Экономика • 09 Ақпан, 2023

Қаржы секторының қадамы

364 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Бәсекеге қабілетті, дағдарысқа төзімді, цифрлық сервисті енгізу бойынша да бірқатар секторға үлгі бола алған әрі қоғаммен байланыс бойынша да ашықтық принципін ұстана алатынын көрсетіп келе жатқан қаржы секторы 2023 жылды мейлінше оң көрсеткіштермен бастаған сияқты. Қазір елімізде 21 екін­ші деңгейлі банк (оның 12-сі – шетел қатысатын банк, сол 12-нің 9-ы – еншілес банк), 26 сақтандыру ұйымы (оның 9-ы – өмірді сақтандыру бо­йынша) және қор нарығында «Қазақстан қор биржасы» (KASE) жұмыс істейді.

Қаржы секторының қадамы

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Несие портфелінің сапасы жақсарды

Несие портфелінің 20,1 пайызға өсуінің нәтижесінде, былтыр банк секторының жиынтық активі 44,6 трлн теңгеге (18,4 пайызға) дейін көбейген. Ал халық салымының 26 пайызға өсуі есебінен банк сек­торының міндеттемелері 18,9 пайызға, 39,3 трлн теңгеге дейін артқан. Экономикаға кредиттер 2022 жылы 23,3 пайызға, 22,8 трлн теңгеге дейін көбейді. Соның ішінде заңды тұлғаларға – 8,7 трлн теңге, жеке кәсіпкерлерді қоса алғанда, бизнес субъектілеріне жиынтық кредит – 9,6 трлн теңге, жеке тұлғаларға кредит 14,2 трлн теңге көлемінде берілді.

2022 жылдың қорытындысы бойынша несие портфелінің сапасы айтарлықтай жоғары деңгейде қалып отыр. 2023 жылдың 1 қаңтарында портфельдің жалпы көлемінде төленбегеніне 90 күннен асқан берешек (NPL 90+) үлесі 3,4 пайызды немесе 815 млрд теңгені құрады. Заңды тұлғалар портфеліндегі NPL 90+ 3 пайыз немесе 321 млрд теңге болса, бұл көрсеткіш жеке тұлға­лар­дың портфелінде 3,7 пайыз немесе 493 млрд теңгеге жеткен. 2022 жылы қараша айында екінші деңгейлі банктердегі NPL 90+ көрсеткіші – 3,6 пайыз, 2021 жылы – 4,3 пайыз, бес жыл бұрын – 12,7 пайыз, он жыл бұрын 30,9 пайыз болған.

Секторды биыл қандай жаңа­шыл­дық күтіп тұр: Банк секторы­на үлкен өзгеріс әкелуі мүмкін жеке тұлғалардың банкрот атануы­на мүмкіндік беретін заң биыл 3 нау­рыздан бастап күшіне енеді. Аза­маттар үш түрлі тәсіл – сот банк­рот­тығы, соттан тыс банкроттық және төлем қабілетін қалпына кел­тіру рәсімдерін пайдалана алады. Қаржы министрлігінің мәліметінше, шама­мен 1 миллионнан аса адам банк­роттық рәсімін қолдануы мүмкін.

 

Сақтандыру секторын үш жаңашылдық күтіп тұр

Елдегі 26 сақтандыру ұйымы­ның активі 2,1 трлн теңгеге жетіп, былтырмен салыстырғанда 13 пайыз­ға ұлғайған. Активтердің ұлғаюы негізі­нен сақтандыру қызметі бо­йынша кірістердің өсуі нәтижесінде болды, деп хабарлайды Қаржы нары­ғын реттеу және дамыту агенттігі. Активтер құрылымында ең көп үлес – 1,5 трлн теңге (активтердің 74,1 пайызы) бағалы қағаздарға тиесілі, олар 2022 жылы 16,2 пайызға өскен.

«Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының меншік капиталы 2022 жылы 775 млрд теңгеге дейін, 4,5 пайызға өсті. 2022 жылы жеке және заңды тұлғалармен 12 314 599 сақ­тан­дыру шарты жасалды, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 3,9 пайызға көп (2022 жылғы желтоқ­санда – 1 143 902 шарт). Мұн­дай өсу, негізінен, көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру бо­йынша жасалған шарттар санының 7,7 пайызға немесе 441 916 данаға және туристі сақтандыру шартының 58,7 пайызға немесе 301 641 данаға ұлғаюына байланысты болды», деп хабарлайды агенттік.

Сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша қабылданған сақтандыру сыйлықақысының көле­мі 2022 жылы 772 млрд теңге болды. 2021 жылмен салыстырғанда 10,5 па­йызға көп. Соның ішінде міндетті сақтандыру бойынша сыйлықақы көлемі – 170 млрд теңге. Ерікті жеке сақтандыру бойынша қабылданған сақтандыру сыйлықақысының көлемі – 278 млрд теңге. Ерікті мүліктік сақтандыру бойынша сыйлықақы көлемі – 267 млрд теңге. Ал сақтандыру төлемдерінің көлемі 191 млрд теңгені құрады, бұл 2021 жылға қарағанда 50,4 пайызға көп.

Сектордағы таза сақтандыру қызметінен түскен кіріс есебінен алынған таза пайда – 137,5 млрд теңге.

Секторды биыл қандай жаңа­шыл­дық күтіп тұр: Агенттік өкіл­дерінің айтуынша, 2024 жылы сақтандыру саласын үш бағыт – иншуртех, регтех және субтех бо­йынша жаңашылдықтар күтіп тұр. Бұл туралы Digital Almaty 2023 форумында Сақтандыру нары­ғы және актуарлық есеп айырысу департаментінің директоры Әсел Әмірбаева айтты.

«Иншуртех – онлайн-сервис, маркетплейс, сақтандыру ұйымы мен цифрлық қызметті тұтынушы арасындағы қарым-қатынасқа мұрындық болатын технология. Онлайн қызмет сақтандыру ұйымдарына қатысушылардың өздері үшін де, тұтынушылар үшін де сақтандыру қызметтерін көрсету кезінде қаржылық уақыт ресурстарын оңтайландыруға мүмкіндік беруі керек. Реттеуші (агенттік) он­лайн алаңдарды талдау кезінде сақ­тан­дыру өнімдерінің сапасын, олар­дың түрін, бағасын, сақтандыру өнімі­нің шарттарын бақылай алады», дейді.

Ал регтех дегеніміз – деректерді өңдеу технологиясы. Осы технология аясында сектордағы үлкен көлемдегі мәліметтер өңделіп, таразыланады. Субтех – реттеушіге көбірек арналған және сақтандыру компанияларының тәуекелдерін талдауға қатысты жүйе.

 

Қор нарығының дамуына IPO үлкен үлес қосты

2022 жыл бастала салысымен геосаяси жағдайдың шиеленісуі, инфля­цияның өсуі және ақша-кредит саясатының қатаңдап кетуі (базалық мөлшерлеменің өсуі – ред.) қор нарығын капиталдандыру көрсеткішін 35,6 трлн теңгеге дейін (19,4 пайызға) азайтып тастады. Акциялар нарығын капиталдандыру 2022 жылы 21,2 трлн теңгеге дейін (26,4 пайызға) төмендеген.

2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша «Қазақстан қор биржасы» АҚ (KASE) сауда тізімдерінде 100 эмитенттің 114 акциясы, «KASE Global» секторында 46 түрлі акция бол­ды. 2022 жылдың қорытындысы бо­йынша KASE өкілдік тізіміндегі акция­лар бағасының төмен­деуі нәти­жесінде, KASE индексі 3 251,64 тар­маққа дейін, 11,5 пайызға құлдырады.

2022 жылы акциялармен сауда-саттық көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 27,3 пайызға төмен­деп, 307,3 млрд теңгені құра­ды. 2022 жылғы желтоқсанда сауда-саттық көлемі алдыңғы аймен салыстырғанда 17 есе ұлғайып, 198,3 млрд теңге болды. Қор нары­ғындағы белсенділіктің артуына былтырғы «ҚазМұнайГаз» IPO-сы үлкен септігін тигізген. IPO-ның арқасында KASE сауда жүйесіне 137,5 млрд теңге тартылған. Бұл – инвесторлардың мақұлданған өтінімінің 89 пайызы.

«2023 жылғы 1 қаңтарда KASE сауда-саттық тізімдерінде 83 эми­тенттің корпоративтік облига­ция­ларының 346 шығарылымы болды. Былтыр корпоративтік облигация­лармен сауда-саттық көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 25,6 пайызға өсіп, 2,5 трлн теңгені құрады. Тар­тылған қаржыландырудың көлемі 2022 жылы 30,5 пайызға, 1,5 трлн теңгеге дейін өсті. Тартыл­ған қаржыландырудың жиынтық көле­міндегі ең үлкен үлес квази­мемлекеттік сектордың компания­ларына тиесілі – 95 пайыз немесе 1,4 трлн теңге, ал жеке сектор субъектілерінің үлесі 5 пайыз немесе 86 млрд теңгені құрады», делін­ген агенттік ақпаратында.

