01 Маусым, 2010

ТУҒАН ЖЕР ТУРАЛЫ ТОЛҒАНЫС

5389 рет
көрсетілді
29 мин
оқу үшін
Газет оқу зерігіңді басатын нәрсе сияқты көрінгенімен, өзінше бір жұмыс. Таңертең оянғанда ауа райын білмекке терезеге қарайсың. Ал әлемде не болып, не қойып жатқанын білетін терезең – газет, жалпы бұқаралық ақпарат құрал­да­ры. Әлбетте, жазылғанның бәрін сы­пыра, сыдырта оқу мүмкін емес. Өзің іш тартатын тақырыпқа алдымен қадала­сың. Менің сондай тақырыбым – орал­мандар хақындағысы. Солай деп атап кеткенімізбен, бұл өзі атамекеніне, туған жеріне біздерді де сағындырып, өздері де сағынып ел-жұртына қайта оралып келіп жатқан қаны бір туған-туыс­қандарымыз емес пе... Өз басыма келсем, “оралман” мәсе­ле­сіне бейжай еместігім сонау 1962 жылы Мәскеуде КОКП Орталық Ко­митеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясының аспирантурасында оқып жүргенде кенет сезілді. Ол кезде рес­публикалардан қатынаған жолаушыға астана мейманханаларынан орын табу қиын болатын. Алматыдан ағылған қайсыбірінің қонақ үйден орын тимеген соң Садово-Кудринский көшесіндегі жатақханада жеке бөлмеде тұратын мені де сағалайтыны бар-ды. Ел хабарын со­лардың аузынан естиміз. Республикалық газеттерді үзбей оқып тұрғаныңмен, көп құпия ашық баспасөзде жарияланбай, жабық ұсталады. Сол кезде ғой, көңі­лі­мізді төтенше бірлеген хабар естігеніміз. 1962 жылғы көктемде он, жиырма шақты күннің ішінде Қытайдан жүз елу мың қазақ шекараны бұзып өтіпті деседі Алматыдан қатынағандар. Құлағы­мыз­дың құрышын қандырған ондай майлы ауыздарды қалайша “жумассың”... Қуаныштың да нешеме сорты бола­ды. Аспирантурада оқып көңіл өсіп жүргенімен, еліміздегі қазақ азшылық болып қалған ащы ахуалымыз есімізге түскенде әжептәуір жасимыз. Келім­сек­тер есіктен кіріп, төр менікіні күшейтіп бара жатты. Солтүстік Қазақстан облы­сы, Қызылту ауданы, “Борсықпай” сов­хозындағы сельсовет төрағасының үстеліне жабылған қызыл плющ матаны тың игеруші келімсектер сыпырып алып, кабинет иесінің көзінше жа­пырақтап дал-далын шыға­рып бөлшек­теп айырып, етіктерін сүр­тіп тазалаған. Талай қазақ молаларын таптап, тұрған жерін әдейі жыртып, тып-типыл еткен. Шет жағасын өз көзіммен көргенім де бар. Мағжанның атасы Жұмабай қажы, алғашқы әйелі мен бір жастағы баласы Граждан есімді бүлдіршіні жатқан мола­ның жермен жексен етілгенін, үстін бозғылт ермен жауып кеткенін кейіндер “Мағжан” атты кітабымда жазғанмын да. Сөйтіп өз елімізде өзіміз азшылыққа айналып, жасып жүрген көңілімізді шекараны ағындатып жарып өткен 150 мың қазақ тасытып жіберсін. Шынын айтсам, “тасытып” жіберді деген сөз де сол кездегі көңілімізді жеріне жеткізе бейнелей алмайды. Өскен көңіл күйін дөп баспайды. Сонда ғой орыс драма­тургі Всеволод Вишневскийдің Ленин­град блокадасының ең бір қиямет тозақ шағында Жамбылдың “Ленинградцы, дети мои” деген өлеңі халық поэзиясы алыбының портретімен плакат болып көше-көшеге ілінгенінде айтқан бір ұшқыр сөзінің еске түскені. Плакаттың ілінуі қоршаудағы аш-жалаңаш қала тұрғындарына бір тың