мәселелерді шешу үшін әкім­дікпен алынған міндеттемелерді уақ­тылы орындамағаны үшін мердігерлермен келісімшарттарды бұзу және оларды жосықсыз мердігер деп тану бойынша Мамандандырылған экономикалық сотына талап-арыздар жолданып, тап­сырыс берушінің пайдасына шешілді.

Құрылыс материалдарына және құрал-жабдықтарға бағаның өсуіне бай­ла­нысты жобаларға түзету енгізуге шешім қабылданып, жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Премьер-министр тұрғын үй-ком­муналдық инфрақұрылымды дамытудың әлеуметтік және экономикалық маңызы өте зор екенін атап өтті. Өткен жылы 130 мыңнан аса отбасы өздерінің тұрғын үй жағдайларын жақсартты. Жалпы, елімізде тұрғын үйді пайдалануға беру жоспары орындалды. Бірақ 2021 жылмен салыстырғанда өсу қарқыны біршама төмендеді. «Биыл 15,3 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жос­пар­ланып отыр. Бұл 2022 жылғы көрсет­кіш­тен төмен. Негізгі проблема – қажет­ті инфрақұрылымның болмауы. Мысалы, елордада инфрақұрылым мен энергоре­сурстардың жетпеуінен алдағы жылдары жаңа тұрғын үй салу көлемі біршама төмен жоспарланып отыр», деді Ә.Смайылов.

Ол Мемлекет басшысы Астананы дамы­ту жөніндегі кеңесте мұндай пробле­ма­ларды шешу үшін инженерлік инфра­құрылымды жүйелі жоспарлау және кешенді түрде дамыту қажет екенін атап өткенін айтты.

Премьер-министр мемлекеттік бағ­дар­лама бойынша салынған тұрғын үйлердің мәселесіне жеке тоқталды. Отырысқа қатысушыларға сапа стан­дарттарына сәйкес келмейтін аулалардың фотосуреттері көрсетілді. «Мұндай үйлердің қай өңірде салынғанын айтпай-ақ қояйын. Бірақ барлық жерде осындай көрініс. Балалардың ойын алаңына қараңыздар! Жолдардың жағдайы қандай? Бұл не, қалыпты нормаға айналған ба? Әкімдер бюджет қаржысына салынған үйлерге ревизия жасап, барлық кемшілікті жоюы керек. Құрылыстың сапасын қатаң бақылауға алу қажет», деді Ә.Смайылов.

Премьер-министрдің айтуынша, бүгінгі таңда тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық саласында шұғыл әрі сапалы шешуді қажет ететін мәселелер көп. Соны­мен қатар жауапты мемлекеттік орган­дардың жұмысында да халықтың әлеу­меттік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз етуде кемшіліктер бар. Кезекте тұрғандарды баспанамен қамтамасыз ету жұмыс­тарының сапасыз жоспарлануын да бөлек алып қарауға болады. «Салынып біткен тұрғын үйлерін ала алмай жүрген азамат­тардан шағымдар көптеп түсуде. Се­бебі Отбасы банкінде жеңілдікпен несие бе­руге қажетті қаражат жоқ. Жұмысқа бұлай салғырт қарауға болмайды», деді Ә.Сма­йы­лов.

Айтылғандарды есепке ала отырып, Премьер-министр кезекте тұрғандарға жалдау ақысын субсидиялау жөніндегі шаралардың тиімділігіне қосымша талдау жүргізіп, нақты ұсыныстар енгізуді, сондай-ақ кезекте тұрғандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету кезінде мемлекеттік қолдаудың барлық бағытын уақтылы қаржыландыруды тапсырды.

Ә.Смайылов өңірлерде құрылыс маусымын уақтылы бастау үшін тиісті жер учаскелерін алдын ала бөлу, жобалық құжаттаманы әзірлеу және қажетті инфра­құрылымды жүргізу маңызды екенін атап өтті.