2022 жылы инвесторлардың ашық шоттарының саны 550,2 мың­ға дейін өсті. Ұжымдық инвес­ти­циялар нарығында 47 инвести­циялық пай қоры, оның ішінде 24 аралық, 22 жабық және 1 ашық пай қоры жұмыс істеді. 2023 жыл­ғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша бағалы қағаздар нарығының инсти­ту­ционалдық құрылымында 38 брокер мен дилер (15 банк және 23 банктік емес ұйым), 10 кастодиан банк, 20 инвестициялық портфельді басқарушы, 3 трансфер-агент, сондай-ақ 2 инфрақұрылымдық ұйым: «Қазақстан қор биржасы» АҚ және бірыңғай тіркеуші және сауда репозиторийі функцияларын орындайтын «Бағалы қағаздар орталық депозитарийі» АҚ жұмыс істейді.

Секторды биыл қандай жаңа­шыл­­дық күтіп тұр: Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, қор нарығының индекс­терімен (S&P, MSCI, FTSE) байланысты басқарылатын активтердің әлемдік құрылымында пассивті инвестициялар үлесінің өсуіне байланысты қазақстандық заңнамаға инвестициялық қордың бағалы қағаздарының жаңа түрлері – ETF (биржалық қорлар) пен ETN (биржалық ноталар) енгізіледі.

Қазақстан Қаржыгерлер қауым­дастығының хабарлауынша, алдағы дивидендтік төлем маусымы (2022 жылға) жергілікті акцияларға деген қызығушылықты арттыруы мүмкін.

«Заңнамалық бастамалардың ішінде азаматтардың зейнетақы жинақтарының 50 пайызына дейін БЖЗҚ-дан жеке басқаруға аударыл­ғанын атап өтеміз. Бұл РҚБ-дағы бәсекелестіктің өсуіне және жер­гі­лікті нарықтың өтімділігін арт­тыруға ықпал етеді. 2023 жылы квази­мемлекеттік сектордың қазақстандық компанияларының IPO-ны жандандыруды жалғас­тыруы өте маңызды, бұл инвес­торлардың нарыққа одан әрі келуіне, қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуға, корпоратив­тік ашықтықты арттыруға, сондай-ақ акциялар нарығын капиталдандыруды қалпына келтіруге ықпал етеді. 2022 жылы ІЖӨ-нің 22 пайы­зына дейін төмендеді, бір жыл бұрынғысы – 35 пайыз», дейді қауымдастық сарапшылары.

 

6,4 млрд теңге ипотекалық қарыз қайта қаржыландырылды

Қаржы саласының қызметін тұтынатын азаматтардың құқығын қорғау да – маңызды жұмыс. Былтыр қаржы секторына қатысты 35 337 өтініш қарастырылған. Олардың көбі – қарыз алушылардың борыш жүктемесін азайту үшін жәрдем көрсету және шаралар қабылдауға байланысты. Тиісінше, өтініштердің басым бөлігі (65 пайызы) банк секторына бағытталған. 19,8 пайыз өтініш – микроқаржы ұйымдарына, 1,7 пайыз өтініш – сақтандыру секторына, 1,2 пайыз өтініш – коллекторлық агенттіктерге, 12,3 пайыз өтініш басқа ұйымдарға байланысты болған. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау шеңберінде жалпы сомасы 120,7 млн теңгеге 235 шара және 176 әкімшілік жаза қолданылыпты.

«2004-2009 жылдар аралығын­дағы кезеңде ипотекалық қарыз алған алушылардың жалғыз баспанасын сақтап қалуға бағытталған ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасының бірінші бөлігі шеңберінде банктер 187,9 млрд теңге сомаға 31,4 мың қарызды қайта қаржыландырды, оның ішінде 2022 жылы 6,4 млрд теңге сомаға 2,6 мың қарызды қайта қаржыландырды. 2016 жыл­дың 1 қаңтарына дейін беріл­ген валюталық ипотекалық қарыздар­ды конвертациялауға бағытталған бағдарламаның екінші бөлігі шеңберінде банктер 132,2 млрд теңге сомаға 13,8 мың валюталық ипотекалық қарызды конвертациялады. 2022 жылғы қазанда валюталық ипотекалық қарыздарды конвертациялау/қайта қаржыландыру мерзімі 2023 жылғы 1 шілдеге дейін ұзартылды», деп мәлімдейді агенттік.

Бағдарламаның үшінші бөлігі шеңберінде банктер 2023 жыл­ғы 1 шілдеге дейін халықтың әлеу­меттік осал тобына жататын ипо­те­калық қарыз алушыларға қосымша қаржылық қолдау шара­ларын көрсету бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Қолдау шаралары қарыз алушының берешегін азайту, өтеудің жеңілдетілген кестелерін белгілеу, сондай-ақ банктің балансында тұрған жалғыз баспананы қарыз алушының меншігіне қайтару түрінде көрсетіледі. 2023 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 9,6 мың қарыз алушыға 63 млрд теңге сома көлемінде қосымша қолдау шаралары көрсетілді.