дивизия қосыл­ған­дай (“такой подъем бывает только при подходе свежей дивизии”) күш бітірді дейтіні. Оның түсінбейтін еш нәр­сесі жоқ. Мәскеуді неміс фашистері дүрбімен қарайтын жерге жеткен жерде емес пе еді, Сібірден келген “тың диви­зиялар” жаудың тұмсығын бұзып қан қылып, 150-200 километрге дейін қуып салатыны... Жуықта бір мерейтой үстінде ұсыныс жасадым. Жазушы Қабдеш Жұмаділов ақын Қажытай Ілиясұлы екеуінің 150 мың қайсар қазақпен тізе қосып, елге оралған қуаныш одиссеясын “Таңға­жайып дүние” атты ғұмырнамалық рома­нында зор шабытпен әдемілеп жазып берді. Оған мың рахмет! Ал бірақ, сол кезде атамекенде түтін түтеткен біздің қуанышымыз ше? Ол жайлы кітап шықты ма? Бір ақын, бір жазушы екеуі лирикалық кейіпкерге сұранып тұрғанда, 150 мың қазақ, оған қоса елдегі екі жа­рым миллион қазақ – эпостық қаһар­ман ғой!.. Терең лирика, сыршыл өлеңге эпикалық қанат бітіп, дастан боп туса нетті... Сол шеттен келген ағайынның құтты қадамының шарапаты да шығар, Құдай­ға шүкір, қазақ енді он миллионға жетіп, азшылықтан көпшілікке айналып, 62 пайыз құрап отырғанымыз. Дегенмен, мұратымызға жеттік деп, мұрт ширатуға әлі ерте. Ұлан-байтақ атамекеніміз үшін он миллионың не тәйірі. Сондықтан да бір уыс болмай, былай қатарымызды көбей­тің­кіреп, тығызырақ отырсақ, жан-жа­ғы­мыздағы сұғын қадаушылар сілекейін шұбырта беруден тыйылар ма деп дәмеленетініміз. Әнеу бір әзірде “Қазақ әдебиеті” газетіне орыс тілінде “Воро­ши­ловский чревоугодник” деген мақа­лам жарияланды. Не себепті жазылға­нын оқырманның есіне сала кетейін. Әлдекім дейтін емес, кинорежиссер ре­тінде өзім фильмдерін қызыға, құмарта көретін Станислав Говорухин Қазақ елінің солтүстігіндегі бес облысты Хрущев жомарттығы ұстап Қазақстанға сыйлай салды деп гәпірткен. Өтірік өрге баспайтынын дәлелдеу үшін айтыстың памфлеттей ащы тілді жанрына жүгініп, арнайы мақала жазуға тура келді. Сол памфлет газетте жарық көргенде біріншілердің қатарында хабарласқан жазушы Әзілхан Нұршайықов: Мына мақаланы “Казахстанская правда” неге жариялаудан бас тартқан? Мен жоғары жаққа наразылығымды білдіріп хат жазып жібердім, деді. Ол жәйтті әрі қарай созбай-ақ қояйын. Еске алып отырған себеп, жерімізді даулаушының байбаламынан бәрібір ешнәрсе өнбей­тініне еш күмән келтірмегенімді, ішім­нің тоқтығын айту еді. Іші күйгендер тұз жаласын, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың мың жылдарға кететін тарихи көрегендігінің арқасында көрші мемлекеттің бәрімен, әсіресе, екі алып – Ресей және Қытаймен шекара мәсе­ле­сіндегі дау-шарды жойып, ортақ мәмі­леге келдік. Шекарамызды халықаралық ережеге сәйкестендіріп заңдастырып алдық. Бұл құжаттай мықты қорған болмас. Көне Қытай қамалынан өткен бұзылмайтын бекініс. Және бір даналық іс – астананың Арқаға көшірілуі еді. Ішіміз ашыды, әри­не, ару Алматының әкімшілік-саяси орталық дәрежесінен айырылып қалған­дығына. Осы істің бастаушысы және дем берушісі – Алатау қыранының өзі де аз тебіренбеген шығар. Бірақ тарихи қа­жет­тілік