Өткен аптада Парламент Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттығына кандидаттарды ұсыну аяқталды. Сайлау туралы Конституциялық заң нормаларына сәйкес елімізде тіркелген саяси партиялар біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша науқанға қатысу құғына ие. Осы негізде саяси ұйымдар Парламент Мәжілісінің депутаттығына сайлауға қатысу үшін партиялық тізімдер мен талап етілген басқа да құжаттарды Орталық сайлау комиссиясына өткізді.
– 2023 жылғы 19 наурызға тағайындалған Парламент Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі күнтізбелік жоспарға сәйкес өкілді органдар депутаттығына кандидаттарды ұсыну мерзімі 20 қаңтарда басталып, 8 ақпанда сағат 18.00-де аяқталды. Жалпы, бұл сайлау науқанының ерекшелігі – Парламент Мәжілісінің, сонымен бірге облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарының депутаттығына кандидаттарды ұсыну аралас: пропорционалды өкілдік ету, сондай-ақ бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайлау жүйесі арқылы жүзеге асырылды. Ал аудандар мен қалалардың мәслихаттарына депутаттығына кандидаттарды ұсыну рәсімі толығымен мажоритарлық жүйе негізінде, яғни бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша өтті. Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттарды ұсыну құқығына заңнамада белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партиялар ие болды. 21 қаңтарда өткен Орталық сайлау комиссиясының екінші отырысында партиялық тізім бойынша сайлауға қатысуға елімізде тіркелген барлық 7 саяси партия жіберілді, – деді доданың алғашқы кезеңіндегі жұмыстарды қорытындылаған Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.
ОСК нақтылаған дерек бойынша сайлау науқанына партиялық тізіммен 281 адам ұсынылған. Оның ішінде «Қазақстан Халық партиясының тізімінде 52 үміткер, «Ақ жол» демократиялық партиясының тізімінде 52 кандидат, «Жалпыұлттық социал-демократиялық» партиясының тізімінде 19 адам, «Байтақ» жасылдар партиясының тізімінде 18 үміткер, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының тізімінде 25 адам, «Respublica» партиясының тізімінде 25 мүше және «Amanat» партиясының тізімінде 90 кандидат бар.
Жалпы, бұл сайлау науқаны қазақ қоғамындағы азаматтық көзқарас белсенділігі мен таңдау еркінің деңгейін де анықтайтын сынақ болғалы тұр. Мұны әуелі додаға қатысып отырған саяси ұйым өкілдерінің пікірінен де байқауға болады. Мәселен, тіркеуден өткен 7 партияның арасындағы ең белсендісі «Amanat» партиясы болса, саяси аренадағы жаңа күш – «Respublica» партиясының да амбициясы бірден көзге түсе бастады. Бұл қатарда «Ауыл» ХДП, «Қазақстан Халық партиясы», «Ақ жол» париясы, «Жалпыұлттық социал-демократиялық партия» және «Байтақ» жасылдар партиясы да бар.
Осы жерде «Amanat» партиясының белсенділігі дегенде партиялық тізім бойынша ең көп үміткер – 90 адам және бір мандатты округ бойынша да 29 адам ұсынғанын айтқан орынды болар. Және бұған дейін еліміздің саяси жүйесіндегі атқарушы биліктің қомақты үлесін уысында ұстаған ұйым қазір партия жұмысының толықтай трансформацияланғанын жария етуде. Сондай-ақ партия басшылығы Мәжіліс пен мәслихат сайлауына ұсынған үміткерлер қатарының 75 пайызға жаңарғанын да басты артықшылық ретінде көрсетуге тырысып отыр.
Ал «Respublica» партиясы сайлауға 29 кандидат ұсынды. Оның төртеуі бір мандаттық округ бойынша додаға түсетін тізімде тұр. Партия кандидаттарының арасында түрлі саланың өкілдері бар екен. Олардың арасында кәсіпкерлер, жоғары оқу орындарының жетекшілерінің есімдері аталуда. Партиялық тізімдегі 25 үміткердің орта жасы 38 болса, 17-сі ер-азамат, 8-і әйел екен.
«Ауыл» партиясы да Мәжіліс сайлауына 25 кандидат ұсынды. Жалпы, бұл партия бұған дейін өткен Президент сайлауына өз үміткерін ұсынып, электорат алдындағы танымалдығын арттырған ұйым санатына кірген. Осы жолғы кандидаттардың арасында да бұрын депутат болған 7 адам бар. Жалпы тізімдегі 15 адамның аграрлық білімі бар, орта жас мөлшері – 43, оның ішінде алты әйел, 3 жас үміткер және мүмкіндігі шектеулі жандардың да өкілі сайлауға түсіп отыр.
Бұған дейінгі түрлі сайлау науқандарына бойкот жариялап келген «Жалпыұлттық социал-демократиялық партия» бұл жолы Мәжіліске кандидат тізіміне 19 адам қосқан. Ал мажоритарлық жүйе бойынша сайлауға алты кандидат ұсынған.
