Экология • 08 Ақпан, 2023

Су тасқыны қауіпі бар аймақтар аталды

789 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Ғалидулла Азидуллин су тасқыны қауіпі бар аймақтарды атады, деп хабарлайды Egemen.kz ведомствоның бапсасөз қызметіне сілтеме жасап.

Су тасқыны қауіпі бар аймақтар аталды

«2023 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша жазық аумақтағы қар жамылғысындағы ылғал қорының көрсеткіштері негізінен орташа көпжылдық мәндерден жоғары. Консультативтік болжам бойынша ақпан айында елдің көп бөлігіндегі ауа температурасы климаттық нормаға жақын болады деп болжануда. Ақпан айында жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде нормаға жуық, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Батыс Қостанай облыстарында нормадан аз, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарының басым бөлігінде, Алматы және Жетісу облыстарының оңтүстік жартысында нормадан көп болады деп болжанып отыр», деді спикер брифинг барысында. 

Су тасқыны суларын өткізуге гидротехникалық құрылыстарды дайындау мәселелері бойынша республика аумағында барлығы 1 806 тірек гидротехникалық құрылыстар бар екендігі айтылды. Жыл басында 1 322 ГТҚ тексерілді, 471 нысан жөндеуді талап етеді, оның ішінде республикалық меншікте – 94, коммуналдық меншікте – 327, жеке меншікте – 44, иесіз – 6 нысан бар.

«Бүгінгі таңда ірі су қоймаларында жинақталған су көлемі 60-75%-ды құрайды. Ағын көлемі норма шегінде күтілуде және барлық су қоймаларында тасқын суды қабылдауға арналған бос сыйымдылықтар бар», деп атап өтті вице-министр.

Осы орайда Сырдария өзені бассейні мен Шардара су қоймасындағы су шаруашылығы министрліктің тұрақты бақылауында тұрғанын атап өткен маңызды.

Мәселен, бүгінде Шардара су қоймасының көлемі 4 676 млн.м3, Көксарай қарсы реттегішінің көлемі - 1 438 млн.м3 құрайды. Су қоймасына ағын 1 101 м3/сек, Сырдария өзенінің төменгі ағысына ағызу 900 м3/сек, Көксарай контррегуляторының су тартуы – 350 м3/сек, Сырдария өзенінің төменгі ағысына ағызу – 550 м3/сек құрайды. Шардара су қоймасының бос сыйымдылығы 524 млн.м3, Көксарай контррегуляторы – 362 млн. м3 құрайды. Жалпы бос сыйымдылығы-886 млн. м3.

Қазіргі уақытта қауіпсіздікті және үздіксіз жұмысты қамтамасыз ету үшін Қызылорда, Әйтек, Қазалы және Ақлақ су тораптары пайдалану қағидаларына сәйкес транзиттік режимге ауыстырылды.

Бұдан басқа, су тасқынынан өту қаупі жоғары өңірлерде кезекшілік кестелері бекітілді.