деген болады. Оны алдымен Мем­ле­кет басшысы сезе білуге керек. Хру­щевтің тың жерлерді игеру науқанының салдарынан Қазақ елінің терістік те­ліміне келімсектер құмырысқадай қап­тап кеткендіктен, сол өңірде ат төбе­ліндей боп қалған едік. Енді бұрынғы Қараөткелдің өзіне, төңірегіне қара­саңыз, қаракөз бауырларымыз қаптап қоныс теуіп жатыр. Соны көріп, естіп-біліп, жанымыз жай тауып, айызымыз қанатыны қандай... Құдай қосса, сол төңіректегі Қызылжар, Кереку, Ақтөбе, Қостанай да таяу тарихи кезеңде баяғы заманғы қазақы қалыбына келер деген сенім берік. Туған өлкем Алтай жақтың да ұлттық реңкі, шүкірлік, өзгеріп келе жатыр. Көр­ші Семеймен біріктірілгені – жай­дан жай емес. Қазіргі Шығыс Қазақстан облысының тең жартысы – өзімізбіз. Тұңғыш Президентіміздің ел іргесін бекіту бағытындағы тарихи істерін оның туған жер туралы толғанысының жемісі дер едім. Бас тақырыбы – тәуелсіздік бол­ғанда, оның табиғаты бөлек ән-жы­рын алдымен шырқатқан Елбасының өзі. Президент, мемлекет һәм қоғам қай­рат­кері есімінің ән, жырға айрықша мән беруіне байланысты айтылуы оның қазақы табиғатынан туындаса керек. Қазақта “әу” демейтін кісі болмайды. Ұлтшылдық ауруы ұстап айтып отыр­ға­нымыз жоқ. Олай емес екендігін растау үшін алдымен қазақтың ән-өлең сүйгіш­тігін ұлттық ерекше қасиетіне балаған көршілес ағайын ел өкілдерін куәлікке тартар едім. 1913 жылы Романовтар ди­настиясының патшалық құрғанына 300 жыл толуы құрметіне “Россия. Полное географическое описание нашего оте­чества” атты көптомдық шығарылды. Соның В.П.Семенов-Тяньшанскийдің редакциясымен Түркістан өлкесіне арналған 19-шы томында мынадай айғақ бар: “Отличительной чертой киргиза (казаха – Ш.Е.) является любовь к поэзии и умении излагать свои мысли не только ясно и изящно, но и крас­норе­чиво. Отсюда высокое развитие устной народной литературы, отли­чающейся богатством и разнообразием и слагаю­щейся из пословиц, загадок, поучений в стихах песен различного ха­рактера (колыбельная, любовная, сва­деб­ная, похоронная, хвалебная и т.д.)...” (Россия. Полное географическое опи­сание нашего отечества. Т. Х1Х. Тур­кестанский край. Издание А.Ф.Деврие­на. 1913, С. 370). Өлең-жырға құлай берілуі, сүйіс­пеншілігі жөнінен Президентіміздің өзге қазақтан еш айырмасы жоқ. Домбыра тартып, ән де салады. Сахнада бір жақсы ән шырқалса, әртістерге қосылып кететінін теледидардан көріп жүрміз. Қазақ әні саясатшының жүрегінен орын тапса – Елбасының өзге қаракөзден айырмашылығы міне, осы тұста көзге түседі. Ол ерекшелігі, Астанада дизайны әлемдік ән-күй ордаларынан кем түс­пейтін театр, концерт ғимараттарын сал­ғызуынан, өнер адамдарын айрықша құрмет тұтып сыйлауынан, ізгі қам­қорлығынан байқалады. ...Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Премьер-Министрі болып жоғары­ла­ған­да ілкі құрған Үкі­ме­тінің мүшесі ретінде қабылдауында бол­дым. Шақырған жи­налыстарына қаты­сып жүрдім. “Сталь­ной профиль Казах­стана” атты тұңғыш кі­табы менің Қазақ КСР Баспа ко­ми­тетінің жүйесінде істеп жүрген кезімде жарық көрді. Кезінде Мемлекеттік сыйлықты тапсырып тұ­рып, “Мағжан” атты монографиям ту­ралы жылы лебіз білдіргеніне дән разы­мын. Бірақ ол кісімен дастарқан басында кезігу сәті түспегендіктен, қазақтың жаңа Әнұра­ны­нан басқа қандай әндерін сүйіп айтатынынан хабарсызбын. Жа­нынан өлең шығаратын қабілеті бар деседі. О жағын да біліңкіремеймін. Ал Әнұран хақында батыл айтсам, ол орыс, қазақ демей, еліміздің тұрғындарының баршасына белгілі жәйт. Және тәуелсіз Қазақстанның сол жаңа Гимнінің тууы­на Нұрсұлтан Әбішұлының автор есе­бінде тіке қатысы бар. Бұрынғы Гимніміз де осал емес-ті. Ол неге өзгерді? Гимн салтанатты мадақ әнге жатады. Ол көне Грекияда құдайлар мен герой­лардың құрметіне айтылған. Кейіндер ел бірлігінің символына айналды. Тәуелсіздік дәуірінің символдық сазы – Гимн. Ел өмірінің өткел кезеңінде туған алғашқысы 1993-2006 жылдары Қазақстан Республикасының Мем­лекеттік Әнұраны болды. Бұл Гимннің музыкасы Қазақ Кеңес Республикасы кезіндегі, 1944 жылы композиторлар Мұқан Төлебаев, Ев­гений Брусиловский және Латиф Хамиди жазған күйінде сақталды. Тек “Біз қазақ ежелден еркіндік аңсаған” деп бастала­тын, сөзін Ғабит Мүсірепов, Қайым Мұхамедханов, Әбділда Тәжібаев жазған мәтіні ғана өзгертілді. Ал бірінші тармағы “Жаралған намыстан қаһарман халық­пыз” деп аталатын Әнұран сөзін 1992 жылы ақындар Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдаға­лиев және Жадыра Дәрібаева жазған болатын. Гимннің бұл нұсқалары кезінде өз рөлін ойдағыдай атқарды деп есеп­тейміз. Сазы да, сөзі де мүлде жаңа Әнұран­ның дүниеге келуінің өз сыры бар. Меніңше, Президентіміз атақ-даңқы бұл күндері жер жарған Қазақстанның жаңа асқақ келбетіне сай келетін Гимн қа­жеттігі жөнінде көп уақыт іштей толған­ған. Сөйтіп жүргенінде уыздай жас жігіт кезінде естіген, 1956 жылы сазын ком­позитор Шәмші Қалдаяқов, сөзін ақын Жұмекен Нәжімеденов жазған “Менің Қазақстаным” атты отаншыл жыр әуені көкірек сарайының бір түкпірінен әлсін-әлі әндетіп тұрып алмады ма екен, деп жорамалдаймын. Кейде ән мен өлеңнің өзгеше жара­сымды, бір қолдан құйылғандай келі­сімдісі болады. Біртуар сазгер Шәмші “Менің Қазақстаным” сазын гимн болар-ау деп арнайы жазбағаны белгілі. “Елім менің, жерім менің” деген өршіл өлең жолдарын туғызған, тапқырлығы мен дәлшілдігі мол ақын Жұмекен Нәжімеденов те олай ойламаған деп есептеуге керек. Гимн ел еңсесін көтеретіндей естілуі тиіс болса, өлеңі көркем публицистика, нағыз көсемсөз биігінен ағындауы тиіс. “Менің Қазақстаным” сазының тау суындай тасыған екпін-жігері, өлеңінің биік пафосы мемлекеттік гимнге лайықты-ау деп алғаш таныған ешкім де емес, Назарбаев Нұрсұлтанның нақ өзі. “Менің Қазақстаным” Әнұранға ай­налуы үшін тек өлең шырқын бұзбай­тын, бұдан жарты ғасырдан бұрын туған мәтініне уақыт енгізген жоталы жаңа­лықтарды енгізетін елеулі редакция жа­салуы тиіс… Осы ой тереңдігін, сезім ұшқыр­лығын талап ететін ұлттық мәні зор жауапты істі Елбасы өз міндетіне алған. Біріншіден, Гимн