Кездесуде Нұрлан Әбдіров Парламент Мәжілісі депутаттарының алдағы кезектен тыс сайлауы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес жаңа сайлау қағидалары мен нормалары бойынша өткізілетінін мәлімдеді. Атап айтқанда, Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау кезінде жаңа пропорционалды-мажоритарлық модельге көшу, Мәжіліс пен мәслихат депутатын кері қайтарып алу бойынша императивті мандат енгізу, дауыс беру күні сайлау учаскесінде БАҚ өкілдерінің қатысу мүмкіндіктерін кеңейту туралы нормасына тоқталды.
Нұрлан Әбдіров сайлау заңнамасына бірқатар басқа түзетулер 2021 жылғы парламенттік сайлауды бақылау қорытындылары бойынша ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясының ұсынымдарына толық жауап беретінін ерекше атап өтті. ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясы өкілдеріне науқанның барлық кезеңдері және сайлауға дайындық кезеңіндегі сайлау органдарының іс-әрекеттері туралы ақпарат берілді. Сондай-ақ саяси партияларды, БАҚ, ҮЕҰ өкілдерін, жастар мен мүгедектігі бар адамдарды қоса алғанда, сайлау үдерісінің ұйымдастырушыларын және басқа да қатысушыларын оқытудың маңыздылығына тоқталды. Ол Орталық сайлау комиссиясы сайлау науқанын заңнамаға қатаң сәйкес жүргізуді қамтамасыз ететінін және саламатты және адал бәсекелестік үшін барлық жағдай жасайтынын жеткізді.
ОСК төрағасы ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясына Қазақстан Республикасындағы сайлау мен референдумды байқауға тұрақты қатысқаны үшін алғысын білдіріп, миссияның толыққанды жұмысы үшін барлық ыңғайлы жағдай жасалатынын баса айтты.
Өз кезегінде ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясы басшысы О.Мерфи екі ұйым арасындағы ынтымақтастық пен Миссия жұмысына жасалған жағдайлар үшін алғыс білдірді. Ол 19 наурызда дауыс беру күні ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясына ДИАҚБ офисінің басшысы мен ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының байқаушылар тобы қосылатынын хабарлады.
Кездесу соңында тараптар ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясы өкілдерінің Орталық сайлау комиссиясының тұрақты отырыстарына, сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясы жанында ұйымдастырылған оқыту іс-шаралары мен диалог алаңдарының отырыстарына қатысу тәжірибесін жалғастыру туралы келісті. Сонымен бірге Орталық сайлау комиссиясының төрағасы барлық өңірлерге сапарлар барысында ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясының өкілдерімен кездесулерге дайын екенін жеткізді.