«Байтақ» жасылдар партиясының да үміткерлер тізімінде 18 үміткер бар. Саяси ұйым ретінде тіркелгеніне 2 ай ғана болған жаңа ұйым бұған дейін ел ішіндегі экологиялық мәселелерге жиі араласып, өз жақтастарын тапқан болатын. Айтпақшы, партия жетекшісі Азаматхан Әміртай Мәжіліс депутаттығына кандидат ретінде партиялық тізіммен емес, Астана қаласындағы бір мандатты округтен түсетіні жария етті. Ол бұл қадамға ұйым қаржысын тиімді пайдалану үшін барғанын айтады.
«Ақ жол» партиясын да осы сайлаудағы белсенді ұйым деп атауға болады. Бұл жолы партиялық тізім бойынша 54 кандидат, бір мандаттық округ бойынша 24 үміткер ұсынды. Жалпы, бұған дейін Мәжілістегі фракциясы атынан көптеген өткір мәселе көтеріп, танымал болған адамдар бұл жолы да үміткерлер қатарында екен. Кандидаттардың ең жасы жиырма бесте болса, бұған дейін ұстанып келген гендерлік теңдік талабын да жалғастыра бермек, яғни саяси белсенді қыз-келіншек үлесі 40 пайыздан кем болмайды.
«Қазақстан Халық партиясы» да бұл сайлауға 52 адамнан тұратын партиялық тізімді ұсынып отыр. Бұл тізімдегі үміткердің он жетісі әйел қауымының өкілі болса, жастар және мүгедектігі бар адамдар санатына қатысты талап та сәйкесінше 32,7 пайызға орындалған.
Енді осы партиялық тізім бойынша сайлауға қатысуға мүмкіндік алған 281 адам болашақта ие болатын Парламент Мәжілісі депутатының 69 мандаты үшін додаға түсіп, тер төгетін болады. Яғни жаңа Мәжілістегі партиялардың пәрменділігі аталған 69 мандатпен өлшенбекші. Анығы, тіркелген партия жетеу, үміткер саны – 281. Ал партиялық тізім бойынша депутаттар мандатына қай саяси ұйымның мейлінше көбірек ие болатынын қазір тап басып айту қиын. Бұл жерде саяси партияның халық алдындағы беделі мен саяси салмағына әрі үгіт-насихат кезеңіндегі іс-әрекеттің белсенділігіне қатысы ұстанымдарды есепке алуымыз керек. Бұдан бөлек, Сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес азаматтардың сайлауға және сайлануға қатысты құқықтары да ескерілуге тиіс. Яғни сайлауға кандидат ретінде қатысу үшін берілетін арнайы квота бар. Осы жолғы науқанға үміткерлерді тіреу барысында бұл талап та сақталған. Айтпақшы, үміткерлердің арасында жасы жиырмадан енді асқан бозбала мен 72 жастағы зейнеткер де бар көрінеді.
– Парламент Мәжілісі сайлауына ұсынылған саяси партиялардың тізімдерінде «Сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар үшін белгіленген 30 пайыздық квота толығымен ескерілді. Жалпы, республика бойынша әр сайлау округіндегі орташа бәсекелестік көрсеткіші 21 кандидатты құрайды. Ең жоғары бәсекелестік деңгейі Астана қаласындағы 2 сайлау округінде де байқалып отыр. Мұндағы кандидат саны – 63. Ал ең төменгі көрсеткіш Ұлытау облысының сайлау округтері бойынша анықталды, бұл жақтағы ұсыну дерегі 8 үміткерді құраған. Дегенмен партиялық тізім бойынша ұсыну кезеңінде саяси партиялар белсенділігінің жеткілікті дәрежеде жоғары болды. Бұл қатарда 6 партияны ерекше айтуға болады. Әсіресе, мәслихат депутаттарының үміткерлігіне партиялық тізім бойынша ұсыну өте жоғары деңгейде болды, – дейді Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.
Атап айтқанда, республикалық маңызы бар қалалар мен Астана қаласы бойынша 334 үміткер, аудандар бойынша 2130 мен қалалық мәслихаттар бойынша 617 кандидат тіркелген. Жалпы, жергілікті мәслихаттарға сайлануға ынталы үміткерлер саны бір мандаттық жүйе бойынша да көбейген. Мәселен, мәслихат депутаты болуға құқық беретін 3 081 мандат болса, кандидаттарды ресми тіркеу аяқталғанға дейін аумақтық сайлау комиссияларына құжатын ұсынған ұйымдар мен жеке тұлғалар арасындағы бәсекелестік көрсеткіші бір орынға 4,3 адамды құраған. Ал еліміздегі 29 бір мандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша жалпы ұсынылған кандидат саны 609 адамға жетті.