мәтіні шырқал­ғанда көп уақыт алмайтын ықшам болу­ға керек еді. Сондықтан жаңа редак­цияда алты шумақтан тұратын бастапқы нұсқаның екі шумағы қысқартылды. Екіншіден, бұрынғы әнұрандар он бір буыннан тұрса, бұл гимн мәтіні алты буыннан қаланған. Жұмекен ақынның көп ойды аз сөзге сығымдап сыйғыза­тын тығыз да нығыз ритмінен аспаса, кем соқпайтын өлең жолдары жасақ­талуы тиіс болды. Нұрекең авторлық жаңа редакцияның бұл міндетінің де үдесінен шыққан. Өлеңнің төрт шу­мағына енгізілген елеулі өзгерістерде осы талаптың бәр-бәрі мінсіз орын­далған. Алтын күн аспаны, Алтын дән даласы, Думанды бастады, Далама қарашы! – деген шумақтың соңғы екі жолы: Ерліктің дастаны – Еліме қарашы! – деп өзгертілген. Бұрынғы нұсқаға қара­ғанда көз аяңды соншалық кеңейтетін осы соңғы екі жолды әндетіп айта бастағаныңда ерекше толқисың. Қазақ елінің даңқты тарихы көңіл көкжиегінде найзағайдай жарқ етіп, есіңе оралғанда саптағы жауынгердей жауырыныңды тіктеп, салмақтана қалғаныңды сезесің. Ондай көтеріңкі күй кешуіңе дауысты дыбыстардың ассонансы, үндесе жұп­тасуы да әсер етеді. Өлеңнің интона­циялық әуезін, дыбыстануын күшейтіп, атамекен туралы ой-сезіміңді әуелете береді. Екінші шумақтың “қазағым мықты ғой” деген жолы ғана сақталған. Өзге үш жаңа жолы өлеңнің бағын аша түскен. Еңбек тақырыбын (“дән егіп терлеген”) ерлік, Отан қорғау тақырыбына алмас­тыру мәні тереңірек сырға бастайды: Ежелден ер деген, Даңқымыз шықты ғой, Намысын бермеген, Қазағым мықты ғой! Бұл шумақтың ажарын ашып тұрған “намыс” сөзінің жаңа Гимн мәтінінде қайталануының өз заңдылығы бар. Ол қазақтың намыскер мінезінен туын­дайды. Және бұл – ата-бабадан мирас мінез! Оның солай екенін, өтпелі заманның ең ауыр кезеңінде тиісті қаражат тауып, Жидебайда Абай мен Шәкәрімнің жаһанға ұялмай көрсететін кесенесін тұр­ғызған Нұрекең, Абайдың өзі тиянақтағанын біледі. Білгенде қандай! Ұлы Абайдың Отыз тоғызыншы сөзінде “ата-бабаларымыздың бұл замандағы­лар­дан артық мінезінің” бірі – “на­мысқор келеді екен” делінген. “Ат ата­лып, аруақ шақырылған жерде ағайынға өкпе, араздыққа қарамайды екен”, “Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төр­теу түгел болса, төбедегі келеді”, деп арлылық, намыстылыққа табандылықты уағыздаған. Осы мағыналас пікір Пре­зиденттің әр Жолдауының, ел-жұрт алдындағы қай сөзінің біссімілләсіне ай­налатыны тегіннен тегін емес. Абай ха­кім­нің сөзіне құлақ түре жүретіндіктен де. Бұл – ата-баба дәстүрі, айта берсек, иісі қазаққа тән. Қазақта “Қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді” деген мақал бар. Мұхтар Әуезов көп еңбегін сарп етіп, Ұлы Отан соғысы жөнінде жазған пьесасын “Намыс гвардиясы”, ал оның бас геройы Бауыржан Момышұлын На­мысұлы деп атауында қандай ой жат­қанын түсіну қиын емес. Мына бір эпизод­қа үңілелік. Әскери тәртіпті өрескел бұзған, опа­сыз­дық жасаған взвод командирін атқаны үшін Григорьев деген дивизия комиссары Бауыржанды: “Сен командир болудан гөрі, сот болуды лайық көргенсің