Әскери даңқ музейі ата-бабаларымыздың ерлік жолын жас ұрпаққа насихаттауда ерекше көзге түсіп жүр. Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Жеңісбек Қадырұлының айтуынша, жәдігер 2014 жылы тапсырылған. Оны «Майдан жолы» іздестіру жасағының мүшесі, қоғам белсендісі Жұмабек Қамзин Невельден арнайы алып келген.
– Сол жылдары Ресейдің Псков облысы Невель қаласына экспедиция ұйымдастырылды. Жасақ мүшелері қазақ жауынгерлерінің ерлік жасаған өңірлерін аралап, белгісіз жауынгерлердің жерленген зираттарын іздестірді. Ресейлік іздестірушілер Мәншүк Мәметова пайдаланған самаурынның табылғаны туралы айтқан екен. Содан Жұмабек ағамыз оны аттай қалап сұрап алады да біздің музейге әкеліп тапсырды. Былтыр қазақтың батыр қызының туғанына 100 жыл толуына орай музейде мектеп оқушылары мен студенттердің, қала қонақтарының қатысумен еске алу кештері өтті. Онда осы жәдігер жөнінде кеңінен әңгімеленіп, қаһарманның өмірінен деректер айтылды. Самаурынға қатысты тың мәліметтерді жинадық. Даңқты пулеметші қыз пайдаланған жәдігер бүгінде музейден өзінің лайықты орнын тапты, – дейді ол.
Мәншүк Мәметова 1943 жылы Невель түбінде ерлікпен қаза тапқаны тарихтан белгілі. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде 95 әйел Кеңес Одағының Батыры атағын алған. Ал оның екеуі қазақ қызы еді. Ұрпақ бақыты, ұлт болашағы үшін жан берген апаларымыздың ерлігі осындай жәдігерлер арқылы ел есінде жаңғыра бермек.
ПАВЛОДАР