ғой, сірә?” – деп кінәлайды. Бұған Намысұлы: – Неміс қоршауында бар совет өкіметі бір өзім болдым, енді қайтейін, – деп жауап қайтарады. Полк командирі Чупров Намысұлын “Бұлар армияның темір тәртібіне төсел­меген елдің баласы ғой”, – деп жазғыр­са, драматург Мұхтар Әуезов генерал Панфиловтың аузына шовинизмнің менменсіген мінезін қатты сынға алатын сөз салады. Чупровқа Панфилов: мен сізге ескертейін, қатты ескертейін: бәрін білдік, таныдық деп жүреміз, сонымен қабаттасып, тексерілмей жүретін оқ өтпес бір бітеулік те жатады ішімізде. Қазақ деп, халқына сын тақпақсыз ба?.. Қай қасиетін білуші едіңіз?.. – дейді. “Социалистік Қазақстан” газетінің 1942 жылғы күз айларының сандарында жа­рияланған пьесаның бұл сөздері ескір­мек емес. Өйткені, пьеса авторы­ның өзі де намыс перзенттерінің бірі бо­латын. Сол мінездің уызына енді бүгінгі ұрпақ қанған. Мемлекеттік тілдің Конс­титуцияда жазылған құқығын жүзеге асыру уақытының жеткені жөніндегі зиялылардың Елбасына жолдаған хаты да қазақтың “Намысын бермеген, Қаза­ғым мықты ғой!” мінезінен туындайды... Үшінші шумақ Жұмекен нұсқасында жоқ, жаңадан түзілген. Ұрпаққа жол ашқан, Кең байтақ жерім бар. Бірлігі жарасқан Тәуелсіз елім бар. Сүбелі шумақ Отанымыздың жаңар­ған келбетін жырлайды. Жарыса жамы­раған сәулелі жолдар игілікке сәйкестік білдіреді. Тәуелсіздігіміз, иншалла,  ерекше мақтанышымыз. Оған табиғи ұласқан толғаулы пікір қазақтың бауыр­мал ұлт екенін еске салады. Еліміздегі достығы жарасқан халықтардың мызғы­мас бірлігі Әнұранның жыр кестесіне тоқылғаны әбден орынды. Ақырғы шумақққа келсек, оның бір ғана сөзі өзгертілген. “Ежелгі досындай” сөзі “мәңгілік досындай” делінген. Өлеңнің тынысын кейде бір сөздің өзі өстіп кеңейтіп жіберетіні болады. Болашағына берік сенімді ел қашан да бақытты. Біздің қазақ осындай. Ол уақытпен достасқан халық. Ал өлеңнің қайырмасы өзгертілме­ген. Өйткені өлеңнің жаңғыртылған нұсқасының маңызын еселеп, ант байласқандай рухтандырады. Менің елім, менің елім, Гүлің болып егілемін, Жырың болып төгілемін, елім! Туған жерім менің – Қазақстаным! “Менің Қазақстаным” өлеңіндегі өзгерістер арқасында айтулы жыр Гимн деңгейіне көтерілсе, мұны атамекеніміз­дің алғау туындысына жаңа сапа сіңіруге жанын салған автордың, үлкен қоғам­дық-саяси, әлеуметтік категориялармен ойлайтын қайраткердің, үлкен парасат иесінің қайрат-жігерінің арқасы деп білуге керек. Жүрегімізге оң қолымызды қойып шыр­қайтын “Менің Қазақстаным” Мем­лекеттік Әнұран ретінде ресми түрде 2006 жылғы 7 қаңтарда қабылдан­ды. Кең байтақ еліміздің аспанында желбіреген көк байрағымызға мақта­ныш­пен көз тастай тұрып, кеудемізді кере “Менің Қазақстаным” Әнұранын шырқаймыз. Шырқап қана қоймаймыз. Жаңа Гимн тәуелсіздігімізді жырлай­тын шаттық әуендермен арналас. Осы­ның бәрі қосылып келіп ел көңілін өрлете түспек. Ақын, жазушыларының шабытына шабыт қоспақ. “Менің елім, менің жерім” тақырыбы еліміздің келе­шегіне қатысты келелі ойларға бастамақ. Ғасырлар бойы зарығып күткен тәуел­сіздігіміз “Туған жерім – Қазақ­станым” деген тақырыптан бас алатын пуб­лицистика “Қытайға, Израильге жалға да болса беретін жеріміз жоқ” деп айбын берсе, үлкен проза тарих мұнарасынан дабыл ұрады. “Дұшпан астыңдағы атыңды сұраса, аяма. Өйткені, Қамбар ата аман болса, тұлпар тумай қоймайды. Дұшпан қой­ныңдағы қатыныңды сұраса да, тар­шылық етпе. Өйткені, елің аман болса, сен үшін тағы бір сұлу бойжетеді. Тек дұшпанға бір сүйем жер беруші болма! Өйткені асыраушы жер-ана ешқашан үлкеймейді”. Қабдеш Жұмаділовтің “Дарабоз” романында бұл аталы сөзді Жоңғар басқыншыларына қарсы Ұлы Отан соғысында жауды шекарадан мүлде аластағанша қырық жыл аттан түспей алысқан қолбасшы Қаракерей Қабанбай сынды алып бабамыз айтады. Бас сардар тағы бірде: “...Қалмақпен қырық жыл қидаласып, қаныңды, жаныңды пида етіп жүріп қайтарып алған жердің қадірі тіпті ерекше. Арам ойлы жат жұрттың табанына таптатпақ түгіл, бір түйір та­сын, бір тал бұтасын сипатқың келмей­ді, – десе, мұны әр қазақ жер-ана ал­дындағы ардақты парыз-қарызы сана­мақ. Ата-баба аманатынан аттағанның аты өшсін! – дегізеді. Ойрат, жоңғар, қалмақ Қазақтың кең байтақ жерін таптап, қыстау, қонысын өртеп, бесіктегі сәбиін найзасына шанышқанда, қаракөзден жас сорғалап, “Елім-ай!”-лап зарлаған әнін роман-трилогиясының арқауына айналдырған Софы Сматай үшін ел тәуелсіздігі – қазақ­тың өз жеріне өзі иелік етуі. “Жа­рылғап батыр” атты өлеңмен жазылған романында барынша кең өрістетілген туған жер тақырыбын ол былайша қорытады. Қашанғы қазақ болар момын халық, Жете алмай туған жерге өліп-талып. Жері ғой – ең асылы, ең ардағы Жүретін қарашықтай қорып-бағып. Тиме оған, Туған Жердің пұшпағына! Алма оны қиянаттың қыспағына. Егер де жерге тиіп жанын езсең – Қазақты қасиетті ашу ұстады ма, Қашпа онда! Қашып-пысып құтылмайсың! Сен оған бір-ақ қысар тұтымдайсың! Азуға бір-ақ басып, жаныңды алып, Түкірер! Қақырықсың – жұтылмайсың! Софы Сматай романдарының түйіні бүгінгі қазақтың туған жерінің ендігі тағдыры хақындағы қамкөңіл күйімен үндес. Жеңіс күні – Софы үшін жау қаш­қан күн ғана емес. Ол шығарма­сы­ның ынты-шынтысын азат қазақ жеріне арнағанда, оның әр қиырына нәрлі де әрлі сөз табады. Алаш ұлының кіндік қаны тамған жеріне қайта қоныстанған бақытты күндерде дала, өзен су, көл бусанып, босанғандай қуаныш жасын төгеді. Жел сүйіншілеп жүйткісе, өзен­дер өрге шапшып шаттанады, төбелер сап түзеді, жүгіреді. Сағынышты жүрек туған жерімен қауышуын осылай қа­былдайды. Ел кіндігі – Ұлытау, сайран­ды Сарыарқа, жері – жұмақ, желі – жұпар алтын Алтай белгілі арғын, найман, керей, басқа ру, тайпалардың қонысы бола тұра, бәрі де сайып келгенде, “қазағымның қарашығы”, қимас өлкесі, бөлінбейтін еншісі, деп отаншыл зор ойларға бастайды. Тәуелсіздік дәуірінде жазылған тарихи романдардың әрқайсысы туған жер туралы өзінше сайрайды. Асан Қайғы желмаяға мініп, жер үстіндегі жұмақ “Жерұйықты” іздеп, дүниенің төрт бұрышын кезеді. Бұл халқымыздың бақытты, сәулетті өмір туралы арманы­нан туған аңыз екендігі баршамызға мәлім. Ал Ұзақбай Доспанбетовтің “Абылайдың ақ туы” атты тарихи ро­маны­ның екінші кітабында ұлы жүздің даңқты Төле биі замана не болып барады деп әлде бір сарыуайымға салынған шағында өз өкімімен жалайыр Өтеген Сәбденұлын, дулат-жаныс Өтеген Өте­ғұлұлын “Жерұйықты” іздеуге жібергені нақтылы шындық күйінде суреттеледі. Сапарға аттанғандар Ауғанстан, Кавказ сияқты бірсыпыра ат тұяғы жеткен өлкелерді араласа керек. Екі жылдан соң жолаушылар қайта оралып көрген білгендерін айтып есеп береді. Сол сапар нәтижесі жөнінде Төле би енді қазақ игі жақсыларының бас қосқан жиынында сөз сөйлейді. “– Ағайын-туған! Қарындас ел! Алты Алаштың азаматтары! Мына жар­ты әлемнің тау мен тасына табандарын тоздырған мұзбалақтарымыз дұрыс айтады! Алатаудай жер жоқ! Жердің құты Алатау мен Қаратау! Одан әрідегі Жетісу! Жердің құты, Жерұйық дегені­міз, міне, солар!”. Ұзақбай Доспан­бетовтің “Абылайдың ақ туы” рома­нында Төле би “саңқылдағанда зеңгір көк әйнекше шытынап, ойдан-қырдан жиналған дүйім көптің үстіне құлап түсердей әсер қалдырған”, – делінген. Тәуелсіздік заманының жазушылары бірінен бірі асырып, Елбасы толғаны­сына қосылып, үлкен отаншыл ой қозғайды: – Дүниеде Туған Жерден артық жер жоқ! Атамекен туралы бұл қасиетті сөз ежелгі “Қаратаудың басынан көш келеді” – деп бастап, елі, жері туралы талай ұрпақ тамылжыта шырқаған неше­ме әнге ұласты десеңізші. Соның тағы да бірін бұдан 65 жыл бұрын Ұлы Отан соғысын Жеңіспен аяқтап, кіндік кескен өлкесіне аптығып, асыға қайтып келе жатқан қазақ солдаты туғызды. Аңсап сағынған Туған Жеріне перзенттік ыстық махаббаттын төкті. Неткен ұлы, неткен байтақ жер едің! Нендей күйге көкірегімді бөледің? Сенде тудым, сенде өстім мен, сенде өлсем, – Арманым жоқ бұл дүниеде, – дер едім. Қасым ақынның қазақ аспанында қалықтаған осынау асқақ әніне болашақ Әнұран авторлары, келешек – роман­шылар “О, дариға, алтын бесік, туған жер!” деп атойлатып, арындатып қосыл­мады дейсің бе. Әдебиет құдіреттілігін айтам да, елі, жерінің даңқын асыратын өршіл өлең, сүйкімді ән туғызудан еш жалықпайтын да, жаңылмайтын да... *  *  * Жер толғанысы – киелі толғаныс. Елбасының үлгі-өнегесі осылай дегізеді. Соңғы сегіз ғасырдың ішінде еліміздің басында үш-ақ қазақ отырыпты. Жұмабай Шаяхметов пен Дінмұхаммед Қонаев бодандық жағдайда елі үшін істелуге тиісті нәрсенің бәрін істеді. Кейде сол ағаларымызды сынап, мінеп те жатамыз. Ішінде өзім де бармын. Бірақ бар нәрсені жоқ деп ауызды қу шөппен сүртуге және болмайды. Үшінші қазақ – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бұған дейінгі бар хандардың иіс алмастығынан айырылғанымызды (Ахмет Байтұрсынов “надандығынан” дейді) қайтарып алуы үстіне, халқымыздың ежелгі арманы – қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заманға алып келе жатыр. Иллаһи, жолы болғай! Қазіргі Қазақ елі, жері жырын планетарлық парасаттылық дәрежесіне көтеруге тиістіміз. Оның үлгісі Құдай оңдағанда – баршылық. Кім дейтін емес. Шериаздан ЕЛЕУКЕНОВ.